27 Тамыз 2014, 19:00
Алтай Hay деген кісі «битін жоқтап құн сұрайтын» өте даукес болған. Нау біреуден ешкі даулап, Акмырза биге жүгініске барыпты. Ақмырза би сұрағанда Наудың ешкісін сипаттағаны:
Саусам бұлақ еді,
Іші толған ылақ еді,
Терісі бұтқа қап еді,
Мүйізі пышаққа caпеді,
Тоқты қарын майы бар еді,
Тоқсан шақпақ кұрты бар еді, – депті.
Ақмырза осының билігін өзің айтшы дегенде, Наудың айтқан билігі.
«Бидің билігіне бір ат,
ешкінің мойнына қосақ,
соңына тіркеу,
төрешіге түк жоқ», – деген. Ақмырза: «Ал, бірақ Нау құрымай, дау құрымас, өмірің даумен өтер», – деген.
* * *
Нау жолаушылап бір жақтан келе жатса, өзеннің ар жағынан біреу: «Насыбайың бар ма? Мұрным қаңсып өліп барамын», – дейді. Нау: «Бар», –дейді.
Анау ар жақта тұрып: Насыбайың болса, атшы», – дейді. Нау шақшасын суырып алып, ердің қасына қағып- қағып, аузына салып жібергенде, ар жақтағы атынан мұрттай ұшып, құлап қалады. Біраздан соң тұрып, атын жалдап келіп, Наудан насыбай атады.
Насыбай атып тұрып, тамыр болайық, шақшаңды бер, шақшаның қолқасына мен де жарармын дейді. Нау шақшасын беріп, аты-жөнін сұрап, біліп алып, жүріп кетеді.
Бір жыл өткен соң, шақшасының қолқасын алуға, Нау тамырын іздеп барады. Шақшаны алған кісі тұтамдай сиыр мүйізіне не алмақшы болып келдің деп, Науға сөз бермейді. Қадалған жерінен қан алмай, айрылмайтын Нау жабысып айырыла қойа ма? Екеуі дауласып Бағаналы Барлыбай биге жүгініске барады. Наудың даукес бəле екенін білгеннен кейін, Шақша алған кісі Наудан бұрын барып бидің аузын алып қойады.
Би екеуінің басын қосып отырып, Науға айтады: «Е, Нау, сонша жерден ат қинап іздеп келіп, жүгініске түскендей, қу мүйізіңде не қасиет бар еді?» – дейді.
Нау:«Уай, несін айтамыз. Шақшам жақсы еді:тау текенің мүйізінен істеген тақысы еді. Қырық қой, төрт ат істеген кісінің ақысы еді, сексен маржан көзі бар еді, тоқсан қой, тоғыз ат болар деген істеген кісінің сөзі бар еді. Берген ақыны азсынып, тау жайлаймын деп, бар шамды алды. Ой қыстаймын деп, шотымды алды, қыр қыстаймын деп, балтамды алды, қалауың деп, бөрте атымды алды; жау шапты деп, төрт атымды алды, қайқы келген қара атымды алды, тілік құлақ сары атымды алды, сары аттың енесі кішкентай ғана бием еді, əкесі тұлпарға жиен еді»,– дейді.
Шақша алған кісі Наудың сөзінен қысылып, сасқалақтап, не айтарын біле алмай:
«Қыстың қатты боларын ылақ білер,
Күннің суық боларын құлақ білер,
Берген нəрсең тұтамдай сиыр мүйізі,
Төрелігін Барлыекең өзі-ақ білер», – дейді.
Сонда Нау тұрып:
«Қыстың қатты боларын тоқты білер,
Қарақойын жайылымы қоқты келер.
Пара беріп қоймасаң Барлыекеңе
Айтпаған сөз мəнісін боқты білер», – дейді.
Барлыбай би алғанымды біліп қойған ба екен деп қысылып, «төрешіден қалмайды, айтушыдан қалады», көп сөйлемей Наудың ақысын бер деп, шақша алғанға ақырыпты. Науды ертіп апарып, қасқа тоғыз беріп, ырзаласыпты.
(Шорман жинағынан)
Дұшпандарды жақсы би дос қылады,
Дауыңа дау жаман би қостырады.
Бұ бір мақал: «Киікті ата алмаған Атамын деп, үркітіп бостырады».
Ұрысқанды жақсы адам табыстырар,
Ақылменен жапсарды қабыстырар.
Жаман адам от қылып жандырмаққа
Сөніп жатқан шаланы қағыстырар
Жақсыларға жалқын от саз болады,
Жатқан бəле жаманнан қозғалады.
Жақсы менен жаманның парқы басқа
Айта берсең бірталай сөз болады.
(Əбубəкір Диваев)
А.Байтұрсынұлы / "Ел - шежіре"