Дәрігерлер бухгалтерлермен бірігіп, 1,3 млрд теңге жымқырған

18 Наурыз, 12:49 3290

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина саласында 1,3 млрд теңге көлемінде қаржы жымқырылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Министр Жамбыл облысындағы қалалық көпбейінді ауруханада 758,1 млн теңге қаражат жымқырылғанын айтты. СҚ-Фармация алдында дәрілік заттар үшін төлеуге арналған қаражат орындалған жұмыстардың актілерінсіз заңды тұлғаға аударылған.

Мұндай жағдай Алматы қаласының бірінші көбейінді клиникалық ауруханасында да болған. Министрдің сөзінше, ондағы шығын көлемі 350 млн теңге. Сонымен қатар, еңбекақы төлеу қорында негізсіз төлемдер жасалғаны анықталған.

Кредиторлық берешек бола тұра сыйақыларды төлеу және 694 млн теңге көлеміндегі лауазымдық айлықтарды ұлғайту фактілері анықталды. Мысалы, Алматы қаласының бірінші көпбейінді ауруханасының бөлімше меңгерушінің жалақысы 357 мың теңге болғанда 11 ай үшін 15 млн теңге төленген. Сондай-ақ, аға мейірбеке жалақысы 185 мың теңге болған кезінде 7 млн теңге қаржы төленген, - деді Ақмарал Әлназарова.

Денсаулық сақтау министрі Жамбыл облысының қалалық көпбейінді ауруханасының кредиторлық берешегі бола тұрып 391 млн теңгеге сыйақы төленгенін айтты. Бұл фактілер сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген сыбайлас жемқорлықтың қалыпты талдауымен расталған көрінеді.  

Жетісу облысында бас дәрігерлер мен бухгалтерлерге 389 млн теңге қаржыға ынталандыру үстемелері заңсыз төленген. СҚО, Павлодар облысында және Астана қаласында 332,9 млн теңге көлеміндегі қаржы жымқыру фактілері де анықталды.

Алматы қаласындағы ауруханалрдың бірінде бас бухгалтер басқа біреудің атымен деректі енгізу арқылы өз шотына 341 млн теңге аударған. Осындай жағдай Абай және Маңғыстау облыстарында да болған. Атырау облысында емхананың бас дәрігері 171 млн теңге жымқырған. Бұл тек сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тарапына іріктеп тексеру жүргізгеннің нәтижесінде белгілі болды. Олар бойынша негізсіз төлемдер біүгінде 1,3 млрд теңгені құрады», - дейді министр.

Министр жалпы  құқық қорғау органдарына медициналық қызметті жеткізушілерге қатысты 16 материал жіберілгенін мәлімдеді.

Миражан Махан
Бөлісу: