Дания мен Швеция Құран өртеу шараларына тыйым салуды қарастырып жатыр

31 Шілде 2023, 13:33 1036

Дания мен Швеция үкіметтері сөз бостандығы қағидаттарын бұзбай, Құран мен басқа да діни кітаптарды көпшілік алдында өртеуге тыйым салу немесе шектеу мәселесін қарастырып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кеше Дания Сыртқы істер министрі Ларс Локке Расмуссен Үкімет мұсылман елдерінің елшіліктерінің алдында Құранды жағуға тыйым салудың заңды жолын табатынын мәлімдеді. 

Оқи отырыңыз:

Дания Үкіметі басқа елдерге, мәдениеттерге және діндерге қорлау жасалған кезде мұндай жағдайға тікелей араласуға міндетті, - деді Расмуссен.

Сонымен бірге СІМ басшысы Дания үшін сөз бостандығы негізгі құндылық екенін және шектеулер енгізу арқылы билік сөз бостандығына кепілдік беретін Конституция шеңберінен шыға алмайтынын атап өтті. Расмуссен Құранға қатысты әрекеттер Данияның мұсылман әлеміндегі беделіне нұқсан келтіргенін атап өтті.

Оның айтуынша, Дания әлемнің әртүрлі елдерінде «қазір басқа елдердің мәдениетіне, дініне және дәстүріне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол беретін мемлекет ретінде қарастырылады».

Швеция Премьер-министрі Ульф Кристерссон әлеуметтік желіде Швеция Үкіметі де мұндай әрекеттерге тыйым салу жолдарын қарастырып жатқанын хабарлады.

Біз Швециядағы және әлемдегі ұлттық қауіпсіздікті, шведтердің қауіпсіздігін нығайту шараларын қарастыру үшін жағдайды құқықтық тұрғыдан талдауды бастадық, - деді ол.

Айта кетейік, жақында Швеция мен Данияда Құранға қатысты қоғамдық акциялар мұсылман діндарларының наразылығын тудырған еді. 

Маусым айында Ирактан келген христиан босқыны Стокгольмдегі орталық мешіттің алдында Құранды өртеп жіберген. 

Осындай тағы бір акция өткен аптада Копенгагенде болды: «Дания патриоттары» әсіреоңшыл ұйымының екі белсендісі Құранды таптап, кейін елшілік алдында Құран мен Ирак туын өртеп жіберген.

Равиль Ашығали
Бөлісу: