13 Желтоқсан 2012, 12:23
Алдағы бес жыл ішінде Қазақстанның 120 мың мұғалімі өз біліктілігін арттыратын болады. Және жай ғана арттырып қоймайды, олар заманауи үлгіде білім беруге машықтанбақ. Естеріңізге салайық, Елбасы өз сөзінде отандық орта оқу орындары оқытудың заманауи жаңа үлгісіне көшетінін мәлімдеген болатын. Бүгінге дейін қалыптасқан әдісте мұғалім – сөйлеуші, шәкірт – тыңдаушы болса, бұдан кейін басымдықтың барлығы оқушының өзіне беріледі. Яғни, жаңа тапсырманы педагог сағаттап сөйлеп түсіндіріп жатпайды, оны енді шәкірттердің өздері-ақ ортаға салып талқыламақ. Нәтижесінде, үлгерімі нашар оқушылардың саны күрт азаймақ.
Осынау әдіс бүгінде әлемнің дамыған елдерінің барлығында қолданыста. Бұл оқушының сөйлеу мәнерін, ойлау қабілетін қалыптастыруға зор ықпалын тигізетін басты құрал. Сондықтан қазақстандық оқушылар көп кешікпей жаңа үлгіде білім алатын болады. Ал, отандық мектептердің бой түзейтін бағыты – Назарбаев Зияткерлік мектептері.
Айта кететін жайт, педагогтар біліктілігін арттыру үшін шет елдерге шығып жатпайды. Қазақстанның өзінде мұндай жоғары санатты ұстаздар даярлайтын орталықтар бар. Атап айтар болсақ, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Педагогикалық шеберлік орталығы мен оның филиалдары және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы.
Естеріңізге салайық, 2011 жылғы 5-6 желтоқсанда өткен «Мұғалімнің кәсіби дамуы: дәстүрлері мен өзгерістері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының барысында британдық сарапшылармен бірлесіп, қазақстандық мұғалімдердің біліктілігін арттыру бойынша қазақстан-британ жобасының негізгі бағыттары белгіленген болатын.
Нәтижесінде Педагогикалық шеберлік орталығы Кембридж университетінің Білім беру факультетінің сарапшыларымен бірлесіп, біліктілікті арттыру курстарының үшінші (базалық), екінші (негізгі) және бірінші (ілгері) біліктілік деңгейлеріне сәйкес оқу-әдістемелік материалдар әзірледі. Қазіргі таңда аталған орталықтарда даярлықтан өтіп жатқан педагогтар үшінші курс деңгейінен өтуде. Мамандардың айтуынша, даярлықтың үшінші біліктілік деңгейінен өткен мұғалімдердің айлық-жалақысы 30 пайызға жоғарылайтын болады. Ал, екінші деңгей – 70 пайыз, бірінші деңгей – 100 пайызға өседі.
Бақты Балғынбаева, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Педагогикалық шеберлік орталығы» директорының орынбасары:
- Елбасының тапсырмасы бойынша Қазақстан мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мәселесі туралы жаңа бағдарлама жасалды. Бұл бағдарламаны әзірлеу барысында бірнеше мемлекеттің тәжірибесі зерттелді, ең қолайлысынан және үздігінен жинақтадық.
Елімізде мүмкін болған барлық курстар өткізілді. Біздің курстардың олардан айырмашылығы – бізде сабақтардың барлығы интерактивті түрде жүргізіледі. В нашей стране проходили всевозможные курсы. Формат проведения наших курсов в корне отличается от предыдущих - все проходит в интерактиве. Енді 2013 жылдан бастап елімізде педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыруды толық көлемде іске асыру жоспарланып отыр.
5 жылдың ішінде 120 мың мұғалім Педагогикалық шеберлік орталығы мен оның филиалдары базасында, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мен оның филиалдарында біліктілікті арттырудың жаңа бағдарламалары бойынша оқудан өтеді.
Бүгінгі таңда осынау орталықтарда тәжірибе арттырып, оқытудың жаңа үлгісін жетік меңгерген ұстаздар жұмыстарын жаңа серпінмен бастауға әзір.
Камила Өтегенова, Қазақ-түрік дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының тарих пәні мұғалімі:
- Мұғалімдер арасында болған іріктеу емтиханнан өтіп, осы жерге шеберлігімді шыңдауға келіп отырмын. Негізгі мақсат – жастарымыз бұрынғыдай дайын білімді ғана алып қоймай, оны өмірде қолдана білу керек. Қандай тығырықта болса да өзін өзі алып кете алатын, кез-келген қиын жағдайларда өзін-өзі басқара алатын, өзінің әрекетіне жауап бере алатын жастарды тәрбиелеу.
Екі әдістің айырмашылығы: бұрын біз оқушыларды дайын білімді алуға үйрететінбіз. Ал, қазір жастардың өзін өзі білім алуға, ынталандыруға бағытталған. Жалпы, оқушы өзі білім алуға ынталы болу керек, ал, мұғалім сол үдерісті ұйымдастырушы болу керек.
Ескіні жоймаймыз, ескіні ескере отырып, кернекті жерлерін алып, заманауй үлгіде білім береміз.
Екі апта оқыдық. Үйренген дүнием өте көп. Бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеуіміз керек. Бұл ұрпақ болашақта Қазақстанды әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосатынына сенімдімін.
Әбдіжалиев Нүркен, Қызылорда қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы:
- Бұрын негізігнен баланы оқытудың процесінде қолданылатын әдіс-тәсілдер ғана қарастырылатын. Ал, қазіргі курстың ерекшелігі – педагогикалық процесті ұйымдастырумен қатар сыныптың жалпы психологиясын бақылау, эмоцияны қалай реттеуге болады, кездесетін әлеуметтік қиындықтар мен танымдық проблемалар және оларды шешу жолдары қарастырылады.
Бұл үйренген әдіс-тәсілдерімді міндетті түрде жүзеге асырамын. Әдетте оқушылардың үлгерім деңгейі әр түрлі болады. Бірі жақсы оқиды, бірі жаман. Ал, бұл әдістеменің басты ерекшелігі ол – кез-келген оқушыны еріксіз ынталандырады. Оқымаймын деген шәкірт қалмайды, еркінен тыс ынталанады. Әдістеме соған негізделген. Мұғалім бұл жерде тек үйлестіруші. Сабақ кезінде оқушыны проблемамен бетпе-бет қалдырады, ол шығу жолын өзі табуы тиіс. Дұрыс болмаса да ол ізденеді, ұмтылады, маңыздысы осы.
BAQ.KZ