Демеу Жадыраев ел чемпионатындағы жеңісіне қатысты пікір білдірді

11 Ақпан, 15:48 875

Грек-рим күресінен 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев соңғы жылдары халықаралық және республикалық жарыстарда жүлдесіз қалғанына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі Sport Plus Qazaqstan-ға сілтеме жасап. 

Былтыр лицензиялық әлем чемпионатында жолдамадан бір адым жерде тоқтаған еді. Енді, міне 2024 жылды Қазақстан чемпионатындағы жеңіспен бастады. Бұл чемпиондықты Демеудің өзі де, қалың жанкүйері де асыға күткен еді. 

Әлем чемпионатында кеткен қателіктер бар. Сол жарыстан кейін бір жанашыр ағамның жіберген аудио хабарламасынан көп дүниені түсіндім. Осы күнге дейін қателіктермен жұмыс жүргізіп, психологиялық тараптан да әсер етуге тырыстық. Кәсіби тұрғыда болмаса да, өзім осы бағытта көп ізденіп, кілттерін табуға барымды салдым. Көптен бері жеңіс тұғырына шыға алмай жүрдім. Бұл - бір күндік жұмыстың нәтижесі емес екендігі анық, сондықтан жаттықтырушым Боранбек Қоңыратовпен жүйелі түрде дайындалдық.

Демеу Жадыраев алдағы жоспарымен де бөлісті:

Бапкеріммен мақсатымыз кезеңді жұмыс еді. Яғни, бірінші кезекте Қазақстан чемпионатында жеңіске жету, кейін Олимпиада жолдамасына күрес. Осы дайындығымыз нәтиже бергенін бүгін көрдік, енді жаттығуды одан әрі үдете түсу керек. Азияда санасатын балуандар жетерлік, білуімше менің салмағымда тек 3 балуан ғана лицензия алды, демек Бішкектегі іріктеу турнирінде бәсекелестік жоғары болмақ. Өзім көп салмақ қумаймын, дұрыс тамақтанып салмағымды ұстап, қатты өсірмеуге тырысамын. Қазір жақсы физикалық формадамын деп айта аламын.

34 жасар балуан өзін әлі де “ардагерлер” санатына жатқызбайтынын жеткізді:

Спортшы 23 жасқа толды ма, ол ересектер буынына қосылып, тәжірибесі бар балуан санатында деген сөз. Көпшілік жас-үлкен деп бөлгенді ұнатады, бірақ шындығында бәрін боз кілем көрсетеді. Финалда кездескен Темірлан Шадукаев жастар арасындағы әлем чемпионы, өте мықты балуан. Менен 7 жас кішілігіне қарамастан, Шадукаевтан ұтылған да, басым түскен де кездесулер болды. Сондықтан, балуанның жасына қарап оған баға беруді қолдамаймын.

Демеу Жадыраев 77 келі салмақ дәрежесіндегі өзінің басты қарсыластарының бірі Мақсат Ережеповпен кездесуі жайында да айтты. 1/8 финалдағы кездесуге Ережепов 2023 жылғы Азия Ойындарының жүлдегері Азат Садықовты жеңіп өткен еді, ал Жадыраев үшін бұл чемпионаттағы алғашқы белдесуі болды. 

Мақсатпен көп рет кездестік, ол осы салмақтағы ең мықты және менің әккі қарсыластарымның бірі. Талай рет жолымыз түйісті. Жеңіс пен жеңіліс кезекпен жүрді. Осы жолы менің жолым болды, - деді Жадыраев.

Жансая Әділбек
Бөлісу: