Дәрігер: Вакцинадан бас тарту – медицинаның жетістіктерін мойындамау

16 Қыркүйек, 14:34 18314

"Ұлы сөзде ұят жоқ". Қазақ кейбір жабық тақырыптарды сөз етер кезде осы тіркесті қолданады. Бүгін де осы тіркесті қолдануымызға тура келіп тұр. Себебі жыныстық сауаттылық - қазақ қоғамындағы «табу» тақырыптардың бірі. Аслан Темірхан - осы мәселе аясында еш бүкпесіз сөз қозғап, жастар арасында ағартушылықпен айналысып жүрген азамат. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі отбасылық дәрігер әрі жастардың репродуктивті денсаулығы бойынша сарапшы маманмен әңгімелесіп қайтты.

El.kz: Сәлеметсіз бе? Өзіңіз жайлы айта кетсеңіз. Балалық шағыңыз, отбасыңыз, өскен ортаңыз қандай болды? Қай оқу орнын, қай мамандықты тәмамдадыңыз? Қай жердің тумасы боласыз?

Аслан Темірхан: Сәлеметсіз бе?! Балалық шағым, мектеп, университет кезіндегі оқу кезеңдерім Ақтөбе қаласында өтті. Отбасым 3 адамнан тұрады. Ана, әкем және мен. Өкінішке қарай, мектеп бітірген жылы атам дүниеден озса, араға 3-4 жыл салып әжем бақилық болды. Десе де, балалық шағым қызыққа толы болды. Ол кезде интернет жоқ. Уақытымыз далада өтетін. Тума-туыстарыммен де жақындығым ерекше болды. Олардың үйіне жиі барып тұратын едім. Қарындастарым, аға-апаларым, інілеріммен жасырынбақ, футбол ойнап, даладан шықпайтын едік. Ол кезде мобильді байланыс жоқ. Анамыз терезеден «үйге кір» деп айқайлап, шақыратын кездер ғой, шіркін! Қазір заман басқа. Балалардың қызығушылықтары да өзгеше. Ол - жаман деген сөз емес. Уақыттың нормасы - сондай. Өскен ортам әртүрлі болды. Оған үш түрлі мектепте оқығаным да сеп болар. Әуелі Ақтөбе қаласындағы мектеп-гимназиясында оқыдым. Одан кейін мамандандырылған физика-математика бағытындағы мектеп-интернатына ауыстым. Оны бітірмей жатып, 9 сыныпта Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы мектепке түсіп, оны 2,5-3 жылда тәмамдадым. Аттестатымды қолға алып, әр қарай үлкен өмірге аттандым. Университетке түстім. Назарбаев зияткерлік мектебіндегі оқу кезеңі өміріме қатты әсер етті. Себебі сол кезде адамдармен қарым-қатынас жасау, өз-өзін ұстау, киіну, сөйлеу, сахнаға шығу сияқты лидерлік қабілеттерім қалыптасты. Бұл қабілеттер болашақта қатты көмектесті. Салтанат Сүлейменовна - өмірлік ұстаздарымның бірі. Бұл кісі - менің менторым. Кезінде мектептің тәрбие ісі жөніндегі мектеп директорының орынбасары болған кісі. Лидерлер клубының жетекшісі болып жүрген кезде, өмірлік тәжірибесімен, білімімен бөлісіп, көшбасшылық қабілетімді ұштай түсті. Одан кейін Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетіне түсіп, 5 жыл оқу нәтижесі бойынша Денсаулық сақтау бакалавры дәрежесін алып шықтым. Содан кейін интернатураға түсу мақсатында Астана қаласына көшіп келдім. Астана медицина университетінде екі жылдық клиникалық интернатураны Жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығы бойынша аяқтап, екінші дипломымды алдым. Қазіргі таңда отбасылық дәрігермін. Жалпы тәжірибе дәрігерімін десем болады.

El.kz: Медицина саласына қалай келдіңіз? Бұл бала арманыңыз болды ма?

Аслан Темірхан: Балалық арманым деуге болады. Кішкентайымда өте күрделі ауруға душар болдым. Аяғымның ауырғаны соншалық, жүре алмаған кездер болды. Көбінесе әкем көтеріп жүретін еді. Үй жайында да оқыдым. Себебі үйден шыға алмадым. Сонда да уақыт өте ауру қалай келді, солай емделіп өздігінен жоқ боп кетті. Көптеген дәрігердің алдынан өттік. Қазақстанда да, шетелде де нақты диагноз қойылмады. Астана, Алматы қалаларындағы ұлттық ғылыми орталықтардағы дәрігерлер нақты себебін анықтай алмады. Кейіннен «неге дәрігерлер бұл жұмбақты шеше алмады?» деген ой келді. Осы ойлар жиі мазалап, дәрігер боламын деп ұйғардым. Осылайша, медицина саласына аяқ бастым.

El.kz: Бір сұхбатыңызда шетелдік оқу тәжірибеңіз бар деп едіңіз. Толығырақ айта кетсеңіз?

Аслан Темірхан: Ақтөбедегі 5 жылдық бакалавр кезінде әртүрлі халықаралық ұтқырлық бағдарламалар бойынша Польша, Нидерланды, Словения, Ресей сияқты елдерде тәжірибе алмасу, олимпиадалар мен конференцияларға қатысқан едім. Ең алғашқы рет жолым Польша Республикасына түсті. Польшадағы Познань қаласындағы Познань медицина ғылымдарының университетінде бір айлық тәжірибе алмасу, оқуға барған едім. Пре-клиникалық сабақтарды оқып, биохимия, генетика сияқты күрделі салаларда білімімізді жетілдірдік. Техникасын, құрал-жабдықтарын көріп, таңдай қағыстық. Қазақстандағы оқу барысы кезінде мұндай техника болмаған еді. Генетика пәнінде әр студентке жеке микроскоп берілетін еді. Ол қарапайым емес, өте қымбат электрондық микроскоп болатын. Ал еліміздегі 25-30 адамға берілетін микроскоп жарықпен жұмыс жасайтын. Қарапайым, электронды емес. Сондықтан біраз күрделі өзгеріс болды. Осылайша, ғылым-білімге бет бұрып, ағылшынымды жетілдіріп, тағы да шетелге шығып, тәжірибе алмасу керекпін деп шешім қабылдадым. Қазақстандық білім сапасы жаман, бізде дұрыс оқытпайды деген сөз емес. Бізде өте мықты теориялық фундамент беріледі. Бірақ әр елдің өз ерекшеліктері болады. Әр университеттің беретін жаңа тәжірибесі бар. Судай сіміріп, елге келіп пайдалану мақсатым болды. Солай ғылыми жобамды ауқымды етіп жасап, Лейден қаласындағы үлкен ғылыми медициналық конференцияға мақала тапсырдым. Мақаламды қабылдап, сол конференцияға жобамды қорғауға, таныстыруға жолдама ұтып алдым. Барлық шығынымды көтеріп берген Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің әкімшілігіне алғысым шексіз. Бес күндік конференция болды. Бірінші күні ашылуы, одан кейін әртүрлі дағды үйреніп, білім алу үшін практикалық және теориялық шеберлік-сыныптарға қатыстық. Алғашқы күндері жобамызды қорғасақ, кейінгі екі-үш күнде гинекология бойынша сынып сағаттарын тыңдадық. Воркшоп барысында күрделі босану кезінде баланы қалай қабылдау керек, қандай көрсеткіштерге мән беру қажет деген сияқты мәселелерге тоқталып өттік. «Қосымша ғылыми зерттеулерді жүргізген кезде қандай фактілерге мән берген жөн?» деген тақырыпты қамтитын Еуропадан келген профессорлардың лекциясына қатыстық. Солай 5 күн бойы тәжірибе алмасып, білімді ұштадым. Ал, Словениядағы тәжірибе алмасу бакалавр кезінде болды. 4 курс соңы. Алты айға бардым. Халықаралық Erasmus+ бағдарламасы бойынша, Еуродақтың қаржыландыруымен жатын орнымды, оқуымды, ұшақ билетін, тіпті шәкіртақымды төлеп, Еуропада емін-еркін өмір сүруге мүмкіндік берді. Польшадағы өткеніміз пре-клиникалық болса, Слованияда клиникалық тәжірибе алмасу болды. Болашақ дәрігер ретінде манипуляциялар жасап, операцияларға қатысып, болашақ хирург дәрігер ретінде қолымның қабілеттерін жетілдірдім. Одан кейін осы бағдарламаның грантын екінші мәрте ұтып алдым. Словенияның арнайы шақыртуымен интернатура кезінде үш айға барып келдім. Ол кезде мен дәрігер-интерн ретінде көптеген қызықты жұмыс атқардым. Интерн-дәрігер болғандықтан, жауапкершілік көбірек болды. Мысалы, Словенияда жүрген кезде науқастардың үйлеріне баратынбыз. Патронаж деуге болады. Науқастарды үйінен қарап, енді бірін ауруханада да қабылдадық. Қасымдағы көмекші медбике, ұстаз дәрігерлер аудармашы болып, көмегін аямады. Қабылдауды өзім жүргізіп, тағайындамаларды тағайындап, дәрігер ретінде біраз нәрсе үйрендім. Бүгінде Назарбаев университетінің Молекулярлық медицина бағдарламасы бойынша магистратурада оқып жатырмын. Оқуымның бір жылы артта қалды. Қазір екінші курс магистрантымын. Биыл жазда тағы бір тәжірибе алмасуға барып келген жайым бар. Норвегияда халықаралық жазғы мектепте болдым. Қоғамдық денсаулық сақтау бойынша бір айлық арнайы курстан өтіп, мықты профессорлардың лекцияларын тыңдап келдім. Өте қызықты әрі танымды болды. Денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастырудың қыр-сырын үйрендім. Айта берсең өте көп.

El.kz: Еліміздегі денсаулық саласында шешімі табылмай жатқан қандай мәселелер бар?

Аслан Темірхан: Мәселе өте көп. Дәрігер айлығының аздығы, науқастардың скринингтік тексерістерге бей-жай қарауы - басты себептер қатарында. Мемлекетіміз қаражат бөліп жатыр. Мүмкіндіктер де жетіп артылады. Бірақ қарапайым халықтың денсаулық мәселесіне келгенде сауаттылығы өте төмен. Скринингтарға уақытылы келмейді. Дәрігерлер науқастарды  қуып жүріп, тексерістерге алып келеді. Скрининг - аса қауіпті аурулардың алдын алу үшін белгілі бір уақыт аралығында өткізіп отыратын тексерістер. Көбінесе обырға қатысты скринингтер маңыздылығын түсіндіру жағы қиынға соғады. Одан бөлек, бізде жүйелерді интеграциялау проблемасы бар. Қазіргі таңда практикалық дәрігер болмаған соң, ғылым жағында жүрген дәрігер ретінде нақты айта алмаймын. Бұрын қателеспесем, 12 немесе 16 ақпараттық онлайн жүйе болатын. Дәрігерлердің денсаулық сақтау жүйесіне пайдаланылатын онлайн жүйелер десе де болады. Сол жүйелердің бір-бірімен интеграциясы нашар болып келді. Әріптестерімнен сол жүйелердің барлығын бір жүйе ретінде байланыстыру мәселесі жайлы естіп жатамын. Айта берсек, өте көп. Бірақ жамандаудан аулақпын. Денсаулық сақтау жүйесінде өте көп жақсы жетістіктеріміз бар. Мәселен, онкологиялық препараттармен қамту бойынша біз ең мықты мемлекеттердің қатарындамыз. Мұны нақты айта аламын. Өте қымбат иммуннотерапия, онкологияда пайданалылатын қымбат препараттар Денсаулық сақтау министрлігінің қаражатынан тегін берілуде. Одан бөлек, кардиохирургия дамуында Астанада өте мықты ғылыми ұлттық кардиохирургиялық орталығы бар. Ол Орталық Азия ғана емес, Еуропа елдеріне танымал орталық болып келеді. Біздің кардиохирургия орталығына дәрігерлер шетелден келіп, біліктілігін арттырып жатады. Бұл - біз үшін өте жоғары көрсеткіш. Сол себепті бір нәрсенің плюсы да, минусы да болатыны анық. Жетістіктеріміз де, шешілмей жатқан мәселелеріміз де бар. Барлығын ашық мойындау керек. Ештеңені жасырмай, бүкпесіз айтқан жөн. Менің көзқарасым бойынша, біздің медицина университеттерінде бағдарламалар мен оқулықтардың сәл ескіргендігін байқауға болады. Оқу әдістемені арттырудың маңызы зор. Медицинада жаңалықтар, өзгерістер өте көп. Бірақ оқытушылар мен студенттердің ағылшын тілін білмегендігі қиындық тудырып жатады. Ағылшын тілін жетік меңгермеген соң, маңызды ақпараттар қалыс қалып жататыны бар. Себебі дамыған медицинадағы жаңалықтардың дені ең әуелі ағылшын тілінде шығады. Аудармасы қолға түскенше, талай жылдар өтуі мүмкін. Сондақтан осы саланы дамытсақ игі еді. Одан бөлек бізде көптеген дәрігер ғылыммен айналысады. Сонда да жас дәрігерлер ғылыми зерттеулерге дұрыс талдау жасамай, сараптай алмай жатады. Осы мәселеге көбірек ресурстар бөлінсе, керемет болар еді.

El.kz: Қазір жабық тақырыптағы мәселені де көтеріп жүрсіз. Бұған қашан және қалай бет бұрдыңыз? Не түрткі болды? Консультация бересіз бе?

Аслан Темірхан: Иә, жыныстық сауаттылық мәселесіне екінші курста оқып жүргенімде келдім. Универститетімізде Y-PEER халықаралық еріктілер желісінің волонтерлары жұмыс істеп, тренингтер өткізді. Қатарларына мен де қосылдым. Бүгінде халықаралық деңгейдегі тренер-эксперт ретінде, БҰҰ агенттіктеріне консультант-сарапшы ретінде көптеген жобаға қатысып келемін. "Не түрткі болды?" десеңіз… Қызығушылық дер едім. Бұл туралы көп айтыла бермейді. Біздің менталитетімізге жат боп көрінетіні бар десек, артық айтқаным емес. Осындай маңызды, бірақ халық үшін “табу” тақырыпты айтып жүрген ерікті жастарды көргенде, ойланып бастадым. Жоғары деңгейлі дәрігерлердің тренингтерін тыңдап, қызығушылығым арта түсті. Уақыт өте маңызын терең түсіндім. Қазақстанның 14 облысындағы 200-ден аса жасөспіріммен тікелей жұмыс жасадым. Көптеген жобаның координаторы болып, ұйымдастыру жұмыстарының қыр-сырын түсініп алдым. Ата-аналарды да оқыттық. Мектеп, колледж, қала, ауылдық мекендерде жастармен жұмыс жасауда тәжірибе көп болды. Мәселенің ауырлығын, сауатсыздықтың жоғары екенін түсіне отыра, маңызын түсіндім. Сол себепті осы тақырыпқа тереңірек бойлай түскен жайым бар. Бүгінде консультация беремін. Әйткенмен бұл туралы көп жария ете бермейтінім бар. Бірақ таныстарым мен таныстарымның достары “сарафанды радио” арқылы келіп, кеңес алады. “Балам өсіп келеді. Оны қалай дайындасам болады? Нені білуім керек? Қандай материал оқуым керек?” деген сұрақтарды жиі естимін.

El.kz: Бұл бағыттағы шетелдік тәжірибеңіз жайлы айта кетсеңіз.

Аслан Темірхан: Албания елінде Use for health тақырыбында конференция өтті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының еуропалық офисі мен БҰҰ халықтың қоныстану саласындағы қоры бірлесе ұйымдастырған жастарға арналған форумы болды. Сол форумда спикер болып, Швейцарияның Женева қаласында өткен “Халықаралық популяция жөніндегі конференция” атты 30 жылдық тарихы бар мықты іс-шараның регионалды деңгейдегі отырысына қатыстым. Орта Азия мен Еуропа елдері жастарының атынан бес спикер шықтық. 5 спикердің бірі ретінде мен де сөз сөйледім. Өз сөзімде жастардың жыныстық сауаттылыққа құқығы жайлы және контрацепция әдістеріне, оның қолжетімділігіне және өзге де мәселелерді тілге тиек еттім. 3 минут уақыт қана берілді. Сол уақыт аралығында проблемалардың маңыздыларына тоқталып кетуге тырысып бақтым. Бұл - Қазақсанда ғана емес, Орталық Азияның, Еуропаның көптеген елінде әлі күнге дейін орын алып жатқан өзекті мәселе. Жыныстық сауаттылықтың, репродуктивті қызметтерге қолжетімділіктің төмен болуы әлі де күн тәртібінде. Одан бөлек, бірнеше онлайн курстан өткенім бар. Бельгияда H.Kent университеттінің ұйымдастыруымен репродуктивті денсаулық және жыныстық сауаттылық саласында жүрген мамандарға, халықаралық сарапшыларға арналған арнайы курсқа БҰҰ атынан жолдама алдым. Сол ұйым арқасында курсқа қатысып, жеті күнде тренингті өткізу ғана емес, мемлекеттік бағдарламаларды ұйымдастыру жайлы толық ақпарат біліп шықтым. Мемлекеттік бағдарламалар жыныстық сауаттылыққа келгенде қандай фактілерді ескеруі керек? Ол фактілерді қандай ғылыми дәлелдермен көрсетеміз? Осы сұрақтардың жауабын алып, мықты тәжірибе алып шықтым. Курста Белоруссия, Түркия, Еуропа елдері, Орта Азия, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстаннан көптеген әріптестерім болды. Бәріміз дерлік 7 күн ішінде көптеген жаңа ақпаратпен сусындап, инсайттар алып шықтық.

El.kz: Мұндай тәрбие мектеп бағдарламасына қанша жаста енгізілуі керек деп ойлайсыз? Жалпы қанша жастан балаға бұл тақырыпта айту керек?

Аслан Темірхан: Өте қызық сұрақ. Нақты жасы жоқ. Бала тәрбиесіне тоқталсақ, ең әуелде баланың ақыл есі, ойы кіріп бастаған кезде гигиена туралы айтамыз. Жыныстық сауаттылық дегенде, көбінің ойына тұрпайы дүниелер ойға келеді. Бұл - көптеген фактінің жиынтығы. Мысалы, жеке шекараны сыйлау, құрметтеу мәселесінің маңызы бір бөлек. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда педофилия мәселесі өте жоғары. Сол себепті бірінші кезекте балаға гигиена жайлы айтып, қалай жуыну, тазару тақырыбы көтеріледі. Жыныс мүшелелерін жуған кезде қандай сабын пайдалану керек сияқты дүниелер айтылып қана қоймай, жеке шекараны қорғау, бекіту, сыйлау маңыздылығы сөз болады. Ескерте кету керек, танитын адам болса да, тума-туыс, әке-шешелерінің өзі де жыныс мүшелері аймағына рұқсатпен қол тигізуі керек. Сол туралы жай айтып қоймай, түсіндіріп беру қажет. ЮНИСЕФ статистикасына сенсек, педофилия кейстарында зорлық-зомбылықты 90 пайызда балаларға жақындары көрсетеді. Яғни, жау алыстан келмейді. Сырттан, мүлдем танымайтын адамдар емес, көбінесе бала білетін, көріп жүрген адамдар зәбір көрсетеді. Олар туған немесе өгей әке-шешесі, аға-апалары, тума-туыстары, көкелері болуы мүмкін. Сондықтан, біріншіден, жеке шекараны қорғау туралы айту, сондай-ақ, жыныс мүшелерін дұрыс атап айту да өзекті. Мәселен, әр мүшенің өз аты бар, оның қызметі бар дей отыра, түсіндіру қажет. “Жыныс мүшелерін жауып жүреміз, себебі оның белгілі бір этикалық нормалары бар” деу керек. Мысалы, бізде халықаралық эксперттер қауымдастығында әртүрлі нұсқалар айтылады. Нақты конституциясы жоқ. K-12 деген бағдарлама бар. Kindergarten to 12th grade: яғни балабақшадан бастап, 11-12 сыныпқа дейінгі оқыту бағдарламасы. Мақсаты балаға бала-бақшадан бастап, жыныстық ағарту туралы білім беру. 1-3 сыныптан емес, балабақшаға барғаннан бастап береміз. Уақыт өте баланың өсуіне байланысты ақпаратты толықтырып, күрделендіріп отырамыз. Сонда да жыныстық қатынас туралы бірден айтпаймыз. Осыны түсіну керек. Жыныстық тәрбие көптеген факторды қатар алып жүреді. Мәселен, қыз баланы құрметтеу. Бұл жерде біз гендерлік теңдік туралы айтып тұрмыз. Ол да жыныстық тәрбиеге жатады. Әйел - болашақ ана.  Сол себепті қыз баланы құрметтеу керек екенін баланың санасына кішкентайынан сіңіру керек. Бұл - мәселені ата-ана мен бала арасында талқылаудың ең жақсы тәсілдері. Идеалды ортаны құрастыруға тырыспау керек. Бұл баланы алдына отырғызып қойып, “балам, мына мәселе төңірегінде сөйлесейік” деудің керегі жоқ. Бұл екі жақ тарап үшін - артық уайым. Әсіресе бала үшін үлкен ыңғайсыздық тудырады.

El.kz: Бұл мәселені ата-аналар мен балалар арасында талқылаудың ең жақсы тәсілдері қандай?

Аслан Темірхан: Ата-ана мен бала арасындағы талқылаудың ең жақсы тәсілі – кино қарау. Бәрі кешкісін телевизор алдына жиналатыны шындық. Кез келген кинода қыз бен жігіттің арасында “сүйісу” моменттері болады. Сол сәтте ата-анасы балаға “көзіңді жұм, бөлмеңе бар” деп жатады. Ал мен, керісінше, осы сәтті пайдаланып, “Балам ересек адамдар сүйісіп жатыр. Бірақ, біз кез келген адамды сүйе аламыз ба?” деген сұрақ қойып, ақ-қарасын ажыратып алуға кеңес беремін. Сондай-ақ, екінші мәселе - рұқсат сұрау маңыздылығын айтып беру. Бала мен ата-ана арасында мына тақырып қозғалуы шарт: Сен біреуді қатты жақсы көрсең, оны қатты құшақтап, бетінен не ернінен сүйесің бе? Әлде рұқсат сұрау керек пе?”. Бұл - шекараны құрметтеу мәселесі. Сол себепті бір киноның арқасында көп сұрақтың жауабын алуға болады. Ал ол үшін баламен көп уақыт өткізген дұрыс. Бірге отырып, телефон шұқу емес. Баламен активті сөйлесу, әртүрлі тақырыптарды талқылау. Бірден жыныстық қатынас туралы талқылаудың қажеті жоқ. Басында қарапайым мәселені сөз етуге болады. Мысалы, ер бала баскетбол жақсы көрсе, “қалай ойлайсың, олардың бойлары неліктен ұзын? Оларда қандай кәсіби мәселелер болуы мүмкін? Олар қандай жарақат алуы ықтимал?” деген сияқты сұрақтар қойып, әртүрлі тақырыпта талқылай білу керек. Сол кезде ғана жыныстық қатынас туралы қиналмай сөз қыла аласыз. Сондықтан, баламен көп уақыт өткізген жөн. Белсенді түрде әңгіме-дүкен құрып, басқа да тақырыптарды қозғап білу керек.

El.kz: Жыныстық сауаттылықтың жетіспеушілігі қандай медициналық мәселелерге әкелуі мүмкін?

Аслан Темірхан: Бедеулік, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар жұқтыру. Мұның барлығын болдырмау үшін “жыныстық сауаттылықты арттыру қажет” деп айтудан жалықпаймын. Инфекцияларға тексерілу, жыныстық қатынас кезінде қорғану, яғни контрацепция әдістерін пайдалану, профильдік дәрігерлерге жылына кем дегенде бір рет тексерілу - денсаулық кепілі. Акушер-гинекологқа, дәрігер-уролог немесе андролог қабылдауына барып, ем-дом қабылдау керек.

El.kz: Осы бағыттағы кейбір мәселелерді болдырмау үшін қандай шаралар ұсынар едіңіз?

Аслан Темірхан: Бастысы бізге кешенді жұмыс жасау керек. Біріншіден, бағдарлама құрастырған жөн. Бірақ оларды енгізе салмай, ең әуелі мұғалімдерді дайындау қажет. Сол пәнді бағдарламаға енгізіп, үйреткен дұрыс. Себебі, ол бағдарламаны жеткізетін мұғалімдер, инструкторлар қабілеттіліктері төмен болып, бұл тақырыптан ұялатын болса, жетістікке жетпейміз. Одан бөлек, жастарға арналған медициналық қызметтердің сапасын арттыру керек. Мысалы, кей қызметтерге жастарға жасына қарамастан, ерте баруға мүмкіндік берген жөн. Сондай-ақ, мектепте немесе мектептен тыс уақытта контарцепция әдістері тегін әрі қолжетімді болғаны абзал. Көбісі бұл әрекетті жыныстық қатынастың санын арттырады деп алаңдайды. Статистика көрсеткендей, халықаралық зерттеулерде контрацепция құралдарын тегін тарату кері әсерін бермейтіні айтылған. Керісінше, оларды жыныстық қатынасқа саналы түрде түсуге тәрбиелейді.

El.kz: Байқасаңыз, кәлімет жасқа толмағандар арасында жүкті болып, ерте ана атанып жүрген қыздар қатары көбейіп барады. Қыз балалар неліктен ерте есеюге асығады деп ойлайсыз? Мәселе, жыныстық сауаттылықтың жоқтығында ғана ма?

Аслан Темірхан: Бұл жерде көп факторлар ойнайды. Мен әлеуметтанушы, немесе психолог маманы емеспін. Меніңше, бұл басқасы емес, жыныстық сауаттылықтың төмен болуы. Қазақстанда жыныстық дебюттың орта жасы - 16,5 жас. Оған дейін және одан кеш. Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, қорқытып емес, жалпы ақпарат беру арқылы үйретсек, бұл көрсеткіш межесі өседі. Яғни, 16,5 жас болса, ақпараттандырған жағдайда 17 жасқа көтеріледі. Себебі қызығушылық жоқ, ақпарат қол жетімді, олар салдарымен таныс.

El.kz: Вакцинация мәселесіне тоқталсақ. Екпеге қатысты ойыңыз қандай? Бүгінде екпе алудан бас тартып жүрген ата-аналар көп. Коклюш, корь сияқты індеттердің қайтып келуіне осы факторлар себеп деп ойлайсыз ба?

Аслан Темірхан: Вакцинацияға ойым дұрыс. Өз басым қолдаймын. Иммунизация, вакцинация, екпе - синонимдар. Вакцинаны медицинаның ең мықты жетістіктерінің бірі деп ойлаймын. Одан бас тартуды медицинаның жетістіктерінен мойындамау деп білемін. Себебі біздер екпе арқылы көптеген аурудың алдын ала аламыз. Алып келеміз де. Вакцинация енгізгелі, бала өлімі деңгейі күрт төмендеді. Мысалға коклюш, корьдан қаншама бала өлетін болса, қазіргі таңда өлім саны азайды. Бірақ өкінішке қарай, соңғы уақытта статистикамыз нашарлап, осы індеттерден балалардың аурушаңдығы байқалып, өлім дерегі тіркеліп жатыр. Сондықтан "екпе алудан бас тартпау керек" деген пікірдемін. Әрине арасында күтілетін асқынулар болады. Олардың саны өте аз немесе уақытша болып келеді. Тағы да ескеретін нәрсе бар. Вакциналар сапасы бір орында тұрмайды. Фармацевтикалық компаниялар өздерінің вакциналарын тиімді, әрі қауіпсіз етуге тырысады. Сол себепті, қазіргі таңда вакциналар өте көп келеді. Бұрын коклюш ауруына қарсы вакцинаның бактериясын толығымен алсақ, қазір оның кішкентай бөлігін аламыз. Бұл нені көрсетеді? Компоненттің бұрынғыдай қауіпті еместігін аңғартады. Соны да ескеру керек. Екпе алудан бас тартатын ата-аналарды түсінемін, кіналаудан аулақпын. Желіде жалған ақпарат көп. Кімге сенерімізді білмей жатамыз. Дәрігерлердің өздері кей кездері вакцинаға қарсы болып жатады. Алайда, мұндай көзқарастағы әріптестерімді түсінбеймін. Түсінбесем де, айыптамаймын.

El.kz: Балаларға вакцина салдыру үшін дәрігерлердің алдынан өтіп, қажетті анализдерді тапсырып барып жасатқан жөн бе? Әлде педиатр қабылдауынан өтсе, жетіп артылады ма?

Аслан Темірхан: Өте керемет сұрақ. Осы сұраққа ерекше көңіл бөліп, нақтылап айтқым келіп тұр. Екпе алдында арнайы тексеріс жасаудың қажет жоқ. Неліктен? Себебі баланың жалпы жағдайы жақсы болса, дәрігер педиатр немесе отбасылық дәрігердің тексерісі жетіп артылады. Тамағын, мұрын қуысын қарап, өкпесін тыңдап, жалпы қарау жасаса - жеткілікті. Қарапайым мысал келтірейік. Алдияр есімді баланы алайық. Ол үш жаста немесе екі жаста вакцинасын алуға уақытылы келді делік. Алдын ала қан тапсырады. Қан тапсырған кезде оның қабыну көрсеткіштері жоғары болады. Қан талдауының нәтижесін алған анасы балада қабыну процесі бар деп ойлайды. Ескеретін бір зат бар. Алдияр өзін жақсы сезініп тұр. Екіншіден, ол  вирустық инфекциямен бір апта бұрын өте жеңіл формада ауырып тұрды. Сол себепті анасы оның ауырғанын байқамады. Белгілі бір инфекциялық аурудан кейін бірнеше апта бойы қан көрсеткіштері жоғары болып тұруы мүмкін. Бұл - денеде қабыну процесі жүріп жатыр деген сөз емес. Сондықтан қан талдауын жасаудың маңызы жоқ. Ал тапсырған жағдайда оған мұқият түрде талдау жасау қажет. Екіншіден, тапсырған, тапсырмағаннан вакцинаның әсер болмайды. Осыны ескеру қажет. Дәрігер рұқсат етсе, екпені ала беруге болады. Бір ғана мәселе бар. Егер балада иммунодефициттік жағдай болса, онда тірі вакцинадарды тағайындамаймыз. Кейбір елде оны тағайындап жатады. Сонда да иммунодефициттік жағдай болса, тірі вакицналарды  иммунолог-аллерголог дәрігердің консультациясынан соң алған жөн деп есептеймін. Басқа вакциналарды ала берген жөн. Бала аурушаң болса, иммунодефицит деген сөз емес. Иммунодефициті барларға тірі вакциналарды салмаймыз. Қалғандарына салуға болады. Тірі вакцинаны алмайтын балаларды қорғау үшін коллективті иммуниттетті қалыптастыру қажет.

El.kz: Тұмаудан, АПВ-дан екпелерді алудың маңызы бар ма? Бұл екпелерге мән бермеу болашақта алдымыздан шықпайды ма?

Аслан Темірхан: Тұмауды көбіне ЖРВИ-мен шатыстырып жатады. ЖРВИ бөлек, Грипп бөлек сырқат. Грипп (тұмау) - аса ауыр вирустық ауру. Гриптен адамдар өліп кетуі де мүмкін. ЖРВИ көбінесе риновирус. Мұрынның су ағуы, өзін жайсыз сезінумен ерекшеленеді. Тұмау кезінде симптомдар басқаша болады. Бастың қатты ауырсынуы - басты симптом. Тұмаудың алдын алу үшін тұмаудан вакцина алған өте маңызды. Ол әсіресе үлкендер үшін қауіпті болуы мүмкін. Адамның папилома вирусына қарсы екпені алудың да маңызы зор. Себебі, АПВ - жатыр мойыны обырына әкелетін негізгі себептерінің бірі. Бұл обырды жеңетін басты вакцина болып табылады. Екпені салдыру арқылы жатыр мойыны обырының алдын аламыз. Еліміздің жатыр мойыны обырынан көз жұматын әйелдер саны тым көп. Қателеспесем, екінші немесе үшінші орында тұр. Бірінші орынға шыққан да болар. Қазақстанда қыркүйек айынан бастап 11-13 жастағы қыздарға салып бастайды. Болашақта барлық жастағы қыз балалар мен ер азаматтарға екпе салу керек. Себебі ер адамдар да АПВ тасымалдаушысы немесе вируспен ауыруы мүмкін. АПВ-ның обырдың көптеген түріне әкелу қаупі бар. Ол ауыз қуысының обыры, жатыр мойнының обыры, тік ішек обырына да әкелуі ықтимал. Сондықтан бұл вакцина да маңыздылардың бірі екенін қаперде сақтаған дұрыс. Болашақта соған келеміз деген ойдамын.

El.kz: Еліміздегі медицина салысының деңгейіне көңіліңіз толады ма? Шетел асып кеткен отандастарымыз «елдегі медицинаға жететіні жоқ» деп жатады. Себебі бізде «ауырдым» деп ауруханаға барсаңыз, УЗИ, МРТ, рентген болсын барлығын тегін жасап береді. Ал өзге елде хәл үстінде жатсаң ғана көмек көрсетіліп, соңында үлкен чек жаздырып береді деседі. Осыған көзқарасыңыз қандай? Нақты солай ма?

Аслан Темірхан: Қазақстанның медицинасы өте жоғары деңгейде. Мен айтып кеткен мәселелер бар. Дегенмен дәрігерлердің көп бөлігі - білікті мамандар. Дәрілік препараттармен қамтамасыз ету жағы да жоғары деңгейде. Бірақ мәселе дәрігерлерде емес. Жүйеде. Бізде жүйелілік мәселелері бар. Мәселен, дәрі тегін алынады. Бірақ ол дәрі науқасқа жетем дегенше тасымалдауға уақыт кетеді. Немесе ақшаның бөлінуін айтамыз. Сақтандыру қоры кей кездері ақшаны өте кеш жібереді. Ауруханаларда науқастарға көрсетілетін қызметтің өтемақысы болмай қалады. Сонда да біздің ауруханалардың жағдайы жақсы. Техникалық жабдықтау көбінесе үлкен қалаларда бар. Кіші қалаларда жақсы аппарат, техникалар толыққанды қамтамасыз етіліп жатқан жоқ. Соны қолға алсақ жақсы болар еді.  Әріптестерімнен ұлттық орталықтардың өздерінде кейбір техникалар өндеуді қажет ететінін жиі естіп жатамын. Материалдардың аздығы да сезіледі. Хирургтарда "тігу материалы" деген болады. Кейбір кезде азайып немесе жетпей қалып жатады. Ота көп, ал есептелгені аз. Бұл мәселені де ескерген жөн. Мен сіздерді жақсы түсінемін. Бұл - жүйенің күнәсі. Бізге денсаулық сақтау ұйымдастырушылары мамандары керек. Бірақ біздің министрліктердегі, орталықтардағы мамандардың айлығы өте төмен. Дәрігерлер бір емес, бірнеше жерде жұмыс жасайды. Күні-түні демылссыз жұмыс істеп, алатын айлық мөлшері аз. Сондықтан мамандардың айлығын көтеру мәселесін алға тартамын. Олардың білімін арттыру керек. Әртүрлі тәжірибе алмасуға жіберген дұрыс. Сонда ғана бізде жүйелік мәселелері шешімін табады.

El.kz: Молекулалық медицина жайлы толығырақ айта кетсеңіз?

Аслан Темірхан: Молекулалық медицина - өте қызықты медицинаның саласы. Клиникалық білім мен ғылыми білімнің ұштасқан жері деуге болады. Зерттеулер жасау арқылы шешімі табылмаған ауруларды емдеу, диагностика жасау арқылы осы молекулалық медицинада шешілмеген сұрақтардың жауаптарын табуға болады. Криспер Каст деген әдіс бар. Генетикалық қайшылар. Қарапайым тілмен айтқанда, геніміздегі белгілі бір бөлшекте ақау болса, соны біз «қайшымен қиып алып тастауға» болады дегенге саяды. Ол қайшы арнайы молекулалық тәсілмен жасалады. Бұл - ғылым жағынан қарастырылған әдіс. Жақында анемияның бір түрін емдеуге сол әдісті қолданып, ем түрін ойлап тапты. Молекулалық медицина деген осы ғалымдардың дәрігерлерге көмектесетін бұған дейін болмаған диагностика, емдеу әдістерін ойлап табуы. Өте қызықты сала.

El.kz: Бүгінде обыр (рак) ауруы жасарып барады дейді. Бұған не себеп деп ойлайсыз?

Аслан Темірхан: Себептер жетіп артылады. Экология, адамдардың өмір сүру салты, күйзелістің көптігі. Қазір адамдар дұрыс тамақтанбайды. Дұрыс ұйықтамайды. Өмірлерінде стресс деңгейі жоғары болады. Ауаның өзі – лас. Алматы, Астананың өзінде ауа ластануының индекстерін қарасақ, көрсеткіштер өте жоғары. Осы факторлардың өзі ауыр кеселдерге әкелуі ықтимал. Одан бөлек, шылым шегу, есіркі қолдану, алкоголь тұтыну арқылы денсаулыққа зиян келтіріп жатады. Бұл – бір мәселе. Екіншіден, диагностика әдістері жақсы дамыған, ерте анықтау, ерте табу бізде жоғары деңгейде. Медицина дамыған сайын, обыр ауруын ертерек анықтай білеміз.

El.kz: Жасыратыны жоқ, ата-аналар арасында дәріханалардан жіберілетін дәрі-дәрмекке сенімсіздік танытып, балаларын Биологиялық белсенді қоспаның (БАД) көмегімен емдеп алғысы келетіндер көбейіп барады. "Сетевой" компаниялар мақтап-мадақтап сататын БАД-тарға көзқарасыңыз қандай? Ауру-сырқауды емдеуде эффективті деп ойлайсыз ба?

Аслан Темірхан: Біріншіден, түсіну керек. Биологиялық белсенді қоспалар – дәрі емес. Қазақстанда ресми түрде тағамдық қоспалар болып табылады. БАД емдемейді. Оны тамаққа қосымша ретінде ғана пайдалануға болады. БАД ішінде классификациялар көп. Айтатыным, ешқашан биологиялық белсенді қоспамен дәріні ауыстыруға болмайды. Екіншіден, оны пайдаланыңыздар немесе керегі жоқ деп айтпаймын. Әркімнің өз қалауы. Бірақ айтатыным, барлығын ақылмен сараптап, дұрыс шешім қабылдау керек. Кей адамдар бұл қоспаларды ішіп, ауруымнан құлан таза айығып кетемін деп ойлап жатады. Сөйтіп, күніне 20-30 капсуланы жылдар бойы ішуі мүмкін. Бұл өз кезегінде бауырға кері әсер етуі әбден мүмкін. Кейбірі тексерістен толық өтпеген. Вирустық емес гепатиттерге алып келеді. Бауыр соншалықты қоспаларды көтере алмайды. Осыны ескерген жөн. Десе де, шешім өз еркіңізде. Бастысы, дәрінің орнын баспайтынын ұмытпасаңыз деймін.

El.kz: Болашақ жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз.

Аслан Темірхан: Оқуымды аяқтап, дипломымды алып, әрі қарай осы денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс жасау. Нақты қай салада қызмет ететінімді айта алмаймын. Молекулалық медицина саласындағы білімімді ары қарай жетілдіріп, маман ретінде өскім келеді. Уақыт көрсетеді. Мақсатым – кәсіби маман болу. Халыққа пайдамды тигізу. Жүрегіме жақын жұмыс табу. 

El.kz: Сұқбатыңызға рақмет!

Айнұр Оспанова
Бөлісу: