Дәрігерлік мамандық – бұл ерлік

17 Маусым 2022, 15:33 4171

Eлiмiздe мaусымның əр үшiншi жeксeнбiсi – мeдицинa қызмeткeрлeрiнiң күнi. Oсы aтaулы күнi aдaм жaнының aрaшaшысы, aқ хaлaтты aбзaл жaндaрғa aрнaйы құрмeт көрсeтiлiп, eңбeктeрi eрeкшe eлeнeдi. Бұл күні әскери медицина қызметкерлеріне де құрмет көрсетіледі. Қоғамның қай саласында тер төгіп жүрсе де, ақ халатты абзал жандардың еңбегі дәріптеліп, құрметтелуі тиіс.

Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы бір тарихи датаға орай Қарулы Күштердің офицері, денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымының магистрі, медицина қызметінің подполковнигі, Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясына еліміздің тарихында алғаш қатысушы – бітімгерші әскери-дәрігер Саулет Қалдашов Мұқарапұлымен жүздесіп, көкейімізде жүрген сұрақтарға жауап алдық.


– Әскери-медицина қызметіне қалай келдіңіз? Бұл салаға отбасыңыз қалай қарады?

– Сауалыңызға рахмет! Менің әскери медицинаға келуім Алматыдағы биология және химия пәнін тереңдетіп оқытатын қазақ-түрік лицейіне оқуға түсуімнен басталды. Әр облыстан үздік оқушыларды іріктеп, қабылдау басталғанда маған да ұсыныс түсті. Ата-анамның қолдауымен Қызылорда облысынан Алматыға келіп, медицина университетіне қабылдандым. С.Ж.Асфендияров атындағы медициналық университетіндегі оқытушылардан терең білім алып, өмірімді түбегейлі осы салаға арнаймын деп шештім. Сөйтіп, бала кезімде сәулетші, заңгер боламын деген арманымның орнын дәрігерлікпен ауыстырдым. Әрі қарай, медициналық университеттің «емдеу ісі» факультетінде оқып, медицинаның қыр-сырын үйреніп, үздік студент ретінде әскери кафедраға қабылдандым. Кеңес Одағы кезінде Ауған жерінде, кейін Тәжік-Ауған шекарасындағы қазақстандық контингент құрамында әскери қызметте болған әскери-дәрігер офицерлерден тәлім алып, біртіндеп әскери медицинаға қызыға бастадым. Университетті тәмәмдаған соң, үлкен ғалым-оқытушыларым университет қабырғасында қалып сабақ беріп, ғылыммен айналыс деп бірнеше рет ұсыныс жасады. Ол кездері мен өз жатақханамның студенттік кеңесінің төрағасы, өз тобымның старостасы болып, университеттің қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген кезім болатын. Бірақ, алдымен тәжірибе, сосын ғылымға келемін деген оймен, осы алған білімімді, дағдыларым мен машықтарымды әскери медицина саласында қолданып көрейін деген ниетпен әскери кафедра оқытушылары мен әкемнің кеңесін тыңдап, Қарулы Күштер қатарына қосылдым.


–  Қарапайым дәрігер мен әскери дәрігердің қызметінің айырмашылығы неде? Әскер мен медицина бағытын бірдей алып жүру қаншалықты қиын?

– Бұл сұрағыңыз өте маңызды деп есептеймін, өйткені көпшіліктің көкейінде жүрген сауал болуы мүмкін. «Әскери-дәрігердің» қарапайым дәрігерден айырмашылығы – қандай жағдай болмасын біріншіден, әскери адам ретінде иығына қару асынып елін және қасындағы жауынгерлерін жау оғынан қорғай жүріп, екіншіден басын қатерге, кеудесін оққа тігіп, қолына дәрігерлік сөмкесін алып, жарақат алған сарбаздардың жанынан бірінші болып табылып, алғашқы медициналық немесе дәрігерлік көмек беретін маман.


Әскери қызметшілердің дендерінің саулығы басты басымдыққа айналды, «неге дейсіз ғой?», өйткені, дені сау азамат қана қолына қару алып, ел қорғаны бола алады. Бұл ұлттық қауіпсіздігік пен әскерлердің жауынгерлік дайындығының негізгі элементі ретінде қарастырылады. Әскери дәрігер үнемі рухани және физикалық жағынан мықты, қиын да қатерлі жағдайларға әбден шыңдалған, әскери атыс қаруы болсын, саптық дайындығы болсын, барлық жағынан жан-жақты, бір сөзбен айтқанда «әмбебап» болуы тиіс.

–  Әскери-медицина маманы ретінде шетелдерге жиі әскери миссияңызды орындауға барасыз. Осы уақытқа дейін ерекше есіңізде қалған оқиғалар мен жайттар болды ма?

– Ия, қызмет бабымен біліктілікті көтеру мақсатында шет мемлекеттерде болдым. Ең маңыздысы деп 2019 жылы Ливан Республикасындағы «Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы Уақытша Күштері» деп аталатын бітімгершілік миссиясына барған сапарымды айтар едім. Екінші есте қалған сапар – әскери дәрігер және тыл маманы ретінде қазақстандық бітімгер ротамен бірге «Үнді Қазбат» батальоны штабының тыл бөліміне барғандағы бітімгершілік қызметім деп айтсам болады. Ерекше есімде қалған жағдайлар баршылық. Өз басым еліміздің тарихын оқып-білуге құштар адаммын. Тілімізді, ділімізді, салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызды жастарға дәріптеп жүремін. Өскелең ұрпақты Отаншылдық рухқа тәрбиелеу керек деген ұстанымдамын. Ата-бабаларымыздың елім, жерім деп жасаған ерлік істерін насихаттаудан жалыққан емеспін. 2019 жылдың қазан айында Ливандағы тыныштық аяқ-астынан бұзылып, қарапайым халық Үкіметке қарсы ереуілге шыққан аумалы-төкпелі кез еді. Жұрт наразылық білдіріп, күні-түні көшеде айқай-шу басылмай, біз жүретін жолдар бөгеліп жатқан сәт еді. Осы әрекеттер БҰҰ-ның бітімгер әскерінің күнделікті миссиясын атқаруына өз кедергісін келтіріп, өмірлеріне қауіп төне бастады. Жолдарды бұғаттап тастағандықтан уақытылы шекараны патрульдеу, ондағы болып жатқан жағдайды бақылау жұмыстары қиынға соқты.

Міне осы жағдайда менің міндетім өз әскерилерімізді азық-түлікпен, сумен қамтамасыз ету болды. Алайда елдегі тұрақсыз жағдай мен ереуіл біздің жұмысымға кедергісін келтірді. Осы бір сындарлы сәтте жергілікті халықтың арасындағы беделді тұлғалармен тілдесіп, БҰҰ бітімгершілері ретінде мақсатымыздың оң екендігін растап, әскери қызметшілерімізге қажетті тағам мен суды апаруды оңтайлы шештік. Қалай шешті десеңіз, біздің Сұлтан Бейбарыс бабамыздың абырой, беделі, қадір-қасиеті оң әсерін тигізді. Жергілікті халыққа біз осы бабамыздың ұрпағы екендігімізді, батыр бабамыздың ізімен осы елге тек бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға көмекке келгенімізді айттық. Бабамыздың есімі осы Араб мемлекеттеріне әйгілі тұлға екені белгілі. Мұны естіген жергілікті халық, бізге оң қарап, құрмет көрсете бастады.

– Биыл Қарулы Күштердің құрылғанына 30 жыл толып отыр. 30 жылда әскери медицинаның жеткен жетістігіне тоқтала кетсеңіз. Әскери медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша қандай іс-шаралар жүзеге асады?

– Қазақстан өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған сәттен-ақ, Елбасымыздың Жарлығымен 1992 жылы еліміздің қорғаныс әлеуетін қамтамасыз ету үшін Қарулы Күштерімізді құруға кірісті. Осы тұста, елдің тұтастығы мен егемендігі мызғымас тыныштығын қамтамасыз ететін әскерилер бейбіт және соғыс уақытында жан-жақты медициналық көмекпен қамтамасыз ететін әскери медицинаны қалыптастыру қажет болды.

Мақсатымыз – әскеріміздің жоғарғы жауынгерлік қабілетін қамтамасыз ету үшін әскери қызметшілердің, яғни офицерлер мен сержанттардың, сарбаздардың өмірі мен денсаулығын сақтау және оны нығайту!

30 жылда әскери медицина бірнеше рет өтпелі кезеңдерді басынан кешірді. Әскери медицина бір күнде өздігінен құрыла салған жоқ қой. Әскери медицинаны аяқтан тұрғызып, жаңа жүйені қалыптастыру Қарулы Күштеріміздің реформалануы жағдайында әрі еліміздегі қиын әлеуметтік-экономикалық кезеңіне тап келді. Жаңа бастаманың басында тұрған тың өзгеріс пен уақыт ұттырмай шешетін мәселелер әскери медицинаның даму сапасына өз кедергісі мен салдарын тигізбей қоймады.

Осы тұстан бастап, әскери доктрина мен басқарма құжаттарының талаптарына сәйкес, жаңа толқынның көзқарастарымен, әскери медицинада күрделі құрылымдық өзгерістер жасадық. Нәтижесінде, әскери қызметшілеріміздің, олардың жанұя мүшелерінің және зейнеткерлеріміздің денсаулықтарын сақтау мен нығайтуда мобильді, жылдам, шағын медициналық кешендер және жаңа заманауи құрал-жабдықтармен, жоғары кәсіби мамандармен жабдықталған әскери-медициналық құрылымдар құру сынды қыруар жұмыстар атқарылды.

Әскери медициналық персоналдардың дипломнан кейінгі білімдерін жетілдіру, өзімізге қажет мамандықтар бойынша оларды қайта даярлау, онымен қоса, білім алудың алғашқы сатысынан бастап дайындау бағытында болашақ медицина қызметінің офицерлерін алыс және жақын шет елдердің әскери-медициналық оқу орындарына жіберіп оқытуды қолға алдық.


Бәсекеге қабілетті әскери медицина қалыптастыру мақсатында, Денсаулық сақтау саласындағы реформалардан қалыс қалмай әскери медицинаны цифровизациялау, олардың медициналық ақпараттық жүйесімен интеграциялану, әскери-медициналық мекемелердің (бөлімшелердің) инфрақұрылымдарын жаңарту, олардың ұйымдастырушылық-штаттық құрылымын жетілдіру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көмек алуды енгізу, озық технологиялы медициналық ауруханалар, институттармен тәжірибе алмасу, өзара іс-әрекеттестікті құра отырып, заман талабына сәйкес медициналық персоналдардың біліктілігін арттыру үрдістері орындалуда! Уақыт өте келе, әскери медицина – әскери қызметшілердің заңнамаларға сәйкес, денсаулықтарының қорғалуы мен сәйкес медициналық көмекті алу құқығын жүзеге асыру бойынша жалпы медицина мен азаматтық денсаулық сақтаудың бірден-бір бөлігіне айналды.

Қорыта айтқанда, басты мақсат, әскери медицинаны заман талабына сай жетілдіріп, басқа елдердегі жүйелермен терезесін тең етіп, әскери дәрігер абыройы мен мәртебесін жоғарылату болып табылады!   

– Шет мемлекеттерге көп шығасыз. Жаһан мен Қазақстандық әскери-дәрігерлердің жағдайы мен біліктілігі бірдей ме? Шетелдік әскери-медицина қызметкерлеріне қандай баға берер едіңіз?

– Рахмет! Сауалыңыз өте орынды, дамудың 30 жылын артқа тастаған уақытта, белгілі-бір межеге жететін кез болды. Шүкір, мен бірқатар шет елдерде болған кезде ол жақтағы медицинаның жағдайын көріп-біліп жүрмін. Әсіресе Ливандағы БҰҰ миссиясында жүріп, сол жердегі 43 мемлекеттен келген әскери контингентті, оның ішінде әскери госпиталдерді аралап, шетелдік әріптестеріммен сұхбаттастым. Әрине, мойындау керек, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталу жағынан олар озықтау болғанымен, біліктілігі жағынан біздің медициналық қызметкерлер оларға дес бермейді, кейде біздер озық білім деңгейіміз бен тәжірибелілігімізді көрсетіп жататынымыз тағы бар! Бұның сыры – бұрынғы Кеңестік білім жүйесі мен шетелдік білімнің жаңашыл тұстарын алып, өзімізге бейімдеп, терең оқыту мен дайындаудың арқасында, өзімізге дұрыс, әрі тиімді бағытын таңдап алуымызда деп ойлаймын.

– Көпбалалы әке ретінде отбасыңызда бала тәрбиесіне қаншалықты жиі араласасыз? Әскери маман ретінде балаларыңызға қатал қарайсыз ба?

– Әрине, қазағымның «әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» дегеніндей, ата-ана – отбасында балаларының тәрбиесіне, олардың мінез-құлықтарының қалыптасуына, болашақта үлкен азамат болып қалыптасуына тікелей жауапты! Мен қатал болудан көрі, балаларға ой еркіндігін бергенді ұнатамын, өйткені қатты болсаң ол сенімен өзінің шынайы ойымен бөлісе бермейді, тұйықталып, өзін әке-шешеден алшақ ұстауға тырысады. Сондықтан, жұмыстан тыс кездегі бос уақытымды отбасыммен бірге өткізуді жөн көремін. Балаларымызбен бірге таза ауада далаға серуендеп, тарихи және мәдени нысандарды аралап, тіпті, еңбек демалысыма шыға қалсам, ауылға туған жерге, еліміздің басқа да табиғаты мен тарихы тұнған елді-мекендерді аралауға шығамыз. Сол уақыттарда бәріміз әңгіме құрып, өз ойларымызбен бөлісіп, олардың ойлары мен арман-мақсаттарын тыңдап, оның дұрыс мен бұрыс жақтарын айтып, өзімнің әкелік кеңестерімді беріп отырамын. Әр жолы өзімнің өмірлік тәжірибеммен бөлісіп, үлкен өмірге бағыт-бағдар беруге тырысамын. Ең бастысы, ұрпағымның елі мен жеріне адал, өзінің тілін, ділін, салт-дәстүрі мен ұлттық, мәдени және тарихи құндылықтарын қастерлейтін, ақылды, парасатты, нағыз ұлтжанды азаматтар болып өскенін қалаймын!


– Балаларыңыз сіздің жолыңызды қуып әскери-медицина саласына бет бұрса қолдайсыз ба?

– Қарсы емеспін! Өйткені, әрбір ер жігіттің ел қорғаны болу – азаматтық парызы! Үлкен балам Мұхаммедали өз таңдауын жасап, қазір Алматыда медициналық университетте білім алып жатыр. Дәрігерлік мамандық – бұл ерлік. Ол өзіне құрбан болуды талап етеді, ойдың, ниеттің адал болуын қажет етеді. Дәрігер ой-санасы анық, пиғылы, мінез-құлқы таза, адал болуы керек. Балам кішкентайынан бізбен бірге әскери ортаны көріп өсті. Мен Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Гвардейский әскери қалашығында әскери қызметте болғанда отбасым әркез қолдау білдіріп, қиындығы мен қуанышы қатар жүретін әскери өмірдің қыр-сырына қанығып келеді. Әскери өмірдің ерекшелігі менің балама таңсық емес. Сол себепті балам кейін әскери адам боламын деп жатса, таңқалмаймын!

Миражан Махан
Бөлісу: