Демократиялану дегеніміз не?

6 Қараша 2015, 03:32

ДЕМОКРАТИЯЛАНУ (грек. demos – халық және kratos – билік) – саяси жүйенің өзгеру түрі

Демократиялану (грек. demos – халық және kratos – билік) – саяси жүйенің өзгеру түрі (модернизация); азаматтардың саяси құқықтары мен бостандықтарының кеңеюімен, саяси және идеологиялық плюрализмнің пайда болуымен, халықтың саяси өмірге араласу түрлерінің көбеюімен, мемлекеттік биліктің орталықсыздануымен, билікті бөлу принципінің жүзеге асуымен және азаматтық қоғамды орнатумен сипатталатын саяси процесс.

Демократияға өтудің негізгі фазаларын қарастыра отырып, Д. Растоу, демократия генезисі үшін бірқатар факторлар: ұлттық бірлік сезімі, тұрақты шиеленістің болуы және демократиялық процедураларды саналы түрде сайлау қажет дейді. Сонымен қатар, саяси элита да, қоғам да саяси өмірдің жаңа ережелерін меңгеруі керек. Демократияға өту оңай және тез болмайды, бұл процесс түрлі қақтығыстар мен дағдарыстарға толы. Саяси жүйе құрылымындағы өзгерістердің институциялануымен қатар, адам санасына, олар үшін жаңа болып табылатын құндылықтар, нормалар және мінез-құлық образдары сіңу қажет және бұл үшін ұзақ уақыт қажет. ХІХ ғасырдың өзінде-ақ Алексис де Токвиль, «демократиялық революциядағы» қайшылықтарды сараптай отырып, демократиялық жүйеге жылдам өтудің қауіптілігін көрсетті. Оның ойынша, саяси еркіндікке үйренбеген халық арасында теңдік орнату көпшілік тираниясына (жеке-дара тираниямен арасы бір-ақ қадам) алып келеді. ХVIII ғасырдағы француз революциясынан және ХХ ғасырдың бас кезіндегі Ресейдегі Ресейдегі революциядан кейін елде тоталитарлы саяси режимнің орнауы осы қағиданың дұрыс екенін көрсетті.

С. Хантингтон ұсынған «демократияның үшінші толқыны» концепциясына сәйкес, бұл процесте демократиялық режимге өту көлемінің үлкеюі мен кішірею кезеңдерін ерекшелеуге болады және бұл жағдайда демократизация процесі, әлемнің барлық саяси жүйелерін басып ала алатын жаһандық процесс ретінде қарастырылады. Бұл процессті, жаһандық көлемде талдай отырып, Э. Гидденс, қазіргі заманда «демократия парадоксінің» пайда болатынын айтады. Оның мәні мынада: демократия бүкіл әлемге тарап жатқан кезде, дамыған демократиялық мемлекеттерде демократиялық процестерден түңілу басталады, себебі дәстүрлі демократиялық басқару механизмдері жаңа өмірлік жағдайларға сай емес (постиндустриалды әлемге тән, икемділік пен динамизм). Басқарудың бұрынғы тетіктері басқарушылар қол жеткізетін ақпаратқа қарапайым азаматтар да қол жеткізе алатын қоғамда жұмыс істемейді. Сондықтан Гидденстің пікірінше, демократияның өмір сүруін қолдау үшін демократияның демократиялануы қажет және мұндай демократиялану тек дамыған демократиялық мемлекеттерге пайдалы  болып қалмай, жаңа демократияның дамуына алып келуі мүмкін. Осылайша, Гидденстің ойынша, Ресейде, бұрынғыдан қалған мықты «авторитарлық обертондардың» сақталуы әсерінен ашық және демократиялық қоғамды «жоғарыдан» құру мүмкін емес, оны азаматтық мәдениетті дамыту арқылы құру керек.


Дархан Өмірбек

Бөлісу: