Елімізде ерекше қажеттіліктері бар 711 мыңнан астам азамат тұрады. Олардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және негізгі міндеті. Бұл азаматтарға мемлекет тарапынан қажетті деңгейде қолдау көрсетілмей келеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Үкімет басшысына сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бүгінгі таңда Қазақстанда тұратын 711 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтардың 420 мыңы – еңбекке қабілетті азаматтарды құраса (58%), 187,5 мыңы – зейнеткерлік жаста (26,3%) және 104,3 мыңы - 18 жасқа дейінгі балалар (14,6%).
Ашығын айтқанда жеке баспанасын аңсап жүрген мүмкіндігі шектеулі жандардың саны жетерлік. Мемлекет тарапынан баспана алуға арналған арнайы бағдарламалар қабылданғанымен іс жүзінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қол жетімсіз болып отыр. Негізгі мәселе мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыспен қамтылмауы, сәйкесінше екінші деңгейлі банкте төлем қабілеттілігін растай алмауы. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандардың баспана ипотекасын рәсімдеуге қол байлау болып отыр. Олар да өз басында жеке баспанасы болуын армандайды, - дейді Дәулет Мұқаев.
Депутаттың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандар мен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеуші отбасылардың жұмыс жасауға мүмкіндігі жоқ. Бірақ қол қусырып отырған ешкім жоқ. Олардың басым бөлігі үйден болса да жұмыс істеп нәпәқасын тауып отыр.
Еліміздегі әрбір 5-ші мүмкіндігі шектеулі жан ресми түрде жұмыс істейді. Бірақ көбі зейнетақы аударымдарын аудара алмайды. Одан бөлек екінші деңгейлі банктер мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тәуекелі жоғары топ ретінде қарайды. Мұндай өрескел қателіктерге жол бермеу керек, - дейді депутат.
Мәжілісмен аталған негізгі мәселені назарға ала отырып келесідей өзгерістер енгізуді ұсынды:
Біріншіден, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мемлекеттік бағдарлама талаптарын қайта қарау қажет. Яғни, ипотека рәсімдеуде жеңілдетілген ұсынымдар енгізілуі керек. Табыс көзін растағанда зейнетақы аударымдары емес, екінші деңгейлі банктердегі соңғы 6 айдағы түсімдердің жиынтығын көрсетсе жеткілікті деп санаймын.
Екіншіден, екінші деңгейлі банктердің мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға тәуекелі жоғары топ ретінде қарамау мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Инклюзивті қоғам құруда бұл өзекті мәселе болып қала бермек.