14 Желтоқсан 2012, 10:27
Көне грек тілінен енген музей, архив сияқты әлем қолданатын сөздерді мұражай, мұрағат деп орынсыз қазақшаладық. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Тәуелсіздігінің 21 жылдығына орай өткен салтанатты жиын барысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Біз алдағы уақытта да мемелекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2020 жылдан латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алуымыз керек. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, дамыта түседі. Оны осы заманғы ақпараттық динамика, терминология тілі ретінде дамытуда да қолға алынатын істер баршылық. Мәселен, көне грек тілінен бүкіл дүниеге жайылған музей, архив сияқты сөздер әлемнің барлық тілдеріне тастай батып, судай сіңіп кетсе де, біз оны мұражай, мұрағат деп орынсыз қазақшаладық. Маған «композитор едім, сазгер болдым» деп әлі күнге дейін шағымданатындар бар, пионинаны күйсандық деп ауыстырдық. Ал бұл дүниежүзінде қолданылатын сөз», - деді Н.Назарбаев.
Елбасы атап өткендей, осы заманғы ғылыми терминологияның негізін латын тілінен енген сөздер құраса, ақпараттық технология дамыған қазіргі уақытта күн сайын ағылшын тілі дүниежүзі халықтарының тіліне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы сіңуде.
«Бұл үрдістен біз де тыс қалмауыз керек. Кез келген тіл өзге тілмен қарым-қатынасқа түскенде ғана өсіп, қанат жаяды. Әрдайым осыны есте сақтаған жөн. Мемлекеттік тілмен қатар, Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тілін, мәдениетін және салт-дәстүрін дамытуға барынша жағдай жасауды алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз», - деп түйіндеді ҚР Президенті.