"Дарын" мемлекеттік сыйлығының 19 жеңімпазы анықталды

21 Желтоқсан 2023, 23:20 879

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын беру жөніндегі конкурстық комиссияның қорытынды отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"Дарын" сыйлығы 1992 жылдан бастап дарынды жастарды ғылыми, шығармашылық және спорттағы жоғары жетістіктері үшін мемлекеттік қолдау мақсатында тағайындалған.

Әр жылдары түрлі саладағы 320-дан астам азамат аталған сыйлықты иеленген болатын. Биыл мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер 340-тан аса кандидатты ұсынды.

Оның ішінде 110 - "ғылым", 21 - "Дизайн және бейнелеу өнері", 27 - "Спорт", 49 - "Театр және кино", 12 - "Эстрада", 10 - "Журналистика", 28 - "Халық шығармашылығы", 32 - "Креативті бастамалар", 28 - "Әдебиет", 30 - "Классикалық музыка". Өтінімнің 9-ы "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын беру жөніндегі қағидалардың талаптарына сәйкес келмеді.

Өтінімдерді іріктеу бойынша отырыстар 11-15 желтоқсан аралығында өтті. Комиссия құрамына түрлі салаларда елеулі табыстарға қол жеткізген 37 қазақстандық белгілі тұлғалар кірді.

Барлық номинация бойынша өтінімдерге іріктеу мұқият жүргізілді. Комиссия мүшелері өтінімдерді жан-жақты талдап, нақты шешімдер қабылдады. Секциялық отырыстардың нәтижесіне сәйкес "Журналистика" номинациясынан басқа 19 үміткердің кандидатурасы мақұлданды. "Журналистика" номинациясы бойынша-1 үміткер. Үміткерлердің арасында өңірлер де бар екені қуантты. Бұл өңірлердегі жастарымыз үшін аса үлкен ынталандыру болатынына сенім білдіремін, - деп атап өтті министр.

Жеңімпаздарға "Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты" атағы және диплом, төсбелгі мен ақшалай сыйлық 22 желтоқсанда өтетін салтанатты марапаттау рәсімінде табысталады.

Биыл сыйлықты беру ережелеріне түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, қатысушылар 35 жасқа дейін ұлғайтылып, "Қоғамдық қызмет" номинациясы "Креативті бастамалар" ауысты.

Номинация креативті индустрия саласын дамытуға мемлекет тарапынан ерекше назар аударуға байланысты өзгеріске түсті. Осы бағытты ынталандыру өңірлердегі бастамаларға жүйелі түрде назар аударуға, түрлі жобаларды анықтауға және оларды көтермелеуге, ең үздік идеяларды іске асыруға мүмкіндік береді. Креативті бастамаларға ақпарат, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы, мемлекеттік жастар және отбасы саясаты, қайырымдылық, волонтерлік қызмет салаларындағы жетістіктер жатады.

Перизат Саденова
Бөлісу: