Декретте жүріп кәсіп бастаған мұғалім

6 Шілде, 11:46 657

Оны шымкенттіктердің көпшілігі мұғалім ретінде таниды. Он саусағынан бал тамған шебердің кәсіп ашқанына да көп бола қойған жоқ. Былтыр арнайы құжаттар әзірлеп, қайтарымсыз грантты жеңіп алды. Дизайнер-тігінші Жаннұр Лесбековмен El.kz ақпарат агенттігінің тілішісі сұқбаттасып қайтты.

Оның таңы қарбаластан басталмайды. Барлығын жоспарлап қойған. Бұл режимді қалыптастырғанына бір жылдан асады. Алайда Жаннұр үшін кәдуілгі мұғалімнің жұмысы ұнайды. «Кәсіпкер менен шықпай жатыр. Көбінде оқытамын. Тапсырыс қабылдап, тігіп-пішеміз. Өзім емес, оны менен дәріс алып жүрген жандар жүзеге асырады»,-дейді Жаннұр Лесбекова.

Мұғалім-дизайнер Шымкенттегі жоғарғы оқу орындарының бірінде университетте сабақ берген. 6 жыл бұрын бала күтімі демалысына шығады. Мерзімі бітіп, қайта іске кіріскенде қысқартуға ұшырайды. Көп ойланбайды. Өйткені, ол студенттерді оқыта жүріп, қосымша үйде отырған аналарды осы саланың сырын меңгеруге баулыған. Оқып-тоқығандар көз алдында үкіметтен берілген мемлекеттік гранттарды жеңіп алып, кәсіп бастап кетеді.

Соларға қарап қызықтым. Өзім оқытқан келіншектер тәуекелге бел буып, тігін шеберханаларын ашты. Бірқатары жетістікке жетіп жатыр. Мен неге жасамасқа? Дедім де таныс-білістерден сұрастырып жүріп құжаттарды әзірледім. Жұмыспен қамту орталығына барып, арнайы мамандардан кеңес алдым. Тұрақты жұмысы барларға бұл грант берілмейді екен. Содан университетке бардым да жұмыстан кетуге өтініш жаздым. Ақыры мамандығым қысқартылып жатқан соң қалудың да мүмкіндігін байқамадым. Шешіміме өкінбеймін. 2023 жылы мен де бизнес-жобамды жазып, «көп балалы ана» санатымен грантқа өтінім бердім. Өз ісімнің маманы болғасын комиссия алдында ұсынған жобамды қорғап шығу қиынға соқпады. Олар бизнес-жобамды мақұлдап, 1 млн 300 мыңнан астам қайтармысыз грантты ұтып алдым, - дейді ол.

Шебер бастапқыда өзінің қарапайым тігін машинасымен жұмыс бастағанын айтады. Кейіннен қаржы өндіріске арналған автоматтандырылған тігін машиналары мен құрылғылар, манекендер, тігінге қажетті материалдар сатып алған.

Қазір Жаннұр Өскенбайқызынан үйренуге ниетті жастар көп. Солардың бірі - Қызжібек Жарылқасын, М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-нің бітіруші түлегі. Болашақ киім дизайнері. Ол өндірістік тәжрибеден өтіп, дипломдық жұмысын қорғап жатыр.

Бала күнімнен сызу мен тігу қатты ұнайды. Апайымнан оқып, білгенімді оқушыларға үйретуді қалаймын. Жалпы Жаннұр апаймен карантин уақытында таныстым. Машина тілін түсініп, тігіс тігуді алғаш рет осы кісіден үйрендім. Теория мен тәжірибе бөлек қой. Дәл қазір мен дипломдық жұмысымды қорғап шығу мақсатында киім тігіп жатырмын. Жан-жақтан тапсырыстар түседі. Табысым да аз емес, - дейді Қызжібек Жарылқасын.

Жаннұр Лесбекованың студенттерден бөлек, қасында көмекшісі болып жүрген тағы сенімді 3 шәкірті бар. Биыл оқуын бітірсе, үшеуін де қасына жұмысқа алатынын айтады.

Шебер негізінен киім дизайнері. Бұл өнер оған ата-анасынан дарыпты. Анасы Дариха тігінші. Ал әкесі ағаш ұстасы әрі мектепте ұзақ жылдар мұғалім болып жұмыс істеп, ауыл түгіл аудан тұрғындарына «Сіргелі» ұста әулеті деп танылып кеткен. «Сайрам ауданындағы Қайнарбұлақ елді мекенінде  туылғам. Әкем - Өскенбай – Сайрам ауданына еңбегі сіңген мұғалім, құрметті азамат. Бізді көпшілігі таныйды. Өзім мұғалім болғанды жақсы көрем. Сондықтан болар, өзгелер сияқты кәсіпкер атану оңай соғып жатқан жоқ. Қолымнан келмейді деп те отыра алмаймын, екі саланы біріктіріп, арнайы оқыту орталығын сол үшін ашқан сияқтымын, - дейді ол.

Осылайша мұғалімдіктен кәсіпке бет бұрған маманның қолынан келмейтіні жоқ. Киім де тігеді, дизайнын да сызады, перде де тапсырысқа қабылдайды. Көп балалы ана ата-аналарының қолдауымен қатар, күйеуінің де ерекше демеу беріп отыратынын жасырмады. Бүгінде Жаннұр Лесбекованың тұңғышы 16 жаста, ол ІТ таңдамақ. Әзірге ешбір перзенті анасына ұқсамайды, қалаулары басқа...

Айтып өтейік биыл кәсіпкерлік мақсатта берілетін қайтарымсыз гранттар мөлшері – 400 АЕК артты, яғни 1 447 800 теңге. Бұл қаражатты қатысушының тек бір рет алу мүмкіндігі бар. Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, алғашқы лекте шаһардағы Еңбек мобильдігі орталығына 1 162  адам өтінім беріп, өз бизнес-идеяларын ұсынған. Осы жылдың 4-11 маусым аралығында үміткерлер комиссия алдында өз жобаларын қорғап, нәтижесінде 214 адамға қайтарымсыз грант мақұлданған. Комиссия өкілдері бизнес-жобалардың өміршеңдігі, бәсекеге қабілеттілігі және үміткердің сол саладағы кәсібилігіне көңіл бөлген. Оң қорытынды алған бизнес-жобалардың 25-і мал және құс шаруашылығы, 52-сі қызмет көрсету, 34-і кондитер және нан өнімдері, 41-і тігін саласы, 16-сы жартылай фабрикат өнімдері, үшеуі жиһаз өндірісі, 35-і өндіріс саласы, 8-і тамақ өнеркәсібі болып отыр.

Элеонора Мамыр
Бөлісу: