Дүниежүзілік алғашқы медициналық көмек көрсету күні

8 Қыркүйек 2022, 15:43 2858

Бұл күнді өткізудің бастамашылары –– Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай қозғалысы ұлттық ұйымдарының мүшелері болып табылады

Дүниежүзілік алғашқы медициналық көмек көрсету күні атап өтіледі, деп хабарлайды El.kz порталы ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жыл сайын, қыркүйектің екінші сенбісінде Дүниежүзілік алғашқы медициналық көмек көрсету күні атап өтіледі. Бұл күнді өткізудің бастамашылары –– Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай қозғалысы ұлттық ұйымдарының мүшелері болып табылады.

Алғашқы көмек – адам өмірін құтқаруға бағытталған шұғыл шара. Алғашқы көмек көрсете білу – қарапайым, бірақ өте маңызды дағды. Бұл дағдының арқасында адам өмірін сақтап қалуға болады.


ҚР ПІБ Медициналық орталығының ауруханасы (МОА) тиісті үлгідегі сертификат бере отырып, халықаралық стандарттар бойынша – BLS (кезек күттірмейтін көмек көрсету дағдылары), ACLS (жүрек-өкпе реанимациясының кеңейтілген курсы), PALS (педиатриядағы өкпе реанимациясы), PHTLS (травма кезінде госпитализацияға дейін көмек көрсету жүйесі) курстарын өткізеді. 

Американдық жүрек қауымдастығы (AHA) аккредиттеуден өткен Аурухананың тәжірибелі нұсқаушылары манекен-тренажерларда оқытады. Олардың ішінде BLS курсы – қазір әлемдегі ең танымал алғашқы көмек курсы. Алғашқы көмек көрсетуді үйреніп, адам өмірін құтқарып қалғысы келетіндердің барлығы осы курста оқудан өте алады.

Халықаралық стандарттарға сәйкес МОА қызметкерлері екі жылда бір рет Basic Life Support (BLS) – алғашқы көмек көрсету және базалық реанимация дағдыларына оқытудан өтеді. Халықаралық стандарттар бойынша оқыған персонал оқыс оқиғаның алғашқы минуттарынан бастап алғашқы көмек көрсете алады: зардап шеккен адамның жағдайын анықтау, жедел жәрдемді дұрыс шақыруды ұйымдастыру, реанимациялық көмек көрсету, автоматты сыртқы дефибрилляторды пайдалану, бір бүйіріне қауіпсіз жатқызу, тыныс алу жолдарының обструкциясы кезінде көмек көрсету.

ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының Оқу-клиникалық орталығы 2016 жылдан бастап жұмыс істейді. Осы кезеңде мұнда 9000-ға жуық адам оқыды. Осы жылдың 8 айында МОА-да медицина қызметкерлері, күзет қызметінің мамандары, жүргізушілер, ҚТ және ТЖ және басқа мамандар қатарынан 600-ден астам адам оқытылды. Сондай-ақ, МОА-ның барлық блоктарында медициналық көмек көрсетуге арналған дефибрилляторлар орнатылды.

Бөлісу: