Дәретханаларды ішке кіргіздіңіздер, бірақ бәрі құлыптаулы тұр - Ринат Зайытов өзекті мәселе көтерді

24 Сәуір 2023, 18:21 1254

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын мектептерге қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол Мәжілістегі Amanat партиясы фракциясының отырысында болашақта салынатын білім ошақтарының сапасына күмәнмен қарап, құрылыс аяқталғаннан кейін жауапкершілік кімге артылатынын сұрады.

Осыған дейін сіздер «жайлы мектеп» деп жиі айтасыздар. Ал ауылда инфрақұрылым мүлдем жоқ. Дәретханаларды ішке кіргіздіңіздер, бірақ бәрі құлыптаулы тұр. Септик пен көліктері жоқ, - деп сынға алды депутат.

Оған қоса, ол жоспарланған 400 мектептің барлығы бірдей пайдалануға берілмейтінін ашық айтты.

Орындалмай қалатын жобалар 400 мектептің ішінде бәрібір болады. Жоқ дегенде бір-екеуі орындалмай қалуы мүмкін. Біз оған үйренгенбіз. Бұған кейін кім жауап береді? – деген сауал жолдады Ринат Зайытов

Өз кезегінде Ринат Зайытовтың сауалына «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов жауап берді.

Ауыл мен қаланың мектептерінде ешқандай айырмашылық болмайды. Енді даладағы дәретхана болмайды. Барлығы бірдей болады, – деді Мәулен Айманбетов.

Равиль Ашығали
Бөлісу: