Дәрі-дәрмектердің көлеңкелі нарығымен күрес жүргізілмек

Бүгiн, 16:05 165

17 желтоқсанда Бірыңғай таңбалау операторы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті, онда дәрілік заттарға цифрлық таңбалануын енгізудің өзекті мәселелері талқыланып, кездесудің қорытындысы бойынша тараптар дәрілік заттардың көлеңкелі айналымымен күресу бойынша Жол картасын бірлесіп әзірлеуге келісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бірыңғай таңбалау операторы бұл үдеріске белсенді түрде қатысып, өз құзыреті шегінде өз ұсыныстарын енгізетін болады.

ЖСДП алаңында қатысушылар дәрілік заттарды таңбалауға қатысты өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Таңбалауды енгізу процестеріндегі Бірыңғай оператордың рөліне және таңбалаудың техникалық енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператор аталмыш жоба шеңберінде техникалық серіктес ретінде әрекет ететінін естеріңізге сала кетейік. Тауарларға міндетті таңбалауды енгізу және реттеу мәселелері үкімет пен тиісті министрліктердің құзыретіне артылған. Бірыңғай оператор өз кезегінде жүйені техникалық енгізуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ бизнес пен халық арасында ақпараттандыру жұмыстарын жүргізіп, нарық қатысушыларына жаңа талаптарға бейімделуге және таңбалау құралдарын тиімді пайдалануға көмектеседі.

Астанадағы ЖСДП филиалының төрағасы Талғат Омаров таңбалауды енгізу үдерісіне және оның нарыққа қатысушыларға әсері туралы алаңдаушылық білдірді. Өз кезегінде Бірыңғай оператордың басқарушы директоры Алмат Исмаилов таңбалау жүйесі нарықты контрафактілік өнімнен қорғауға бағытталғанын және кәсіпкерлер деректерінің құпиялылығына қатысты құқықтарды бұзбайтынын баса айтып, барлық сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді.

Біз көлеңкелі нарыққа қатысты мәселелерді шешу үшін қоғаммен және бизнеспен ашық сындарлы диалогқа және бірлескен жұмысқа дайынбыз. Цифрлық таңбалау – бұл дәрі-дәрмек нарығын мөлдір әрі тұтынушылар үшін қауіпсіз етуге көмектесетін құрал, - деп атап өтті Алмат Исмаилов.

Жол картасын жасау дәрі-дәрмектің заңсыз айналымына қарсы күресте маңызды қадам болады және мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастық пен қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейтуі тиіс.

Бірыңғай оператор ЖСДП-ның көлеңкелі нарықты қысқартуға және халықты сапалы заңды өнімдермен қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларына қолдау білдірді. Екі тарап та тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың және әрбір азамат сатып алатын өнімдерінің қауіпсіздігі мен түпнұсқалығына сенімді бола алатын ашық нарық құрудың маңыздылығын түсінеді. Бірлескен жұмыс тауар айналымын бақылауды күшейтіп қана қоймай, сонымен қатар заңсыз өнімдермен күресудің тиімді тетіктерін құруға мүмкіндік береді, бұл әсіресе дәрілік заттар сияқты әлеуметтік маңызы бар санаттар үшін маңызды.

Айта кету керек, бірыңғай оператор таңбалау жүйесін сәтті енгізу және көлеңкелі нарықпен күресу үшін бизнес-қоғамдастықпен және қоғамдық ұйымдармен ашық жұмысты жалғастыруда.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: