13 Қазан 2015, 10:16
Көркем шығармаларға өзек болған сондай тұлғалардың бірегейі – Иманжүсіп Құтпанұлы (1863-1931). Көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев: «Иманжүсіп – көз жетер жердегі аса бір әйгілі де асқақ тұлға. Ол бүтін болмысымен аса зерделі суреткер, композитор, ұлы әнші-сазгер. Өзінің бітім табиғаты бойынша – нағыз дала көкжалы. Ол мүлде қайталанбас, қатардағы екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлікке барып, адамдардың жүрегінен күні бүгінге дейін кетпейтін аңызға айналды. Ол өзінің адамгершілік айбынымен, кез келген астамшылық, үстемдікке бас ұрмайтын мінезімен, қалың әлеуметке тізесі батқан кесір-кесапат атаулының қандайына да қасқайып қарсы шығатын қасиетімен әлі талай келер ұрпақтың өкілдерін тамсантатын болады», – деп баға берген Иманжүсіптің кім екенін, шығармашылық мұрасын, дүниетанымын түсіну үшін оның өмір жолына, заманының хал-ахуалына, жүрген ортасына назар аударған жөн.
«Жүз қатыны қазақтың ұл тапса да,
Бәрібір Иманжүсіп бола алмайды!» –
дегендей, ол халқым деп өмір сүрген, ел-жұртын рухани бесікте тербету үшін жаралған сегіз қырлы, бір сырлы сері, дарын иесі. Тағы бірде Әбіш Кекілбаев Иманжүсіптің талантына бас ие отырып: «...Бір өкінішті жай сол, осындай айрықша бітімді ерекше тұлға біздің әдебиетімізде, өнерде өзінің лайықты, көркем бейнесін тауып, тарихшыларымыздың әділ бағасын ала алмай келеді», десе, академик Ахмет Жұбанов: «Иманжүсіптің бар тарихы архивте жатыр. Әлбетте, көп сөз ел ішінде әлі бар. Соларды жинау керек. Иманжүсіптің де күні туады әлі», деп көрегендік танытады.
Қазақ тарихы мен өнерінің бастау қайнарында тұрған сал-серілердің, ірі талант иелерінің бәріне ортақ қасиет – көп қырлылық. Балуан Шолақ, Ақан сері, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай сынды өр мінезді өнер саңлақтарының Иманжүсіп өмірі мен өнерінде сабақтастық, үндестік байқалады. Осы тұлғаларға қатысты жазылған шығармалар соның айғағы.
Иманжүсіп өмірінің, қайсар ерлігі мен тума талантының ең тартымды да тағылымды тобы поэзиялық жанрдағы көркем шығармаларда жасалған. Өлең, арнау, поэма үлгісінде жазылған шығармаларда Иманжүсіп Құтпанұлының алуан түрлі қасиеттері, ол өмір сүрген заман шындығы қамтылады. Оларды тұтастай алғанда, Иманжүсіп өмірінің көркем шежіресі деп сипаттауға болады. Батырдың шежіресін тарататын сондай шығармалардың бірі – Мәнсүр Бекежановтың «Иманжүсіпке хат» дастаны.
Иманжүсіп Құтпанұлы – қазақ халқының бостандық алуы жолында өзіндік үлес қосқан азамат. Оның келер ұрпаққа қалдырған мұрасы да жетерлік. Тек оны әлде де зерттей түсу қажет. Жас ұрпақ осынау тұлғаны пір тұтып, өмірлік идеалына айналдырса, қазақ деген халықтың өсер тұғыры содан бастау алуға тиіс. Ел-жұртының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін өмірін қиған «нағыз дала көкжалы» Иманжүсіп Құтпанұлына қатысты телегей-теңіз мәселені толығымен зерттеп, игеру, жас буын өкілдеріне насихаттау – алдағы күннің еншісінде.
Раушан КӨШЕНОВА