2024 жылғы 15 наурызда өткен ІІІ Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық киімге қатысты тапсырма берген болатын. Осыған орай, «Qazcontent» АҚ мекемесіне қарасты «El.kz» ақпараттық агенттігінің қызметкерлері ресми киімнің орнына ұлттық киім киіп, «Дәстүрлі жұма» науқанын жүзеге асырып жатқанын хабарлаймыз.
Науқан аясында қызметкерлер әр жұма күні ұлттық киім киіп, қазақы дәстүрді дәріптеуді қолға алды. Бұл бастама тек сыртқы келбетке мән берумен шектелмей, ұлттық мәдениетке деген қызығушылықты арттыруды және оны күнделікті өмірге енгізуді көздейді.
Суреттер: Артем Чурсинов
Осы ретте «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Айна Задабек бұл челлендждің маңыздылығын атап өтті.
Ұлттық киім – мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Біз оны тек мерекелерде ғана емес, күнделікті өмірде де киюді дағдыға айналдыруымыз керек. «Дәстүрлі жұма» челленджі арқылы ұлттық нақыштағы киімдерді насихаттап қана қоймай, заманауи стильмен үйлестірудің мүмкіндігін көрсеткіміз келеді, – деді Айна Задабек.
Суреттер: Артем Чурсинов
Бұл бастама басқа мекемелер мен ұйымдарға үлгі болып, ұлттық киім кию мәдениетін кеңінен насихаттауға ықпал етуі мүмкін. «El.kz» ұжымы ұлттық дәстүрлерді жандандыру арқылы мәдени құндылықтарды дәріптеуді жалғастыра бермек.