Дәрігерлер династиясы

20 Тамыз 2020, 16:59 5503

Сыр өңіріне танымал дәрігерлер отбасы көпке үлгі

Қызылорда қаласының аймақ жұртшылығы медицинада 170 жылдық жұмыс өтілі бар Асановтар әулетімен жақсы таныс. Олардың медициналық мамандыққа деген қызығушылығы кімнен басталғандығы, бүгінде қалай жалғасын тауып жатқандығы жөнінде тереңінен білгіңіз келсе, төмендегі мақалаға көз салыңыз.

Сыр өңірі жұртшылығы Асановтар әулетін дәрігерлер династиясы деп атап, бүгінге дейін медицина саласында атқарған жемісті еңбектеріне зор құрметпен қарайды. Әулеттің үлкені Мейрамбек Асанов 50 жыл еңбек өтілі бар білікті дәрігер. Бет-жақ хирургі. Бүгінде облыстық көпбейінді балалар ауруханасында дәрігер. Еңбек жолын Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты Амангелді ауылынан бастаған маман қазіргі таңда өзінің тындырымды ісімен, мол тәжірибесімен қалың қауыммен қатар, өзінің ұрпақтарына да үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Ғибратты ғұмыр иесі Мейрамбек ағамыздың балалары да өз ізін жалғап, адам жаны ауырғанда науқаспен бірге арпалыс жасап, дертке шипа, жанға дауа табатын салаға қызмет етуді таңдаған. Ағамыздың өмірден озған асыл жары Ахметова Күләш Әлиқызы да медицина саласына 40 жыл қызмет еткен. Облыстық балалар ауруханасында педиатр, пульмонология бөлімінің меңгерушісі болған. Қос дәрігердің шаңырағында тәрбиеленген ұл-қыздар да бүгінде өз мамандықтарының мақтаныштары. Ең қызығы, бұл әулетке келін боп түскен, күйеубала болған жандар да денсаулық сақтау саласының мамандары.


Мейрамбек ағамыздың ұлы Асанов Сұлтан стоматология саласында 12 жылдан бері еңбек етіп келеді. Маман ретіндегі алғашқы қадамын 2008-2014 жылдар аралығында Алматыдағы «Халық» стоматологиялық клиникасында бастап, одан әрі Алматы ішкі істер департаментінің емханасында стоматолог-хирург болған. Кейіннен отбасылық жағдайға байланысты Қызылорда қаласына қоныс аударып, әкесімен, жұбайымен бірге «Ас-мед» тіс емханасын ашқан. Сұлтанның жары Әділбекова Әсел Ералықызы да 10 жылдық тәжірибесі бар білікті маман. Жұбайымен әріптес Әсел еңбек жолын Алматыдағы жеке стоматологиялардың бірінде бастаған.

Отбасының үлкені Асанова Ботагөз – хирург-дәрігер. Медицина саласында қызмет еткеніне 19 жыл болған. Күйеуі кардиолог Стародубцев Дмитрийдің де 14 жылдық тәжірибесі бар. Бір ұл мен бір қыздың ата-анасы.

Дәрігерлер династиясының тағы бір мүшесі Асанова Қаракөз де кардиология саласы бойынша халыққа қалтқысыз қол ұшын созып келеді. Еңбек еткен 15 жылдың ішінде мемлекеттік емханада жұмыс істеп, жедел-жәрдем қызметінде үлкен жауапкершілікпен кардиолог-дәрігер қызметін атқарған. Бүгінде он жылдан бері кардиологиялық орталықта реаниматолог, кардиолог-дәрігер, узист маман. Жолдасы да 20 жылдық жұмыс тәжірибесі бар білікті педиатр. Бүгінде жарасымды жанұя бір ұл тәрбиелеп отыр.

Ботагөз де, Қарагөз де қазіргі таңда Алматы қаласында тұрады.Мәуелі бәйтеректей қанатын кеңге жайған отбасы мүшелерінің жұмыс өтілдерін қосқанда екі ғасырға жуықтаған. Бұл бір әулеттің бір мамандыққа деген антқа адалдығын, шексіз сүйіспеншілігін аңғартады. Ал әрбір жақсы көріп жасалған дүниенің соңында шынайы бақыт бар екені ақиқат.

Кәсіпті нәсіп еткен жандар

Бір емханада үйдің әкесі, ұлы және келіні жұмыс істейді. Бұл мамандарға жұмыс барысындағы туыстық байланыстары ешқандай кедергі жасамайды, керісінше, қысылтаяң шақта көмек беріп, қолдау көрсете алады. Келген пациенттердің диагнозын бірге талқылап, бір-бірін толықтырып отырады. Өнегелі отбасындағы стоматологтар бұған ақша табу көзі ретінде ғана қарамайды. Жүрек қалауы арқылы таңдаған мамандықтарының жемісі, сүйікті ісі ретінде бағалайды. Жан рахаттары үшін жұмыс істейді. Соның нәтижесінде халық та зор сенім білдіреді. Мұндай баланс сақталған жерде ілкімді ілгерілеу болатыны сөзсіз.

Мәселен, Сұлтан Асанов стоматологияның хирургия, терапия, ортопедия саласы, ал Әсел Ералықызы терапия, ортодонтия саласы бойынша машықтанған.

Ерлі-зайыпты стоматологтарды Қызылорда қаласы тұрғындарымен қатар, жақын және шалғай аудандар мен ауылдардағы ағайындар да арнайы іздеп келіп жатады. Мықты маманға жақсы жұмыс табылатыны секілді, олардың қызметі де әрдайым сұраныста.

Кәсібилігімен қатар, адамгершілік құндылықтарды жоғары қоятын мамандардың кішіпейілдігі, жылы сөздері, сыпайы қарым-қатынасы тісі солқылдап, мазасы қашып, жүйкесі ауырып келген жандарға дәру болатыны анық.

Адам үнемі ізденісте, жан-жақты даму үстінде жүргенде ғана бірнәрсені толық меңгеруге ұмтылыс жасайды. «Болдым, толдым» деу жарты жолда қалып қоюмен тең. Сұлтан мен Әсел де осы қағидаттарды әрқашан қаперде сақтайды. Олар мүмкіндігінше жыл сайын білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыру мақсатында отандық және шетелдік орталықтарға, тәжірибе алмасу алаңдарына барып тұрады. Сұлтан осыдан екі жыл бұрын Германияға барып, эстетикалық стоматологияны оқып келген. Сонымен қатар хирургиядан имплантация тақырыбы бойынша дәрістерге қатысып, танымын кеңейткен. Әсел 2017, 2019 жылдары Алматыдағы ортодонтия мектебінде шеберлігін шыңдап, Ресейден келген лекторлардың дәрісін тыңдаған. Екеуі де жыл сайын терапиядан реставрация, эндодонтия тақырыптарына қатысты соңғы жаңалықтарымен танысып тұратын көрінеді. Жаңадан алған, жинақталған білім пациенттердің игілігі үшін жұмсалады. Мұндай білім жетілдіру курстары кәсіби мамандардың жұмысқа деген ынтасын одан әрі жоғарылатып, олардың заманауи әдістерді тәжірибе жүзінде қолдануына, жаңашылдыққа бетбұрыс жасауына үлкен мүмкіндік туғызады.


Алғысқа бөленген алтын қолдылар

Қазіргі уақытта Қызылорда халқы созылмалы ұлпа қабынуының өршуі, асқынған тіс жегі диагноздарымен дәрігерлердің көмегіне жиі жүгінеді. Сонымен бірге имплантация, брекет жүйесі көп сұранысқа ие. Оның басты себебі, қазір тіс саулығы тек адамның өз ағзасын күтіп қарауы ғана емес, сұлулық белгісі ретінде де қарастырылады. Сау тіс адамға риясыз және жарқын күлкі сыйлайды. Осы бағытта халықты қуанышқа кенелткен мамандар көпшіліктің алғысына бөленіп жүр. Брекет кигізу арқылы қазір қисық тістер мәселесі оңтайлы шешілуде. Бұл қызмет түрі жас айырмашылығын талғамайды, алайда жасөспірімдер өз комплекстерінен ерте бастан арылғысы келетін көрінеді. Мәселен, жақында жиырма екі жастағы жігіт емхананың қызметіне жүгінген. Онда хирургия да, ортодонтия да, ортопедия да болған, сондықтан оған кешенді емдеу жұмысы жүргізілген. Алдыңғы тістері қисық жақта шыға алмай қалғандықтан, жұлып, брекетпен түзеп, металлокерамика салған. Алғашында тістерінің әсерінен ашылып сөйлеуге, еркін күлуге ыңғайсызданған бозбала емдеу процестерінің нәтижесінен кейін ризашылығын білдіріп, анасы алтын қолды дәрігерлерге батасын берген. Сондай-ақ,жиырма бес жастағы бойжеткен де брекет жүйесімен екі жыл жүріп, нәтижесінде мінсіз тіс қалпына қол жеткізген. Яғни, бұл мысалдардан брекет салдырып, әдемі күлкі иесі атану қай жаста болмасын нәтиже беретінін аңғарамыз.

Тіс емханасының дәрігері Әсел Ералықызының айтуынша, пациенттермен кәсіби байланыспен бірге, адами тұрғыдан да тығыз байланыста. Алғыс ретінде бірі өлең шығарып, шынайы ризашылығын білдірсе, орыс, кәріс ұлтының өкілдері жапқан банкілерін, жасаған тағамдарын әкеліп ілтипатын білдіреді екен.

«Мұндайда жақсылықтың, алғыстың үлкен-кішісі болмайды. Әркім шама-шарқына қарай сый-құрмет жасайды. Біз де ақ ниетін білдіріп жатқан пациенттерге зор алғыс айтамыз», - дейді Әсел Ералықызы.

Біліктілікті арттыру маңызды

Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, шетелде білімін жетілдірген мамандар оқыған жаңа дүниелерін тәжірибе жүзінде жалғастыруға тиіс. Мысалы, Сұлтан Мейрамбекұлы 2018 жылы Германиядан тіс винирін оқып келген.

«Тіс винирі эстетикалық стоматологияға жатады. Сонымен қатар имплантацияны да оқып келдім, бұған да халықтың сұранысы енді туындап келеді. Бір тіс бұзылса, оның жанындағыларды егеп, екі немесе үш тіс салу керек болып жатады. Ал бір тіс қана салудың тиімді жолы – ол имплантация. Имплантант салынғанда ол жақ сүйекке орнатылып, екі-үш немесе алты айдан кейін сүйек толық жазылғаннан кейін бір ғана тіс салынады», - дейді Сұлтан Мейрамбекұлы.

Тіс күтімі күн тәртібінен түспеуі керек

Білікті дәрігерлер тіс тазалығына ерекше мән беруді сұрайды. Өйткені халықтың көбі тіс тазалығына, тіс бұзылуына көңіл аудармағандықтан, тіс жегінің асқыну жағдайына ұласып жататындығын айтады. Емханаға келетін қазақ ұлты мен орыс, кәріс этнос өкілдерінің тістеріне анализ жасағанда, мамандар біздің қазақтардың тіс күтіміне немқұрайды қарайтындықтарын жеткізді. Мысалы, кәрістердің тістерінің эмальдары қатты болады және бәрінің тістері бірдей болып келеді екен. Мұндай ерекшелікті мамандар олардың генімен және үнемі ащы тағамдар, сарымсақ жеуімен байланыстырып отыр.

Облыс тұрғындарының денсаулығын жақсарту мақсатында стоматология саласы бойынша ахуалды реттеу бағытында мамандардың өз ұсыныстары да бар.

«Жалпы стоматологияның жағдайы жақсарса деп ойлаймын. Себебі бізге басқа жақтардан асқынумен келетін пациенттер бар. Түбірі қалып қойғандар, тісі дұрыс жұлынбағандар және емдегеннен кейін тістері ауырып, ісіп келетіндер кездеседі. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін дәрігерлер үнемі біліктіліктерін арттырып тұруы керек», - дейді Әсел Әділбекова.

Ал Мейрамбек Асанов бет-жақ хирургі болғандықтан, тістің асқынған жағдайларында қаладан да, ауылдан да көпшілік осы білікті маманды іздеп келіп жатады. Майталман маман республикалық деңгейде өз-өзін мойындатқан. Биыл денсаулық сақтау ісіндегі айрықша еңбегі үшін «Еңбек сіңірген дәрігер-стоматолог» төсбелгісімен марапатталған. Стоматолог қызметкерлерінің үздіктерінің қатарынан табылатын Мейрамбек Асановтың айтулы даталарға орай алған Алғыс хаттары, Құрмет грамоталары да көп. Бұл да болса бірнеше жылғы адал еңбектің өтемі.

Сүйіспеншіліктен басталған сүйікті іс

Сұлтан мен Әселдің мамандыққа деген сүйінпеншілігі оларды С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің стоматология факультеті қабырғасында табыстырып, отбасы болуына жол ашты. Бір оқу орнында, бір оқу тобында білім алған жұп 2008 жылы үйленген. Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында туылған Әселді мамандыққа, сүйген жарына деген махаббаты Қызылорданың келіні атандырған.

Тұңғыш Президент Н.Назарбаев бір сөзінде: «Отбасы институтын нығайту қажет етіледі. Бұл тек біздегі ғана емес бүкіл әлемдегі проблема. Тіпті Еуропаның өзінде әрбір екінші, ал қазіргі заманғы Қазақстанда әрбір үшінші неке бұзылады. Ажырасулардың 45 пайызына жұбайлардың жауапкершілікке дайын болмауы себеп. Шығыс билеушілері кезінде лайықты отбасы құру салтанатты сарай салудан да қиын деп айтқан екен. Бұл құрылыс ешқашан таусылмақ емес және екі тарапқа да байланысты. Екі адам бір-біріне емес, бір мақсатқа қараса – жолдары болады», - деген еді.

Бұл ретте Сұлтан мен Әселді жолы болған отбасы деп айтуға негіз бар. Себебі мақсаттары ортақ, қызығушылықтары бір. Бүгінде олар шаңырағында Жасмин, Жанель, Жан Аиша деген аяулы қыздарды тәрбиелеп отырған ата-ана. Отбасындағы жылулық жұмыс орнында да жағымды атмосфера орнатса керек, Сұлтанның бұл салаға келуіне ата-анасының дәрігерлік жұмысы әсер еткен.

«Мамандық таңдауыма мүмкін осы жайт ықпал етті ме, бір жағынан балалық арманның жетелеуі де бар. Әйтпесе, мені «дәрігер бол» деп күштеген ешкім жоқ. Осы күні қыздарымыз өзіміз секілді стоматолог боламыз деп жүр. Әлі мектепте оқиды, сонда да мамандық таңдауға кірісіп кеткен. Баланың болашағы олар өмірдің үлкен даңғылына жеткенше ата-ананың мойнында деп ойлаймын. Кей жағдайда ықпалдың жетегіне ерген жастар алған білімі негізінде емес, мүлде басқа салада еңбек етіп жүреді. Яғни, бұл ретте мәселенің екі ұшы бар. Біріншісі – баланың болашағына бейжай қарамай, мамандық таңдауына ықпал ету, екіншісі – ата-ана өз мақсатына бала арқылы емес, баланың мақсатына жетуі үшін таңдауды өзіне қалдыру», - дейді.

Негізі мамандық игеру адамның ең басты құндылығы, болашақ бағдары екені сөзсіз. Сол құндылықты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтай алудың өзі – абырой. Осы ретте бұл отбасы мүшелерінің дәрігерлер екенін аймақтағы медицина ұйымдарының қызметіне жүгінушілер жақсы біледі. Ал отбасы мүшелерінің медицина саласындағы жалпы еңбек өтілі 170 жылды құрағанын атап та өттік.Ендігі кезекте тек ұрпақтар сабақтастығы жалғасқан жанұяның ұлтқа қызмет етуі әрі қарай да отбасылық кәсіп түрінде өз жалғасын тапса дейміз.

(Суреттер кейіпкерлеріміздің жеке мұрағатынан алынды)
Назерке Чакирбаева
Бөлісу: