Дәрігерлердің жалақысының көтерілмеуін тежеп тұрған қандай мәселе? Әлназарова түсінік берді

11 Маусым, 12:00 598

Үкімет отырысынан кейінгі өткен баспасөз брифингінде денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дәрігерлер айлығының деңгейіне қатысты біраз сұрақ барын тілге тиек етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің айтуынша, соңғы үш жылда медицина қызметкерлерінің жалақысы екі-екі жарым есе көтерілген.

Десе де жеке сектордың тез дамуына байланысты оларда дәрігерлердің тапшылығы байқалып отыр. Осыған байланысты дәрігерлерге бар жағдайды жасау, тәжірибесіне қарамастан жақсы жалақы беру мәселесінде біздің мемлекеттік мекемеде жұмыс істеп жатқан медицина қызметкерлерінің айлығы бәсекеге қабілетті емес деп айтуға болады. Бұл мәселе денсаулық сақтау министрлігінің назарында, тиісті есептер жүргізілді, – деді Ақмарал Әлназарова.

Министр президент тапсырмасы аясында жылда 30 пайыз, үш жылда 100 пайызға көтеру керек деген айлық бағдарламасына сәйкес тиісті жұмыстарды жалғастыру міндеті тұрғанын айтты.

Екінші мәселе, емханада жұмыс істейтін дәрігерлердің жүктемесі өте көп. Осы ретте тиісті қосымша ынталандыру коэффициенті бар. Біз қазір соны қайта қарап жатырмыз. Екінші жартыжылдықта атқарылып жатқан жұмыстың сапасына байланысты ынталандыру коэффиценті көбейетін болады. Үшінші жолы, еліміздегі тапшы мамандардың жалақысын қосымша көтеру мәселесі де тиісті шешімдерін табуы керек. Біз өз ұсынысымызды, есептерді дайындап қойдық, – деді денсаулық сақтау министрі.

Сонымен қатар министр цифрлық жүйенің әлі күнге дейін дамымаған жерлері барын, осы мәселе де біршама жұмыстың жүруін тежеп тұрғанын айтты.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: