Дәлел Жүзбаев: адам өмірінде тек өз күшіне сенуі керек

1 Ақпан 2019, 01:51 5188

Self-made жастар форумындағы ашық алаңда жас кәсіпкерлер өздерінің табысқа жету жолындағы айла-тәсілдерімен бөлісіп, бизнестің қыр-сырын меңгеруге не қажет екенін айтып өткен болатын.

Сондай жастың бірі – «Мирас-2000» шаруа қожалығының жетекшісі Дәлел Жүзбаев. Ол бойындағы іскерлік қабілетінің арқасында кәсіп ашып, оны басқару жолында айтарлықтай жетістікке жеткен жас әрі дарынды басшы.

— Дәлел, сіздің жасыңыздағы жастың ауылдық жерде егін шаруашылығымен айналысып отырғандығы біраз замандастарыңызға үлгі боларлық. Бұған осы кәсіпте көптен бері жүргеніңіз айғақ бола алады. «Әкеден ұл тумай ма, әке жолын қумай ма» деген дана халқымыздың қанатты сөзі бар, әкеңіздің бастаған ісін жалғастырып жүр екенсіз, өзіңіз жайлы айта отырсаңыз.

— Негізгі туған жерім - Зеренді. Балалық шағым Алматы облысында өтті. Қазір Қорғалжын ауданының Садырбай ауылында тұрамын.

2000 жылдары атам мен әкем ауылдан жер алып, шағын шаруа қожалығын құрған болатын. Екеуі тынымсыз еңбектеніп, алғашқы жылдары бір мың үш жүз гектар егін еккен еді. Ол кезде арнайы техника да болмай, жалға алып, адамдардың көмегімен шаруаларын жүргізді. Бұл жылдары несие алу жағы қазіргідей оңтайлы болмай, адамдар өз күштерімен кәсіптерін жүргізген кездер ғой. Әйткенмен де, бастаған шаруалары өрге басып, жақсы өнім алды. Егер егін шықпай, шығынға кенелгенде, бизнес басталмаушы еді деп ойлаймын.

Сөйтіп әкем ақырындап ауылда үй салып, несиеге техника алып, шаруаны дамытты. Қазіргі уақытта он бес мың гектар жерге егін салатын дәрежеге жеттік. Атадан балаға мұра болып келе жатқан кәсібіміз осы.

— Өзіңіз мектеп тәмамдап, мамандық таңдар кезде қай саланы қалап едіңіз?

— Негізі IT (Information Technology) саласын таңдап, осы мамандықты меңгеруге құштар болдым. Мен мектеп бітіретін жылдары компьютерлердің енді дамып келе жатқан кездері еді, одан соң интернет пайда болды. Сол арқылы қызығушылық туды.

Бала арманым орындалып, аталған мамандықты меңгеріп шықтым. Қазақстанда және «Болашақ» бағдарламасымен білім алдым.

— Мектептен кейін бірден «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түстіңіз ба?

— Жоқ, әуелі ата-анама мектептен 11 сыныпқа дейін оқымайтынымды айтпай, апайыммен колледжге құжат тапсырып, 9 сыныптан кейін Алматыдағы политехникалық колледжге грантпен оқуға түстім. Ол кезде ата-анам Астана жақта еді, ал мен әжемнің қолында тұрған едім. Басында ата-анам кейістік білдіргенімен, әжеміздің қасында қолқанат болатын адам керек деп, шешіміме қолдау білдірді.

Әжемнің жасы келгендіктен, сырқаттанып қалатын. Үй-жайға қарап, қолдағы бір-екі қараның жем-суын беріп, жайғастырып, тіпті сиыр сауатынмын. Ол кездері он төрт-он бес жастағы баламын. Сабағыма қатынап оқыдым. Бір жылдан кейін Астанадағы политехникалық колледжге оқуымды ауыстырып, 2005 жылы бітіріп  шықтым. Ең үздік студент атандым.

2006 жылы «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түсу үшін құжат тапсырдым. Ойым іске аспайтын шығар деген күдігім болды. Қасымда анам қолдап жүрді, әкем ауылдағы шаруасына қарайлап қалған.

Басында құжаттарымды Чехияның оқу орнына тапсырдым, өйткені анам тым алысқа кеткенімді қаламады. Әкем бұны біліп, маған «Чехиядан гөрі Америка дұрыс болады. Жақсы білім алып шығасың» деп ойымды өзгертуге септігін тигізді. Сол қарқынмен барып құжатымды ауыстырдым. Бұл әрекетімнен не шығар екен деген дүдәдамал күйде жүріп, уақытымды оздырмайын деген оймен қосымша Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетіне құжат тапсырып, грант ұтып алдым. Ол жерде шетел тілі факультетінің студенті атандым. Оқу басталып, білім алып жүрген кезімде, жылға жетпей «Болашаққа» тапсырған құжатым өткені туралы хабар алдым. Сонымен тамыз айында АҚШ-тың Кентукки штатына аттандым. Қазақстаннан екі адам оқыдық. Төрт жыл бойы IT мамандығын игердім.

— Шетелдегі оқуыңызды бітіріп келген соң алдыңызға қандай мақсат қойдыңыз?

— Жас болған соң шетелдік өмірге қызықтық. Бірақ елге қайтып келіп, қызмет ету керек екенін ұмытпадық. Алғашқы еңбек жолымды «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамында бастадым, одан кейін «Қазақстан темір жолында» біраз жұмыс істедім. Сөйтіп жүріп өзімнің кішігірім фирмамды ашып, интернет-дүкен, веб-сайт жасайтын қызметтер көрсетумен айналыстым.

— Жастар форумында жазғы демалысқа келгенде әкеңіздің ауылдағы жұмысқа қарайластырып қоятыны туралы айттыңыз. Бәлкім сіз үйрене берсін дегені шығар...

— Әкем шетелде жүріп, ой-танымым өзгеріп кетпесін дегені ме, ауылға келгенде далаға алып кететін. Әкеме қарсы келу туралы ойлаған емеспін. Бір ай бойы қожалықтың шаруасын тындырып, күнге күйіп, қара жұмысты игеретінмін. Жазғы демалысым осылай өтетін. Бірақ түбі ауылға келіп, шаруашылықты басқарамын деген ой мүлде болмады менде.

Дегенмен де шетелдегі қолайлы жағдайды өз жерімізде де қалыптастыра алатынымызды түсіндім. Адамның көзі қорқақ, қолы батыр. Кез келген жерде ынта болса, жайлылық тудыруға болады. Тек ынта мен күш-жігер керек.

Адам өзі бар жан-тәнімен қаласа, алмайтын асуы болмайды. Мен өз өмірімнің қолайлы ортада өтуіне қол жеткізе алатыныма қатты сенемін. Мен бұл ойымды өз-өзіме дәлелдегенмін де.

Адам шетелде қалғанымен, жүрегімен туған жерде болатынын ұғындым. Өйткені өскен ортаң, туғандарың, жора-жолдастарың осында. Олармен өмір қызықты. Бір-біріңді түсініп, қолдау көрсетіп отырасың. Ал шетелде ешкімді танымайсың, қазақи болмысқа тән қасиеттерден ада боласың. Ең осал тұсы – өзіңді оқшау сезініп жүресің. Туған жерге еш жер жетпейді.

Иә, оқу оқып, жұмыс тәжірибесінен өтуге, саяхаттауға, демалысыңды өткізуге болады. Ал туған елден кету дегенді құптамаймын.  

— Шару қожалықтарыңыз туралы әңгімелеп берсеңіз.

— Бізде қазір бірнеше қожалық жұмыс істейді, мысалы, «Мирас-2000» қожалығында егін егумен айналысамыз, яғни, бидай, арпа өсіреміз. Жайлап мал шаруашылығын да қолға алып жатырмыз. Соңғы екі жылда қаз өсіру кәсібін игеріп жатырмыз. Алғашқы кезде мың қаз алып, өнім түсірдік. Сонымен қатар қой, жылқы малын ұстаймыз. Үш жүзге жуық қой мен елу шақты жылқымыз бар. Алдағы уақытта қойдың санын мыңға жеткізсем бе деймін. 

Қой мен жылқы өсіру атадан қалған кәсіп қой, сол себепті де Қазақстанда осы кәсіппен айналысу тиімді деп ойлаймын. Елбасы айтпақшы, ауылшаруашылығының жаңа драйвері болу қажет. Мал өсіруге жеріміз қолайлы, өрісіміз кең, суымыз мол. Ісіңді бастауға ештеңе кедергі келтірмейді.  

— Жылқыдан қандай өнім өндіресіздер?

— Әуелі жылқының басын көбейтіп алсақ деп отырмын. Мал басы көбейген соң ғана өнімді ойлау керек.

Былтыр отбасыммен Барселонаға демалуға барған едік. Сол жақта бір дүниені көріп, маған ой келді. Испандықтарда «Хамон» деген шошқаның етінен жасайтын ұлттық тағамдары бар. Олар шикі етті тіліктеп кеседі де, оны кептіріп, сүрлейді, шұжық жасайды. Осыны көріп, мен де алдағы уақытта жылқы етінен осындай тағам түрін дайындасам деген ойға келдім. Сатылымға шығару үшін әдемі қаптамаларға салып, тұтынушыларға ұсынуды жөн көріп отырмын.

— Қожалықта қанша адам жұмыс істейді? Еңбек ақысын төлеу қарастырылған ба?

— Бізде еңбек ақысын төлеу істелген жұмысқа сай қарастырылған. Мысалы, егін егу кезінде әр тракторшы қанша гектарды игерсе, соған қарасты ақы төленеді. Мысалы, егін егу кезінде бір тракторшы бір айдың ішінде төрт жүз-бес жүз сомада ақы алады.

Көпжылдық екі-үш мың гектар шабындығымыз бар, жазда соған барып жұмыс істейді. Ал күзде егін жинау уақытысында миллионға дейін табысқа қол жеткізе алады.  

Қожалықта қырықтан аса техника бар. Бірақ жаңартуды қажет етеді. Биыл несиеге екі жүз мыңға тұқым егетін кешен мен К-700 аламын деп отырмын.

— Тағы бір сөзіңізде ауыл үйлеріне су тартып, көшелерді жарықтандыру және тұрғын үй салуды жоспарлар отырмыз дедіңіз...

— Біз былтырғы жылы су тартуды жоспарлаған едік. Арнайы мамандарды шақыртып, жұмыс барысын талқылап, қажетті қаражат сомасын есептеген едік. Қысқы мезгілге жуықтаған соң, жұмысты биылғы жылға шегердік.

Ауылда жиырмаға жуық үй бар, көшелерімізде су шүмектері орналастырылған, бірақ ауыл адамдарына жеңіл болсын деп, үйлерге су тартып берудІ жөн көріп отырмыз. Су мәселесі шешілсе, ауылдың жағдайы едәуір көтеріліп, халықтың жағдайы жақсарар еді.

«Асыл адам» қорының басшысымен егжей-тегжейлі үй салу жағын сөйлестік. Жаңа технологиямен жүз шаршы метр үйді жүз жиырма мың теңгеге салатын болсақ, он екі миллионға шығады екен. Үйде барлық қолайлылық болады.

Дайын үйлерді банк арқылы алуға болатындай жағдай жасаймыз. Ауылға жастарды тарту керек, мүмкін соларға ұсынатын шығармыз.

— Жастар жылы басталды. Елбасы өзі қатысып, бірнеше басымдықтарды айқындап берді. Өзіңіз жас кәсіпкер ретінде жастарға не айтар едіңіз?

— Жастар қазіргі уақытта білімді, заман талабына сай жаңалықтардан қалыспай, көп ізденеді. Стартап-жобаларын іске асырып, кәсіптерінің нәсіптерін көріп отыр. Жастар өз сұраныстарын өздері қанағаттаныдыра алатындығын байқадым.

Бірақ бастаған ісі өрге жүрмесе, салы суға кететін кездері де болады. Соның салдарынан жоғарыда отырған басшыларға кейістік білдіріп жатады. Мен бұған келіспеймін. Адам өмірінде тек өз күшіне сенуі керек. Танымал бизнес-жаттықтырушы Тони Роббинстің «Үміттеніп отырғанша, қарекет ету керек» деген сөзі бар, мен де сол сияқты әрекет етпей, біреу көмектеседі деп қарап отырмай, өзің қозғалып, идеяларыңды жүзеге асыруың керексің деп ойлаймын. Қажет болса, мемлекет қолдау білдіреді. Мемлекет осы уақытқа дейін шағын және орта бизнеске қанша қолдау көрсетіп келе жатқанын көзіміз көріп отыр.

Көмек болмаған күннің өзінде өзіңнің бойыңнан күш тап та, әрекет ет. Абай атамыз «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп айтып кеткен жоқ па. 

Жастарға сенім мен күш тілеймін!

— Әңгімеңізге рақмет, ісіңізге береке тілеймін!

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: