8 Желтоқсан 2012, 06:58
Газетке хабар жазып дағдыланып жүрген тілшілердегі өнегені өз хабарынан-ақ алуларына болады. Өйткені газетке келген хабардың ықшамдалып түзетілмей басылатыны кем де кем. Әуелгі жіберген хабарының қаншасы қысқартылып, қандай жері түзетілгенін бақылап отырған тілші, ендігі жазғанда бастапқы қателерін түзеумен отырса, үйрену, ысылу сол болмақ. Шама келгенше әрі қысқа, әрі ұғымды жазуға талап ету керек. Керексіз сезді коп араластырған хабар ұзын да, ұғымсыз да болады. Бір сөз екі айтылса, құрғақ кесте, бос айғай қыстырылса, біреуді мақтауға, болмаса әйтеуір жамандауға ынта салынса, керексіз сөз сондаймен көбейеді. Сөйтіп, керектіге орын аз қалған соң хабардың ұғымсыз шығатыны да сол. Екінші,— түрлі айтқанда асырып жазсаң хабар ұзын, жасырып жазсаң хабар қысқа, болғанды шынның өзін ғана жазсаң табылмайтын хабар сол. Бірақ шында да шын бар, «болды» екен деп шынның бәрін хабар қылып жазуға болмайды.
Газетке қандай әңгіменің жайынан жазу керек екендігін газет оқып жүрген, әлеумет ісіне араласып жүрген азаматтардың, әсіресе тілшілер, білуіне керек. Көптің үлгі алатын пайдалы, кепке кесел тиетін зиянды болу жағын, хабарды қазбастан бұрын, салмақтау керек. Асса бір-ақ ауыл, қалса екі кісінің арасынан шығып маңызы да содан аспайтын болса, ондай әңгіме әлеуметтің үлгі алуына жарамайды. Оны хабар деп жазбау лайық. Тілші. шын мағынада тілші боламын десе, әлеуметшіл болсын. Әлеумет қайғысына жылап, қызығына күлмеген тілші әлеуметшіл де, тілші де емес, ондайлар кеңес өкіметінің кедергісі, жауы ғана. Ел ішінде жаңа тұрмыс орнатуға көмекші, жетекші болатын — тілші. Тілші хабарды азғантай болса да, бас пайдасына бұрып жазса, қалтасын ойлап халық атынан кооператив ашып, оны саудаға бұрған залымдардан бағасы артық емес. Бұл тілшіліктің ішкі шарты. Сыртқы шартқа келгенде, қандай хабар жазса да, тыянақты болу үшін, мынау алты сұрақ естеріңде болсын:
1) Қайда, 2) қашан, 3) кім, 4) не, 5) қалай және 6) неге. Бұл алты сұраудың бірі хабарсыз қалса, хабар — шала. Мәселен, бір мұғалім: «ноябрьдің 10 нан мектеп ашып...» дегенде, қай ауылда ашқандығын жазбаса, хабар толық бола ма? Екінші: бір тілші: «біздің елдегі кооператив басқармасына қайтадан сайлау болып, мүшелеріне...» деп аяқтатса да сайлаудың қашан болғанын айтпағаны хабарды ақсатып тұр. Осы күнгі жазып жүрген тілшілердің көбінде анау алты сұраудың біреуі түгіл үшеу-төртеуіне жауап бермей, сыдыртып өтетін әдет бар. Мәселен, «биылғы сайлау талассыз өтті, болатком, ауылаткомдердің баяндамаларын өкілдер ықыласпен тыңдап, бір ауыздан қабыл алды...» деген хабардан не ұғуға болады. Бұл сияқты хабарды екі тілшіміздің бірі жазып жүр. Бұдан былай өз хабарына өзі сыншы болып, анау алты сұраудың қайсысы жауапсыз қалды, соны түгендеп жазуға әдеттену, ашып айтқанда әңгіменің бетін, қабығын жазбай, дәнін, маңызын жазу керек.