Дені сау баланы дүниеге әкелу үшін жүктілікті жоспарлаған дұрыс – маман

31 Шілде, 12:30 867

Елімізде жүкті әйелдердің 40 пайызы бала көтеруді жоспарлайды. Мұндай статистика Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия отырысында айтылған болатын. Мамандардың айтуынша, жоспарланбаған жүктіліктің зардабы ауыр болуы мүмкін. Өйткені дені сау анадан, дені сау бала туады. Жүктілікті жоспарлау үшін қайда, кімге бару керек? Басты назарда нені ұстау қажет? Жалпы бала сүюді жоспарлауға қатысты аналардың ойы қандай? El.kz тілшісі бұл сауалдардың жауабын іздеп көрді.

Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мамыр айында өткен отырысында сарапшылар әйелдер мен қыздардың репродуктивті денсаулығының өзекті мәселелерін көтерген болатын. Отырыста жасөспірім қыздарға медициналық қызмет көрсету және фертильді жастағы әйелдермен акушерлік-гинекологиялық қызметтің жұмысы туралы сөз қозғалды.

Бұл - жалпыұлттық маңызға ие мәселе. Себебі біз салауатты ұлт, елдің болашағы туралы айтып отырмыз. Жасөспірім қыздар мен фертильді жастағы әйелдердің репродуктивті денсаулығын сақтау және нығайту, олардың бала туу туралы ақпараттандырылған шешім қабылдау мүмкіндігін кеңейту, жүктілік және босану кезіндегі тәуекелдерді азайту мақсатында әлеуметтік-экономикалық және емдеу-профилактикалық шаралар кешені іске асырылып жатыр. Біздің сарапшылар медициналық инфрақұрылымның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, ана өлімін азайтуға мүмкіндік беретін шаралар кешенін қабылдау қажеттігін атап өтті. Жалпы, барлық уәкілетті органдардың белсенді дәйекті жұмысы қажет деп санаймын, - деген болатын Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева.

Еліміздегі медицина мекемелерінде «отбасын жоспарлау» кабинеттері жұмыс істейді. Бірақ, соған қарамастан Қазақстанда  жүктіліктің 40 пайызы жоспарланбаған, ал прегравидарлық дайындықтан, яғни бала сүюге дайындалу процесінен өткен жұптардың үлесі 30 пайыздан аспайды. Әйелдер өз денсаулықтарына баса назар аудару қажет. Өйткені дені сау баланы дүниеге әкелу әйелдің денсаулығына тікелей баланысты.

Шымкент қалалық перинаталдық орталықтың гинеколог-дәрігері, отбасын және жүктілікті жоспарлау бойынша координатор Гүлбану Жанықұлованың айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары дүниеге дені сау бала алып келуде, қажетсіз жүктіліктен сақтануда, әр жүктілік арасындағы интервалды сақтауда, 38-40 жасқа дейінгі бала дүниеге алып келу көрсеткіштерді ұстауда жүктілікті жоспарлаудың маңызы зор. 

Гинеколог маманы ретінде әйелдерге айтар кеңесім, бала көтермес бұрын бірінші кезекте болашақ ананың ағзасы дайын болу қажет. Яғни, әйел денсаулығында қандай да бір кінәрат болса, соларды қалыпқа келтіру керек. Мәселен, дәрумен жетіспеушілігі немесе ағзадағы микроэлементтер қалыпсыз болуы мүмкін. Бұдан өзге болашақ анада қан қысымының тұрақсыздығы мен созылмалы аурулары болса, бірінші кезекте соны емдеп алған дұрыс.  Өйткені қазіргі таңда көп әйелдерде қан қысымының көтерілуінен іштегі баланың шетінеуі немесе ерте босану сияқты проблемалар жиі орын алып отыр. Мен перинаталдық орталықтың консультативті-диагностикалық бөлімінде жұмыс істеймін. Бізге қаладағы емханалардан экстрагенитальды патологиясы бар әйелдер жіберіледі. Сол үшін де кез келген жүктілікті дұрыс жоспарлай білу керек,-деді дәрігер.

Медицина маманы соңғы кезде жастар арасында қант диабетінің белең алып отырғаны дабыл қағатын жағдай екенін атап өтті. Бүгінде бала көтеруге қабілетті жастар тәтті сусындарды көп ішеді, фаст-фуд тағамдарына әуес. Ұйқысы тұрақсыз, күн-түн демей ұялы телефонға тәуелді. Бұның болашақ аналар үшін кері әсері бар.

Бұдан өзге маман заңды түрде некеге тұрмас бұрын ерлі-зайыптылар алдымен медициналық тексеруден толықтай өтіп алғаны дұрыс деп отыр.

(Фото: Гүлбану Жанықұлованың жеке мұрағаты)

Еліміз бойынша репродуктивті апталық өткенін білесіздер. Сол кезде қалалық денсаулық басқармасында дөңгелек үстел өтті. Сол отырыста мен өз ұсынысымды айттым. Мәселен, екі жас шаңырақ көтеру туралы шешім қабылдады делік. Олар заңды түрде некеге тұрмас бұрын check up дегеннен өту керек. Яғни, ерлі-зайыптылардың қолына неке туралы құжат берілмес бұрын олар медициналық тексеруден толықтай өтіп, денсаулығындағы кінәраттарын, қандай да бір ауруы болса, соны емдеудің жолдарынан хабардар болуы қажет және емделгені дұрыс деп есептеймін. Ал бізде қалай? Бізде алдымен екі жас шаңырақ көтеріп алады да ұзақ уақыт бала сүйе алмай, сол кезде ғана проблеманы іздей бастайды. Жаңағы толықтай медициналық тексеруден өтіп, дер кезінде алған ем арқылы бұл проблеманың алдын алуға болады. Біздің орталықтағы репродуктолог мамандарына көп әйелдер келеді. 10-15 жылдап бала сүйе алмай жүргендер бар. Табиғи жолмен балалы бола алмағандықтан ЭКО-ға баратындар қаншама. Негізінде бізде ерлі-зайыптылар бала сүйе алмаса, айналып келіп, әйел тексеруден өте береді. Еркектер көп жағдайда назардан тыс қалады. Неге? Өйткені бізде сондай ұғым қалыптасқан. Ал негізінде проблема еркектен де болуы мүмкін. Сондықтан жаңағы айтып өткенімдей, ер де, әйел де шаңырақ көтермес бұрын, толықтай медициналық тексеруден өткені абзал. Қарапайым мысал, бізде көлік жүргізу куәлігін аларда да белгілі бір медициналық анықтамаң болуы қажет. Сондай-ақ әскерге барарда, тіптен қарапайым мысал, бала бірінші сыныпқа қабылданарда немесе жоғары оқу орнына түсерде белгілі бір анықтама сұрайды. Бұл да сол сияқты денсаулық анықтамасы,-деді дәрігер Гүлбану Мұхтарқызы.

Гинеколог дәрігері мұндай денсаулық туралы анықтаманың ерлі-зайыптылардың қан топтарын анықтарда да пайдасы зор деп отыр. Себебі еркек пен әйелдің қан тобы бір-біріне үйлесімді болмауынан да бала сүйе алмау қаупі жоғары.

Менің тәжірибемде көп әйелдер болды. Мысалға, әйелдің Rh-ы теріс, ал күйеуінде оң болса, әйел жүкті болғанда екеуінің қан тобы арасында конфликт пайда болады. Бұл құрсақтағы баланың өліміне, әйелдің түсік тастауына әкеп соғады. Ал мұны көп ерлі-зайыпты білмейді. Шыны керек, бізде мұндай проблемалар былай тұрсын, кейде өзінің қан тобын білмейтіндер де бар. Егер біз оны алдын ала анықтасақ, жүкті әйелдерде Rh-конфликт болмау үшін оларға антирезус-гамма-глобулин егіледі. Ол кезде ананың денесі ұрық қанының резус-факторына қарсы антиденелер шығарады. Бұл ғылыми тұрғыда зерттелген,-деді маман.

Гүлбану Жанықұлованың айтуынша, кез келген ерлі-зайыпты бала сүюді жоспарлаған болса, кемінде алты ай дайындықтан өту керек. Тиісті емдік шараларын алып, ағзаны дені сау бала өмірге әкелуге дайындау қажет. Мәселен, баланың нейрон клеткаларының дамуына әсер ететін фолий қышқылын болашақ ана жүктілікті жоспарлағанға дейін кемінде үш ай ішкені дұрыс. Сондай-ақ егер әйелде анемия анықталса, оны да емдеуге кемінде үш ай уақыт қажет.

Әр емханада бүгінде бала жоспарлау кабинеттері  жұмыс істейді. Кез келген ерлі-зайыпты тіркелген мекенжайы бойынша сол жоспарлау кабинеттерінен кеңес алуына болады. Бұдан өзге бізде Шымкентте 6 жастар денсаулық орталықтары бар. Онда терапевт, гинеколог, невропатолог сияқты медицина саласының қажетті барлық маманы отырады. Орталыққа келген ерлі-зайыпты медициналық тексерудің кез келген түрінен тегін өте алады. Бірақ өкінішке қарай жүкті әйелдердің санын алып қарасақ, бізде әлі де жүктілікті жоспарламай, бала көтеретіндер көп,-деді гинеколог маманы.  

Жүктілікті жоспарлау кабинеттерінде ерлі-зайыптылардың қан құрамынан бастап, жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды анықтау, дәрумен тапшылығы, гепатит, ВИЧ секілді ауруларға талдама алудың барлық түрі ақысыз жүргізіледі.   

Жүктіліктен сақтану үшін көп әйелдер жатырішілік құрылғы, яғни «спираль» салдырады немесе гормоналды контрацепция қолданады. Яғни, белгілі бір  препараттарды ішу арқылы жүктіліктен сақтанады. Кейін әйел бала тууды жоспарлап, денсаулығына байланысты тиісті емдік шараларды қабылдауды бастайды. Бірақ ем қабылдап жүріп, бала көтеріп қалатын жайттар жиі кездеседі екен. Гинеколог маманы бұл дұрыс емес деп отыр. Өйткені болашақ ана тиісті емді толықтай алуы қажет. Ал егер жүкті болып қалса, емдік шараларды үзуге тура келеді. Сондықтан ем қабылдап жүріп те жүктіліктен қорғану жолдарын үзбеген жөн. Жүктіліктен сақтанатын кез келген гормоналдық препаратты тоқтатып немесе жатырішілік құрылғыларды алып тастаған соң   2-3 айда ағза қалыпқа келеді екен. Яғни, әйел ағзасы бала көтеруге толықтай дайын болады.

(Фото: Гүлбану Жанықұлованың жеке мұрағаты)

Өз сөзінде гинеколог маманы жүктілік кезінде дұрыс күтіне білу де дені сау баланы өмірге әкелуде ерекше маңызға ие екенін алға тартты.

Бірінші кезекте әйел тамақтану рационына мән бергені дұрыс. Яғни, дұрыс тамақтану керек. Мен өзім кейде ойын-сауық орталықтарына, түрлі демалыс орындарына барғанымда түннің бір уақытына дейін серуендеп жүретін жүкті келіншектерді көремін. Бұл – дұрыс емес. Себебі аяғы ауыр әйел бірінші кезекте ұйқы режимін сақтау қажет. Ұйқы қалыпты болса, ағзада гормондардың бөлінуі, жалпы организмнің жұмыс істеуі дұрыс болады. Шыны керек, кейде бізде тойға немесе басқа да көңіл көтеру кештерінде артық қимыл-қозғалыстан қан кетіп немесі ісініп, жедел жәрдеммен жеткізілетін жүкті әйелдер де бар. Тағы бір айта кететін жайт, аяғы ауыр әйелдер күйзелістен сақтанғаны жөн. Ауыр зат көтермегені дұрыс. Одан кейін емханаларда мамандар болашақ аналарды топ-топқа бөліп, кеңес беру сабақтарын жүргізеді. Ол жерде болашақ аналар жүкті кезінде қандай жаттығулар жасау қажеттігін, толғақ кезінде не істеу керектігін, қалай күшену керек деген сияқты барлық сұрақтарға жауап алуға болады. Бірақ бізде көп әйелдер күйбең тіршілікпен бұл сабақтарға қатыспай, бала туарда қиналып жатады,-деді қалалық перинаталдық орталықтың гинеколог-дәрігері.  

Өз сөзінде дәрігер кейбір жүкті әйелдер балаға пайдалы деп D, Омега-3 сынды түрлі дәрумендерді маманның кеңесінсіз бет алды ішетінін алға тартты. Бұл әйел үшін де, құрсақтағы бала үшін де қауіпті. Оның соңы гипервитаминозға әкеп соғуы мүмкін, оны қалпына келтіру қиын болады. Тіпті кейде құрамы белгісіз, тек жарнамасы жарып тұрған күмәнді дәрумендерді қабылдаған жүкті әйелдер арасында улану жағдайлары да тіркелген екен. Сондықтан кез келген дәруменді дәрігер нұқсауымен ғана қабылдаған дұрыс.   

(Фото: freepik.com)

Шымкент тұрғыны Дамира Қалдыбекқызы кез келген болашақ ана жүктілікті жоспарлаған дұрыс деп санайды. Өзі де бала дүниеге әкелер алдын дәрігер кеңесін алып, тиісті емді алған. Оның айтуынша, дер кезінде алынған ем мен дәрігердің тұрақты бақылауында болу жүктіліктің жеңіл өтуіне және іштегі баланың дұрыс дамуына мол септігін тігизеді.

Мен ұлымды 33 жасымда дүниеге әкелдім. Алғашқы жүктілік болғандықтан бала көтермес бұрын алдымен гинекологтан кеңес алдым. Өзім қаладағы №3 емханаға тіркелгенмін. Ондағы дәрігер тиісті медициналық талдамаларға жолдама жазып беріп, барлығын тапсырдым. УДЗ тексеруінен өтім. Қажет делінген медициналық тексерулерден кейін дәрігер иммунитетті көтеретін дәрумендер тізімін жазып берді. Әлі есімде қараша айы болатын, дәрігердің нұсқаулығымен екі ай сол дәрумендерді іштім. Оның арасында овуляцияны, етеккірді қалыпқа келтіретін дәрілерді де қабылдадым. Қаңтар айында аяғым ауыр екенін, жүктілік мерзімі екі апта болғанын білдім. Айтпақшы, жүктілікті жоспарлаған кезде күйеуім де бірнеше тексеруден өтті. Жыныстық жолмен берілетін инфекциялар пен ішек құртын анықтайтын, спермограмма анализдерін тапсырды,-деді шымкенттік келіншек.  

Дамира Қалдыбекқызы жүкті кезінде гинеколог маманы тәуліктің кез келген уақытында кері байланысқа шығып, кеңесін аяған емес деп отыр. Дәрігер дұрыс тамақтануға, ұйқы режимін сақтауға, ауыр зат көтермеуге кеңес берген.

Мен тіркелген емханада бекітілген гинеколог маманы мақтауға тұрарлық дер едім. Ішім ауырсынып немесе тіпті көңіл күйім түссе де, маманға хабарласатынмын. Босану мерзіміне 2-3 ай қалғанда гинекологтың кеңесімен психологтың қабылдауында болдым. Онда оңай босану жолдарын түсіндіріп, психологиялық тұрғыда мені табиғи жолмен босануға дайындады. Арасында сол емханадағы мамандардың қалай дұрыс жаттығу жасауды, толғақ кезінде дұрыс күшену деген сияқты сабақтарынан өттім. Аллаға шүкір, баламды табиғи жолмен босандым. Бүгінде ұлым 5 жасқа толады. Барлық болашақ аналарға жүктілікті алдын ала жоспарлаған дұрыс деп кеңес берер едім. Соның ішінде түрлі дәрумендерді орынсыз іше бермеген дұрыс. Ол бауыр немесе бүйрекке кері әсерін беруі мүмкін Тек дәрігер нұсқаулығын орындаңыз,-деп сөзін түйді   Дамира Қалдыбекқызы.

Ал көпбалалы ана Айжан Ермекқызы ешбір перзентінде жүктілікті жоспарламаған. Алты баланы дүниеге әкелген ана бүгінде декреттік демалыста. 

Бізде кейбір ерлі-зайыптылар шаңырақ көтерген соң бала сүюге асықпайды. Әйелдер жүктіліктен қорғану жолдарына барып жатады. Ал менің күйеуім екеумізде ондай ой болмаған. Мен тұрмысқа шыға салып, жүкті болдым. Алты баламда да жүктілікті жоспарлау деген болмапты. Аллаға шүкір, барлығының дені сау. Қазақта "Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады" демекші, әр баламның өз несібесі бар. Үш баламның арасы - 1,5, төртінші, бесінші, алтыншы перзенттерімнің жас ерекшеліктер 5 жастан. Бес жылда организмім де қалыпқа келіп үлгереді. Өзімнің де денсаулығым жаман емес. Бес баламды табиғи жолмен, алтыншымды дәрігерлер кеңесімен кесарь тілігі арқылы босандым,-дейді қала тұрғыны.

Дегенмен, көпбалалы ана бүгінде әсіресе жастар баланы жоспарлау керек деген пікірде. Айтуынша, өзі перзентханада талай жас келіншектердің ана болуға дайын болмағандықтан күйзеліске түсіп, тіпті сәбиді дұрыс ұстауды білмейтінін көзбен көрген.

Негізі жүктілікті жоспарлау дегенге қарсылығым жоқ. Қазіргі заманда ол керек те шығар. Өйткені өзім осы алтыншы баламды босанғанда перзентханада талай жас аналарды көрдім. Мүлдем дайын емес. Көбінің денсаулығында кінәраты бар. Балалары да әлжуаз. Менімен бірге перзентханада бір жас келіншек жатты. Үйінде кішкентай төрт баласы бар екен. Аралары бір жастан. Өзі егіз босанып отыр. Алты баланы қарай қараймын деп уайымға салынып отырды. Айтуынша, жүктілікті жоспарламаған. Сондықтан күйзеліске салынбас үшін баланы жоспарлаған дұрыс деп ойлаймын. Өздеріңіз білесіздер, күйзеліске түскен ананың сүті де азаяды,-деді Айжан Ермекқызы.

Айта кетейік, Шымкентте бүгінгі таңда фертильді жастағы, яғни бала көтеруге қабілетті әйелдер саны - 304 458. Олардың жас ерекшеліктері 18-ден 49-ға дейін. Солардың ішінде 1688 әйелдер абсолютті қарсы көрсеткіші бар топқа жатады. Бұл дегеніміз бала көтеруге, сәби дүниеге әкелуге олардың денсаулығы жарамайды. Өкінішке қарай, олардың көбі жастарды құрайды екен. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тізімде қант диабетінің ауыр деңгейімен ауыратын, психологиялық аурулардың ішінде F07 диагнозы қойылған, жүрегінің ақауы бар әйелдерге бала көтермеуге кеңес беріледі. Бұдан өзге эпилепсиямен ауыратын, күніне бірнеше рет талмасы ұстап қалатын әйелдерге де бала көтеруге болмайды. Егер ондай әйелдердің аяғы ауырлап қалса, мамандар жіті бақылауына алады. Қарсы көрсеткіштер болса, жүктілікті үзуге тура келеді.

Қорыта келе айтар болсақ, егер дені сау ұрпақ дүниеге әкелгіңіз келсе, кез келген болашақ ана алдымен өз денсаулығына мән бергені абзал. Салауатты өмір салтын ұстану деннің саулығына апарар жол екенін ұмытпаған жөн.

Жансая Ақбала
Бөлісу: