Дархан Қыдырәлі Баку форумында Каспийдің экологиялық жағдайы туралы айтты

10 Наурыз 2023, 11:08 713

Әзербайжанда "Бүгінгі әлем: сындар мен үміттер” тақырыбындағы Х Баку жаһандық форумына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оныншы рет өткізіліп отырған форумның интеллектуалдық платформаға айналып келе жатқанын атап өткен Дархан Қыдырәлі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясында сөйлеген сөзін еске салды.

"Мемлекет басшысы тәртіп пен жауапкершілікке негізделген халықаралық жүйе бүгінгі хаос пен белгісіздік алдында есе жіберіп алғанын айтқан еді”, - деді министр.

Сондай-ақ Дархан Қыдырәлі Қазақстанның тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен әлемдегі төртінші ядролық әлеуеттен бас тартып, Семей полигонын жауып, халықаралық қауымдастық алдында ядролық қарусыз әлем құрудағы табандылығын көрсеткенін, бұл жаһан проблемасын жұмыла шешудегі Қазақстанның үлесі екенін айтты.

Министр жаһанның және аймақтың алдында тұрған сын-қатерлер, оның ішіндегі климаттың, азық-түліктің және ядролық қауіпсіздікпен қатар, постшындық дәуірінде белең алған гибрид соғыстары, инфодемия құбылыстары ақпараттық қауіпсіздікке де ерекше назар аудару қажет екенін көрсетіп отырғанын атап өтті.

"Гибридті соғыстар мен инфодемия біздің күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналды. Бұл ақпараттық қауіп және ақпараттық соғыстың шегі жоқ. Киберқылмыстың өсуі біздің өміріміздің барлық салаларына, соның ішінде ауыл шаруашылығы, сумен жабдықтау, қаржы, қауіпсіздік, көлік, энергетика, ғарыш және суасты коммуникацияларына шабуылдар көбейген сайын айқын көрінеді. Қажетті ресурстарды, технологиялық шешімдерді, сондай-ақ, осы саладағы мамандарды даярлау маңызды міндет", - деді министр.

Жаңа технологияның дамуы адам өміріне артықшылақтар берумен қатар, сын-қатерлермен де бетпе-бет келтіріп отыр.

"Көптеген ғалымдар жасанды интеллект мемлекеттердің жұмысын жақсартады және ХХІ ғасырда қоғамның күрделі мәселелерін шешеді деп болжайды. Алайда медиа мен цифрландырудағы этика мәселесі алдан шығып отыр. Сондықтан жасанды интеллектіні дұрыс пайдалануды реттеу, сондай-ақ, оны қолдану құқығын қалыптастыру мәселелері зияткерлік ортада кеңінен талқылануы тиіс", - деді Дархан Қыдырәлі.

Сонымен бірге министр Каспий теңізінің экологиялық жағдайына да назар аудару қажет екенін тілге тиек етті.

"Каспий теңізі - баламасы жоқ су бассейні және ол бес ел экономикасының базалық ресурсы. Алайда ғалымдардың зерттеуінше, XXI ғасыр соңында Каспийдің көлемі азаюы мүмкін. Бұл аймақтағы экожүйе мен экономикалық қауіпсіздікке сын-қатер төндіреді, - деп атап өтті Д.Қыдырәлі.

Осымен 10-ыншы рет өткізіліп отырған Баку жаhандық форумына Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев, әлемнің белгілі саяси қайраткерлері мен ғалымдар қатысты.

Айта кету керек, қазақстандық делегация құрамында ғылыми-зерттеу орталықтары мен министрлікке қарасты мекемелердің өкілдері болды.

EL.KZ
Бөлісу: