Денис Яковлев: Ынтасы бар адамға қазақ тілі – ең оңай тіл

5 Шілде 2023, 11:32 2502

Бүгінгідей әлемдегі геосаяси ахуал асқынып тұрған кезеңде татулықтың, тыныштықтың қадірін білген жөн. Дегенмен ел болғаннан кейін арасынан арандатушылар да шығады. Басқа елдермен салыстырғанда елімізде өзге ұлттардың құқығы мен тілі, мәдениеті мен дәстүрі сақталған. Олардың еркін жүріп-тұруына, қай тілде сөйлейтініне еш шектеу жоқ. El.kz ақпараттық агенттігінің  тілшісі ұлты орыс болса да, қазақ ақындарының жырын жырлап, күмбірлеген күйін тартып, әнін шырқап жүрген талантты жігітті сөзге тартып, әңгімелесіп қайтты.

Жүрегі қазақ деп соққан Денис Яковлев Қостанай облысы, Аманқарағай ауылында дүниеге келген. Кішкентайынан қазақтың тілі мен өнерін бойына дарытқан ол бүгінде ҚР Ұлттық ұланының ән және би ансамблінде жұмыс істейді.

Абай мен Шәмшінің әндерін тамылжыта шырқайтын Денис қазақ тілін аз уақытта меңгеріп алған. Күнделікті өмірде қазақ тілінде сөйлеуге тырысатынын және қазақ тілін одан әрі жетілдіруге әскери ортасы септігін тигізгенін айтады.

Тілдің арқасында өмірімде көптеген өзгерістер болып, қазақ тілді тыңдармандардың аясы кеңіді. Адамның ынтасы болса, кез келген тілді оңай үйренуге болады. Бала кезімнен қазақ әндерін шырқап жүрдім. Әсіресе, мектепте қазақ тілі сабағын жақсы оқыдым. Барлығы әскерде қызмет етуден басталды. Ұжымда қазақ тілін одан әрі жетілдірдім. Сөздерді жаттап, өз-өзімді тексере бастадым. Ең бастысы қазақша сөйлеуге тырысу керек, – деді ол.

Денис келісімшарт бойынша ән және би ансамблінде қалып, фольклорлық оркестрлердің жетекшісі мамандығы бойынша қазақ тобына оқуға түскен.

Ансамбльде менің ұстазым және Солтүстік Қазақстан филармониясының әншісі, әрі досым Асхат Таушев маған классикалық вокалды үйретті. Өйткені менде музыкалық білім жоқ еді. Кейін «Топжарған» халықаралық тележобасының кастингіне қатыстым. Алғаш рет домбырамен осы жобада «Екі жирен» әнін шырқадым, – дейді талантты жас.

Осы жобадан кейін Денистің аудиториясы біршама кеңи түскен. Оның домбырамен ән айтуға деген қызығушылығы артып, бүгінде «Екі жирен», «Балқадиша», «Ай бозым», «Ақ бақай» секілді әндерді нақышына келтіре орындап жүр.

Денис Яковлев жай ғана әнші емес - қазақтың мәдениеті мен әнін бойына сіңірген әнші. Ол қоғамда болып жатқан түрлі оқиғаларға бей-жай қарамай, өзінің азаматтық пікірін білдіріп жүреді. Қазақстанда туып өскендіктен өзінің бүкіл тағдырын осы елмен байланыстырады.

Біздің еліміз табиғатымен және кең байтақ өлкеде тату тұратын халқымен ерекше. Құдай бізді және әлемді әртараптандыру үшін соншалықты ерекшелендірді. Бұл әлемде адамнан асқан әдемі жаратылыс жоқ. Біздің күшіміз бірлікте. Ал міндетіміз балаларымыздың болашағын жарқын ету. Бүгінде Жаңа Қазақстанды құрып жатырмыз. Мұндай мемлекет мәңгі өмір сүреді. Мен бұған сенемін, – дейді ол.

Иә, басында айтқанымыздай, бүгінде геосаяси жағдай ушығып тұр. Осындай кезде «Қазақстанда русофобия күшейіп тұр» деп отқа май құюшылар кездесіп жатады. Денистен мұндайға көзқарасы қандай екенін сұрадық.

Мұның бәрі әр адамның тәрбиесі мен біліміне байланысты. Қоғамда адамдар өзінің сүйікті ісімен айналысады және күн сайын өздерінің кәсіби дағдыларымен жұмыс жасайды. Жаңа білім мен рухани құндылықтарды іздейді. Мұндай жағдайға түсуге көбісінің уақыттары бола бермейді деп ойлаймын. Біздің еліміз әр азаматтың алдына қойған мақсатына жетуіне мүмкіндіктер жасап отыр. Сенің қай ұлт өкілі екенің маңызды емес. Егер сен назарыңды өзіңнің алдыңа қойған мақсатыңа бұрсаң, кез келген салада табысқа жетуге болады. Өйткені қазіргі уақытта әрбір қызмет саласы сенім артуға болатын мамандарға мұқтаж. Бұл қазір маңызды, – дейді Денис.

Ал әлеуметтік желідегі ұлтаралық алауыздық, бөлінушілік бағытында жазылған дүниелерге аса мән бермеу керектігін айтады. Өзі де мұндай адамдардан аулақ жүреді және бұл білімсіздіктен, ой таяздығынан туындайтынын мәселе деп біледі.

Менің аудиториям өте мейірімді және барлығына жанашыр адамдар. Оларға жазатын посттарым ұнайды. Біреуі балалық шағын еске алса, енді бірі шетелде жүріп Отанын аңсайды. Ал біреу жай ғана таңданады. Мен үшін ол жандар маған өте қымбат және олардың пікірі мені шабыттандырады. Сондықтан өз елімде қызмет етуге ешкім кедергі емес, – деген пікірде.

Бүгінде Денистің үш баласы бар. Неміс қызымен көңіл жарастырып, шаңырақ көтерген. Балаларын да қазақ тілінде ән айтып, өлең жаттауға баулып жүргенін айтады. 

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: