ДАУЫЛДЫ ДӘУІРДІҢ ДАУЫЛПАЗ ЖЫРШЫСЫ - 2

3 Наурыз 2014, 06:27

Дүние жүзінде санымен де, атқарған ісімен де күллі жаһанға мәлім небір ересек халықтар бар.

Дүние жүзінде санымен де, атқарған ісімен де күллі жаһанға мәлім небір ересек халықтар бар. Бірақ, солардың бүгінгі таңда адамның зердесі мен жады тұрғысынан келгенде біздің Мұрын жырау сынды сексеннің сеңгіріне шыққанда соншалықты телегей теңіз жырды айлап айтып сарқа алмаған жыршысы жоқ. Бұл біздің ұлт ретіндегі зерде-зейін жағынан кім-кімнен де болса кем емес екендігімізге куәлік беретін нақтылы факті. Ал, сол Мұрын жырау Қашаған Күржіманұлы, Мұрат Мөңкеұлы секілді ұстаздары болмаса, әлемдік деңгейдегі жыршылықтың топ жарғаны бола алар ма еді? Ал, Қашаған мен Мұраттың ұстаз ретіндегі бақыттылығы сонда, табиғатта ілуде бір кездесетін соншама құймақұлақ Мұрын сынды шәкірттері болуында.

Қашағанның кең құлашты эпик жырау екендігіне бүгінгілердің көзін жеткізетін шығармаларының бірі – «Қарасай-Қази» дастаны. Бұл бірегей туынды. Мұнда, Едіге, Тоқтамыс, Асанқайғы, Телағыс, Орақ, Мамай, Қазтуған, Шәлгез, Смайыл, Ер Қосай, Ер Тарғын, Ақжүніс, Шора батыр, оның әкесі Нәрік, Қобылан, Тама, Әділ, Әділдің қарындасы Лия, Қарасайдың қарындасы Қибат, інісі Қази және анасы, т.б. көптеген кейіпкерлер – тарихи тұлғалар бар. Және құнарлы тілді, ашық бояулы осы туындыны оқып отырғанда, әрідегі жырауларды айтпағанда, Махамбет ақын да, Сәттіғұл мен Ығылман ақындарда кездесетін, өзгертілмей пайдаланылатын клишелік қалыптағы тұрақты сөз тіркестері ара-тұра кездесіп отырады. Мәселен: «Атам тірі тұрғанда қай қазақтан кем едім? Жамандарға көп едім, Жақсыларға еп едім». «Аламаны қойдай дуылдап, Көп әскері артынан маңыраған қойдай шуылдап» деп келетін жолдардағы жекелеген тіркестер «Мен Махамбет аузымен де айтылған сөзбін» деп тұрғандай.

Түптеп келгенде, мұның өзі, біздің жыраулық мұраларымызға үлес қосқан жандардың түбі бір мектептің түлектері екендіктеріне куәлік беретін сүйінішті жай.

Жырау-жыраулық өнер дегенде жұртымыз ілгеріде Асан мен Бұқарды жиірек айтыңқырайтын. Асанқайғыны аса ақылгөй абызымыз деп, Бұқарды Абылайға да ескерту жасаған еріміз деп, ал кешегі кеңес елі саясаты салтанат құрып тұрған заманда, бұл да Абылайды қымтаған екен деп, бұған да біраз үрке қараушылар болыңқырады. Онан берідегі Байтоқ пен Жанұзақ жыраулар лебізін «Айналасы айшылық, көлденеңі күншілік» деп Жәңгір хан сарайын мадақтаған «сарай ақыны еді» деп, ел сөз таниды деген азаматтарымыздың өзі амалсыздан ғайбат лебіз білдіріп жүрді. Осы Маңғыстауда өмір кешті дейтін баба жырау Сыпыраны – ол Мәскеудің күл-талқанын шығарып шапқан Тоқтамыс ханның ақылшысы болды, Едіге мен Тоқтамыстың бәтуасы келіспей жауыққан кезде Тоқтамысқа Едігені «алдап-сулап қасыңа ал, қасыңа ал да басын ал» деп ақыл айтқан, атын ататпайтын замандар болды. Сонда ол күндердің күнінде Алтын орданың құлауына өзі мен ұрпақтарының көп сіңірген еңбегі бар еді ғой деп Едігеге іштарта ма десеңіз, Едігеге деген жаулық ниеттегі Тоқтамысқа деген өшпенділіктен де кем болмай шықты. Өйткені, Ресейдің ілгергі империясының билік басындағыларына да, кейінгі социализм дәуірі тұсындағы аты өзгергенмен ниеті жақсылыққа қарай аяқ баспаған ақылмандарына да мұндай мәселелерді жыр еткендер ұнамады. Ұнамағаны сол – бұл қауым «сарай ақындары» деген терминді ойлап тапты. Ойлап тапты да Сыпыра сынды еліне қамқор, аққаптал саясаткер, көріпкелдей данагөйлердің қасиетін терістеуге кеңінен жол ашты.

Бұл тұрғыдан келгенде Қашекеңе хан сарайында болған жоқ, хан тұқымдарына жолығып қалғанда жылы ұшырап, нақысын келтіріп жыр толғаған емес, оның алды әманда ашық болған шығар деп ойлауға болар еді. Бірақ, олай болмай шықты. Өйткені, Қашекең елінің, қазақ деген жұрттың іргелі ел, құлқы бүлінбеген бәтуалы, бір-біріне қайырымды, мейірімді болуын жырлап өтіпті. Ал, мұндай жырауды, мұндай ақынның патшалық өкіметке де, кеңестік билікке де жақпайтыны айқын еді. Оның үстіне ол бір кездегі Адольф Янушкевич таңдана-тамсана жазатын Құнанбайдың мұсылман біліміне аса тереңдігі секілді, бұл да ислам дінінің арғы-бергі тарихи қағидалары, арғы-бергі тарихы дегенде қамшы салдырмайтын жүйрігі еді. Оның үстіне, ол – айтқан сөзі жүректі барып баурайтын ақын. Ата-баба, ежелгі еңселі ел тарихының білгірі. Сондықтан, оның жыр науасынан сусындағын адамдар қауіпті. Қауіптілігі сондай, баяғы мифтік аңыздағы мәңгілік тірліктің қайнары Әбілхаят суын ішіп мәңгілік тірлікке Қызыр-Ілия сияқты болып шыға келеріндей көріп қауіптенді. Сондықтан да оны баяғы Зевстің отын елге алып беремін деп жүріп өлімнің ауыр түріне кесілген Прометейдің жазасы сияқты жазаға кесті. Ал, шығармашылық тұлға үшін айтқан лебізін еліне жеткіздіртпей, туындыларын тұншықтыртудан, есімін ел жадынан өшіртуден артық жаза болған ба?

...басы

жалғасы...

Бөлісу: