17 Тамыз 2016, 04:51
Бокстан 69 келі салмақта өнер көрсететін Данияр Елеусінов жартылай финалда француз боксшысымен кездесті. Қазақстандық боксшы қарсыласын алғашқы минуттардан-ақ соққының астына алып, барлық төрешілердің шешімі бойынша бірінші раундта жеңіске жетті.
Алайда екінші раунд басында қарсыластар бастарымен соқтығысып, Данияр ауыр жарақат алды. Төреші боксқа еңгізілген жаңа ереже бойынша осыған дейін ұпай санымен алда келе жатқан Даниярға жеңісті берді.
Дәл осы салмақта әлем чемпионы Мохаммед Рабии өзбекстандық Шахрам Гиясовтың тегеуріне шыдамай жеңіліс тапты. Үш раунд бойы толассыз шабуылдаған өзбек боксшысы өз дегеніне жетті. Енді ол финалдық кездесуде жерлесіміз Данияр Елеусіновпен күш сынасады.
Жартылай финалдық жекпе-жекте өзбек боксшысы көп күш жұмсады. Бұл сөзсіз жерлесімізге тиімді. Дегенмен Даниярдың жарақаты барлық жанкүйерлерді алаңдатып отырғаны белгілі. Финалдық жекпе-жекте жеңіске жету үшін ол қандай тактика ұстанғаны жөн? Алған жарақатының ауызы ашылып кетпеуі үшін не істеу керек? Осы және өзге де сұрақтарды біз бокс бапкері Болат Тұрсыновқа қойдық.
Болат Тұрсынов, бокс бапкері:
— Даниярдың жарақаты бары рас. Дегенмен ол өте тәжірибелі боксшы. Естеріңізде болса 2012 жылы ол жарылған қабағымен Қазақстан біріншілігін ұтқан болатын. Сондықтан Данияр жарақатына бола тартынбасы анық. Дегенмен өзбек боксшысының төбелеске бір қадам жақын екенін де ескерген жөн. Сондықтан біздің спортшымыз өте сақ болуы қажет. Бастысы Даниярға алғашқы раундтарда өте белсенді жұдырықтасып, мейлінше мол ұпай жинауға тырысуы қажет.
Данияр әуесқой бокста барлық атаққа қол жеткізді. Енді қалғаны — Олимпиаданың алтын медалі. Сондықтан біздің саңлақ жеңіске жету үшін барын салары анық. Тек төрешілер тарапынан Василий Левитке жасалған қиянат қайталанбаса екен дейміз.
Рустем ӘЛПИ