«Дәнекерлеу – үлкен дәлдік пен жауапкершілікті талап ететін іс»

Кеше, 22:00 341

Күнделікті тіршілікте көзге көріне бермейтін,   бірақ аса маңызды істердің басы-қасында жүрген маман иелері жетерлік. Солардың бірі– дәнекерлеуші. Дәнекерлеуші маман болу – бұл тек қолмен жұмыс істеп, темірді біріктіру емес, өзіңнің біліктілігің мен жауапкершілігіңді күн сайын дәлелдеу. Осы ретте El.kz тілшісі газ саласында көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі дәнекерлеушімен тілдесіп, оның еңбектегі жауапкершілігі, мамандықтың қадірі мен берер кеңесі жайлы әңгімелесті.

El.kz: Алдымен өзіңіз туралы айтып кетіңізші... Дәнекерлеу ісіне қалай келдіңіз?   

Мақсат Сәрсенов: Мен 1978 жылы Шымкент қаласында дүниеге келгенмін. Осы шаһарда туып-өстім. №7 Спатаев атындағы мектепте оқыдым. Мектептен кейін  №3 кәсіби-техникалық училищеге   түсіп, дәнекерлеу ісі бойынша білім алдым. Бұл оқу орнында екі жыл оқыдым, 1996 жылы тәмамдадым.

Оқуды аяқтаған соң әскерге шақырылып, Отан алдындағы борышымды өтеп келдім. әскерден оралғаннан кейін 1998 жылдан бастап өз мамандығым бойынша еңбек жолымды бастадым. Содан бері осы салада жұмыс істеп келемін. Дәнекерлеу ісі – мен үшін жай кәсіп емес, өмірімнің бір бөлігіне айналған мамандық.

El.kz: Ең алғашқы жұмысыңыз қандай әсер қалдырды? Қорқыныш болды ма?

Мақсат Сәрсенов: Иә, әрине, ең алғашқы жұмыс орным – есімде ерекше сақталған. Мен оқуымды тәмамдаған соң алғаш рет Шымкенттегі қорғасын зауытына дәнекерлеуші болып жұмысқа орналастым. Ол менің ресми түрде маман ретінде жасаған алғашқы еңбек орным еді. Ал негізі училищеде оқып жүрген кезімде Шымкент мұнай өңдеу зауытында тәжірибеден өттім. Дәнекерлеу ісінің негіздерін сол жерде үйрендім. Кәдімгідей практикалық білім алдым десем болады. Жұмыс барысындағы тәртіп, қауіпсіздік шаралары, құрал-сайманмен жұмыс істеу – бәрін сол жерден көріп, қолмен жасап үйрендім. Әрине, тәжірибе бір бөлек те, нақты жұмысқа орналасып, толық жауапкершілікпен жұмыс істеу – мүлде басқа дүние. Қорғасын зауытындағы алғашқы міндеттерім – үлкен жауапкершілікті жүктеді.  Біз үлкен конструкцияларды дәнекерлеп, нақты өндіріс процесіне қатыстық. Ол жерде тәжірибелі мамандар жанымызда жүріп, әр қадамымызды бақылап, бағыт-бағдар беріп отырды.

Жас маман болған соң аздап қобалжу, жауапкершілік сезімі болды. Бірақ мұнай өңдеу зауытындағы тәжірибенің арқасында өзімді сенімді сезіндім. Кәсіби тұрғыда шыңдалуыма сол алғашқы жұмыс тәжірибем көп көмегін тигізді.

El.kz: Айтыңызшы, неге дәл осы дәнекерлеу саласын таңдадыңыз?  

Мақсат Сәрсенов: Шынымды айтсам, бұл мамандық бала кезден арманым болды деп айта алмаймын. Дегенмен, кішкентайымнан түрлі нәрселерді құрастыруға, өз қолыммен бірдеңе жасап көруге әуес болдым. Ағаштан сөре жасау, конструкторлар құрау — осындай істерге қызығушылығым ерте жастан қалыптасты. Сол уақыттан бастап қол еңбегіне деген сүйіспеншілік бойыма сіңіп қалған сияқты. Кейін мектеп бітірген соң, дәнекерлеуші мамандығын оқуға түсіп, алғаш рет практика кезінде дәнекерлеу құралын қолыма ұстағаным есімде. Сол сәттен бастап бұл кәсіпке деген ерекше қызығушылығым оянды. Темір сияқты ауыр, суық материалдарды бір-біріне жалғап, берік құрылым жасау – мен үшін ғажап көрінді. Оның үстіне дәнекерлеу – жай ғана темірді біріктіру емес, бұл – үлкен дәлдік пен жауапкершілікті талап ететін іс. Қателікке жол жоқ. Әрбір жіктің мықты, ақаусыз болуы — өзіңнің қолөнеріңе деген құрмет пен кәсібиліктің белгісі. Практикада мен бұл істі тез меңгеріп кеттім. Себебі маған бұл жұмыс ұнады, әрі жаныммен берілдім. Жанымдағы достарым дәнекерлеу кезінде қандай шеберлік көрсеткенін көріп, мен де ынталанып, өзімді көрсетуге тырыстым. Сөйтіп жүріп бұл мамандыққа біржола бет бұрдым.

El.kz: Бұл мамандықтың сіз үшін маңыздылығы неде? Неліктен осы салада тұрақтап қалдыңыз?

Мақсат Сәрсенов: Дәнекерлеуші мамандығы — менің өмір жолымда ерекше орын алатын, мағынасы терең, жауапкершілігі жоғары кәсіп. Жоғарыда айтып өткенімдей, алғаш еңбек жолымды Қорғасын зауытында бастадым. Ол жерде  1998 жылдан бастап 2007 жылға дейін жұмыс істедім. Сол кезеңде көп тәжірибе жинадым, шеберлігім шыңдалды.

2007 жылдан бастап менің өмірімде жаңа кезең басталды — газ саласына ауысып,  «ҚазТрансГаз» мекемесінің Шымкент қалалық филиалына (автор: қазіргі «QazaqGaz» ҰҚ» АҚ) жұмысқа орналастым. Күні бүгінде осындай еңбек етіп келемін. Бұл салада жұмыс істеу — мүлде басқа деңгейдегі жауапкершілікті талап етеді. Себебі газ жүйесіндегі еңбек — жай ғана металлды біріктіру емес, адамның өмір қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Бір жерде ақау шығып немесе газ ауаға таралып кетсе, оны жылдам әрі дұрыс жөндеу — біздің тікелей міндетіміз. Бұл жерде қателесуге болмайды. Бұл салада жұмысқа қабылданғаннан кейін мен арнайы оқуға жіберіліп, Ақтөбе қаласында кәсіби дайындықтан өттім. Сол оқу барысында газ шаруашылығына қатысты барлық талаптарды, қауіпсіздік ережелерін, дәнекерлеудің ерекшеліктерін терең меңгердім. Сол кезден бастап бұл салаға деген ерекше ықылас пен ынта пайда болды.

Мен үшін бұл мамандықтың маңыздылығы — оның күрделілігі мен жауапкершілігінде. Бір құбырдың жігін дәнекерлеу – сырт көзге қарапайым көрінуі мүмкін. Бірақ сол жалғау дұрыс болмаса, ол жерден газ шығуы мүмкін, бұл өз кезегінде үлкен қауіп тудырады. Сондықтан әрбір ісіңе үлкен жауапкершілікпен қарау керек.

Жұмыстың ең қызығы – апаттық жағдайларды ретке келтіру, бұзылған жүйелерді қалпына келтіру. Бір нәрсені жөндеп, қайта іске қосқан кезде шынайы қуаныш сезімін бастан кешіресің. Кейде үлкен құбыр жүйелерін біріктіріп, бәрін мінсіз орындаған кезде өз еңбегіңе мақтаныш сезімі оянады.

Басында, әрине, бәрі оңай болған жоқ. Тәжірибелі әріптестерімнің жұмысын қызыға қарап, солар секілді шебер болғым келетін. Уақыт өте келе үйреніп, өз орнымды таптым. Бұл мамандықты жай ғана кәсіп деп емес, шынайы мән-мағынасы бар өмір жолым деп есептеймін. Себебі бұл жұмыс — тек темір жалғау емес, адамдардың қауіпсіздігі үшін қызмет ету.

(Фото: Мақсат Сәрсеновтің жеке мұрағаты)

El.kz: Айтыңызшы, қорғасын зауытындағы жұмыс пен қазіргі газ саласындағы дәнекерлеу ісінің қайсысы сіз үшін ауырлау?  

Мақсат Сәрсенов: Ашығын айтсам, қазір газ саласы маған аса ауыр болып сезілмейді. Себебі мұнда біраз жылдан бері жұмыс істеп келемін, яғни қол да, көз де, сана да үйреніп қалған. Дегенмен бұл – жұмыстың жеңілдігі емес, жай ғана тәжірибе арқылы меңгеріп, бойыңа сіңіріп алған мамандық.

Газ саласында шынымен де ауыр сәттер болады. Әсіресе, апаттық жағдайлар туындағанда – ол расымен де үлкен жауапкершілік. Мәселен, қыс айларында аязда, ауа райының қолайсыз кезінде апаттық жағдай орын алса, жұмыс  тіпті он екі сағатқа дейін созылып кетеді. Ондайда уақыт жоғалтуға болмайды. Себебі мәселені жылдам шешпесек, тұтас бір шағынаудан, тіпті қала бөліктері газсыз қалуы мүмкін. Бұл халықтың жайлы өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан ондай сәттерде физикалық емес, моральдық жүк те ауыр болып сезіледі.

Бір жолы көлік газ құбырына соғылып, апат салдарынан тұтас аудан газсыз қалды. Сол кезде жаңбырға ма, қарға да ма – қарамастан, күн-түн демей жұмыс істедік. Қанша шаршасаң да, бір сәтке демалуға мүмкіндік жоқ. Өйткені артында халық тұр, "газды қашан береді?" деп күтіп отырған отбасылар бар. Міне, сол кезде дәнекерлеушінің шынайы жауапкершілігі, кәсібилігі сыналады.

Қорғасын зауытындағы жұмыс та жеңіл болды деп айта алмаймын. Ол жерде де технологиялық процестер күрделі, қауіпсіздік талаптары жоғары. Бірақ газ саласы – бұл тек өндіріс емес, бұл — адамдардың қауіпсіздігі мен тұрмысына тікелей әсер ететін сала. Сол себепті жауапкершілік жүгі де, психологиялық салмақ та газ саласында көбірек деп есептеймін.

El.kz: Күнделікті қандай металдармен, қандай технологиямен жұмыс істейсіз? Жалпы бір күніңіз қалай өтеді?  

Мақсат Сәрсенов: Біздің жұмыс — тек «темірді темірге жалғап» қана қоятын мамандық емес. Күнделікті жұмысымызда түрлі жағдайлар болады, әр күн – өз алдына бір сынақ, бір тәжірибе. Газ құбырларының құрылымы, диаметрі әртүрлі болғандықтан, қолданылатын металл, дәнекерлеу технологиясы да өзгеріп отырады. Арнайы газбен дәнекерлеу, электрмен пісіру секілді әдістерді қолданамыз. Қай технологияны қолдану — ақаудың түріне, құбырдың материалына және орналасуына байланысты.

Күнделікті жұмысымыз көбіне апаттық жағдайларды қалпына келтіруге бағытталған. Газ ауаға таралған кезде құбырларды жалғау, сонымен қатар көлік апаттарынан зақым келген  құбырларды қалпына келтіру. Мысалы, көшеде орналасқан ШРП (шартты реттеу пункттері) құрылымдарына зақым келіп, апат орын алады. Сол сәтте бізге жедел түрде оқиға орнына барып, зақымдалған жерлерді кесіп, туралап, жаңа бөлшектермен ауыстырып, бәрін қалпына келтіру міндеті жүктеледі. Қай жерде ақау болса да, бірінші кезекте халықты газбен қамтамасыз ету — басты міндет.  

Біздің әр күніміз болжанбайтын, әрдайым дайындықты, шапшаңдықты, кәсібилікті талап ететін күн. Бұл — бір адамның емес, тұтас ұжымның ортақ еңбегі. Тек қолмен емес, оймен де істейтін, үлкен жауапкершілікке құрылған мамандық дер едім.

El.kz: Газбен жұмыс істеу – өте қауіпті сала. Осындай жағдайда сіздер үшін оқыту, тәжірибе алмасу, біліктілікті арттыру қаншалықты маңызды? Бұл бағытта қандай шаралар атқарылады?

Мақсат Сәрсенов: Иә, расымен де, газ саласында жұмыс істеу — үлкен қауіп-қатермен тікелей байланысты. Сондықтан бұл салада техника қауіпсіздігіне, білім мен тәжірибе жаңартуға ерекше көңіл бөлінеді. Біз жыл сайын, тіпті кейде одан да жиі   оқыту курстарынан өтіп, өз білімімізді жаңартып, біліктілігімізді арттырып отырамыз. Мысалы, біздің компанияның Шымкент қаласындағы филиалында арнайы оқу орталықтары бар. Сол жерде техникалық қауіпсіздік бойынша оқып, сынақ тапсырамыз. Бұл — міндетті талап. Әр қызметкер өз мамандығына сай оқу бағдарламасынан өтуі керек. Газ шаруашылығының ерекшелігіне сай қауіпсіздік ережелері, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл, құрал-саймандарды пайдалану тәртібі — бәрі мұқият үйретіледі. Бұдан бөлек, дәнекерлеуші ретінде  екі жылда бір рет кәсіби аттестациядан өтеміз. Бұл аттестация — тек формальді сынақ емес, нағыз кәсіби дайындықты бағалау. Ал газ саласына қатысты жыл сайын төрт түрлі емтихан тапсырамыз. Бұл сынақтар біздің білімімізді, қауіпсіздік ережелерін қаншалықты меңгергенімізді тексеруге бағытталған. Сонымен қатар, міндетті түрде жыл сайын жалпыгаздық аттестация өтеді.

Соңғы жылдары қаламызда газ және су жүйелеріне арналған модернизация жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ескі темір құбырлар біртіндеп полиэтилен, яғни пластик материалдарға ауыстырылуда. Бұл да бізге жаңа білім мен дағдыларды меңгеруді талап етеді. Осы бағытта да арнайы оқытулар ұйымдастырылды. Мәселен, Германиядан арнайы мамандар келіп, полиэтилен құбырлармен жұмыс істеу технологиясын бізге тікелей көрсетті.  Бұл материалдың артықшылығы — шірімейді, тот баспайды және ұзақ уақыт қызмет етеді. Сол оқуларда бізге полиэтилен құбырдың түрлері, олардың қайсысы суға, қайсысы газға арналғаны, қандай температурада қыздырылып біріктірілетіні — барлығы жан-жақты түсіндірілді. Қазір қалада газ және су жүйелерінің көп бөлігі осындай заманауи материалдарға ауыстырылып жатыр. Біз де соған сай білім алып, соған бейімделіп жұмыс істеудеміз.

Қысқаша айтқанда, бұл салада тоқтап қалуға болмайды. Қауіпсіздік пен сапалы қызмет көрсету үшін үнемі оқып, үйреніп, білікті болу — біздің күнделікті кәсіби міндетіміз.

El.kz: Күнделікті жұмысқа келген кезде арнайы тексерулер, әсіресе медициналық немесе қауіпсіздік шаралары бойынша бақылау жүргізіле ме? Жұмыс күндеріңіз қандай тәртіппен басталады?

Мақсат Сәрсенов: Иә, бізде күнделікті жұмысқа кіріспес бұрын міндетті түрде бірқатар тексерулер мен қауіпсіздік шараларынан өту қарастырылған. Бұл — біз сияқты қауіпті, техникалық салада жұмыс істейтін мамандар үшін аса маңызды. Ең алдымен, таңертең жұмысқа келген кезде медициналық тексеруден өтеміз. Арнайы медициналық қызметкерлер әрбір жұмысшының қан қысымын өлшеп, жалпы жағдайын тексереді. Денсаулық жағдайы дұрыс болмаса, ол адам сол күні жұмысқа жіберілмейді. Бұл — жұмысшының өз қауіпсіздігі үшін ғана емес, бүкіл ұжымның амандығы үшін қажет шара. Сонымен қатар, жылына бір рет толық медициналық комиссиядан өтіп, денсаулық жағдайымыз кешенді түрде бағаланады. Бұл тексерулер — кәсіби жарамдылықты анықтау үшін міндетті. Бұдан бөлек, аптаның әр сәрсенбі күні бізде арнайы оқу сабақтары өтеді. Бұл сабақтарда Қазақстан бойынша газ саласында қандай жаңалықтар, өзгерістер болып жатқаны жайлы ақпарат беріледі. Қауіпсіздік талаптары, жаңа нормативтер, жаңа технологиялар — бәрі бізге түсіндіріледі. Яғни маман ретінде тек қол еңбегімен ғана емес, біліктілікті үздіксіз жетілдірумен де айналысамыз.

Күнделікті таңертеңгілік шағын жиналыс өтеді. Бұл жиналыста сол күнге арналған жұмыс жоспары, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқамалар беріледі. Жұмысшыларға нақты тапсырмалар жүктеледі: кім, қай жерде, қандай жұмысты орындайды, соған сәйкес қауіпсіздік шаралары егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Жұмыс ауырлығына және жұмысшының разрядына қарай бөлу жүргізіледі. Мысалы, белгілі бір нысанда дәнекерлеу жұмысы жүргізілетін болса, алдымен сол аумақ қоршалады (ограждение), содан кейін қауіпсіздік талаптарымен танысқаны туралы қол қойылады. Бұл рәсімнің бәрі құжат жүзінде бекітіледі.

Жұмыс тікелей шеберлер арқылы ұйымдастырылады. Олардың әрқайсысы өз бригадасын жасақтайды. Бригада құрамында, әдетте, бір дәнекерлеуші, бір слесарь және жүргізуші болады. Осындай тәртіппен жұмыс орнына барып, берілген тапсырма бойынша қызметімізді орындаймыз.

(Фото: Мақсат Сәрсеновтің жеке мұрағаты)

El.kz: Дәнекерлеу ісінде тәжірибеден бөлек, қандай қабілеттер мен қасиеттер маңызды деп ойлайсыз?

Мақсат Сәрсенов: Дәнекерлеу ісінде тек тәжірибе ғана емес, басқа да көптеген қабілеттер мен қасиеттер өте маңызды деп санаймын. Біріншіден, адамның өз ісіне деген қызығушылығы ерекше рөл атқарады. Қызығушылық адамның ізденуіне, білім алуға, тәжірибе жинақтауға ықпал етеді. Бұл да жұмыс жеңілдеу әрі нәтижелі болуына себеп болады. Сондай-ақ, қандай да бір конструкцияны дәнекерлеу кезінде, адамның көзқарасы мен ойлау қабілеті үлкен рөл атқарады. Әр дәнекерлеу элементін үйлестіріп, оны әдемі әрі сапалы етіп жасау үшін белгілі бір креативтілік керек. Сондықтан адамда фантазияның болуы, сондай-ақ жұмысты әдемі әрі сапалы орындауға деген ынта да маңызды.

Ең бастысы, жұмысшының өз ісіне ынталы болса, оқу мен тәжірибе оңай жүреді. Оқыған сайын адам жаңа ақпараттарды меңгереді, сонымен қатар тәжірибе жинақтаған сайын жұмыс әлдеқайда жеңілдейді. Мысалы, газ саласында жұмыс істейтін дәнекерлеуші судың немесе басқа да салалардың дәнекерлеушісі сияқты жұмыс істей алмайды. Әрбір салада өзіне тән қауіпсіздік шаралары, жұмыс әдістері мен ережелері бар. Сондықтан, бұл салада жақсы маман болу үшін арнайы оқудан өту, квалификацияны арттыру қажет. Жалпы, жұмыс ауыр әрі қауіпті болғанымен, адамның қызығушылығы мен білімінің арқасында бәрі де жеңілдей түседі.

El.kz: Дәнекерлеу мамандығы сұраныстан түспейді ғой. Жауапкершілігі де аса жоғары. Жалпы осы мамандықтың қадірін қоғам жеткілікті деңгейде түсінеді деп ойлайсыз ба? Дұрыс бағаланып жатыр ма?

Мақсат Сәрсенов: Иә, дәнекерлеу мамандығы, сөзсіз, сұранысқа ие әрі жауапкершілігі жоғары сала. Қоғам осы мамандықтың қадірін түсінеді деп ойлаймын, бірақ әр адамның пікірлері әртүрлі. Кейбіреулер біздің жұмысымызды бағалап, ризашылығын білдіреді. Олар жұмыс істеп жатқанда бізге келіп, жұмыстың аяқталуын күтеді, алайда кейбір адамдар шыдамсыздық танытып, «қашан бітесіздер?» деп асықтырады. Олар газ өшіп қалып, үйі суып кеткенін айтып, тезірек аяқтауымызды сұрайды. Әрине, біз де ақауды мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіруге тырысамыз, газды қосып беруді ойлаймыз. Бірақ біз үшін ең бастысы – жұмыс сапасы. Себебі асығыстыққа салынып, сапасыз жұмыс жасасақ, ол ертең қайтадан ақау шығарып, қайта баруға тура келеді. Ал қайта бару бізге де қиын, себебі жұмысымызды дұрыс орындамағаны үшін жауапқа тартылып, «неге сапасыз орындалды?» деп сұралуымыз мүмкін. Сондықтан біз әрқашан жауапкершілікпен және сапалы жұмыс істеуге тырысамыз.

Қоғамның біздің жұмысқа деген көзқарасы жалпы дұрыс. Көпшілік бізді, әсіресе газ саласындағы дәнекерлеу ісінің күрделілігін түсінеді. Әрине, көп адам «темірді жалғап, бітіріп кетеді» деп ойлауы мүмкін. Бірақ менің еңбек жолымда бұл пікірлерді естімеппін. Газ саласында жұмыс істегенде адамдар мұның оңай емес екенін түсінеді, ал бұл бізді қуантады.  

El.kz: Жұмыс процесі кезінде қандай қауіптер жиі кездеседі? Қандай сақтық шаралары сақталуы тиіс?

Мақсат Сәрсенов: Дәнекерлеу процесі кезінде бірнеше қауіптер бар. Мысалы, ең алдымен, қоршаған ортаға назар аударуды қажет етеді. Күн ыстық болғанда, шөптер мен құрғақ өсімдіктер өртеніп кетуі мүмкін, сондықтан олардың жануының алдын алу үшін әрдайым сақ болу керек. Сонымен қатар жұмыс орнында қауіпсіздік техникасын сақтау маңызды.

Дәнекерлеу кезінде біз ацетилен  карбитпен жұмыс істейміз. Бұл химиялық затқа жатқандықтан өте қауіпті,  арақашықтықты сақтау қажет.  

Дәнекерлеу аппаратының маңында майлау жұмыстарын жүргізуге болмайды, себебі май мен оттегінің өзара әрекеттесуі жарылысқа әкелуі мүмкін. Мысалы, слесарьлар кейде жұмыс кезінде кранды майлайды, бірақ сол кезде оттегімен жұмыс жасауға болмайды. Сондықтан аппаратты дайындаған кезде  оның маңында майлы заттар болмауы тиіс, ал құралды тек құрғақ қолмен ұстап, аса абай болу қажет.

Тасымалдау кезінде де қауіпсіздік шаралары өте маңызды. Құрылғыларды немесе жабдықтарды бір-біріне жақын қоймау керек. Мысалы, кейбіреулер дизельдік отын немесе басқа да жанғыш заттарды тасымалдаған кезде оларды оттегінің жанында қоймауы тиіс. Барлық жабдықтар жабық және қауіпсіз жағдайда болуы керек. Себебі ол жерде жоғары қысым бар, ал бұл жағдай да үлкен қауіп тудыруы мүмкін.

Сондықтан дәнекерлеу жұмысы кезінде барлық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет. Жанама қауіптер мен үлкен жарылыстарды болдырмау үшін тексерулер, сақтық шаралары мен қатаң ережелерді орындау өте маңызды.

El.kz: Темірді   балқытып, бір-біріне жалғау үшін неше градус болу керек?

Мақсат Сәрсенов: Газбен жұмыс істеген кезде ацетилен мен карбит қоспасының температурасы шамамен 3700 градусқа дейін жетеді. Ал электрмен дәнекерлеу кезінде температура 7000 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Біз, негізінен, газбен жұмыс істейміз, себебі қала ішіндегі құбырлар әдетте кішілеу болып келеді. Бірақ құбырдың қалыңдығы 5 миллиметрден асқанда, біз электрмен дәнекерлеуге көшеміз. Ал қалыңдығы 5 миллиметрден төмен құбырларға, негізінен автоген әдісімен газбен жұмыс істейміз.

El.kz: Жұмыс кезінде жарақат алу қаупі қаншалықты жиі болады?  

Мақсат Сәрсенов: Иә, дәнекерлеу жұмысы кезінде жарақат алу қаупі бар, бірақ біз оған қарсы барлық сақтық шараларын қабылдаймыз. Әрине, жұмысқа арнайы киімдермен шығу міндетті. Біздің киіміміз көбінесе брезенттен жасалады, себебі олар отқа төзімді әрі қауіпсіз. Синтетикалық маталардан киім кимейміз, өйткені синтетика ұшқын шығарып, жарылысқа себеп болуы мүмкін. Сондықтан киім таза мақтадан болуы керек.

Жұмыс кезінде қауіпсіздік үшін түрлі құралдар мен қорғағыш киімдер қолданамыз. Қолғап киеміз, олар қолды күйіп кетуден қорғайды. Қорғаныш көзілдірік   тағамыз, ол көзге түскен ыстық ұшқыннан сақтайды. Арнайы аяқ киіміз бар, металдан жасалған қақпағы бар болады, ол аяққа түскен ауыр заттардан қорғайды. Кейде темірдің ұшқындарынан қорғану үшін арнайы қорғаныс жабдықтары да киеміз.

Бұл сақтық шаралары жарақат алу қаупін едәуір төмендетеді және біз жұмысымызды қауіпсіз әрі тиімді түрде орындаймыз.

(Фото: Мақсат Сәрсеновтің жеке мұрағаты)

El.kz: Ал тұрғындар тарапынан орынсыз сұрақтар қоятындар бар ма?  

Мақсат Сәрсенов: Ондайлар бар, әрине.  Мысалы, газдың ақауы шыққан кезде алдымен диспетчерге қоңырау түседі, олар авариялық қызметке хабарлайды, бізді жібермес бұрын сол жерді алдымен мамандар тексеріп, газдың шығып жатқанын анықтайды. Ал біз ақауды жөндеуге барғанда кейде тұрғындар шығып, не болып жатқанын сұрайды. Әсіресе газ шығып жатқанына сенбей, «босқа жұмыс жасап жатсыңдар» деп айтып жататындар болады. Біздің мамандар бәрін тексеріп, газ шығып жатқаны туралы белгі қойып кеткенін, біз соны тоқтату үшін жұмыс істеп жатқанымызды айтып түсіндіреміз. Мысалы, бір кейде жерді қазып бастайтын болсақ, тұрғындар тарапынан сұрақ көбейеді.  Көбі: «Жерді неге қазып жатырсыңдар? Мұнда жақында ғана асфальт төсеген ғой?» деп шағымын айтады. Бірақ бұл бізге арналған жұмыс екенін, қауіпсіздік үшін жасалып жатқанын түсіндіруге тура келеді. Әрине, әркім әртүрлі қабылдайды, бірақ біз жұмысымызды сапалы және қауіпсіз орындау үшін бәрін түсіндіруге тырысамыз.

El.kz: Қазу демекші, расымен де бізде алдымен жол төсеп, кейін астындағы құбырларды жөндейді деген пікір қалыптасқан. Осының себебін түсіндіріңізші...

Мақсат Сәрсенов: Бұл пікірдің қалыптасуының себебі мынада: мәселен газ құбыры бір жерде жатыр, бірақ одан кейін су құбырын немесе электр желілерін тарту деген сияқты басқа жұмыстар жүргізіледі . Осы кезде газ құбыры кездейсоқ түртіліп кетуі мүмкін, бірақ бұл байқалмай қалады. Кейін газ шығуы мүмкін, ал асфальт жабылып, бұл оқиға байқалмай кетеді. Газдың құбыр сыртына шығуы - өте қауіпті. Сондықтан асфальтты қайта қазып, газ ағып тұрған жерді жөндеу керек болады. Біз негізінен мұны қауіпсіздік үшін жасаймыз. Осыдан кейін көбінесе «Алдымен асфальт төсеп, содан кейін ғана құбырды жөндейді» деген қате пікір қалыптасып қалады. Осы жағдайды түсіндіру үшін біз көбінесе халықпен жеке сөйлесіп, қауіпсіздік шараларын түсіндіруге тырысамыз.

El.kz: Дәнекерлеу ісі тек ер адамдарға тән деген ұғым қалыптасқаны белгілі ғой. Бұған не едйсіз?

Мақсат Сәрсенов: Жоқ, дәнекерлеу ісімен айналысатын әйел азаматтары да бар. Себебі бұл салада жыныс таңдамайды, яғни ер адам да, әйел адам да айналыса алады. Бірақ кейбір жұмыс түрлері сәл ауырлау болуы мүмкін, ал әйелдер көбіне жеңілдеу жерлерде жұмыс істейді. Дегенмен бұл салада бастысы — біліктілік пен қызығушылық. Егер адамда сол салаға деген құштарлық болса, онда бәрі де қолынан келеді.

El.kz: Жұмыс барысындағы басты ұстанымыңыз қандай?

Мақсат Сәрсенов: Басты ұстанымым — жасаған жұмысыңның таза әрі сапалы болуы. Артынан ешқандай сын айтылмайтындай, міндетті жауапкершілікпен орындау керек. Әр жұмыстың әдемі әрі дұрыс жасалуы маңызды, сонда ертеңгі күні адам мақтана алатындай жұмыс болады. Яғни, мақтау мен риза боларлықтай нәтижені көрсету — менің мақсатым.

El.kz: Жалпы жұмысшы мамандықтарына, соның ішінде дәнекерлеушілерге қандай да бір қолдау бар ма?  

Мақсат Сәрсенов: Иә, қолдау бар. Бізде жұмыстың ауырлығы мен қауіптілігіне байланысты жалақы жақсы. Сонымен қатар денсаулық сақтау үшін түрлі жеңілдіктер бар. Аптасына, айына белгілі бір мөлшерде сүт өнімдері беріледі, денсаулыққа байланысты жыл сайын санаторийге баруға мүмкіндіктер жасалады. Өзге де қолдаулар бар.

El.kz: Демек дәнекерлеуші болып жүріп, бір отбасын асырау толықтай мүмкін ғой?

Мақсат Сәрсенов: Әркімнің жағдайы әртүрлі ғой. Жасаған жұмыстың көлеміне байланысты. Егер ауыр жұмыстар болса, жалақы да жоғары болады. Сондықтан егер жақсы жұмыс істеп, талапқа сай келсе, дәнекерлеуші болып, отбасының жалғыз асыраушысы бола аласың. Менің қазір алып отырған жалақым отбасыма жетеді.

El.kz: Қазіргі жастар бұл мамандыққа қаншалықты қызығады?

Мақсат Сәрсенов: Білмеймін, жастар, әсіресе бойдақ жігіттер көбіне ауыр жұмысты істегісі келмейді.  Олар кеңседе отырып жұмыс істегісі келеді. Бірақ отбасын асырау үшін немесе жақсы табыс табу мақсатында бұл мамандыққа келетіндер бар. Негізінен дәнекерлеу арқылы тұрақты жұмысыңнан бөлек қосымша табыс  табуға да болады. Мысалы, туыстарына немесе достарына көмектесіп, өз жұмысын жасап береді. Әсіресе үйде қақпа, есік немесе өзге де темір бұйымдарына жасау керек болса, жасау түк емес. Сондықтан бұл мамандық сұраныста. Сондықтан қызығатын жастар да жоқ емес.

El.kz: Бұл салада ұзақ жыл жұмыс істеу не маңызды?  

Мақсат Сәрсенов: Бұл салада ұзақ жылдар бойы жұмыс істеу үшін ең алдымен адамға ынта керек. Осы салаға деген құштарлығың болмаса, ұзақ уақытқа шыдау қиын. Жұмыс қиын, ауыр болуы мүмкін. Жастар көбінесе бірінші кезде қиын жұмысқа төзе алмайды, қиындықты сезінеді. Бірақ жұмыс көлемі мен ауырлығы жылдың мезгіліне қарай өзгеріп отырады. Осы саланы таңдап, ұзақ уақыт жұмыс істеуге дайын болу үшін, басты нәрсе – төзімділік, қызығушылық және өз ісіңе адал болу.

El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет!

Жансая Ақбала
Бөлісу: