Данияр Елеусінов пен Иван Дычко жартылай финалда

12 Қазан 2015, 09:47

Катарда өтіп жатқан бокстан Әлем чемпионатының жартылай финалына Қазақстанның екі боксшысы ғана өтті.

Катарда өтіп жатқан бокстан Әлем чемпионатының жартылай финалына Қазақстанның екі боксшысы ғана өтті. Бұл – бұрынғы чемпионаттармен салыстырғанда ең нашар көрсеткіштердің бірі.

Бүгін қазақстандық боксшылар Данияр Елеусінов пен Иван Дычко Дохадағы әлем чемпионатында өздерінің жартылай финалдық жекпе-жектерін өткізеді. 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шығатын Данияр Елеусіновтің қарсыласы әзербайжандық Парвиз Багиров, ал 91 келіден жоғары салмақтағы Иван Дычко өзбек боксшысы Баходир Джалоловпен бақ сынасады. Қазақстандық екі боксшының да жекпе-жектері сағат 22.00-де басталатын кешкі сессия уақытында өтеді.

Данияр Елеусіновтің қарсыласы биыл Бакуде өткен Еуропа ойындарын жеңіп алған 21 жастағы жас таланттардың бірі. Жақында Әзірбайжан елінің чемпионы атанып, үлкен нәтиже көрсетіп жүр.

Ал, Иван Дычко 21 жастағы өзбек боксшысын биыл Азия чемпионатының ширек финалында ұтты. Осыдан бір жыл бұрын Ташкентте өткен халықаралық турнирде де қазақстандық боксшы қтқан бошлатын.

Естеріңізге сала кетейік, Данияр Елеусінов 2013 жылы Әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ, екі дүркін Азия чемпионы, екі рет Азия ойындарының жеңімпазы.

Ал, ауыр салмақтағы Иван Дычко Олимпиада ойындарының қола жүлдегері және Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, сондай-ақ, екі дүркін Азия чемпионы.

Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов Катардағы Әлем емпионатынан 2 алтынмен ораламыз деген болатын. Қашан да арық айтып, семіз шығатын бас бапкердің қазір жартылай финалда екі боксшысы ғана қалды.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасының төрт бірдей боксшысы ширек финалда жарыс жолынан шығып қалды. Олар: Олжас Сәттібаев (52 келіге дейін), Жәнібек Әлімханұлы (75 келіге дейін), Әділбек Ниязымбетов (81 келіге дейін) және Василий Левит (91 келіге дейін).

Турнирде бірінші кездесуді 75 келіге дейінгі салмақта Жәнібек Әлімханұлы өткізді. Бұл кездесуде ол мексикалық боксшы Мисаэл Родригесті жеңді. Ал 91 келіге дейінгі категорияда Василий Левит бразилиялық боксшы Жуан Голсалес Ногуэйрамен кездесуі керек еді. Бірақ қазақстандықтың қарсыласы рингке шықпады.

Әлем чемпионы және бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Данияр Елеусінов (69 келіге дейінгі салмақ дәрежесі) Беларусьтен келген Павел Кастраминмен жұдырықтасты. Елеусінов қарсыласына мүмкіндік бермей, бұл кездесуді сауатты өткізді. Нәтижесінде Қазақстан құрамасының капитаны 3:0 есебімен жеңіске жетті.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Бөлісу: