29 Мамыр 2014, 05:41
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы 2014 жылғы халыққа кезекті жолдауында «Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз! Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды. Олар көктен түскен жоқ. Бұл құндылықтар – уақыт сынынан өткен Қазақстандық жол тәжірибесі, бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы деп атап өткен болатын. Елімізде бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан түбі бір түркі халықтарының да мәдениеті мен тілі, діні мен ата-баба мұра еткен салт-дәстүрлері де өзара ұқсас болып келеді.
Отансыз адам қанатсыз құспен тең деген мақал бекер айтылмаса керек. Бастарынан қиын күндерді кешкен қаншама ұлттар өз атамекенін тастап, өзге елді пана тұтып отына айналдырды. Соның бірі дүнген халқы. Өзге ұлттар секілді дүнгендерді де қазақ халқы бауырмалдықпен өздеріне тарта білді. Олардың жергілікті жердің заңына бағынып, тұрмыс-тіршілігіне үйренісуіне жағдай жасап, өз кәсіптеріне баули білді. Өзге елге ауа көшкеніне қарамастан дүнгендер өздерінің ұлттық салт-дәстүрлері мен ғұрыптарын сақтай білді. Мәселен олардың дәстүрлерінің бірқатары ұлттық музыка аспаптары тығыз байланысты. Дүнгендердің музыкалық аспаптары: сыхузһ, эрхузһ, ысқылап үрмелі және шекті аспаптардан тұрады. Дүнгендер бұл аспаптарын той мерекелерінде ғана емес, соғысқа аттанарда қолдануды дәстүрге айналдырған. Аспаптар арқылы соғыста жеңгені көңілді марш түрінде жеткізілсе, жеңіліс тапқаны қайғы әуенмен жеткізілген. Сондай-ақ кісі қайтыс болғанда, оның өлігін шығаруда қазақтар секілді жоқтау әуендерін қолданған.
Жалпы түркі тілдес халықтарының салт-дәстүрінде, ғұрыптарында үндесіп жатқан белгілі бір ұқсастықтары бар. Сол секілді қазақтар мен дүнген дәстүрлерінің үйлесімді жақтары баршылық. Мәселен келін түсіру дәстүрінде халқымызға ұқсас жағы бар. Біздердегі секілді дүнгендер келін түсіргенде шағын той жасалынып, дастарқан жайылады. Дастарқан үсті түрлі тағамдарға толтырып, оның жағалай малдас құрған адамдар игі насихат сөздерін айтады. Келген қонақтарға бастапқыда шәй беріліп, содан кейін ұлттық тағамы «дүнген кеспесі» таратылады. Тойға арналған тағамдарды негізінен ер адамдар дайындайды, ал әйелдер жағы ыдыс-аяқ, жуа, картоп, сәбіз тазалау сынды жеңіл жұмыстармен айналысады. Бұл рәсімінің мәні әйелдерге деген құрмет және олардың отбасылары ыдыс-аяқтай таза мінсіз ақ ниетте болсын дегенді білдіреді. Тойға жиналған қауымға шашу шашылып, үлкендер жағы отау көтерген жастарға өздерінің игі тілектерін айтып, ықылас-ниеттерін білдіреді. Сондай-ақ келін түсіру дәстүрінде су шашып әзілдейтін тұстары болды. Бұл келін судай таза, кіршіксіз мөлдір махаббат иесі болсын деген ырым.
Дүнген халқының салты бойынша күйеу жігіт қыздың отауына арнайы келіп, қызды қолынан жетектеп, қыздың әке-шешесінен бата сұрайды. Қыздың әкесі екі жасқа бата бергеннен кейін қыздың отауына қалыңдық пен жігіттің жора-жолдастары кіріп, қыздың жасауын жинауға кіріседі. Дәл осы кезде қалыңдық жағының жігіттері үйдің ортасына отты лаулатып қойып, қыз жасауын үйден шығармауға тырысып бағады. Бұл тартыста жігіт жағы жеңсе ғана қыз жасауын алып кете алады. Кей жағдайларда жігіт жағы қыз жақ жігіттеріне сыйақы беріп алып кетеді. Бұл рәсім бір жағынан әзіл-қалжыңға құрылса екінші жағынан жасауды тегін емес, ақша беріп алып кетуге мәжбүрлеу. Ал от қойғандағы ырым екі жастың махаббаты әрқашан оттай лаулап жанып, берік болсын, өмір жолы оттай қызу болсын дегені. Дүнгендер тойды екі жақ болып бірлесе атқарады. Тойдағы қызық салттарының бірі күйеу жігітті алдырып, оған қораны айналдырып, ырым жасайды. Сол сәтте өзге жақта тұрғандар қалыңдықты көтеріп күйеу жігіттің алдынан алып шығады. Күйеу қалтасынан қалыңдыққа арналған сыйын ұсынады. Той аяқталғаннан кейін екі жақ бірін-бірі қонаққа шақырып, қырық сегіз түрлі тағаммен, сый-құрмет көрсетіледі. Бұлардың барлығы құдалардың бір-біріне деген сыйластықтың белгісі ретінде танылады.
Гүлмира Ерубаева
Мәліметтер «Үлгілі үйдің ұл-қыздары» кітабынан алынды. Алматы 2000 жыл. Санат баспасы