Дәстүрлі аңшылықтың тәсілдері

26 Тамыз 2014, 13:30

Қазақ даласында аңшылық жеке адамның кәсібі ретінде де, бүкіл ру-қауымның айналысатын кәсіп ретінде де дамыды. Көпшілік болып аң қағу ісінде, әсіресе, аран құру тәсілі көп қолданылды.

Қазақ даласында аңшылық жеке адамның кәсібі ретінде де, бүкіл ру-қауымның айналысатын кәсіп ретінде де дамыды. Көпшілік болып аң қағу ісінде, әсіресе, аран құру тәсілі көп қолданылды. Аңдарды арандату үшін табиғи ландшафттың қолайлы рельефін пайдаланды. Ол үшін аңдарды қаумалап, ұрандатып, алдын ала белгіленген алдыңғы жағы ғана ашық, аңдар секіріп өте алмайтындай үлкен сай немесе жыраға кіргізіп, оларды шалмамен ұстап немесе садақпен, бертін келе мылтықпен атып алатын болған. Үстіртте қазірге дейін кездесетін жан-жағы аң өте алмайтындай үлкен жыра бұрын аран ретінде қолданылған болуы мүмкін.

Кезінде Ш.Уәлиханов атап кеткен Іле мен Тарбағатай арасындағы ізі анық көрініп жатқан үлкен ұра да сондай аранның функциясын атқарған сияқты. Көп шығынды қажет ететіндіктен, қазақтың бәрі бірдей аң ауламаған. Өйткені, аң аулау үшін жүйрік тазы, берен мылтық, қыран бүркітті табу өз алдына, оларды ұқсатып ұстау үлкен шығынды қажет етті. Сондықтан, аңшылықпен бай және орташа ауқатты қазақтар айналысты. Олар үшін аң аулау мәртебелі харекет болды.

Қазақы жіктеу бойынша, қару мен сайманның көмегімен аң қағуды А. ал, ит пен жыртқыщ құстардың көмегімен аң түсіруді саятшылық деп аталады. Аңшылықтың тазымен аң қағу, саят, сонар, салбурын деген сияқты түрлері болды.

Ресей отаршылығы күшейген заманда аң ату құралдарының нелер жетілген түрлері кең таралуына байланысты дәстүрлі аңшылықтың біраз түрлері өзінің кәсіптік маңызын жоғалтты. Мысалы, аңшылықтың ежелгі тәсілдерінің бірі құс пен құмай-тазымен аң аулау қызыққуар, ермектік мәні бар ғана харекет болып қалды.

Дәстүрлі аңшылықтың тәсілдері сан алуан: құм қақпан, тас қақпан құру, орға жығу, індету, қысаңға қамап, сойылмен ұру, тұзақ, абақ, шаншу, атқы, баспа, ау, тор, ат үсті нен сойыл-шоқпармен соғу және т.б. қарапайым қолжетімді әдістер деген сияқты. Бұл тәсілдер үнемі толығып, жетілдіріліп отырды. Және бұл қарапайым тәсілдердің біразы күні бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ.

Мылтық ұстаған аяғына сүйеніп атып алады,

Бүркіт салған қызығына батып алады.

Ит жүргірткен шалқасынан жатып алады,

Қақпан салған сілесіне қатып алады, – деп келетін өлең жолдары қазақы аң аулаудың өзіндік ерекшеліктерін бейнелейді.

Аңшылық түрлері: бірінші түрі – топ болып аң аулау. Аңшылық маусымында иен далаға ұжым болып аттанып, ондағы барлық аңшылар өздерінің құстарымен, тазыларымен ұзақ уақыт бойы аң аулаған. Аңшы топта тіпті, әнші-күйші, көңіл көтеретін ақын, сайқымазақ, сал мен серілер де аңшылармен бірге сан алуан қызыққуарлық шаралар атқарды. Олармен дабылшы, атшы, ыспар қазаншы және т.б. сияқты қызмет көрсететін адамдар бірге аттанды. Мақсаты – әрі қыстық соғымның қорын көбейту, әрі серуен құрып, көңіл көтеру.

А.-тың екінші түрі – жеке аң аулау. Бүркіт, мылтық, иттері бар орта ауқатты қазақтар А.-пен қызық қуарлық үшін ғана емес, күн көріс қамы үшін айналысты.

Аңды құрал-сайман көмегімен аулау – аң аулаудағы құрал-саймандар және осыған байланысты қолданылатын тәсілдер. Аң аулау әдісінің түрі көп және аулайтын аңға байланысты өзіндік түрі, тәсілдері және қажетті құрал-саймандардың қолданылуы да әр алуан болып келеді. Аң мен құсқа байқамайтындай етіп құрылатын қарапайым қылтұзақ, қақпан, темір қақпан, қолқақпан, қандыауыз деген түрлері болды. Және қызметі қақпанға ұқсас болғанымен, мүлдем басқа тәсілдерге саналатын тасқақпан, құмқақпан, ағашқақпан, орқақпандармен де аңдарды түсіріп отырды. Таулы өңірде аюға басқы (бастырық, баспа) құрды. Сондай-ақ, улы шөптерден жасалған умен улау немесе у салу ірі жыртқыш аңдарды аулау үшін қолданылды. Жолбарыс аулаудың қауіпті тәсілі – кереге құрып аулау қазақтар арасында тарады. ХІХ ғ. екінші жартысында қазақы ортада мылтықпен аң аулаудың түрі кең тарағанына қарамастан, садақ пен зақпы мылтық қарапайымдылығына байланысты өзінің қолданыстық маңызын жоғалтқан жоқ.

Аңды ұрып алу – аңшылықтың қарапайым түрі. Тазы ерткен аңшы қолына шойыл, шоқпар, дойыр сияқты ұру құралдарымен қаруланып, жүйрік атқа мінеді.

Аң аулауға өрімі жуан, дойыр, өзегіне қорғасын қосып өрген сабы ұзын бұзаутіс және дырау қамшылар аң ұруға аса қолайлы болды. Балуан Шолақтың дойыр қамшысы «қашқан қасқырды қуып жетіп, онымен жоннан тартқанда, қабырғаларының көбесі, омыртқалары сөгіліп кетеді екен. Қашаған жылқылардың қандайы болса да, қабырғаларын қуалай тартып өткенде етпетінен түсетін көрінеді», – деп жазды С.Мұқанов. Саятта, ұрыс- соғыстарда қамшымен олжа түсірген қамшыгерге өзіне тиесілі олжаның сыртында «қамшы сыбағасы» деген ар- найы олжа берілген.

 

Аңды ұрып алу. В.В.Каптерев. ҚР МОМ қорынан (КП 17451/1).

Жыртқыш, күшті аңдарға шоқпарды қолданды. Аңшылыққа арналған шоқпарды тасжарған, қайың, терек сияқты берік ағаштан басын домалақтап, сабын қысқалау етіп жонып, малдың майына суарып (қайнатып) дайындайды. Түйе терісімен қаптаған босмойын шоқпар, алты-сегіз қырлы шоқпар, тақымға басатын сапты шоқпар, жең ішінде жүретін жең шоқпар деген түрлері болды (толығырақ қ. Шоқпар). Берік ағаштан, басын жуандау, сабын ұзын етіп жасаған шоқпардың бұл түрлері аңды қуып жетіп талмау жерінен ұрып түсіруге қолайлы болды. Шоқпардың да, сойылдың да ұзындығы тұтынушының бойынан аспауы тиіс. Реті келсе, терісін бүлдірмеу үшін аңды соққан кезде тұмсығынан ұруға тырысады.

 «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу: