Данияр Елеусінов Рио Олимпиадасының финалына жолдама алды

16 Тамыз 2016, 03:45

Рио - 2016

Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан XXXI Олимпиада ойындарында бокстан 69 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Данияр Елеусінов француз боксшысы Сүлейман Сиссоконы жеңді.

Бірінші раундта Данияр қарсыласынан басым түсті. Екінші раундта қазақ боксшысы жарақат алып, ойын тоқтатылды. Төрешілер қолғаптың сыртымен ұрғаны үшін французды жарыстан шеттетті. Нәтижесінде Азияның екі дүркін чемпионы ақтық сайысқа жолдама алды.
Енді Данияр финалда Олимпиада ойындарының алтын жүлдесі үшін өзбек боксшысы Шахрам Гиясовпен қолғап түйістіреді. Өз кезегінде Гиясов жартылай финалда әлем чемпионы марокколық Мұхаммед Рабиды айқын басымдықпен ұтқан болатын.
Бұған дейінгі Олимпиадаларда 69 келіде өнер көрсеткен үш боксшымыз Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиевтер чемпион атанған еді. Сондықтан жанкүйерлер Данияр Елеусіновтен де алтын жүлде күтеді.
Айта кетейік, биыл бокстан ерлер құрамасы алғаш рет Олимпиада ойындарына толық құрамада барған еді. Бірақ алты боксшымыз жүлдеге ілікпей жарыстан шығып қалды.

Бөлісу: