14 Қараша 2012, 11:31
Қазіргі таңда интернетті көбінесе қала тұрғындары пайдаланатындығы шындық, ал ауылдық жерлерде ғаламтор желісіне қосылушылар саны соншалықты көп емес. Қазақы ортаның негізгі қаймағы ауылда екендігін ескере отырып, елдімекендер тұрғындарының интернеттің мүмкіндіктерін пайдалануға деген қызығушылығын арттыру керек. Бұл ретте арнайы желілер тартып, ауыл тұрғындарының арнайы тарифтермен ғаламторға қосылуы үшін қолайлы жағдайлар жасап, олардың мүмкіндіктерін барынша жеңілдетуді қолға алған абзал. Интернеттегі қазақ контентін кеңейту мақсатында көп шоғырланған қазақ тілді оқырмандармен жұмыс істеу керек.
Ал енді интернет арқылы көңіл көтеру, хат-хабар алмасу мәселесіне келетін болсақ, қазіргі таңда баршаға танымал жедел хат алысу алаңына айналған mail.ru агент, Мой мир (Менің жеке әлемім) кеңінен тарап, ерекше мәнге ие болып отыр. Жас-кәріні таңдамайтын «агент» желісі қазір әрбір жанның өміріндегі жеке мәселелерді, сондай-ақ қызмет бабындағы және адамдармен арақатынасындағы мәселелерді шешуде ең қажетті құрал болып табылады. Ең қызығы, қазақ әріптерін танымайтын бұл пікір алмасу алаңында кезінде адамдар орыс әріптерінің көмегімен-ақ өз ойлары мен әңгімелерін жеткізуге тырысады.
Жоғарыда аталған желілердің барлығы да көршілес Ресейдің әлеуметтік жобалары болып табылады. Өкінішке орай, Қазақстанда осындай кеңінен танымал көп функционалды әлеуметтік желілер кемде-кем, тіпті жоқтың қасы. Барларының өзі қазіргі заман талабына сай бәсекелестікке қабілеті төмен.
Біздің ойымызша, осы кемшіліктердің орнын толтырудың кезі жеткен секілді. Интернет технология дамыған қазіргі кезеңнің талаптарына толығымен жауап беруге қабілетті қаны да, жаны да қазақ азамат-мамандарды даярлап шығу мәселесі оң шешілсе, мүддемізге қол жеткізетін күн де алыс емес.
Қалай болғанда да интернеттегі ана тіліміз – қазақ тілінің әлемдік деңгейде тұғырын нығайтуға баршамыз атсалысуымыз керек.
Құралай Жолдыбаева