Қазақстан футбол федерациясы вице-президенті Давид Лория QFL-мен келісімшарттың бұзылуы және жарыстарды ұйымдастыру құқығының ҚФФ-ға қайтарылуы жөнінде түсінік берді, деп хабарлайды федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.
Қазіргі уақытта Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) мен Qazaqstan Football League (QFL) арасындағы келісімшартты бұзу процесі жүріп жатыр. Бұл келісім Премьер-лига, Кубок, Суперкубок, сондай-ақ Бірінші және Екінші лига клубтарының біріншіліктерін ұйымдастыру құқығына қатысты. Сонымен қатар QFL-ге уақытша берілген жарыстардың коммерциялық және медиақұқықтары да ҚФФ-ға қайтарылады.
Қазір футбол қауымдастығы мен әлеуметтік желілерде әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Сол себепті ҚФФ жағдайды ашық түсіндіргісі келеді. Өйткені ҚФФ әрдайым ашықтық пен айқындық қағидаларын ұстанады.
Давид Лорияның айтуынша, ел футболын басқару құқығы тек ҚФФ-ға берілген. Өйткені ҚФФ – Туризм және спорт министрлігінің аккредитациясынан өткен жалғыз мекеме. Бұдан бөлек ҚФФ – Қазақстанның УЕФА және ФИФА-дағы жалғыз ресми өкілі. Осы мәртебе Федерацияға елдегі барлық ресми футбол жарыстарын ұйымдастыруға айрықша құқық береді.
QFL бұған дейін Қазақстандағы кәсіби футбол жарыстарын ұйымдастырумен айналысып келді. Лигаға уақытша берілген құқықтар оның осы жұмыстарды атқаруына мүмкіндік жасады.
Алайда 10 жыл ішінде QFL-дің жұмысына қатысты проблемалар болды. Жанкүйерлердің наразылығы, өңірлік клубтардың қиындықтарға ұшырауы және басқа да жағдайлар отандық футболдың дамуына кері әсерін тигізді. Нәтижесінде, ҚФФ бұл мәселелерге моральдық әрі ақпараттық тұрғыда жауап беруге мәжбүр болды. Осыған байланысты ҚФФ келісімшарттағы шарттарды басшылыққа ала отырып, оны бұзу құқығын пайдаланып отыр. Бұл шешім ҚР Азаматтық кодексіндегі келісім бостандығы және таңдау еркіндігі қағидаларына толық сәйкес келеді.
Ел арасында ҚФФ QFL-ді «жабуға» тырысып жатыр деген пікір айтылып жүр. Бұл – қате түсінік. Заң бойынша мұндай әрекет мүмкін емес. Шын мәнінде ҚФФ кәсіби футбол жарыстарын ұйымдастыру құқығын қайтарып алып, оларды өз құрылымына енгізуде. Бұл чемпионаттардың сапасын арттыруға, трансляцияларды жақсартуға, аймақтық клубтарға қолдауды күшейтуге және ҚФФ президенті Марат Омаровтың бағдарламасындағы реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді,-делінген федерация хабарламасында.