ДАЙРАБАЙ Ерназарұлы

29 Тамыз 2014, 03:42

ДАЙРАБАЙ Ерназарұлы

ДАЙРАБАЙ Ерназарұлы (1860, Қарағанды обл. Жаңаарқа ауд. Атасу өз. бойы — 1937, Оңт. Қазақстан обл. Отырар ауд. Шәуілдір а.) — күйші. Әкесі Ерназар орташа дәулеті бар, саятшы, атбегі, қыран құс пен жүйрік атқа құмар сері адам болған. Шешесінің есімі — Түйме. Д-дың бойындағы сал-серіге тән мінез-қылық, әншілік-күйшілік қасиет ата-анасынан дарыған. Д-дың есімі Ақмола, Қараөткел, Қорғалжын төңірегіне жақсы таныс болған. Ол осы өңірдегі Жарылғапберді, ұазиз, Иманжүсіп, Үкілі Ыбырай, Төлебай сал сияқты әйгілі өнерпаздармен дәмдес, қадірлес дос-жар болады. Олардың өнерінен тағылым ала жүріп, өзі де “Шұбартау”, “Қараторғай”, “Келіншек” деген әндер шығарған. Бұл әндер Арқада күні бүгінге дейін айтылады. Д. өзімен аталас ағайын боп келетін Көбен дейтін баймен бас араздығы салдарынан қиянат-қуғын көріп, ақыры Қараөткел түрмесіне түседі. 1904 ж. түрмеден қашып шыққан Д. еліне келіп, екі-үш күн ес жиған соң, ағайындарымен қоштасып, оңт-ке бет түзейді. Сол бетінде Бетпақтың шөлін басып, Шудан өтіп, Қаратау сілемі мен Сыр бойын жайлаған қоңырат ішіне сіңіп кетеді. 1914 ж. әйгілі күйші Сайдалы Сары Тоқа дүние салғанда Д. көңіл айтуға арнайы келіп, ұстазына бата оқып қайтады. Осыдан кейін туған жерді көруді тағдыр жазбағанымен, ол ағайын-туған, дос-жарандармен байланысын үзбеген. Туған жерінен шеттеп, бүкіл өмірі қашып-пысумен, бейнетқорлықпен өтіп келе жатқан Д. Қазан төңкерісін үлкен үмітпен қарсы алады. Ұжымдастыру науқаны басталғанда Шәуілдірдегі а. ш. артеліне алғашқылардың бірі болып кіріп, “Еркіндік” атты ән, “Шәуілдір” атты күй шығарады. Бірақ жаңа саясаттың жасанды ұраншылдығы, “таптық күрес” желеуімен елді бөліп, қырқыстыруы Д-дың үмітін тез үзеді. Оған қоса кәмпеске мен 1932 жылдың аштығына куә болады. Әсіресе, малмен ғана күнелтіп отырған Арқа қазақтарының оңт-ке ауған аш-жалаңаш босқындарын көріп, қабырғасы қайысқан Д. бір кездегі сән-салтанаты келіскен елдің азып-тозған халіне күйзеліп, “Әттеген-ай” атты күйін шығарады. 1937 жылғы репрессия сүргіні басталғанда Д-ға “жүйрік атқа, ит жүгіртіп, құс салуға құмар, ән шығарып, күй тартқан, бұрынғы заманның сән-салтанатын жақсы көреді” деген айып тағылады. НКВД-ның қызметкерлері оны тұтқындауға келер алдында ғана әйгілі күйші өткен өмір, көрген тірлігіне лағнет айтып, қапаланған күйде көз жұмады.

Д-дың күйшілік қолтаңбасы оқшау боп көрінгенімен, оның күйлерінің әуен-сазы, тартылу өрнегі және құрылыс-бітімінде Арқа күйлерінің типологиялық сипаты айқын аңғарылып тұрады. Әсіресе, өз алдындағы Тәттімбет, Тоқа дәстүрі Д-ды күйші етіп шығарғаны байқалады. Ол тұтас бір күйшілік мектептің басында тұрған Тәттімбетпен қадірлес-сыйлас болып, өнерінен тағылым алған, Тоқамен жақын қарым-қатынаста болған. Сондай-ақ Д. өскен ортада заманы ғана бір емес, жас мөлшерлері де шамалас Ықылас, Қыздарбек, Итаяқ сияқты әйгілі күйші-композиторлар да болған. Осынау қалың шоғыр өнер тарландарының ортасында Д. өзіндік үн-сезімімен танылған күйші. Оның күйлері бітім-құрылысының мінсіздігімен, әуен-сазының бай нақыштарымен, айтар ойының сергек те сезімталдығымен дараланады. Мұның жарқын айғағы —“Дайрабай” күйі. Жалғыз осы күйі ғана Д-ды қазақ музыкасының ең жарық жұлдыздарымен теңестіріп тұр. Оның, сондай-ақ, “Қоштасу”, “Қыр”, “Сыр”, “Сырдың суы”, т.б. күйлері бар. “Дайрабай” күйінің төрт нұсқасы белгілі.

Әдеб.: Жұбанов А., Қазақтың халық композиторлары, А., 1962; Мерғалиев Т., Домбыра сазы, А., 1972; Бегалин С., Сахара сандуғаштары, А., 1976. Қазақ Энциклопедиясы

                                                                                                                       А. Сейдімбек

Бөлісу: