Дала аристократы

25 Қараша 2021, 11:12 3537

 

Абайтану ғылымының ғұламасы, ғалым, ұстаз, ақын, жазушы, драматург, әдеби аудармашы, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедхановтың туғанына – 105 жыл толуына орай еліміздің әр өңірлерінде түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Қайым Мұхамедхановтың көзін көрген, аралас-құралас болған, ерекше құрметтеген замандастары жазған естеліктер сериясын жалғастырғанды жөн көрдік.

 

Ол да бір дәурен еді

 

Бір қарағанда мен Хакеңді (мен Қайымды Қаке деп емес, Хаке деп атағанды жөн көремін) тіпті көптен біледі екенмін. Өткен ХХ ғасырдың 50 жылдарының орта тұсында (сірә, 1955-1957 жылдары болу керек), “Оқу-педагогикалық баспа” (“Учпедгиз”) бір кезде “Мектеп”, қазіргі “Рауан” баспасында редакция меңгерушісі боп жұмыс істегенде көптеген адамдармен жүздесіп, танысып, әңгімелесіп жүрдім. Олар оқулық авторлары, оқу-ағарту ісіне қатысы бар әдістемелік құралдар, қосымша әдебиет түрлері, рецензензиялар сияқтыларды жазатын ғалымдар, жазушылар, оқытушылар, аудармашылар болатын. Солардың бірі болып келе бастаған Қайым Мұхамедхановты алғаш рет, сірә, 1956-1957 жылдары көрдім-ау деймін. Жүзінен интеллектік рең көрінетін, бүкіл бітімінен тектілік пен мәдениеттілік сезілетін орта жастардағы адам бір материал алып келді ме, әлде не аударма бердік пе, не рецензия жаздырдықпа әйтеуір, жұмыспен келіп, баспа бастықтарымен, сондай-ақ тікелей жұмысқа араласатын менімен әңгімелесті. Көп сөз айтпайтын, даурығып сөйлемейтін адам екен. Ал қазақ әдебиетіне, мәдениетіне, тарихына қатысты тақырыптарға сөйлей қалса, бұл салалардағы білімінің, білгірлігінің, түйгенінің байсалдылығы, тереңдігі бірден байқалатын. Ол кезде мен ғалым емеспін, бірақ ғылым дүниесіне енсем-ау деген үкілі үмітім кесілмеген күйде едім. Хакең сияқты білімдарларды бар ынтаммен, қызыға тыңдайтынмын.

 

Сол кезде осы баспада бірге қызмет еткен математик Райымжан Бөкейхановтың да әңгімелерін, әр нәрсе туралы ой-пікірлерін де ерекше санап, аса зор ілтипатпен, сүйіне отырып тыңдап жүрген маған Қайымның әңгімелері одан сайын көп нәрсені ойланта түсті.

 

Көп ұзамай, осы алғашқы кездесуден кейін 3-4 жыл өткен соң 1961 жылы қазақтың әз азаматы ақын, актер Шахан Мусинмен дәм-тұзымыз жарасып, бір отбасын құрып тұра бастағанда, Хакеңмен тағы жүздестім. Құр жүздесіп қойғанымыз жоқ, ең бір жақын туыстай достар, тілеулестер болып табыстық, өйткені Шахаң Қайымды бұрыннан, Семейден білетін замандастар екен. Тағдырластар екен. “16 жол өлең үшін 18 жыл қуылыппын” деп бүкіл жастық шағын Колымада каторгіде және “жер Сібірде” өткізген Шахаң сияқты, Қайым да “идеологиялық бағыты теріс, антисоветтік пиғылдары мен жазғандары үшін” бірнеше рет түрмеге түсіп, бірнеше жылға жер аударылып, кеңестік кезең саясатының жазықсыз құрбаны болған адам екенін алғашқы таныған кезде естіген едім де, бұл кісі менің әкеммен тағдырлас жандардың бірі деп біліп, іш тартып жүретінмін. Енді жан жолдасыммен дос, жерлес, тағдырлас жақыны болып шыққан соң, мен Хакеңді туысымдай жақын тарттым. Енді тек кездесіп амандасумен шектелмедік. Қайым Семейден Алматыға жұмыс бабымен жиі келіп тұратын еді. Келген сайын біздің үйге түсетін. Шахаң үшеуіміз дастарқан басында түнімен ұзақ отырып, әңгіме шертетінбіз. Әрине, әңгіме айтатын, сыр шертетін екі дос болатын: ортақ таyыстары туралы, өнер мен өлең-әдебиет туралы, халқымыздан атақты аяулы адамдары, олардың ішінде Қайым жақын жүретін ұлы Мұхаңмен (Мұхтар Әуезов) және басқаларымен бірге болған сәттері және олардың әңгімелері жайында айтатын. Мұндайда Хакең көп әңгімені әдемі әзілмен, сәл күлкілі оқиға етіп ұсынатын. Қазақ республикасының гимнінің мәтінін жазған – Қайым Мұхамедханов болғанымен, оның қасына өзге атақты авторларды қосақтағанына қарсы болмауды кімнің қалай үгіттегенін, әсіресе Мұхаңның (Әуезовтің) бипаздап айтқан ақылын сәл жымиып қойып, үзіп-үзіп күліп қойып, Мұхаңның даусы мән сөйлеу мәнерін салып айтып беретін еді. Шахаң екеуіміз мәз болып күлісіп алатынбыз. Ол да бір дәурен еді...

Хакеңнің Алматыға сондай бір келістерінің бірінде оны жақсы танымайтын кейбір дос-жарандарымызға (олардың көбі, әрине, менің “подругаларым” мен олардың күйеулері, туған-туысқандарым болғаны есімде) таныстырғымыз келді ме, әлде әдеттегі қонақжайлық шақырыстардың бірі болды ма - әйтеуір, үйге біраз адамды жинадық. Дастарқанға отырып, 2-3 тост айтылып, бір-бірлерімен таныса бастаған кезде, қонақтардың біреуі Хакеңді білетінін айтып, оны 10 баланың әкесі деп мақтана таныстырды, қонақтардың енді бірі тұрып, Хакеңнен кішкентайларыңыз (сірә, кенжелеріңіз дегісі келді-ау деймін) нешеде деп сұрапты. Мен ас үй жақта дастарқан мәзірін әрі қарай жалғастыру қамымен жүргенмін. Бір уақытта: “Рабиға!” - деп шақырған Хакеңнің даусы шықты. Жүгіріп келсем: “Біздің кішкентайымыз нешеде?” деп менен сұрамасы бар ма?! Жұрт ду күлді. Мен сұраған соң жауап беру керек дедім бе екен, сасып қалдым ба, әйтеуір, құдай оңдағанда, Хакең мен Факеңнің кішкентайларының нешеде екенін дәл білетін адамдай, “пәлен жаста” деп едім, қонақтар одан сайын мәз болды. Дәл сол сәтте оларға Хакеңнің 10 баласын мен тауып бергендей көріндім-ау деймін. Хакең де жұртты бұлайша күлдірейін демеген болар. Күнделікті күйбең тірліктен жоғарырақ жүретін, балалардың жасы сияқты өздерінен басқа өзгелерге аса қызық емес нәрселерге көп мән бермейтін Қайым қонақтардың күтпеген сұрағына табан астында жауап беруді өзім көріп, жақын туысқандай санап, менен сұраған болар. Өзі де күлді, мен де мәз болдым. Бірге өткізген көңілді сәттердің ол да бір дәурені екең. Бұл күнде осы кеш куәлерінің көбі жоқ. Өмір шіркін солай!

 

Қайыммен өткен ғасырдың 60-70-жылдарында жиірек кездесіп, әңгіме-дүкен құрған кездерден және бір сәт есімде қалыпты. Әңгіме ғылым туралы, шығып жатқан еңбектеріміз жайында болды ғой деймін. Біздің үйде, дастарқан басындамыз. Менің жарық көрген еңбектерімдегі бір пікірім дұрыс екенін айтты, ол Бұхар жыраудың Түркістан өңірінде тұрған (не туып-өскен) болуы керек дегенді тілдік фактілерге сүйеніп айтқан болжамым еді. Мұны мен “Қазақ әдеби тілінің тарихы (ХУ-ХІХ ғғ.)” деген оқулық-монографиямда айтсам керек. Мені қуантқан Хакеңнің оң бағасы ғана емес, оның тілге қатысты еңбектерді де мұқият қарап, оқып-біліп отырғандығы. Біздің бір олқылығымыз – әдебиеттанушылардың еңбектерін тіл мамандары немесе, керісінше, бір-бірімізді көп оқи бермейтіндігіміз. Әсіресе, әдебиеттшілер үшін тіл білімі өзге мамандықтарды қызықтыра қоймайтын салқындау дүние болып көрінеді-ау деймін. Әйтпесе көркем әдебиет пен тіл – егіз қозыдай қатар, бірінсіз бірі жоқ дүниелер деп ұлы Мұхаң (Әуезов) бекер айтқан ба! Демек, жазғандарымды Қайым Мұхамедханов сияқты мықты әдебиетінің оқып жүргені, кейбір талдауларым мен ой-толғамдарыма зер салып жүргендігі, әрине, мен үшін бір ғанибет болып көрінді. Сол кеште ғой деймін (естелік-күндерек жазып жүрмегеннен кейін өмірде болған көптеген сәттердің уақытын, кездескен, әңгімелескен адамдардың аты-жөндерін дәл айта алмай жатамыз) Хакең ойынды-қалжыңды және бір пікірін білдірді. Оның айтқаны - “жазған еңбектеріңнің бәрі тарихта қалар-қалмас, бірақ бір кітабың сөзсіз қалады, ол қазақ тілінің емлесі мен тыныс белгілерін түсіндіріп берген “Анықтағышың”. Бұл еңбегің менің жазу үстелімнің үстінен түспейді, күнде-күнде пайдаланып отырамын”, - демесі бар ма!

 

Әрине, “ғылыми еңбектерімді мансұқ етті-ау!” деп түсінгенім жоқ, аңғарғаным - Хакеңнің жазу сауаттылығына, үтір, нүктелерді дұрыс қою керектігіне үлкен мән беретіндігі. Бұл – нағыз ғалымның бірінші белгісі және қазақ тілінде еңбек жазып жүрген өзге замандастарының тәжірибесінде көп кездеспейтін қасиеті. Бұдан бір ой түйіп қойдым.

 

Еске алатын ең соңғы бір сәт – 1986 жылы Қайым Мұхамедхановтың 70-жылдығын Семейде, Семей педагогикалық институтында атайтын мерекелік жиынына мең өз қалауыммен Айман Алдашева деген бір жас шәкіртімді алып, қақаған қыста Семейге барғаным, отбасымыздың, яғни Шахаң (Мусин) екеуіміздің атымыздан иығына шапан жауып, құттықтағаным. Сол салтанат жиында Хакеңнің өмір жолы мен ғалымдық, ұстаздық еңбегі туралы Институттың оқытушысы, менің әріптесім (тіл маманы) Қинаят Шаяхметовтің аса бір танымдық, бағалауыштық сипаты зор, әсерлі де нанымды баяндамасы мен өзге құттықтаушылардың сөздерінен Хакең хақында бұрыннан білем-ау деп жүргендерімнің үстіне жаңадан мағлұматтар алып тани түстім, сүйіне түстім, осындай замандасымыз, әріптесіміз, тілеулесіміз, досымыз бар деп мақтана түстім, марқая түстім. Әрине, Хакенді тек еңбектері арқылы немесе Алматыға келіп-кетіп жүргенінде жүздескеніміз арқылы ғана емес, үй іштерімізбен араласып, дастарқандарымыздан дәм татысып жүрген кездерден жақсы білгенмін.

 

1963 жылдың жазы ғой деймін, Шахаң мені туып-өсіп, оқыған, үлкен өмірге алғашқы қадам басқан жері – Семейді көрсетейін, Ертіске пароходпен жүрген жастық шағымды көз алдыңа келтірейін, туған өлкем – Павлодарға дейін апарайын деп, балаларды алып жол тарталық. Семейге ұшақпен барған сияқтымыз, Хакең қарсы алды. Үйіне түсіп, жуынып-шайынып, шайымызды, тамағымызды ішіп, қонақ үйге жайғастық. Бір-екі күннен соң кемеге мініп, Павлодарға тарттық. Шахаңның көңілі бірақ осы жолы шалқи алмады: бұрынғы әсер қалмапты, кеменің де сән-салтанаты өзгеріпті. Дегенмен, кемемен жол жүріп көрмеген мені мен балаларға жол сапар қызық болып өтті.

 

Семейде аялдаған екі-үш күнде тағы да Хакендікінде қонақта болып, Факеңнің қолынан шыққан дәмді тағамдарды жеп мәз болдық. Фәкең – Қайымның  өмірлік жан жолдасы, алтын айдар ұлдары мен қырмызыдай қыздарының анасы – аса бір байсалды, аз сөзді, сүйкімді жан еді. Өзі де, жаны да сұлу екенін бүкіл болмысы, сөзі, балаларының тәрбиесі паш етіп тұратын. Хакең айдау-сүргінде жүргенде, балаларын жүдетпей, бағып-қағып, оқытып, тәрбиелеп отырғанының өзі не тұрады! Хакеңнің өз басын зор тұтып, қадірлеп тұратынын айтсаңшы!

 

Соның нәтижесінде балалары да “Мұхамедхановтар” де генфамилияны жоғары, биік ұстап, ат атандырып, сүйек сындырмай келеді. Барлығы да жоғары білімді, хал-қадарларынша білімдері мен қабілеттеріне орай қызмет етіп, өмірден орындарын алып отыр. Бұл да – бір үлгі тұтарлық, сүйсінерлік еңбек, Хакеңмен бірге Факеңнің де еңбегі.

 

Тағдыр маған Семейде, Қарауылда 1995, 1997 жылдары ұлы Абайдың 150 жылдығы мен ұлы Мұхтар Әуезовтың 100 жылдығына арналған салтанатты жиындарда Хакеңмен тағы дабірге жүріп-тұруды, әңгімелесуді жазды. Сол баяғы, отыз жылдай бұрын көрген Хакеңім жымиып қойып, әсем астарлы әзілімен бір нәрсе туралы ақырын сөйлеп кететін Хакең, сол баяғы дала аристократы, сол баяғы үлкен интеллект иесі екені аңқып тұратын Хакең. Ол сәттер де бір дәурен екен. Естен кетпес, еске алар кезеңдер екен. Енді айтарымыз – халқымыздың Хакеңдей, Қайым Мұхамедхяновтай әз ұлының, яяулы азаматының, айтулы ғалымының, ақылман ұстазының атын асқақтатып, келесі ұрпақтарға үлгі-өнеге етіп ұсына білсек, ұғына берсек, еңбектерін әлсін-әлсін жариялап, көпшілік қолына ұстата түссек, аруағына бас иіп, тәу етіп жүрсек деймін.

 

Рәбиға Сыздық,

тіл маманы, ҚР ҰҒА-ның академигі

Алматы, көкек 2005 ж.

 

 

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: