«Дүйсенбі, сейсенбі» сөзінің не мағына беретінін білесіз бе?

31 Шілде 2014, 10:17

«Кітапхана», «аспазхана», «дәріхана» сөздеріндегі «хана» жұрнағы парсыша «үй» деген мағынаны білдіреді.

«Кітапхана», «асхана», «дәріхана» сөздеріндегі «хана» жұрнағы парсыша «үй» деген мағынаны білдіреді. Сонда, «кітапхана» - кітаптар үйі, «асхана» - ас үй деген сөз. Ал апта атауларының не мағына беретінін білесіз бе?

«Сенбі» сөзі арабша «шаббат», «әл-саббат» сөздерінен шыққан, түп мағынасы «демалыс, тынығу» дегенді білдіреді. Мұсылмандар мен яһудилерде сенбі аптаның бірінші күні болып саналады. Жексенбі – «иек+шанбе», дүйсенбі – «Ду+шанбе», сейсенбі - «се+шанбе» деген екі сөздің қосылуынан пайда болған, бұл жердегі «иек, ду, се» сөздері парсыша «бір, екі үш» деген сан атаулары.

Жалпы, қазақ тілінде араб, парсы тілінен енген 3000-нан астам сөз бар екен. Солардың бірнешеуіне тоқтала кетейін:

-         бану – қыз, әйел

-         ханзада сөзіндегі «зада» жұрнағы – ұлы, перзенті

-         «Дешті Қыпшақ» тіркесіндегі «дешті» сөзі «дашт-е» - дала  

-         аптаны сөзі «хафте», «хафт» - жеті

-         пешене – маңдай

-         бишара, бейқам сөздеріндегі «би, бей» жұрнақтары қазақ тіліндегі «сыз, сіз» жұрнақтарымен пара-пар, сонда «шарасыз», «қамсыз»

-         Гүлзипа, Меңзипа аттарындағы «зипа» жұрнағы парсыша «зиба» - әдемі, сұлу

-         ғұмырнама сөзіндегі «нама» жұрнағы «наме» - хат деген мағынаны береді.

VIII ғ. бергі кезеңдердегі тарихи ескерткіштердің барлығында араб және парсы сөздерінің кездесетіні заңды құбылыс. Бұның себебі орта ғасырда  ислам дінінің  орнығуына байланысты араб элементтері түркі тілдеріне көптеп ене бастады және шығыс мәдениетінің өрлеу кезінде (XIV-XV ғғ.) ғылыми және әдеби шығармаларды араб және парсы тілінде жазу дәстүрге айналған еді. Сол себепті олардың тілімізде игерілгендігі соншалық кейде оның кірме сөз екендігін ажырату қиындық туғызатын жағдайларға жеткен деп айтуға болады. Мұндай жайттар тілші ғалымдарға белгілі болмаса қарабайыр халыққа белгісіз. Өйткені сонау көнеден қолданыста орын алған сөздер табиғи жағынан да сөздік қорға сіңісіп кеткен. Бұл жөнінде Қ.Жұбанов «арабтар мен қазақтардың арасындағы тікелей байланыс болмағанымен өзіндік қоғамдық қарым-қатынастардың нәтижесінде қазақ тіліне енген араб-парсы сөздері өзгеріссіз қалуы мүмкін емес, оның бір бөлігі араб-парсы кірме сөзі екендігін ажырату қиын болатындай дәрежеге жеткен» -дейді.

Шындығында, кірме сөздер тілімізде түрлі формада еркін жайғасты және бізде оларды еркіне жібердік. Қалай дегенде де мұндай сөздер тілімізде кеңінен қолданылып келеді. Олар бүгіндері қатар қолданылмаса да бірі ауызша тілде, екіншісі жазбаша тілде орын алған. Ең болмаса солардың мағыналарын біле жүрейік.

Бөлісу: