Дүйсенова СҚО-ға оңтүстіктен көшкентұрғындардың жағдайымен танысты

12 Тамыз 2022, 06:36 927

Келлеровка ауылында қалу туралы шешім қабылдаған барлық қоныс аударушы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Келлеровка ауылында болып, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру аясында өңірге оңтүстік облыстардан көшіп келген азаматтардың өмір сүру жағдайымен танысты, деп хабарлады EL.KZ.

Тамара Дүйсенова Тайынша ауданы Келлеровка ауылының активімен кездесу өткізді, оның барысында Мемлекет басшысының әлеуметтік-еңбек саласы, халықты әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту шаралары жөніндегі тапсырмаларын іске асыру туралы айтты.

Министр сондай-ақ еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру аясында республиканың оңтүстік өңірлерінен СҚО-ға көшіп келген ауыл тұрғындарын аралады.

2016 жылдан бастап, жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге азаматтардың ерікті түрде қоныс аударуы бойынша шаралар іске асырыла бастағаннан бері Солтүстік Қазақстан облысына 287 отбасы (959 адам), оның ішінде 2022 жылдың басынан бастап 25 отбасы (94 адам) көшіп келді. Келлеровка ауылдық округіне 22 отбасы (85 адам), оның ішінде осы жылы – 4 отбасы (17 адам) келді.

Келлеровка ауылында қалу туралы шешім қабылдаған барлық қоныс аударушы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Еңбекке қабілетті жастағы 34 қоныс аударушының 23-і тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, 5 адам өз ісін ашты, 6 адам бала күтімімен және үй шаруашылығын жүргізумен айналысады.

Қоныс аударушылар отбасыларының балалары балабақша мен мектепке орналастырылған.

Қоныс аударушылардың өмір сүру жағдайымен танысқан Тамара Дүйсенова еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шеңберіндегі шараларды іске асырудың оң нәтижелерін атап өтті.

Бастапқыда бұл шаралар Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде көзделген болатын, биылдан бастап олар «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылуда. Ерікті түрде қоныс аудару екі мәселені шешуге мүмкіндік береді: өз өңірлерінде жұмысқа орналаса алмаған қазақстандықтарды жұмыспен қамтамасыз ету және жұмыс берушілерді қажетті еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету. Келлеровка ауылының үлгісінде қоныс аударушылар үшін жақсы өмір сүру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалғаны байқалады, – деді Еңбек министрі.

Естеріңізге сала кетейік, өңіраралық ерікті қоныс аударуға жұмыс іздеп жүрген адамдар, жұмыссыздар және олардың отбасы мүшелері қатысады.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасымен (бұдан әрі – ұлттық жоба) Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары, сондай-ақ Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалалары қоныс аударушылардың шығу өңірлері болып айқындалды. Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдау өңірлері: Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары.

Ұлттық жоба шеңберінде ерікті түрде қоныс аударуға қатысушылар үшін субсидиялар түрінде мынадай мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады:

- отбасының әрбір мүшесіне көшуге 70 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем (2022 жылы-222,6 мың теңге);

- тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығындарын жабу үшін төлем 1 жыл ішінде ай сайын төленеді. Төлем мөлшері қалаға қоныс аударғандар үшін бір адам үшін 20 АЕК - тен (61,3 мың теңге), отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп адам болса 30 АЕК-ке (91,9 мың теңге) дейін, ауылдық жерлерге қоныс аударғандар үшін – бір адам үшін 15 АЕК-тен (45,9 мың теңге) бастап, отбасы мүшелерінің саны бес және одан көп болса 21 АЕК-ке дейін (64,3 мың теңге) құрайды.

Ерікті қоныс аударушыларға жұмыс орындары және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің басқа да шаралары ұсынылады.

Өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа орналасқан және тұрғын үймен қамтамасыз етілген әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Сондай-ақ, мемлекет жұмыс берушілерге қоныс аударушылар үшін ауылдық жерлерде жаңа тұрғын үй салуға жұмсалған шығынның 50% - на дейін субсидиялайды.

EL.KZ
Бөлісу: