Денсаулық сақтау министрі Ақмола облысындағы мекемелерді аралады

24 Наурыз, 00:38 573

Ақмола облысына сапары барысында Денсаулық сақтау министрі "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасының  шеңберінде салынып жатқан бірнеше ауылдық медициналық нысандарды тексерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өңірде бағдарлама бойынша ағымдағы жылы барлығы 38 медициналық нысан, оның ішінде 3 медициналық пункт, 21 фельдшерлік-акушерлік пункт, 14 дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. Аталған медициналық ұйымдар 43 мың ауыл тұрғынын медициналық көмекпен қамтамасыз ететін болады.

Ауылдардағы медицина қызметкерлерімен кездесулер барысында медициналық көмектің сапасы және өзін-өзі жұмыспен қамтыған, маусымдық қызметкерлерді МӘМС-пен қамту мәселелері талқыланды. Бұдан әрі ауылдағы жас мамандарды әлеуметтік қолдау шаралары, жалақыны көтеру және тұрғын үй жағдайларын жасау туралы сөз болды.

Министр Қараменді батыр, Төңкеріс, Ынтымақ ауылдарында ФАП құрылысын қарап, Арайлы, Нұресіл ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар тұрғызылған жерде болды.

Ауылдық денсаулық сақтау нысандарын аралау қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланған нысандарды тапсыру және ауыл тұрғындарына медициналық көмек алу үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету қажеттігі туралы айтылды.

Перизат Саденова
Бөлісу: