5 Қаңтар 2015, 08:42
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы» деген қанатты сөзі бар. Шындығында да қазіргі таңда білім мен ғылымға қояр талап артып, оқу жүйесі күрделенген шақта жаңа қоғам һәм бүгінгі заман мұғаліміне жүктелер жүк еселене түсуде. Ұстаз қауымы алдында білім беру ғана емес, сондай-ақ өркениет көшіне жол бастайтын, әрі ұлттық рухта тәрбиеленген білімді де білікті азамат тәрбиелеп шығару міндеті тұр. Бұл тұрғыда мұғалімге артылар – жүк, қойылар – талап жоғары болатыны рас. Осы және өзге мәселелер төңірегінде іргетасының қаланғанына жарты ғасырға жуық уақыт өткен Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дария Қожамжарова Ел.кз интернет-жобасына арнайы сұхбат берген еді.
– Дария Пернешқызы, Шығыстың бір ғұламасы: «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің уақытын аялау. Өзіңнің уақытыңды аямау» деген екен. Осы орайда Әулиеата өңіріндегі бірден-бір ұстаздар даярлайтын жоғары оқу орны сіз басқарып отырған Тараз мемлекеттік педагогикалық институты. Әңгімеміздің әлқиссасын білім ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасақ.
– Әлбетте, ұстаз – адам тәрбиешісі, кез келгеннің пешенесіне жазыла бермейтін ерекше кәсіп иесі, адамды адам етуші тұлға. Шәкіртінің бойындағы өзге көрмеген, өзгеге байқалмайтын жақсы қасиеттерді көре білетін, оны дамытуға бірден-бір жәрдемші бесаспап маман. Міне, бұл тұрғыда бізге жүктелер жауапкершілік – жоғары. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының негізгі миссиясы – жоғары білікті маман – жалпы елге және аймаққа қажетті жаңа тұрпатты мұғалім дайындау. Институт мемлекеттің білім беру саласындағы стратегиялық мақсаттарына сәйкес білім беру жүйесін түбегейлі жаңғыртуды басты мақсат тұтады. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында мұғалімдерге жүктеліп отырған жауапкершілік арта түсті. Бұл білім берудің барлық деңгейлерінде оқытудың мүлдем жаңа сапасын жүзеге асыруды талап етеді. Қазіргі білім беру жүйесін түбегейлі өзгертуде мұғалім аса маңызды стратегиялық рөл атқарады. Елімізде білім беру жүйесін жаңартудың қазіргі кезеңі жоғары педагогикалық білім беру маңызының артуымен сипатталады. Қазақстандағы білім беру реформаларының тиімділігі, ең алдымен мұғалім тұлғасына, педагог маман дайындау сапасына тәуелді болатыны белгілі. ТарМПИ ұжымы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жаһандық бастамаларына үн қосып, жоғары білім беру жүйесін жаңғырту ісіне белсене кірісті. Осыған байланысты институт Ғылыми кеңесі институтымыздың 2011-2020 жылдарға арналған Стратегиялық даму жоспарын бекітті. Аталған құжатта жаңа білім беру технологияларын әзірлеу және ендіру мәселелеріне баса назар аударылған. Білім сапасын бағалаудың қазақстандық Тәуелсіз агенттігінің қорытындысы бойынша ТарМПИ 2012 жылғы еліміздегі ең үздік төрт педагогикалық ЖОО қатарына енді.
Институтта жүргізілетін зерттеулердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, халықаралық деңгейдегі ғылыми тенденцияларға сәйкестендіру мақсатында ТарМПИ алыс және жақын шет елдердің 28 университеті мен зерттеу орталықтарымен әріптестік байланыс орнатып, жоғары білікті мамандарымен бірлесе ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Олардың қатарында Адам Мицкевич атындағы университет, Вроцлав және Зеленогурск университеттері (Польша), Злин университеті (Чехия), Ақсарай университеті (Түркия), Еркін Берлин университетінің Түркология институты (Германия), Сегед университеті (Венгрия), Бериа колледжі (АҚШ), Әулие Климент Охридский атындағы София университеті (Болгария), Зволендегі технологиялық университет (Словакия), Хобд мемлекеттік университеті (Монғолия), Санкт-Петербург мемлекеттік психология және әлеуметтік жұмыстар институты, Ульяновск мемлекеттік университеті, Кузбасс мемлекеттік педагогикалық академиясы (Ресей) бар.
Оқу үдерісін демократияландыру бағытында кредиттік оқыту технологиясы жүйесін жоспарлау мен ұйымдастырудың жаңашыл әдістерін қолдану, Дублин дескрипторларына сәйкес модульдік білім беру бағдарламаларын дайындау, көптілді білім беруді жетілдіру сияқты ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.
Академиялық еркіндікті дамыту бағытында білім беру бағдарламаларының құрылымы мен мазмұны таңдау пәндерімен толықтырылып отырады. Тілдерді меңгеруге, электронды оқытуға, инклюзивті білім беруге және 12 жылдық мектепке арналған маман даярлауға баса мән берілетін жаңа элективті пәндер оқу үдерісіне кеңінен енгізілуде.
– Білікті де білімді маман даярлауда негізгі ұстанымдарыңыз қандай?
– Ректораттың маман даярлау саясатындағы ұстанымы – іргелі және қолданбалы ғылымның өзекті мәселелері, оның ішінде 12 жылдық білім беру, педагогика, математика, физика, биология, химия, психология, филология салалары бойынша және арнайы құрылған ғылыми орталықтарында ғылыми-зерттеу бағытын жандандыратын жоғары білікті оқытушылар құрамын қалыптастыру. Институтта «Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының Хабаршысы» ғылыми-педагогикалық журналы жарық көреді. Жалпы педагогикалық ғылым жетістіктері мен мектеп тәжірибесінің бірлігінсіз педагогтардың сапалы дайындығын жүзеге асырудың мүмкін еместігі анық. Институттың ғылыми-зерттеу бағыты осы келелі мәселені шешуге негізделген. Осыған орай ауыл мектептеріне оқу-әдістемелік және ғылыми-кеңестік көмек көрсететін «ТарМПИ – ауыл мектебіне» атты кешенді бағдарламасы жүзеге асырылады.
– Жуырда оқу орнында Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығы ашылғанын білеміз. Бұл орталықты ашудағы мақсаттарыңыз не?
– Еліміздің Білім беру ісі мен ғылымды қатар дамыту, өзара ұштастыру оңай шаруа емес екені белгілі. Болашақта Қазақстанның жоғары оқу орындары іргелі білім және ғылым орталығына айналуы тиіс. Таяуда институтымызда Түркістан өлкесінің тарихын зерттейтін ғылыми орталық ашылды. Орталыққа Қарахан дәуірінде өмір сүрген ұлы ойшыл, ақын, атақты «Құтты білік» дастанының авторы Жүсіп Хас Қажыб Баласағұнның есімі берілді. Жүсіп атамызқазіргі Қазақстанның Шу аймағындағы көне Баласағұн қаласында туған. Ғұламаның басты шығармасы – «Құтты білік» – ізгі мемлекетті қалай құру және оны қалай басқару туралы энциклопедиялық туынды. «Құтты білік» – ізгі мемлекетте өмір сүретін ізгі адамды қалай тәрбиелеу керек деген мәңгілік сұраққа жауап іздеген түркі тіліндегі алғашқы философиялық-педагогикалықшығарма. Сондықтан да, біздің педагогикалық оқу орнының жанынан ашылған ғылыми-зерттеу орталығына Жүсіп Баласағұн бабамыздың есімінің берілуі заңдылық.
Орталыққа белгілі маман тарихшыларды жұмылдырып отырмыз. Мақсатымыз – Түркістан өлкесінің тарихына қатысты кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу, Тараз өңірі мен Әулиеата уезінің тарихы бойынша бұрын жарық көрмеген архив құжаттарын жинастыру, қордаланған материалдардың негізінде көптомдық құжаттар жинағы мен монографиялық еңбектер даярлау.
– Орталықтың алдағы жұмыс жоспары турасында айтып өтсеңіз.
– Орталықтың алдағы үш жылға (2014-2016) арналған жұмыс жоспары жасалды. Жоспар бойынша тарихшыларымыз жеті бағытта жұмыс істейтін болады. Бірінші бағыт, көне және орта ғасырлардағы Тараз өңірінің тарихы; өңірдегі саяси процестер, көне сақтар пен үйсіндер, көшпелілер өркениеті, түркі этногенезі, түркi мемлекеттiлiгiнiң қалыптасуы мен дамуы, қарлұқтар мен түргештер, орта ғасырлардағы дәстүрлi дүниетаным, түркі тайпаларының исламды қабылдауы, орта ғасырлық қала мәдениеті және т.б. қарастырылады. Екінші бағыт, «Әулиеата уезінің тарихы» атты серия бойынша көптомдық құжаттар жинағын жарыққа шығару; уездің саяси-әкімшілік құрылымы, экономикасы, мәдени өзгерістер, монархиялық биліктің қоныс аудару саясаты, жаңа елді мекендердің пайда болуы, жер мәселесінің шиеленісуі,ұлт-азаттық қозғалыстың өрістеуі, уездің тарихи тұлғалары, болыстар мен билер, революция мен азамат соғысы жылдарындағы уезд халқының жағдайы, күшпен модернизациялаудың зардаптары, ашаршылық, сталиндік саяси репрессия және т.б. мәселелер қамтылатын болады. Үшінші бағыт, «Жамбыл облысының тарихы» атты серия бойынша көптомдық құжаттар жинағын жарыққа шығару; Жамбыл облысының құрылуы, екінші дүние жүзілік соғыс жылдарындағы облыстың әлеуметтік- экономикалық жағдайы, соғыстан кейінгі жылдар, облыс кеңестік бесжылдықтар дәуірінде, облыс тәуелсіздік жылдарында, облысты басқарған тұлғалар және т.б. мәселелер бойынша зерттеулер жүргізіледі. Төртінші бағыт, «Түркістан өлкесінің тарихы» сериясы бойынша монографиялық еңбектер жазу; қазіргі Орталық Азияның бес тәуелсіз мемлекеттерінің (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстан) аумағы кезінде «Түркістан өлкесі» деп аталғаныбелгілі, бұл аймақты мекендеген түркі-мұсылман халықтары өзара мидай араласып өмір сүріп, ортақ тарих пен мәдениет жасады. ХХ ғасырдың 20-шы жылдары зорлықпен іске асырылған сталиндік межелеуден кейін бұрынғы біртұтас өлке жекелеген этникалық аймақтарға жіктеліп, өзінің мәдени-рухани бірегейлігін жоғалтып алды. Қазір Орталық Азияның кейбір республикалары Түркістанның ортақ тарихын өздеріне жекелендіріп алып, бөлек тарих жазуға ұмтылып отырғаны да жасырын емес. Біз, маман тарихшылар, мұндай бөлшектенудің зардабын айқын бағымдап отырмыз, және бұл бағыттағы теріс пиғылдарға ғылыми зерттеулермен қарсы жауап бергіміз келеді. Сондықтан да, жалпытүркілік құндылықтарды насихаттай отырып, Тұтас Түркістан тарихын жазуға Орталық Азия республикаларының беделді тарихшыларын да тарту жоспарымызда бар. Бұл бағытта біз бүкіл түркі тілдес халықтардыңтуысқандық бірлігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбектеніп жүрген Елбасының сындарлы саясатын қолдаймыз. Бесінші бағыт, «Түркістан тұлғалары» атты серия бойынша тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін зерттеу; Аты айтып тұрғандай, бұл серия Түркістан өлкесінің тарихында өшпес із қалдырған тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін зерттеуге арналмақ. Бағзы замандағы Қорқыттан бері, кешегі репрессияға ұшыраған Түркістан тұлғаларына дейін қарастырмақпыз. Материалы жеткілікті болып, тереңдете зерттеуге мүмкіндік бар тұлғаларға монография арнаймыз, қалғандарының қызметін салмақты ғылыми мақалалар арқылы ашып көрсетпек ойымыз бар. Алтыншы бағыт, «Түркістан жинағы» атты серия бойынша көптомдық ғылыми мақалалар жинағын жарыққа шығару; Осындай атпен революцияға дейін Ташкентте барлығы 591 томдық мақалалар жинағының жарық көріп, кеңес дәуірінде жабылып қалғаны белгілі. «Түркістан жинағы» өлкенің мәдени өмірінде үлкен маңызға ие болған еді. Жинақта Түркістан өлкесінің тарихына, әлеуметтік-экономикалық жағдайына, халықтарының мәдени өмірі мен тұрмыс-салтына және т.б. көптеген мәселелерге арналған аса маңызды мақалалар жарияланған болатын. Бұл жинақтың маңызы әлі күнге жойыла қойған жоқ, қайта жыл өткен сайын дерек көзі ретінде бағасы артып келеді. Сондықтан да, «Түркістан жинағын» қайта шығаруды қолға ала отырып, біз бұрынғы ғылыми дәстүрді жаңғыртқымыз келеді. Жаңғырған «Түркістан жинағында» тек қазақ тарихшыларының ғана емес, бауырлас Орталық Азия мемлекеттерінің белді тарихшыларының ғылыми мақалаларын жариялайтын боламыз. Жетінші бағыт, «Түркістан өлкесіндегі ұлт-азаттық қозғалыстар тарихы» сериясы бойынша монографиялық еңбектер мен құжаттар жинағын жарыққа шығару; Патшалы Ресейдің отарлау саясатына қарсы Түркістан халықтарының ерекше жігермен күрескені аян, Түркістан өлкесінің тарихын – отарлық езгіге қарсы күрес тарихы десе де болады. Орталық ғалымдары Сырдария, Жетісу, Закаспий, Самарқанд және Ферғана облыстарындағы монархиялы билікке қарсы өрістеген халық көтерілістерінің тарихын тереңдете зерттейді. Ерекше көңіл бөлінетін мәселенің бірі – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс болмақ. Меркі-Шу аймағындағы көтеріліске қатысты тың тарихи құжаттарға негізделген арнайы монографиялық еңбек даярланып жатыр. Өлке халықтарының ұлт-азаттық қозғалысы кеңес дәуірінде де жалғасты. Бұл мәселе бойынша да көптомдық құжаттар жинағын жарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз.
Қорыта айтқанда, таяу жылдарға жоспарлап отырған ғылыми жұмыстарымыздың жалпы бағыттары осындай. Осылайша, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының жанынан құрылған Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығында қызу ғылыми жұмыстар басталды.
– «Ел.кз» жобасының оқырмандарына жаңа жылдық тілегіңіз.
– Кеше ғана шығарып салған 2014 жыл бірлік пен берекенің, тұрақтылық пен татулықтың жылы болды. Еліміздің басты бағдарымыз болып табылатын Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында көрсетілген міндеттерді табысты бастадық. 2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Яғни, келер жыл – ел өмірінде елеулі оқиғалар жылы. Жаңа жыл жақсылығын ала келсін! Отбасыңыз әрдайым қуанышқа бөлене берсін! 2015 жыл елімізді әлемнің төріне шығаратын құтты жыл болсын!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Дәурен ОМАРОВ