Депрессия жайлы 10 факт

5 Наурыз 2018, 12:31 13201

Бұл да сіз өткеретін бір белес!

Жаныңызды жегідей жеп жүрген қайғыңызға сізді билеп-төстеуге билік беріп қоймаңыз. Күйзеліс шын мәнінде қауіпті, оны жеңуге болады. Төмендегі дәйектерді өзімізге, жақындарымызға көмектесу үшін біліп жүргеннің зияны жоқ.

Депрессия ұрпақтан-ұрпаққа берілуі мүмкін

Бүгінде ғалымдар депрессияның тұқым қуалау қаупін белсене зерттеп жатыр. Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, ДНҚ-ның бір бөлігі осы күйзеліспен байланысуы мүмкін. 23andMe компаниясының берген мәліметінше, 15-ке жуық ген депрессияның дамуына ықпал етеді екен. Өз кезегінде ол гендер ми жүйке талшықтарының қалыптасуына қатысады. Ал "расстановка" психологиялық әдісін қолданатын мамандар ата-бабаңыздың басынан өткеріп, жеңбеген күйзелісі сіздің де санаңызды мазалауы мүмкін деген пікірде. 

Бұл – физикалық ауру

Эмоционалды әсері көп болғанымен, депрессия кезінде адамдардан анық физикалық аурудың симптомдарын байқауға болады. Күйзеліске түскендердің тамаққа тәбеті болмай, басы ауырып, ұйқысыздыққа ұшырайды. Бұл дертке дәрі-дәрімектер де бар. Оларды тек дәрігердің бақылауымен қабылдаған жөн.

Ғалымдар емдеудің көптеген жолдарын іздеп жатыр

Психологиялық көмектің шынымен де пайдасы зор. Зерттеушілер жаңа сөйлесу терапиясының әдісі – мінез-құлық активациясын ойлап тапты. Яғни емделушіні депрессия тудыратын факторлармен күресіп, оған аса мән бермеуге үйретеді. Онлайн режимдегі сөйлесу терапиясының да тигізетін әсері бар екен.

Депрессия – кең таралған проблема

Әлемдік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, дүние жүзінде бұл ауруға 350 миллион адам шалдыққан екен. Демек сіз жалғыз емессіз. Алайда өзге адамдар депрессиямен күреседі. Ал еш амал жасамаса, депрессия – мүгедектікке апаратын бірден-бір жол.

Бұл жұмысқа тосқауыл болатын фактор

Депрессия – мотивацияның жоғалуына алып келеді.  Бұл өз кезегінде адамдардың еңбек етуіне кедергі келтіреді. Мичиган университетінің зерттеушілері осы ауруға шалдығушылардың кесірінен бір ғана АҚШ-та жыл сайын өнімділік деңгейі 44 миллиард долларға төмендейтінін айтады.

Депрессиядан ешкім сақтана алмайды

Кез келген психикалық бұзылыстар секілді күйзеліс ұлтына, жасына, статусына қарамай, адамдарды өз торына түсіре алады. Тіпті Кэтрин Зета-Джонс, Кейт Миддлтон мен Андре Агасси секілді жұлдыздардың өздері осы дертке шалдығып, қалай күрескендерін ашық айтады.

Депрессия – беделге нұқсан келтіруші

Күйзелісте жүрген адам ауыр сөздер айтып, балағаттап, қоғамның өзіне деген ашуын тудырып алуы ықтимал. Тіпті кейде зұлымдыққа дейін апарады. Ең жақын жанашырлары болмаса, таныстары, дос-жарандары сырт айналуы мүмкін.

Көбісі депрессияны ішінде сақтайды

"Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде" қағидасының депрессияға қатысы жоқ. Сыртқы қоғамның талқысынан қорыққан көптеген күйзелісте жүрген жандар өз жағдайын ешкімге айтпай, ішінде сақтауды құп көреді. Бұл олардың қажетті психологиялық көмек алуына кедергі болады. Осы топқа жататындардың басым бөлігі – ер адамдар. 2015 жылғы статистика бойынша суицид жасайтын ойын жасырын ұстаған ер адамдар өте көп кездескен.

Ол өзін-өзі өлтіруге алып келуі мүмкін

Психиканың бұзылуы үлкен проблема екеніне мән берген жөн. Психикалық аурулар мәселесі жөніндегі Ұлттық ұйымның дерегінде өзіне қол жұмсағандардың 90%-ы депрессияға ұшырағандар екені көрсетілген.

Депрессия адам таңдамайды

Бұл жағдай кемшіл қылмайды, яғни адам толыққанды өмір сүре береді. Күйзелістегі жандар сырт көзге бақытты көрініп, өзінің қалыпты өмірін сүре беруі ықтимал. Тек оның белгілерін дәл таба алу керек.

Не істеу керек?

Егер сіздің жаныңыз ауырып жүрсе, тұйықталып қалмаңыз. Жақын адамыңызға айтыңыз, психологқа барыңыз. Депрессия үкім емес, оның күресуге болады және міндетті түрде күресу қажет.

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: