Дәрігерлердің қателігінен сал болып қалса да тағдырға мойымаған қайсар спортшы

23 Мамыр 2023, 14:30 2214

Халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы, пара таэквондодан ҚР спорт шебері, Кәмила Досмалова өзінің мүмкіндігі шектеулігіне қарамастан, аталған спорт түрін жанына серік етіп, көк туымызды биікке көтеріп жүрген спортшылардың бірі. Спорт адамның өміріне көп жақсылып алып келеді деген пікірді ұстанған қайсар спортшымен El.kz  ақпарат агенттігінің тілшісі әңгімелескен болатын.

Арал қаласында дүниеге келген Кәмила ата-анасымен бірге бала күнінде Алматыға қоныс аударған. Спортшыдан неліктен үлкен шаһарға ат басын бұрғанын сұрағанымызда, қолымның сырқатына байланысты деп жауап берді. Дүниеге келгеннен кейін 40 күн өткен соң, Кәмиланың ата-анасы ем қабылдау үшін Алматыға арнайы көшіп келеді.

Туғаннан бастап қолымда ақау пайда болды. Дене салмағымның үлкендігіне байланысты босанған кезде акушерлердің тарапынан жарақат алдым. Содан қолыма зақым келді, – дейді спортшы.

Кәмиланың оң қолының сал ауруына шалдығуының басты себебі дәрігерлердің қателігі болып отыр. Акушерлердің салғырттығынан жіберілген қателікке қарамастан, кішкентай кезінен ол ерік-жігері мықты болып өсті. Небәрі 3-сыныпта оқып жүрген уақытта таэквондомен айналыса бастапты.

Мектепте оқып жүрген уақытта алғашқы ашылған үйірменің бірі осы таэквондо болды. Үйірмеге тіркеліп, қатыса бастадым. Бір жағынан өзіме қорғаныс ретінде керек болса, екінші жағынан бұл әдемі спорт түрі болғасын қатты қызықтым. 2001жылдан бастап тастамай, тұрақты айналысып жүргеніме 22 жыл уақыт болған екен. Ал кәсіби түрде 2018-2019 жылдан бастадым, – дейді ол.

Таэквондо қыз баласы үшін өте қиын спорт түрі. Бұл спорттан түрлі дене жарақат алуы әбден мүмкін. Десе де, ата-анасы қызының осы спортты таңдағанына оң көзқараспен қарапты.

Бастапқыда үйдегілер қолымның ақауына қарамастан, спортпен айналысам деген шешіміме қарсылығын білдірмеді. Бір жағынан уайымдап, бір қолымда онсызда ақау болғасын екінші қолыма қандай да бір зияны тимесе екен деген қорқынышы болды. Дегенмен, ең жақыным ата-анам болғандықтан, олардың қолдауы мен үшін өте маңызды болды, – дейді Кәмила.

Таэквонда өзге спорт түрлерінен ерекше. Мұнда белгілі бір ереже бар. Соған сәйкес спортшылар бұған бағынады. Ол қандай ережелер екенін спортшының өзінен сұрадық.

Біріншіден аяқпен қимыл жасалатындықтан, таэквондоны таңдаған едім. Яғни, 75 пайыз іс-әрекет осы аяқпен істелінеді. Бұл маған тиімді болды. Басқа спорт түрлерінен таэквондо ерекше. Мәселен киімі, жарыс, жаттығу барысындағы ерекшеліктері өте көп, – деді ол.

Спорт болғасын жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Мұны білетін әр спортшы соған қарай шыңдалады. Оның ерік-жігері, сынып кетпеуі маңызды саналады. Кәмила бұл жағынан бәріне дайын екенін айтты.

Мүмкіндігі шектеулі жандарда бәрібір де өздерінде бір сұрақ тұрады. Не себепті өзгелерге қарағанда ерекшелігіміз бар деген сияқты. Бірақ осы спортқа келгенде шыдамды, тәртіп пен ережеге үйренеміз. Бірде жеңіс, бірде жеңіліс болған сәттерде сынып кетпей, алға қарай мақсат қойып шыңдала отырып, жеңіске жетуге болатынын көрсетеміз. Ал жеңілген кезде өзім шешім қабылдап, қай жерден қателік жібергенімді және болашақта ол қателіктен сабақ алуға тырысамын, – деп жіберілген қателікпен үнемі жұмыс жасап отыратынын айтты Кәмила.

Ал қайсар қыз жеңіліс тапқан уақытта ол жүзден байқалмауы керек деген пікірде. Өзі мұндай кезде тек жымиып кете беретінін тілге тиек етті.

Өмір болғасын мойымау керек. Алға мақсат қойсаң, жеңісің болашақта одан да мықты болуыңа себепкер болады. Әрине, жеңіліс кезінде қынжыласың. Бар-күшіңді кейбір кезде салмағаныңа мұңаясың. Жеңіс пен жеңіліс бірге жүретіндіктен, соны ойлай келе одан да мықты болуға тырысамын. Таэквонда басқа спортқа қарағанда жекпе-жек өнеріне жатады. Әртүрлі жарақат болады. Жарыс кезінде дене жарақатына қарамай, финалда бір емес бірнеше қарсыластармен ұтқанға дейін шыға береміз, – дейді ол.

Биыл спортшыны бірнеше халықаралық жарыстар күтіп тұр. Мақсаты айқын батыл қыз турнирлерден алтын алуға ниетті екенін білдірді. Мәселен осы жылы қыркүйек айында Мексикадан әлем біріншілігі және Қытайда Пара Азия ойындары өтеді деп жоспарлануда. Осындай халықаралық жарыстарға Кәмила дайындықты бастап кетіпті.

Пара Азия ойынына алғашқы бестіктегі спортшылар лицензия алып, қатыса алады. Соның ішінде мен де бармын. Ал басқа чемпиондарға өткен жылы қосымша лицензиялық ойын өткізіліп, ұтып алған болатын. Олар да барады. Әлемдік рейтинг бойынша мен үшінші, ал Азия бойынша санасақ, алғашқы орында тұрмын. Дайындықты Токио ойынына қатысып келген уақыттан бастадым, – деді Досмалова.

Токио ойынына қатысқанымен медаль уысына түспегенін айтты. Спортшы бұл ойыннан кейін өзіне мақсат қойып, өзінің бапкерлерімен жоспар жасап, дайындықты алдағы уақытта өтетін халықаралық чемпионаттарға бастап кеткенін тілге тиек етті.

Осы жылы Пара Азия ойындары, келесі жылы Париж қаласында паралимпиада өтеді. Сондықтан қазір үлкен жаттығу жасау кезеңіндемін. Күні кеше Астана қаласында төрт жылда бір рет өтетін Қазақстан паралимпиада ойыны болды. Жарысқа әр өңірден өзінің өнерін көрсетуге ойыншылар келді. Алматы қаласының атынан мен қатысып, бірінші орынды жеңіп алдым, – дейді Кәмила.

Ол таэквондодан бөлек, өзге спортпен де айналысады. Мәселен өткен жылы жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионатына қатысты. Бағын сынап көруге Алматы спортклубы ұсыныс білдіргенін айтты.

Бұл жарыста жақсы өнер көрсетіп, үш қашықтық 100-200 және 400 метір бойынша жүгіріп, бірінші орын алдым. Сол кезден бастап бұл спорт түріне деген қызығушылығым да артты. Дегенмен мен үшін ең бастысы таэквондо. Мүмкіндік болып жатса, жеңіл атлетикадан да қатысуға қарсы емеспін, – деді Досмалова.

Жалпы өмірде өзіңе ұнайтын бір істі тапсаң, оған жұмыс ретінде қарамайсың. Қиындық пен ауыртпалық та болмайды. Сен үшін хобби және өзіңді қуаттандыратын дүние болып табылады. Сондықтан спорт бұл маған тек қуаныш сыйлайды. Сол себепті Кәмила спортпен айналысқанда өзін жеңіл сезінетінін айтты.

 

Уақытымның көп бөлігін осы спортқа арнаймын. Кейде жеке өмірге уақыт болмай қалатын кездер болады. Десе де, достар мен және отбасыммен арасында кездесіп, серуендеуге тырысамын. Тепе-теңдікті сақтау керек, – дейді спортшы.

Кәмила тұрмыс құрмағанын және жек өмірге қатысты сұрақ үнемі қойылатынын айтты. Қазіргі таңда бар ынта-жігерін спортқа салғандықтан, жек өмірге уақыт бөле алмай жүргенін тілге тиек етті. Бір жағынан командалық мақсат болғасын, бапкерлермен дайындық жасау барысындамыз деп жауап берді.

Жарыстарда жақсы өнер көрсетіп, бір нәтижеге жетіп жатсам, алдағы уақытта жеке өмір туралы ойлануға уақыт та табылады. Болашақ жарым туралы ойланбаппын. Десе де, өзім спортты қатты жақсы көргесін, оның д спорттан болғанын қалаймын. Әрине, кәсіби түрде спортпен айналыспаса да соған деген махаббаты бар адам болса болғаны. Ал дәл қазір қанша жылдан бергі жаттығуымды бір сәтте тастап кете алмаймын. Сондықтан жанымда спортты бірге жалғастыратын адам болғаны маңызды, – деп жауап берді таэквондошы.

Осы уақытқа дейін Кәмила жаттығатын құрамада өзі жалғыз қыз болды. Кейіннен бірнеше жарыстарға қатысып жүлдемен оралып, елдің алдына шығып жүргесін, өзге де қыздардың бұл спортқа деген қызығушылығы артқаны байқалады. Күні кеше Астанада өткен жарыста әр спортшы қыз белгілі салмақ бойынша таэквондодан өнер көрсетті. Олардың да осы спортпен айналысуына өзінің де бір септігі тигеніне қуанышты екенін білдірді.

Қыздардың көбісі жекпе-жек өнеріне келе бермейді. Қиын және ауыр соққы алып қолудан қорқады. Соған қарамастан, қатысып, өнер көрсетіп жатқан спортшы қыздар баршылық. Таэквондо белгілі бір классқа бөлінеді. Паралимпиадада негізінен 44 класындағы спортшылар өнер көрсетеді. Бес түрлі салмақ бойынша қыздар және ерлер болып бөлінеді. Мен 57 келіге дейінгі салмақ өлшеміндемін. Салмақ ауыстыру ойда жоқ. Себебі ол спортшыға өте қиын. Бір салмақтан екінші салмаққа өту спортшыға одан сайын жүктеме түседі. Рейтинг бойынша жақсы өнер көрсетіп жүргесін, осы салмақта қаламын, – деді ол.

Спортшының ең алғашқы жарысы паратаэквондодан Азия чемпионаты болды. Аталған жарысқа қатысып, үшінші орын алғаннан кейін спорт клубы Кәмиланы өздеріне тартып, қолдау көрсете отырып турнирлерге жібереді.

Паралимпиадалық комитет құрылғасын таэквондоға назар аудара бастады. Одан ұлттық құрама жасақтап, команда құрып, шетелдік халықаралық жарыстарға бізді апара бастады. Бастапқы кезеңде жеңіліс болды. Сол кезеңнің арқасында одан сайын мақсат қойып, қазіргі дәрежеге дейін жетуіме себепші болды. Ең бірінші жарысым Филиппин аралында болған Азия чемпионаты, – дейді Досмалова

Сондай-ақ, спортшы бүгінде таэквонда бұрынғымен салыстырғанда дамып, бұл спорт түріне деген қызығушылық артып келе жатқанын айтты. Тіпті бәсекелестік артып жатыр. Мемлекет және клуб тарапынан жаттығу құралдарын мүмкіндігінше алып беріп жатқанын айтты. Десе де өзіне дайындық үшін біраз құралдар әлі де жетпейтін көрінеді.

Жарыс кезінде «дайдо» жүйесінен өнер көрсететіндіктен, бізге маңызды заттың бірі осы. Қазіргі таңда дайындық жасау кезінде де осы киім жетіспейді. Жалпы жаттықтырушыға, сіздер сияқты БАҚ-қа алғыс білдіремін. Сіздер спортшылардың жетістігін көрсетесіздер. Сол арқылы бізді халық таниды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың үйде отырып, оқушауланып қалмауына бір септігін тигізіп жатқанына қуаныштымын, – дейді таэквондошы.

Кәмила Досмалованың жеке бапкері, ҚР еңбегі сіңген және дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған «Алматы» спортклубының жаттықтырушысы Сұлтанмахмұт Шоқпытов шәкірті жайында ойымен бөлісті. Айтуынша Кәмиланы 2018 жылдан бастап жаттықтырып келеді.

Кәмиланы алғаш көрген сәттен бастап, іс-қимылы, шапшаңдығы мен батылдығы, еңбекқорлығы ұнады. Клубтың басшысы осы қызға жеке бапкер болуға ұсыныс білдірді. Бір-екі ай көлемінде бақылай жүріп, жеке бапкер болуға шешім қабылдадым. Алғашында жаттығу кездерінде қиын кезеңдер болды. Жеке отбасылық қиындықтар болды. Соған қарамастан, өзін қалпына келтіруге бар-күш жігерін салды. 2019-2020 жылы жаттығу жасағанның арқасында 2021 жылы Токио олимпиадасына жолдама алдық, – дейді бапкер.

Токиодан кейін Еуропа чемпионаттарына қатысып, жетістіктерге жеткен Кәмилаға бапкері ел және өзінің тарапынан үлкен үміт артып отыр. Қазан айында Қытайда паралимпиада додасы өтпек. Соған қазір дайындық қызу жүріп жатқанын, оның үстіне жартыжылдықтың жарыстары көп екенін тілге тиек етті.

Төрт жылда бір рет болатын үлкен чемпионаттардан алтын алуға ниеттіміз. Жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз. Басшылық та бізге сенім білдіріп отыр. Осыған тырысып жатырмыз. Менің қарамағымда Кәмиладан басқа белгілі спортшылар бар. Олар осы құрамда жақсы өнер көрсетіп жүр, – дейді Кәмиланың жеке бапкері Сұлтанмахмұт Шоқпытов.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: