12 Желтоқсан 2012, 09:29
Дөңгелек үстел ретінде ұйымдастырылған мәслихаттың соңғы күні Олимпиада ойындарының екі дүркін жеңімпазы Илья Ильиннің бапкерлеріне сөз кезегі берілді. Алдымен мінберге Ильяның бүгінгі жаттықтырушылары Ержас Болтаев пен Тойшан Бектеміров көтерілді. Естеріңізге сала кетейік, бұл мамандар Ильяны 2009 жылдан бері жаттықтырып келеді. Ильинді Париждегі әлем чемпионатына бастап барған да, Лондон Олимпиадасында жеңіс тұғырына көтерген де – осылар.
– Өзіміздің жаттықтыру методикамызбен бөліскіміз келеді. Оның барлығын өзімізде сақтап, тек өз пайдамызға асырғаннан еш нәрсе ұтпаймыз. Көпшілікпен бөлісіп, сауапты іс жасағамыз келеді. Қазақстанның спорттық тұрғыда әлеуеті зор. Ауыр атлетикадан талай Олимпиада жеңімпаздарын шығаруға болады. Тек жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын түсінгеніміз жөн, – деді Ержас Болтаев.
Болтаевтың айтуынша, Ильинді жаттықтыру методикасын жасауда талай елдің мамандарымен пікір алмасып, талай бапкердің жаттықтыру әдістеріне сүйенген екен. Ішінен тек керектілерін алып, қажетсіздерін сызып тастап отырған.
– Мәселен, – деп жалғастырды Ержас Болтаев, — бізде бапкерлер жаттығу алдында шәкірттерін кроссқа жүгіртіп алғанды жөн көреді. Біз мұны аса қажет емес деп ойлаймыз. Спорттың басқа түрлеріне керек, бірақ ауыр атлеттерге аса қажет емес. Жүгірудің орнына жаттығу процесіне жүзуді қосқан жөн. Мұның көп нәрсеге пайдасы тиеді. Бұлшық еттерді қатайтады. Яғни ауыр атлетикаға өте қажет дүние. Илья алдымен әр жаттығуда 20-30 метрге жүзетін. Ақырындап қашықтықты ұлғайтып 2 мың метрге жеткіздік. Бұл процесс үшін үш ай уақыт кетті. Нәтижесінде Ильин арқасының бұрынғыдай ауырмайтынын байқады. Көрсеткіштері де жақсара бастады. Өзін сергек сезінетін болды. Демек, жүзу жарақатқа да көп көмектеседі.
Сонымен қатар Илья Ильинді жаттықтыру барысында Ержас Болтаев пен Тойшан Бектеміров престік жаттығуларды көп пайдаланбапты. Оның орнына «Айкөне» деп аталатын қазақтың қайта жаңғырған гимнастикасымен шұғылданған. Бұл гимнастиканың ерекшелігі сол: жаттығуды дене мүшесінің қажетті жерлеріне ғана бағыттауға болады. Яғни бел, омыртқа, мойын, арқа, бас, аяқ-қолға дейін арналған өзінің жаттығулары бар.
Бұдан бөлек Ержас Болтаев ауыр атлеттің қалыптасуына спорттық тамақтанудың да орны ерекше екенін айтып өтті.
– Лондон Олимпиадасының алдында Ильин Польша, Оңтүстік Корея, Германия сынды елдерде жаттықты. Әр жерден өзімізге керекті дүниелерді сіңіруге тырыстық. Мәселен, Германияның Франкфурт қаласында Тойшан Бектеміров 1990 жылдары әлемге әйгілі болған немістің Хеллингер деген атлетімен тәжірибе алмасты. Хеллингер бүгінде спорттық тамақтану методикасын жасаумен әлемге аты шыққан. Біз одан керегімізді үйреніп, оны Энвер Түркелеридің қазақстандық толағайларға жасап берген тамақтану әдісіне сіңірдік те, өзіміздің методикамызды жасап шығардық, – деді Ержас Болтаев.
Жалпы, Болтаевтың баяндамасының мәнді шыққаны соншалық – бапкерлер арасынан қызығушылық танытып сұрақ қойып жатқандар да көп болды. Тіпті федерация президенті Қайрат Тұрлыхановтың өзі қызығып: «Ержас, осының барлығын жиып кітап қылып шығарсаң қайтеді? Жас бапкерлерге үлкен мектеп болар еді. Үйренетін жері көп екен», – деп ұсыныс тастады. Мұны ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни де қостап, басын изеп қалды.
– Мен мұның барлығын федерациясын бас хатшысы Меңдіхан Тәпсірұлына тапсырамын. Келісіп қойдық. Федерацияның атынан кітап қылып шығаруға болады, – деді Болтаев.
Илья Ильинді бала күнінен бастап, бүгінге дейін жаттықтырып келген Вилорий Пакқа да сөз кезегі беріліп, Вилорий Викторович балаларды ауыр атлетикаға кішкентайынан баулу керектігін айтты.
– Балалар бокс пен күреске 10 жасынан бастап қатысады екен. Акробатика, гимнастика, жүзу сынды спорт түрлеріне тіпті 5 жасынан бастап іріктеледі. Ал ауыр атлетикаға есейген шақтарында ғана келеді. Яғни өзіміз де куә болып жатамыз, көбінесе басқа спорт түрлеріне қатысып, бағы жанбағандар ғана зілтемір көтеруге келіп жатады. Осы олқылықты түзеу керек. Ауыр атлетикаға ерте жастан қатысса, аяқтары қисық болып, бойлары өспей қалады деген бос сөз. Небір еңгезердей жігіттеріміз жүр ғой. Сондықтан балаларға кішкентайынан зілтемір көтерту қажет, – деп түйіндеді ойын Вилорий Пак.
Семинар соңында келген қонақтарға алғысын білдірген федерация басшысы Қайрат Болатұлы қатысушы бапкерлерді арнайы сертификатпен марапаттады.
Қайрат Тұрлыханов, ҚР ауыр атлетика федерациясының президенті:
– Мұндай семинар ауыр атлетикамызда он жыл бойы өтпепті. Зілтемір төңірегіндегі проблемаларды шешу үшін еліміздің әр аудан, ауылдарының бапкерлерін жинап, басын қосқан жайымыз бар. Енді мұндай семинар жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұрады. Мәслихаттың қорытындысы бойынша әдістемелік кітап шығаратын боламыз.
Алексей Ни, ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:
– Бес Олимпиада ойындарында бас бапкер болдым. Талай әлем чемпионаттарының куәсімін. Бейжіңде тапсырманы орындап, бір алтынмен оралғанбыз. Лондонда тапсырманы асыра орындадық. Тіпті спортшылардың әлеуеттерін жетік білетін мен үшін де толағайларымыздың төрт алтын алуы үлкен жаңалық болды. Енді алда – Рио Олимпиадасы. Алдымызға одан да үлкен мақсаттар жүктейміз. Шынымды айтсам, менде стимул қалмай барады. Өйткені бас бапкер ретінде жетістіктің барлығына жетудемін. Ендігі мақсатым – өз білгенімізді ішімізде сақтап қалмай, жас мамандармен бөлісу.
Дереккөзі: BAQ.kz