Елордада 17 және 18 қыркүйек күндері дәстүрлі ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды El.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бұл жолы өз өнімін Алматы және Жетісу облыстарының тауар өндірушілері ұсынады.
Екі өңірдің тауар өндірушілері елордаға 459 тонна өнім әкеледі, оның ішінде: 84 тонна – көкөніс, 62 тонна – жеміс-жидек, 48,7 тонна – картоп, 41,5 тонна – ет, 9 тоннадан астам – сүт өнімдері, 8 тонна – балық, 500 кг бал, сондай-ақ 189 тонна өзге де өнімдер бар.
Мәселен, Жетісу облысы 54 тауар түрін, Алматы облысы 42 түрін ұсынады. Олардың арасында өсімдік майы, қант, ұн, жарма, ұлттық сусындар және басқалар бар.
Сонымен қатар елорда тұрғындары мен қонақтары үшін концерттік бағдарлама дайындалған.
Мәлім етілгендей, ауылшаруашылық тауарын өндірушілер жәрмеңкеге өз өнімін делдалсыз алып келетіндіктен бағалар нарықтан 10-20% төмен болады.
Айта кетейік, жәрмеңкелер әр сенбі және жексенбі күндері 13 қарашаға дейін «Астана-Арена» стадионы жанындағы алаңда өтеді.
Келесі демалыс күндері, яғни 24-25 қыркүйекте Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының кәсіпкерлері өз өнімін ұсынады.