26 Желтоқсан 2012, 05:03
Қазақстанның боксшылары биылғы маусымды аяқтады. Ең соңғы жарыс таяуда Қарағанды қаласында өтті. Танымал қоғам қайраткері, кезінде осы спорт түрін өркендетуге атсалысқан белді маман Ғалым Жарылқаповты еске түсіруге арналған халықаралық турнирде Ресей, Әзірбайжан, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан мен Қырғызстан және Қазақстанның бірқатар аймақтарынан келген 150-ге тарта боксшы қатысты.
Бақ сынаушылар қатарында белді былғары қолғап шеберлерінің болуы жарыс мәртбесін биіктетіп жіберді. Мәселен, 91 келі салмақ дәрежесінде Еркебұлан Шынәлиев шеберлік байқасты. Осыдан төрт жыл бұрын ол Бейжіңде алауы тұтанған Олимпиада ойындарында өнер көрсетіп, қола медальді қоржынға салған болатын. 2007 жылғы әлем чемпионатында да дәл сондай нәтижеге қол жеткізді. Сол бәсекелерде ол 81 келі салмақ дәрежесінде күш сынасқан еді. Алайда кейінгі жылдары Еркебұлан үлкен спорттан қол үзіп кетті. Бір-екі мәрте жарыс жолына шыққан еді, бірақ бабы келіспей тұрғаны бірден байқалды. Тіптен 2011 жылы Алматыда өткен Қазақстан чемпионатында қалың топтың арасында қалып қойды. Араға біраз уақыт салып, ол қолына былғары қолғапты қайта киді. Қарағандыдағы турнирде Шынәлиев ақтық сынға дейін жетті. Финалда Василий Левиттен ұтылып, күміс медальді мойнына ілді. Бұл салмақтың қола медалі қытайлық Чен Чун Юн Фа мен тәжікстандық Ясур Құрбановқа бұйырды.
91 келі салмақ біздің ең олқы соғып тұрған тұсымыз екені белгілі. Бұған дейінгі бірде-бір Олимпиадада осы салмақта ешкім өнер көрсеткен жоқ. 1996 жылы Атланта, 2000 жылы Сидней, 2004 жылы Афины, 2008 жылы Бейжің және 2012 жылы Лондондағы байрақты бәсекелердің жолдамасы жерлестерімізге бұйырмады. Соңғы жылдары Василий Левиттің шоқтығы биік еді, алайда ол да ұзаққа шаба алған жоқ. Биыл Олимпиададан шет қалып, Қазақстан чемпионатының алғашқы айналымында-ақ ұтылды. Десек те, астаналық боксшы өзінің жоғарыдағы сәтсіздіктері кездейсоқ екенін дәлелдеу үшін қазіргі кезде аянбай тер төгуде. Биыл ел чемпионатында қостанайлық Антон Пинчуктің бағы жанды. Одан бөлек, бұл салмақта талдықорғандық Данияр Үстембаев пен Арбек Абдуғаниев бар. Енді олардың қатарына Еркебұлан Шынәлиевтің қосылуы бәсекелестіктің арттыруына септігін тигізеді деп ойлаймыз.
81 келі салмақта Азия чемпионатының жүлдегері астаналық Дәурен Елеусінов озды. Финалда ол тараздық Мұрат Құралбаевты қапыда қалдырды. 69 келі салмақта еліміздің тағы бір танымал боксшысы Манат Өмірзақовтың шоқтығы биік болды. Шығыс Қазақстан облысының түлегі шешуші тұста әзірбайжандық Елнұр Сүлеймановқа сан соқтырды. Алыптардың айқасында ресейлік Василий Емельяновтың екпіні күшті болды. Ақтық сында ол Қап тауынан келген Игорь Шанинге шаң қаптырды. Тағы төрт салмақ дәрежесінде ринг қожайындары үстемдік құрды. Олар - Ақниет Балтабаев (49 келі), Аманкелді Әділхан (52 келі), Абдолла Нұрғалиев (60 келі), Алмас Тілеубергенов (64 келі). Сондай-ақ алматылық Еркін Әбдірайымов (69 келі) пен өскемендік Тимур Ганза (75 келі) өз салмақтарында топ жарды.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН, Айқын