ӘДЕБИЕТ

28 Тамыз 2014, 11:50

ӘДЕБИЕТ (арабша — асыл сөз) — сөз өнері, әлеуметтік мәні бар шығармалар жиынтығы. Мазмұнына қарай саяси, ғыл., тех., көркем Ә. болып бөлінеді. Ә. атауы көбінесе, көркем әдебиет мағнасында қолданылады.

ӘДЕБИЕТ (арабша    — асыл сөз) — сөз өнері, әлеуметтік мәні бар шығармалар жиынтығы. Мазмұнына қарай саяси, ғыл., тех., көркем Ә. болып бөлінеді. Ә. атауы көбінесе, көркем әдебиет мағнасында қолданылады. А.Байтұрсынов оған “бір нәрсенің жайын, күйін, түрін, түсін, ісін сөзбен келістіріп айту өнері”, “Сөз өнері” деп баға берген. Ә. — жалпы өнердің бір саласы. Бірақ ол қоғамдық сананың ерекше түрі есебінде шындықты логик. ойлау жүйесімен емес, көркем тіл арқылы, сөз өнерінің күшімен суреттеп көрсетеді. Көркем бейненің сыртқы сұлбасымен бірге ішкі мазмұнын, сырын оқырман тұшынып сезіне алатындай етіп ашады, адамның жан дүниесі мен ішкі сезім байлығын көзге елестету арқылы қоғамдық санаға әсер етеді. Оның “өнер атаулының ең қиыны және күрделісі” (Бальзак), “Өнердің ең жоғарғы түрі” (В.Белинский) болатыны да осыдан. Қазақ та “Өнер алды — қызыл тіл” деп тегін айтпаған.

Ә-тің суреттейтіні — адам. Оны жалпылай емес, нақты, тұлға (образ) дәрежесіне көтере даралап көрсетеді. Адам қашан да бір ортада өмір сүреді, еңбек етеді, сол ортада өзін жан-жақты таныта, көрсете біледі. Сондықтан Ә. адамды “қоғамдық қарым-қатынастардың жиынтығы” (К.Маркс) ретінде, өз ортасының шындығымен жан-жақты байланыста бейнелейді. Дара тұлға айналасындағы тіршілікпен тұтастықта ашылады.

Адам бейнесін жасауда жеке бір адамға тән мінез-құлықты да, көпке ортақ сипаттарды да жинақтау тәжірибесі пайдаланылады. Типтік бейне қашанда жинақтау жолымен жасалады. Өмірде сирек ұшырасатын не жиі кездесетін деректердің қайсысы болса да типтік бола алады. Ең бастысы — шындықтың адам табиғатына сиымдылығы және нанымдылығы. Сондықтан да Ә. нақты адаммен бірге сол адам өмір сүрген дәуірдің шежіресі, көркем тарихы болып табылады. Қазақ әдебиетінің тарихы — белгілі мөлшерде қазақ халқының тарихы да, онда халық бастан кешкен әрқилы дәуірлер мен оның адамдарының бейнесі жасалған, ой-арманы бейнеленген. Осының бәрін көркемдікпен суреттеп танытуда Ә. тілінің маңызы үлкен. Ол — жазушылық шеберліктің негізгі. “Әдебиетші… — қаламымен ғана жазбайды, сөзбен сурет салады, адамды бір қалыпта ғана суретке түсіретін сурет өнері сияқты емес, үнемі қозғалыс, әрекет үстінде, таусылмайтын кездесулер мен қақтығыстардың жағдайында… суреттейді” (М.Горький). Ә. адамның өмір тануына, оның эстет. ұғым-түсінігін, сезімін байытуға қызмет етеді. Оның тәрбиелік мәні зор, жарқын жасалған жақсы тұлғаларға оқырман елігеді, оған ұқсауға тырысады. Халық өмірінің жан-жақты бейнеленген суреті мен оның көрнекті өкілдерінің бейнесін жасаған, азаттық, тәуелсіздік жолындағы арман-тілегін суреттеген Ә. халықтық болып саналады. Шығарманың тақырыбы мен идеясын да оның халықтық сипаты белгілейді. Өмірді тану мен оны көркем бейнелеудің ғасырлар бойғы тәжірибесі Ә-тің өзіндік ерекшеліктерін туғызған. Ол тегі жағынан эпос, лирика, драма болып бөлінеді. Олардың әрқайсысы іштей бірнеше түрден (жанрдан) тұрады. Шындықты танып, көркем бейнелеудің әдісі де әртүрлі. Олар белгілі бір дәуірдің өзгешеліктерінен туады. Әлем Ә-і классицизм, романтизм, реализм сияқты шығармашылық әдістерді басынан өткерген. Солардың ішінде шындықты шынайы бейнелеуі, өмір құбылыстарын нақты адам тағдырына байланыстырып терең ашуы жағынан реалистік өнер Ә. дамуының ең биік сатысы саналады.

Ә. — ұлттық категория. Ол алдымен ұлттық түрде, сол халықтың дәстүрлері мен тарихи дамуының ерекшеліктері негізінде жасалады. “Әдебиеттің мазмұнын оның халқының өмірі береді” деген В.Г. Белинский. Көркемдік ізденісте ол әлем Ә-інің озық үлгілерінің тәжрибесін пайдаланады. Оның дәстүрмен байланысы, жаңашылдығының да сыры осында. Сөйтіп, әр халықтың өзіндік Ә-інің үлгісі жалпы адамзатқа ортақ мұраны құрайды. Ә. ауыз әдебиеті және жазба әдебиеті болып бөлінеді. Қазақ әдебиетінің көшпелі дәстүрде туған, ауызша шығарылып, халық жадында сақталған Ә-і — ауыз әдебиеті (фольклор). Оның түрлері де сол шыққан дәуірі мен жанрлық ерекшеліктерінен туындайды. Оларда тұрмыс-салт жырлары, шешендік сөз өнері, айтыс, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, ертегілер, эпостың түрлері (батырлық, ғашықтық, дастандар түрінде), тарихи жырлар кең дамыған. Олар өз кезіндегі қазақ халқының көркемдік ойлау жүйесін анық танытады. Жазба әдебиет (тарихи әдебиет) қазақтың ұлт болып құралып, мемл-тігінің тууына байланысты өркендеген. Онда халықтың тұрмыс-тіршілігінің суреттері мен дербес болуының идеясы жырланған. Елді осы жолда бірлікке шақыру, көрші елдердің отаршылдық саясатына қарсылық кең көрінеді. Ал, қазақтың дүн. жүз. дамуындағы орнын түсініп, Ә. арқылы ағартушылық, демокр. көзқарасты насихаттау 19 ғ-дың 2-жартысында Абайдың, Ы. Алтынсариннің, Ш. Уәлихановтың шығармаларында көрініс тапқан. Осы тұстан бастап, Ә. халық өмірінің қайшылықтарын көркем бейнелеген қуатты құралға айналды. 20 ғ-дың басында Ресей отаршылдығының астында езілген халықтың жан ашуын А. Байтұрсынов, М. Дулатов, С. Торайғыров т.б. батылдықпен көтеріп, ағартушылық, демокр. Ә. дәстүрін тәуелсіздік жолындағы күрес идеясымен ұштастырды. 20 ғ-да, кеңестік дәуірдің қайшылықты саясатына қарамастан, қазақ әдебиеті Еуропа әдебиетінің жанрлық түрлерін игеріп, шын мағынасындағы көркемдік биігіне көтерілді. Оның озық үлгілері әлемдік деңгейде танылды. Қазақ әдебиетінің бұл тұстағы табыстары М. Жұмабаевтың, Ж. Аймауытовтың, М. Әуезовтің, С. Сейфуллиннің, Қ. Жансүгіровтің, Б. Майлиннің, С. Мұқановтың, Ғ. Мүсіреповтің, Ғ. Мұстафиннің, А. Тоқмағамбетовтің, Т. Жароковтың, Ғ. Ормановтың, Қ. Аманжоловтың, Ә. Тәжібаевтың, Ж. Молдағалиевтің, С. Мәуленовтің, Ә. Нұрпейісовтің, Т. Ахтановтың, О. Сүлейменовтың, Ә. Кекілбаевтың, М. Мағауиннің, С. Жүнісовтің, Ш. Мұртазаның, Т. Молдағалиевтің, Қ. Мырзалиевтің т.б. шығармашылық өнерімен байланысты. Заманның қайшылықты сипаты да, Ә. дамуының қиыншылықтары да осылардың өмірі мен еңбегінен көрінді.

Әдеб.: Аристотель, Об искусстве поэзии, М., 1957; Гегель, Эстетика, т. 1 — 2. М., 1968 — 69; Белинский В.Г., Собр. соч., т. 1 — 3, М., 1948; Байтұрсынов А., Әдебиет танытқыш, Шығармалары, А., 1989; Қабдолов З., Сөз өнері, А., 1976.

С. Қирабаев

"Қазақстан энциклопедиясы"

Бөлісу: