«Тоғызқұмалақ» – математикалық әрі спорттық ойын

4 Қараша 2012, 22:41

Тоғызқұмалақты «Қойшылар алгебрасы» деп те атайды. Себебі бұл ойынды алғашында өрісте қойларын жусатып жіберген қойшылар ойнайтын болған.

Тоғызқұмалақты «Қойшылар алгебрасы» деп те атайды. Себебі бұл ойынды алғашында өрісте қойларын жусатып жіберген қойшылар ойнайтын болған. Жерден ұя-шұңқырлар қазылып, құмалақпен ойналған бұл ойын қазір он сегіз отаудан және екі қазаннан тұратын арнайы тақтада жүз алпыс екі таспен ойналады.

Тоғызқұмалақ ойыны – тақ сандар мен жұп сандардың өзара тартысы. Бастапқыда әр отауда тоғыз құмалақтан орналасады. Ойынды солдан оңға қарай кез келген отаудан бастап жүруге болады. Ол үшін жүріс жасалатын отаудан орнына бір құмалақ қана қалдырып, қалған сегіз құмалақты түгелімен аласыз да, келесі отаудан бастап әрбір отауға қолдағы құмалақ біткенше бір-бірден салып шығасыз. Ойыншылардың мақсаты – неғұрлым көп құмалақ алу. Сондықтан ойын үстінде әрбір ойыншы өз отауларындағы құмалақтарды шамасы келгенше жұп ұстауға, қарсы жақтың отауларын тақ жасап отыруға тырысады. Тақ санды отауларға үздіксіз шабуыл жасалады. Қазандарға ойыншылардың ұтыстары жазылады.

«Тоғызқұмалақ» ойыншының жылдам ойлауына, есептеудің түрлі тәсілдерін меңгеруіне ықпал етеді және бабаларымыздың осал адамдар болмағанына көз жеткізеді. (Е.Сағындықов. Қазақтың ұлттық ойындары.)

Бөлісу: