Іздену, зерттеу — басты шарт

8 Желтоқсан 2012, 06:50

  Іздену, зерттеу — басты шарт   Жазушы лабораториясы. Бұл құлаққа жиі шалынған сөз болса да, мені біраз ойландырды. Лаборатория деген үлкен нәрсе. Ал осы менде лаборатория бар ма? Кейбір жазушылар шығарманы жазу жолындағы жинаған папка-папка материалдарын, әр түрлі қиындыларын көрсетіп, соны қалай сұрыптап, екшегенін айтады. Менде ол жоқ екен. Бірақ әйтеуір жазылған азды-кем шығарма бар.   Редакцияның қолқасын қимай, шығарма жазудағы өзімнің шағын тәжірибемді ортаға салуды ниет еттім. Мен мұнда жазушы шығарманы қалай пісіріп, қалай жазуға тиіс, оның творчестволық әдіс-тәсілдері қандай болуы керек дегенді айтпаймын, тек өз тәжірибемді ортаға саламын. Әсірелемей, әшекейлемей өз басымның шындығын ғана айтамын. Мені қинайтын және бір жайт бар. Мен де басқа жазушылар сияқты, шығарманы барымды салып, жаныммен жазамын. Сондықтан да оқушы қолындағы кітаптарымда кейіпкерлер арқылы өз басымның да біраз сырлары, жеке өзімді толқытқан сезімдер және жақсы білетін жақын сырластарымның да біраз құпиялары жүр.   Шығарманың бірнеше негізгі компоненті болады. Олар — ой қызығы (замысел), композиция (құрылысы), сюжет (оқиға желісі), образдар мен характерлер, характерлер қақтығысы. Болашақ шығарманы ойлауды, өз басым ой қызығынан бастаймын. Осы шығарма арқылы не айтқым келеді, соның мағынасы не, соны анықтап алуға тырысам. Содан кейін адам образдары, олардың тағдыры ойыма келеді. Ал сюжет, композиция дегендер мен үшін соңғы кезекте. Сондықтан болар өмірде көрген, не жұрт аузынан естіген қызғылықты оқиғалардың өзі, егер өмірлік бір ерекше мағынасы болмаса, мені еліктірмейді. Осы сөзімді анығырақ түсіндіру үшін «Қаһарлы күндер» романын жазудағы кейбір жайттарды талдап көрейін.   Бұл романның жазылуы онша көп уақыт алмағанмен, толғағы ұзақ болды. Үш жыл бастан кешкен соғыс туралы роман жазуды көп ойладым. 1949 жылы бас жағын жазып, кірісіп те кеттім. Бірақ жұмысым өнбеді. Шамасы, келер жылы болар, Ә. Нұрпеисовтың «Курляндия» романы жарық көрді. Соны оқып шығып ойға қалдым. Шығарма біраз кемшілігі болса да, маған қатты ұнады. Онда сол кездегі қазақ жазушыларының басым көпшілігінде жоқ, кәдімгі тірі, жанды сурет, бусанып тұрған өмір бөлшектері бар екен. Ал менің бастап жазып қойғандарымның дәрежесі одан әлдеқайда төмен болатын. Содан өзімнен-өзім жерідім де жаза бастағанымды тастап кеттім. Кейде болашақ шығарманы ойлап, толғанып жүрсем де, үш-төрт жылға дейін қайтып оралуға зауқым соқпады. Сын мен көркем аударма саласында жұмыс істей бердім. Бұл арада орыс әдебиетінде соғыс тақырыбына көптеген романдар шықты.   Оларды да оқи жүрдім. Барған сайын алдымды ораушылар көбейіп, менің жазам деген романымның жолы қиындай түсті. Бірақ негізгі ой-пікірім де айқындала берді. Мен ең алдымен бұғанасы қатпай, майданға кірген, от ішінде есейген өз қатарым туралы айтқым келді. Мені және бір қызықтырған соғыстың шытырман оқиғасы, қауіп-қатері емес, соғыс арқылы, қауіп-қатер арқылы ашылатын адам характерлері болады.   Ақыры, ойланып-толғанып келгенде менің де өзімше айтатын бір нәрселерім бар сияқты көрінді де іске кірісіп кеттім.   Мен соғысқа 1942 жылдың күзінен бастап аяғына дейін қатыстым. Көргендерім аз емес. Ал, осы шығармама қай тұсты өзек етіп аламын, қандай оқиғаларды берем? Бұл ой да аз толғандырған жоқ. Қай шығармада болмасын кейіпкерлерді ең қатал сынға салу керек. Сонымен соғыстың ең қатерлі кезеңін — 1941 жылдық күзін алуға бекіндім. Бірақ мені қинағаны — ол уақытта мен майданда болғаным жоқ. Тіпті әскер қатарына да ілікпеген кезім. Соны суреттеуге хақым бар ма деген сұрау да қинады. Бірақ ойлан-ойлан осы кезеңді суреттеуге бекіндім. Өйткені соғыстың табиғаты бір. Ажал біреу. Оның үстіне мен соғысты сырттан бақылағаным жоқ, ішінде болдым. Төрт рет жараландым. Және 1942 жылы сол Москва маңы — Ржев төңірегінде соғыстым. Сөйтіп барлық жағдайды екшей келгенде — үш жыл бойғы соғыстан көрген-білгенімді — 1941 жылдың қаһарлы күзіне топтауға болады екен деген ойға келдім.   Әрине, өзім ортасында болмаған оқиғаны жазу үшін қосымша зерттеулер керек болды. Москва түбіндегі Дубосеково станциясына барып, жиырма сегіз батырдың окобына түстім. Бұл 1950 жылы болатын, онда окоптары сақталған еді. Содан келіп Волоколамск маңын жаяу аралап, біраз жүрдім. Сегізінші гвардия дивизиясының кейбір жауынгерлерімен сөйлестім. Әйтсе де негізгі сүйенгенім соғыста өзімнің көрген-білгенім, алған әсерім болды. Бірақ өз білгеніме сеніп, материалды аз тексергенімді, сондықтан да осы романға сиятын, оны күшейтетін кейбір сүйекті оқиғалардың қалып қойғанын кейін білдім.   Күні бұрын романның жоспарын жасаған жоқпын. (Осы күнге дейін жазатын шығарманың жоспарын жасаймын). Столға отырғанда шығарманың негізгі ой қазығы бас геройдың өмір жолы, жететін тұсы анығырақ болды да өзге жағы онша айқындалып болған жоқ еді. Алғашқы тарауларда не айтатынымды білетінмін. Жазуға кірісіп, ілгерілеген сайын көк жиегім кеңіп, шығарманың кейінгі жақтары да айқындала берді. Абзалы ой деген нәрсе алып қашып кете берді. Меніңше қай жазушы да шығарманың кейінгі жағын көп ойлайды. Мысалы, бірінші тарауды бір рет ойлап алып жазсақ, екінші тарауды біріншіні жазып отырып та, сол екінші тараудың өзін жазып отырып та ойлайсың. Сол сияқты үшінші тарауды үш қайтара, сөйтіп кете береді. Ал енді шығарманың аяғына жуықтағанда амалсыз артыңа көз жібересің де кейінде қалған шалалығыңды көресің. Сондай-ақ мен де романды бітіргесін «Қаһарлы күндердің» бірінші бөлімдерін түгел дерлік басқаша, қайта жазып шықтым.   Осы арада екі нәрсені ескерте кетейін. Бірінші материалды іріктеу. Менің үш жыл бойғы соғыста көрген-білгенім «Қаһарлы күндерге» сыймайтын еді. Сондықтан да көзбен көрген оқиғалардың бәрін бірдей ала бермей, негізгі ойды ашуға керектілерін ғана алдым. Кейбір «осы қызық-ау» деген оқиғалар сызылып та қалды. Сонымен бірге — геройлардың өткен-кеткен өмір жолына байланысты біраз жайттар, сырлар, соғыстан емес, бейбіт өмірден көріп, түйгендерімен кірді. Шынын айтқанда адамдардың бейнелерін жасап, сырларын ашу үшін ес білгеннен бастап, стол басында жазып отырған күнге дейінгі аңғарып көргенімді, жиған-тергенімді, өмірден алған сабағымды, тіпті кейбір өзімнің ішкі сырымды да іркіп қалғаным жоқ.   Әр шығарма құр оқиғадан емес, жазушыны шын тебіренткен өмір құбылысынан, ойдан туады ғой деймін. «Қаһарлы күндер» үш жыл соғысқанда «осыны айтамын-ау» деп ауылға алып қайтқан дүнием болатын.   Ал, «Сәуле» болса, кейінгі жылдары түйген бір ойдан туды. Қай шығарма болса да бір түрткі керек. 1956 жылы «Күй аңызы» деген әңгіме жаздым. Мұның негізі халық аузында бар нәрсе. Ол былай: бір шалдың жалғыз нары ботасы өліп суалып қалыпты. Сол ауылға бір кәрі, бір жас екі күйші келе қалған екен, солар шалға «қызыңды берсең нарыңды идіріп береміз» депті. Осыған келісіп екеуі күй тартады. Қарт күйші өз өнерінің күшімен нарды идірген екен, бірақ қу қыз түйенің емшегін қысып тұрып, кезек жас күйшіге келгенде сауады да, соған тиеді. Бұл аңыз менің құлағымды онша елең еткізген жоқ.   Кейін санаторийде жүргенде бір жас қызды айналдырып жүрген сүр бойдақты көрдім. Байғұстың қанша ықыласы құласа да түйеге мінген адамдай, әлгі қызға жанаса алмай жүрді. Бір күні сол қыздың өзі қатарлас киномеханик жігітпен бірін-бірі қуып ойнап жүргенін көрдім. Ананың тіпті ыңғайы келмеуші еді, ал мына тең құрбы екеуі жараса қалыпты. Содан маған бір ой келіп, жас кезінде қызық қуалап үйленбей, енді жер ортасына жеткенде көңілі, мінезі жарасатын жар сүйе алмай, заманын өткізіп алған өкінішті кәрі бойдақ туралы әңгіме жазғым келді. Бірақ ол әңгіме бірден жазыла қоймады. Сөйтіп жүргенде «Нар идірген» күйі туралы аңыз есіме қайта түсті. Енді ойлап қарасам өнерімен адам тұрсын, хайуанатты тебірендірген қарт күйшінің хәлі — тым аянышты. Жас күйшіні қойшы, оның өмірі алда. Ал, мына сорлы өмір бойы ел кезіп, жұрттың көңілін жұбатып, шерін тарқатып жүрген, сонымен бар дәуренін өткізіп, қартайғанда қайтып оралар, қызығы жоқ жалғыз. Бойындағы бар асылын өзгеге беріп, төлеуіне еш нәрсе алмаған өнер адамының тағдыры. Жоғарыда айтылған оқиға түрткі болды да — ой қызығы табылып, аңыздың мағынасы ашылды. Сөйтіп әңгіме жазуға отырдым. (Ондағы адам аттары аңызда жоқ, ойдан шығардым). Әрине, қыз қарт күйшіні алдай алған жоқ, ол бәрін көрді, бәрін түсінді. «Аһ, заманым өтіп кеткен екен ғой» деген ой жүрегін қарып өтіп, «ар жағын сен тарт» деп домбыраны жас күйшіге тастай берді.   Бар жазушы солай шығар, мен әсіресе әңгіме жазғанда өмірде өзіме бір ой салған, ерекше әсер еткен оқиғаны өзек етемін. Соның тобықтай түйінін ұстап алғасын-ақ ойлана бастаймын. Әрине, жұмыс үстінде ойың ұлғаяды, кеңиді, тереңдейді, бірақ бар оқиғаны, адамдардың әрекеті сол жаңағы тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне кеп саяды.   1956 жылдың күзінде Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауданына бардым. Ырғыз өзенінің бойындағы «Қызыл әскер» колхозының председателі Алдоңғар менің мектептес жолдасым еді. Соның үйінде біраз жаттым. Бұл өзі таза қазақ колхозы. Сол ауылда басқа ұлттан жалғыз ғана украин қызы —Рая деген фельдшер бар екен. Өзі жуырда келіпті, әлі бала, жасы он сегіздер шамасында. Елге сіңісіп болмаған, мінезі тұйық, көбіне жалғыз жүреді. Сұрастырып қарасам — өзі бұрын ешқайда шықпаған, деревняда өскен қыз екен. Енді тіпті, түр-түсі, әдет-ғұрпы бөлек адамдардың арасында жүр. Бейне бір танымайтын үйге тастап кеткен жас баладай халде. Раяның осы бір психологиялық жағдайына қызықтым да әңгіме жазғым келді. Ойлай келе, шеттен келген қыздың көзімен қазақ халқының меймандостығын, шын жанашыр мейірбандығын көрсеткім келді.   Бірақ бұл тек идея ғана. Құрғақ ой әңгіме болмайды. Ең алдымен әңгімеге өзек болатын Раяның көңіл-күйінің тұтас желісін тартып, соны тірілтуім керек. Ол өзі тұйық қыз, онша сыр ашпайды. Тіпті ақ жарқын ашық болған күнде де біреудің ішіне біреу кіріп шыға ма? Мұндайда өткен-кеткеніңді қозғап, өз басыңнан соның халіне үндестік іздейсің. Бір заманда көңіліңді толқытқан, қазір ұмыт болған сезіміңді қайтадан оятасың. Бала кезіңде көзің жаудырап бейтаныс, жат адамдардың арасында жүрген шағыңды тағы да көз алдыңа әкелесің. Әрине, мұндай кездегі кісінің көңіл-күйі кең адамға таныс. Енді соны тірілтетін штрих, детальдер іздедім. Ырғыз өзенінің бойында оқшау ескі теректер бар. Ал, Рая туып-өскен Полтава жерінде жаңағы теректер бар екен. Сөз жоқ, жат жерде жүргенде жаңағы теректер оның көзіне оттай басылады. Туған жерін есіне салады. Осылай там-тұмдаған тірі детальдер келе бастады.   Бір күні қырман басында едім, ойпаңда жайылып жүрген көкқұтанды көрдім. Атайын десем ешкімде мылтық жоқ екен. Сонда да көкқұтанға жақындап бардым. Мен жақындаған сайын ол қашықтай береді де, мен кейін қарай жүрсем, о да еріп, бері қарай жақындайды. Жалғыз құтан не қырманға, не ауылға маңайлай алмай оқшау жүр. Мұның осы көрінісі Раяның халін есіме салды. Бір ұқсастық бар сияқты. Айтпақшы, Украинада осы көкқұтанның ағайыны, ләйлек деген құс болатын. Ол ұясын үйдің төбесіне салады. Оған ешкім тимейді. Егер осыны Рая көрсе есіне сол ләйлек түспес пе еді. Ауылға келіп үй төбесіне жылы ұясын сала алмай, жалғыз жүрген көкқұтанның хәлі өз халін есіне салып, көңілі бұзылмас па еді. Әңгіменің кілті осылай табылды да оның атын «Көкқұтан» қою керек деген ойға келдім.   Әрине, әңгімеде Рая жалғыз болмайды. Сәндібек аталатын жігітті өмірден түр, түс мінезімен дәл сол күйінде алып енгіздім. Оның домбыраға қосып, орысша-қазақша бірдей ән салатыны да рас. Раяның соның үйінде жатқаны да рас. Раяның атын Галя деп өзгерткенім болмаса, түр-сипатын сол күйінде қалдырдым. Осындай жолмен әңгімеге басқа да колхозшылар кірді. Тек Бәшек деген жігітті басқа ауылдан көріп ем, оны осында кіргіздім, ал Оразды, сол Ораз бен Галя арасындағы оқиғаны ойдан шығардым. Бірақ бұл тұста да шындықтан алыстап кетпедім ғой деп ойлаймын. Мүмкін, Рая да кейін өзінің Оразын тапқан шығар.   Айтпақшы, героиням Полтава маңынан. Ол көрмеген жерім. Сондықтан да оның деревнясын өзім көрген Мелитополь өлкесіне «көшіріп» әкелдім. Жазушының қиялы қанша бай болса да көрмеген жерді суреттеу тым ағаттық болар еді. Егер «Алыстан жеткен сарындағы» Қызыл құмды, Қуан дарияны, Аяз қала аталатын өлі шаһарды бала кезімде көзбен көрмесем — бұл әңгімені жазбасым кәміл.   Сол сияқты суреттеген кейіпкерімді де ойдан шығарып көрген емеспін. Әдебиет тілімен айтқанда — әр қайсысының өмірде прототипі бар. Мысалы, «Қаһарлы күндердегі» Қартбай, Бөрібай, Кәкібайлар романға тіпті өз есімдерімен кірді. Кейіпкерлерді суреттегенде өзім жақсы білетін бір адамды көз алдыма ұстап отырамын. Әрине, өмірде ол адам дәл мен суреттеген оқиғаның ішінде болып, сол кейіпкер істеген істі істеген жоқ, бірақ оның сол жағдайда не істейтінін, қандай мінез көрсететінін, ең аяғы қалай жүріп тұратынын, бет пішінін «көріп» отырамын. Шығарма дегенді өмірден дайын күйінде алып, қағазға түсіре салсақ рақат болар еді ғой. Бірақ олай емес, жазушы археолог сияқты ұнтатылып қалған сынықтан құрастырып, тұтас бейне жасау керек. Сондай-ақ кейіпкер есебінде алған таныс адамыңды, — өмір тәжірибеңнен қырнап алып толықтыра түсесің. Кейде екі-үш адамнан бір кейіпкер қурап шығарасың. Мен «Қаһарлы күндердегі» Көжекті бірнеше қазақтан құрадым. Жасыратыны жоқ. Көжектің ішіне өзімнің де баланы жақсы көретін мінезім кіріп кетті.   Абзалы мен ойға шабандау болуым керек. Көңілге алған образдарым ұзақ «піседі» , Сол сияқты ойға алған шығарманы да жазуға бірден отыра қоймаймын. Кейде арада жылдар өтіп кетеді. Сол кезде бықтырып қойған бидай көжедей іште пice беретін сияқты. (Мұның бір қиын жері— мен шұбатылып жеткенше күн тәртібіндегі жаңалықты лыпып тұрған өнімді жазушылар қағып кетеді.)   Мысалы, «Сәуледегі» Бөпежан образы. Бұл образ алғаш рет менің ойыма елуінші жылдардың бас кезінде келді. Сол кезде Корнейчук бір пьесасында өзгеше бір мещанка әйелдің образын жасады. Соған ілесе мода қуалаған, әлеміш киінген ақылсыз қатындардың образы қазақ, өзбек драматургиясына да топырлап келе бастады. Сонда — бүгінгі қазақ интеллигенциясының үйінде — орақ ауызды, от тісті, өзінше ақылды, күйеуін бір қолымен үйіріп отырған, кейбір мықты әйелдер бар-ay, соны неге жазбайды екен осылар деп ойлап едім. Мұндай адамды өмірден көргенмін. Еркекпен еркекше сөйлесетін, еркін мінезді, тілі мірдің оғындай. Онымен бір дастарханда болсақ кәдімгідей сақтанып, қорқып отырасың, егер жазатайым ағаттық істеп алсақ тілімен шағып алғанда орныңнан тұра алмай қаласың. Әттең тек білімін толықтырып, мол қайраты мен тапқыр ақылын дұрыс бағытқа бағыштап жіберсе бар ғой — бір министрлігіңді дөңгелентіп-ақ отырар еді. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймас» деген қазақ мақалының жаны бар ғой деймін, ондай әйелдердің күйеуі момақан, можантомпайлау болады. Көп жыл басымда жүрген осы образды ыңғайы келе қап «Сәуле» пьесасына кіргіздім.   Бірақ кейде «айтпай келетін» шығарма, стол басында туатын образдар да болады екен. Енді несін жасырайын, осы «Сәуле» пьесасы солай болды. Жазамын деп столға отырғанда — басымда анық еш нәрсе жоқ сияқты еді. Ал, бастаған соң-ақ елпілдеп тарта бердім. Жартысын Арал теңізінің бір түкпіріндегі Құланды түбегінде жазып, қалғанын Алматыға кеп бітірдім. Тіпті арасында орын ауыстырғаныма қарамастан бас-аяғы бір ай шамасында жазып бітірдім. Ал, Құдайберген, Айша, Сапар, Гүлжан, Алдаберген сияқты образдар да стол басында ғана туды. Және бір қызығы — пьесаның бірінші жартысы мен екінші жартысы қатар жазылды. Бас жағын жазып отырғанда кейінгі жағындағы геройлардың қақтығысы, сөйлейтін сөздері ойыма орала береді де оны қойын дәптерге толтыра бердім. Сөйтіп екінші актыны орталаған кезде — қалған жағының негізгі, ең бір ұтырлы сөздері дайын тұрды...   Жазушының шабыты болады, шабыты келгенде төгіп тастайды деген қызыл сөздің сыры маған мәлім. Оған сенбеймін. Жазушылық ой мен сезімді қатар толғандыратын ауыр еңбек. Әр еңбек сияқты бұған да орысша айтқанда «рабочее настроение» — көңіл хошы, ықылас керек. Солай бола тұра осы шығарманың қалай тез жазылғанына қайран болдым. Бұл менің өз тәжірибемде аса сирек жағдай. Көбіне мен ұзақ толғанып, қиналып жазамын.   Кейін осының себебін ойлап қарасам — бұл шығарма «аяқ астынан» туа қалмапты. Бұрын тек «Сәуле» деген пьеса жазамын деп ойлағаным болмаса, мұндағы адамдар, жайттар ойыма талай оралған екен де кезінде ыңғайын тауып, кәдеге жарата қоймағандықтан көңілімнің бір түкпірінде сақталып жата берген екен. Қысқасы, шабытпен шақырып, аспаннан түскен еш нәрсе жоқ, запастан алып пайдаланыппын.   Лаборатория демекші, менің негізгі лабораториям басым мен көңілім — жүрегім. Сол екеуінде екшеліп, сонда сақталғандарды жазамын. Бір жаман жерім, жөндеп қойып дәптер тұтынбаймын. Ел аралағанда қалтама салып шыққан қойын дәптеріме өнімді жазу түсе қоймайды. Жұрттың көзінше бір нәрсені түртіп жатуға ұяламын. Расында керекті нәрсенің бәрі бірдей жадыңда сақтала бермейді; сондықтан түртіп алып жүрген керек-ақ.   Көп жазушылар күн құрғатпай жазып отырады. Бұлар төпеп жазатын, можантомпайлар емес, мықтылардың көбі солай істейтін көрінеді... Менікі олай емес. Шығарма піскен кезде бас алмай отырамын да (күніне сегізден oн екі сағатқа дейін), ал кейде жазбай бос жүремін. Бірден қатты істеген жұмыс тез шаршатады. Он шақты күннен кейін төрт-бес күн тынығып алмасаң болмайды. Осы үздік-создық істеуден құтылып, мықты бір арнаға түскім келіп-ақ жүр. Бірақ ол оңай емес екен. Бұған және бір қырсығын тигізетін — жалқаулық. Осыдан қоса арылуым керек. Абзалы, жазушы өзіне қатты режим жасап, мықты бір арнаға түсіп алмаса, еңбегі өнімді болмайтын тәрізді.   «Ойнасақ та біраз жерге шаптың қой» дегендей там тұмдап отырып «шек-қарнымды» біраз ақтарып алыппын Енді бір-екі сөзбен қысқа қайырайын.   Жазушы жолының бір саласы — оқу, үйрену ғой. Ол туралы айтсам ұзақ сөз болып кететін түрі бар. Ал төтесінен келгенде менің стилистік жағынан үйренетін адамым Алексей Толстой. Оны оқып қана қоймай, «Азапты caпаpда» трилогиясының екі кітабын аудардым. Оз ойымша осы жазушыны мықты стилист деп білемін.   Әрине, бір жазушыны оқып, содан ғана үйрену — ұзақ өріске шығармайды. Көп оқу, көп зерттеу керек. Бірақ өсу, жетілудің ең дұрыс жолы — көп жұмыс істеу. Өзге шебердің әсем өрнегіне қанша үңілгенмен, өз қолыңа аспап алмай тұрып өнерді меңгере алмайсың. Жұмыс үстінде жазушы шеберлігін ғана шыңдамайды, ойы толысып, өрісі ұлғайып, керек десеңіз өмір тәжірибесі де молығады кейде өз геройымен бірге жазушы да өседі деген рас cөз 

 

Іздену, зерттеу — басты шарт

 

Жазушы лабораториясы. Бұл құлаққа жиі шалынған сөз болса да, мені біраз ойландырды. Лаборатория деген үлкен нәрсе. Ал осы менде лаборатория бар ма? Кейбір жазушылар шығарманы жазу жолындағы жинаған папка-папка материалдарын, әр түрлі қиындыларын көрсетіп, соны қалай сұрыптап, екшегенін айтады. Менде ол жоқ екен. Бірақ әйтеуір жазылған азды-кем шығарма бар.

 

Редакцияның қолқасын қимай, шығарма жазудағы өзімнің шағын тәжірибемді ортаға салуды ниет еттім. Мен мұнда жазушы шығарманы қалай пісіріп, қалай жазуға тиіс, оның творчестволық әдіс-тәсілдері қандай болуы керек дегенді айтпаймын, тек өз тәжірибемді ортаға саламын. Әсірелемей, әшекейлемей өз басымның шындығын ғана айтамын. Мені қинайтын және бір жайт бар. Мен де басқа жазушылар сияқты, шығарманы барымды салып, жаныммен жазамын. Сондықтан да оқушы қолындағы кітаптарымда кейіпкерлер арқылы өз басымның да біраз сырлары, жеке өзімді толқытқан сезімдер және жақсы білетін жақын сырластарымның да біраз құпиялары жүр.

 

Шығарманың бірнеше негізгі компоненті болады. Олар — ой қызығы (замысел), композиция (құрылысы), сюжет (оқиға желісі), образдар мен характерлер, характерлер қақтығысы. Болашақ шығарманы ойлауды, өз басым ой қызығынан бастаймын. Осы шығарма арқылы не айтқым келеді, соның мағынасы не, соны анықтап алуға тырысам. Содан кейін адам образдары, олардың тағдыры ойыма келеді. Ал сюжет, композиция дегендер мен үшін соңғы кезекте. Сондықтан болар өмірде көрген, не жұрт аузынан естіген қызғылықты оқиғалардың өзі, егер өмірлік бір ерекше мағынасы болмаса, мені еліктірмейді. Осы сөзімді анығырақ түсіндіру үшін «Қаһарлы күндер» романын жазудағы кейбір жайттарды талдап көрейін.

 

Бұл романның жазылуы онша көп уақыт алмағанмен, толғағы ұзақ болды. Үш жыл бастан кешкен соғыс туралы роман жазуды көп ойладым. 1949 жылы бас жағын жазып, кірісіп те кеттім. Бірақ жұмысым өнбеді. Шамасы, келер жылы болар, Ә. Нұрпеисовтың «Курляндия» романы жарық көрді. Соны оқып шығып ойға қалдым. Шығарма біраз кемшілігі болса да, маған қатты ұнады. Онда сол кездегі қазақ жазушыларының басым көпшілігінде жоқ, кәдімгі тірі, жанды сурет, бусанып тұрған өмір бөлшектері бар екен. Ал менің бастап жазып қойғандарымның дәрежесі одан әлдеқайда төмен болатын. Содан өзімнен-өзім жерідім де жаза бастағанымды тастап кеттім. Кейде болашақ шығарманы ойлап, толғанып жүрсем де, үш-төрт жылға дейін қайтып оралуға зауқым соқпады. Сын мен көркем аударма саласында жұмыс істей бердім. Бұл арада орыс әдебиетінде соғыс тақырыбына көптеген романдар шықты.

 

Оларды да оқи жүрдім. Барған сайын алдымды ораушылар көбейіп, менің жазам деген романымның жолы қиындай түсті. Бірақ негізгі ой-пікірім де айқындала берді. Мен ең алдымен бұғанасы қатпай, майданға кірген, от ішінде есейген өз қатарым туралы айтқым келді. Мені және бір қызықтырған соғыстың шытырман оқиғасы, қауіп-қатері емес, соғыс арқылы, қауіп-қатер арқылы ашылатын адам характерлері болады.

 

Ақыры, ойланып-толғанып келгенде менің де өзімше айтатын бір нәрселерім бар сияқты көрінді де іске кірісіп кеттім.

 

Мен соғысқа 1942 жылдың күзінен бастап аяғына дейін қатыстым. Көргендерім аз емес. Ал, осы шығармама қай тұсты өзек етіп аламын, қандай оқиғаларды берем? Бұл ой да аз толғандырған жоқ. Қай шығармада болмасын кейіпкерлерді ең қатал сынға салу керек. Сонымен соғыстың ең қатерлі кезеңін — 1941 жылдық күзін алуға бекіндім. Бірақ мені қинағаны — ол уақытта мен майданда болғаным жоқ. Тіпті әскер қатарына да ілікпеген кезім. Соны суреттеуге хақым бар ма деген сұрау да қинады. Бірақ ойлан-ойлан осы кезеңді суреттеуге бекіндім. Өйткені соғыстың табиғаты бір. Ажал біреу. Оның үстіне мен соғысты сырттан бақылағаным жоқ, ішінде болдым. Төрт рет жараландым. Және 1942 жылы сол Москва маңы — Ржев төңірегінде соғыстым. Сөйтіп барлық жағдайды екшей келгенде — үш жыл бойғы соғыстан көрген-білгенімді — 1941 жылдың қаһарлы күзіне топтауға болады екен деген ойға келдім.

 

Әрине, өзім ортасында болмаған оқиғаны жазу үшін қосымша зерттеулер керек болды. Москва түбіндегі Дубосеково станциясына барып, жиырма сегіз батырдың окобына түстім. Бұл 1950 жылы болатын, онда окоптары сақталған еді. Содан келіп Волоколамск маңын жаяу аралап, біраз жүрдім. Сегізінші гвардия дивизиясының кейбір жауынгерлерімен сөйлестім. Әйтсе де негізгі сүйенгенім соғыста өзімнің көрген-білгенім, алған әсерім болды. Бірақ өз білгеніме сеніп, материалды аз тексергенімді, сондықтан да осы романға сиятын, оны күшейтетін кейбір сүйекті оқиғалардың қалып қойғанын кейін білдім.

 

Күні бұрын романның жоспарын жасаған жоқпын. (Осы күнге дейін жазатын шығарманың жоспарын жасаймын). Столға отырғанда шығарманың негізгі ой қазығы бас геройдың өмір жолы, жететін тұсы анығырақ болды да өзге жағы онша айқындалып болған жоқ еді. Алғашқы тарауларда не айтатынымды білетінмін. Жазуға кірісіп, ілгерілеген сайын көк жиегім кеңіп, шығарманың кейінгі жақтары да айқындала берді. Абзалы ой деген нәрсе алып қашып кете берді. Меніңше қай жазушы да шығарманың кейінгі жағын көп ойлайды. Мысалы, бірінші тарауды бір рет ойлап алып жазсақ, екінші тарауды біріншіні жазып отырып та, сол екінші тараудың өзін жазып отырып та ойлайсың. Сол сияқты үшінші тарауды үш қайтара, сөйтіп кете береді. Ал енді шығарманың аяғына жуықтағанда амалсыз артыңа көз жібересің де кейінде қалған шалалығыңды көресің. Сондай-ақ мен де романды бітіргесін «Қаһарлы күндердің» бірінші бөлімдерін түгел дерлік басқаша, қайта жазып шықтым.

 

Осы арада екі нәрсені ескерте кетейін. Бірінші материалды іріктеу. Менің үш жыл бойғы соғыста көрген-білгенім «Қаһарлы күндерге» сыймайтын еді. Сондықтан да көзбен көрген оқиғалардың бәрін бірдей ала бермей, негізгі ойды ашуға керектілерін ғана алдым. Кейбір «осы қызық-ау» деген оқиғалар сызылып та қалды. Сонымен бірге — геройлардың өткен-кеткен өмір жолына байланысты біраз жайттар, сырлар, соғыстан емес, бейбіт өмірден көріп, түйгендерімен кірді. Шынын айтқанда адамдардың бейнелерін жасап, сырларын ашу үшін ес білгеннен бастап, стол басында жазып отырған күнге дейінгі аңғарып көргенімді, жиған-тергенімді, өмірден алған сабағымды, тіпті кейбір өзімнің ішкі сырымды да іркіп қалғаным жоқ.

 

Әр шығарма құр оқиғадан емес, жазушыны шын тебіренткен өмір құбылысынан, ойдан туады ғой деймін. «Қаһарлы күндер» үш жыл соғысқанда «осыны айтамын-ау» деп ауылға алып қайтқан дүнием болатын.

 

Ал, «Сәуле» болса, кейінгі жылдары түйген бір ойдан туды. Қай шығарма болса да бір түрткі керек. 1956 жылы «Күй аңызы» деген әңгіме жаздым. Мұның негізі халық аузында бар нәрсе. Ол былай: бір шалдың жалғыз нары ботасы өліп суалып қалыпты. Сол ауылға бір кәрі, бір жас екі күйші келе қалған екен, солар шалға «қызыңды берсең нарыңды идіріп береміз» депті. Осыған келісіп екеуі күй тартады. Қарт күйші өз өнерінің күшімен нарды идірген екен, бірақ қу қыз түйенің емшегін қысып тұрып, кезек жас күйшіге келгенде сауады да, соған тиеді. Бұл аңыз менің құлағымды онша елең еткізген жоқ.

 

Кейін санаторийде жүргенде бір жас қызды айналдырып жүрген сүр бойдақты көрдім. Байғұстың қанша ықыласы құласа да түйеге мінген адамдай, әлгі қызға жанаса алмай жүрді. Бір күні сол қыздың өзі қатарлас киномеханик жігітпен бірін-бірі қуып ойнап жүргенін көрдім. Ананың тіпті ыңғайы келмеуші еді, ал мына тең құрбы екеуі жараса қалыпты. Содан маған бір ой келіп, жас кезінде қызық қуалап үйленбей, енді жер ортасына жеткенде көңілі, мінезі жарасатын жар сүйе алмай, заманын өткізіп алған өкінішті кәрі бойдақ туралы әңгіме жазғым келді. Бірақ ол әңгіме бірден жазыла қоймады. Сөйтіп жүргенде «Нар идірген» күйі туралы аңыз есіме қайта түсті. Енді ойлап қарасам өнерімен адам тұрсын, хайуанатты тебірендірген қарт күйшінің хәлі — тым аянышты. Жас күйшіні қойшы, оның өмірі алда. Ал, мына сорлы өмір бойы ел кезіп, жұрттың көңілін жұбатып, шерін тарқатып жүрген, сонымен бар дәуренін өткізіп, қартайғанда қайтып оралар, қызығы жоқ жалғыз. Бойындағы бар асылын өзгеге беріп, төлеуіне еш нәрсе алмаған өнер адамының тағдыры. Жоғарыда айтылған оқиға түрткі болды да — ой қызығы табылып, аңыздың мағынасы ашылды. Сөйтіп әңгіме жазуға отырдым. (Ондағы адам аттары аңызда жоқ, ойдан шығардым). Әрине, қыз қарт күйшіні алдай алған жоқ, ол бәрін көрді, бәрін түсінді. «Аһ, заманым өтіп кеткен екен ғой» деген ой жүрегін қарып өтіп, «ар жағын сен тарт» деп домбыраны жас күйшіге тастай берді.

 

Бар жазушы солай шығар, мен әсіресе әңгіме жазғанда өмірде өзіме бір ой салған, ерекше әсер еткен оқиғаны өзек етемін. Соның тобықтай түйінін ұстап алғасын-ақ ойлана бастаймын. Әрине, жұмыс үстінде ойың ұлғаяды, кеңиді, тереңдейді, бірақ бар оқиғаны, адамдардың әрекеті сол жаңағы тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне кеп саяды.

 

1956 жылдың күзінде Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауданына бардым. Ырғыз өзенінің бойындағы «Қызыл әскер» колхозының председателі Алдоңғар менің мектептес жолдасым еді. Соның үйінде біраз жаттым. Бұл өзі таза қазақ колхозы. Сол ауылда басқа ұлттан жалғыз ғана украин қызы —Рая деген фельдшер бар екен. Өзі жуырда келіпті, әлі бала, жасы он сегіздер шамасында. Елге сіңісіп болмаған, мінезі тұйық, көбіне жалғыз жүреді. Сұрастырып қарасам — өзі бұрын ешқайда шықпаған, деревняда өскен қыз екен. Енді тіпті, түр-түсі, әдет-ғұрпы бөлек адамдардың арасында жүр. Бейне бір танымайтын үйге тастап кеткен жас баладай халде. Раяның осы бір психологиялық жағдайына қызықтым да әңгіме жазғым келді. Ойлай келе, шеттен келген қыздың көзімен қазақ халқының меймандостығын, шын жанашыр мейірбандығын көрсеткім келді.

 

Бірақ бұл тек идея ғана. Құрғақ ой әңгіме болмайды. Ең алдымен әңгімеге өзек болатын Раяның көңіл-күйінің тұтас желісін тартып, соны тірілтуім керек. Ол өзі тұйық қыз, онша сыр ашпайды. Тіпті ақ жарқын ашық болған күнде де біреудің ішіне біреу кіріп шыға ма? Мұндайда өткен-кеткеніңді қозғап, өз басыңнан соның халіне үндестік іздейсің. Бір заманда көңіліңді толқытқан, қазір ұмыт болған сезіміңді қайтадан оятасың. Бала кезіңде көзің жаудырап бейтаныс, жат адамдардың арасында жүрген шағыңды тағы да көз алдыңа әкелесің. Әрине, мұндай кездегі кісінің көңіл-күйі кең адамға таныс. Енді соны тірілтетін штрих, детальдер іздедім. Ырғыз өзенінің бойында оқшау ескі теректер бар. Ал, Рая туып-өскен Полтава жерінде жаңағы теректер бар екен. Сөз жоқ, жат жерде жүргенде жаңағы теректер оның көзіне оттай басылады. Туған жерін есіне салады. Осылай там-тұмдаған тірі детальдер келе бастады.

 

Бір күні қырман басында едім, ойпаңда жайылып жүрген көкқұтанды көрдім. Атайын десем ешкімде мылтық жоқ екен. Сонда да көкқұтанға жақындап бардым. Мен жақындаған сайын ол қашықтай береді де, мен кейін қарай жүрсем, о да еріп, бері қарай жақындайды. Жалғыз құтан не қырманға, не ауылға маңайлай алмай оқшау жүр. Мұның осы көрінісі Раяның халін есіме салды. Бір ұқсастық бар сияқты. Айтпақшы, Украинада осы көкқұтанның ағайыны, ләйлек деген құс болатын. Ол ұясын үйдің төбесіне салады. Оған ешкім тимейді. Егер осыны Рая көрсе есіне сол ләйлек түспес пе еді. Ауылға келіп үй төбесіне жылы ұясын сала алмай, жалғыз жүрген көкқұтанның хәлі өз халін есіне салып, көңілі бұзылмас па еді. Әңгіменің кілті осылай табылды да оның атын «Көкқұтан» қою керек деген ойға келдім.

 

Әрине, әңгімеде Рая жалғыз болмайды. Сәндібек аталатын жігітті өмірден түр, түс мінезімен дәл сол күйінде алып енгіздім. Оның домбыраға қосып, орысша-қазақша бірдей ән салатыны да рас. Раяның соның үйінде жатқаны да рас. Раяның атын Галя деп өзгерткенім болмаса, түр-сипатын сол күйінде қалдырдым. Осындай жолмен әңгімеге басқа да колхозшылар кірді. Тек Бәшек деген жігітті басқа ауылдан көріп ем, оны осында кіргіздім, ал Оразды, сол Ораз бен Галя арасындағы оқиғаны ойдан шығардым. Бірақ бұл тұста да шындықтан алыстап кетпедім ғой деп ойлаймын. Мүмкін, Рая да кейін өзінің Оразын тапқан шығар.

 

Айтпақшы, героиням Полтава маңынан. Ол көрмеген жерім. Сондықтан да оның деревнясын өзім көрген Мелитополь өлкесіне «көшіріп» әкелдім. Жазушының қиялы қанша бай болса да көрмеген жерді суреттеу тым ағаттық болар еді. Егер «Алыстан жеткен сарындағы» Қызыл құмды, Қуан дарияны, Аяз қала аталатын өлі шаһарды бала кезімде көзбен көрмесем — бұл әңгімені жазбасым кәміл.

 

Сол сияқты суреттеген кейіпкерімді де ойдан шығарып көрген емеспін. Әдебиет тілімен айтқанда — әр қайсысының өмірде прототипі бар. Мысалы, «Қаһарлы күндердегі» Қартбай, Бөрібай, Кәкібайлар романға тіпті өз есімдерімен кірді. Кейіпкерлерді суреттегенде өзім жақсы білетін бір адамды көз алдыма ұстап отырамын. Әрине, өмірде ол адам дәл мен суреттеген оқиғаның ішінде болып, сол кейіпкер істеген істі істеген жоқ, бірақ оның сол жағдайда не істейтінін, қандай мінез көрсететінін, ең аяғы қалай жүріп тұратынын, бет пішінін «көріп» отырамын. Шығарма дегенді өмірден дайын күйінде алып, қағазға түсіре салсақ рақат болар еді ғой. Бірақ олай емес, жазушы археолог сияқты ұнтатылып қалған сынықтан құрастырып, тұтас бейне жасау керек. Сондай-ақ кейіпкер есебінде алған таныс адамыңды, — өмір тәжірибеңнен қырнап алып толықтыра түсесің. Кейде екі-үш адамнан бір кейіпкер қурап шығарасың. Мен «Қаһарлы күндердегі» Көжекті бірнеше қазақтан құрадым. Жасыратыны жоқ. Көжектің ішіне өзімнің де баланы жақсы көретін мінезім кіріп кетті.

 

Абзалы мен ойға шабандау болуым керек. Көңілге алған образдарым ұзақ «піседі» , Сол сияқты ойға алған шығарманы да жазуға бірден отыра қоймаймын. Кейде арада жылдар өтіп кетеді. Сол кезде бықтырып қойған бидай көжедей іште пice беретін сияқты. (Мұның бір қиын жері— мен шұбатылып жеткенше күн тәртібіндегі жаңалықты лыпып тұрған өнімді жазушылар қағып кетеді.)

 

Мысалы, «Сәуледегі» Бөпежан образы. Бұл образ алғаш рет менің ойыма елуінші жылдардың бас кезінде келді. Сол кезде Корнейчук бір пьесасында өзгеше бір мещанка әйелдің образын жасады. Соған ілесе мода қуалаған, әлеміш киінген ақылсыз қатындардың образы қазақ, өзбек драматургиясына да топырлап келе бастады. Сонда — бүгінгі қазақ интеллигенциясының үйінде — орақ ауызды, от тісті, өзінше ақылды, күйеуін бір қолымен үйіріп отырған, кейбір мықты әйелдер бар-ay, соны неге жазбайды екен осылар деп ойлап едім. Мұндай адамды өмірден көргенмін. Еркекпен еркекше сөйлесетін, еркін мінезді, тілі мірдің оғындай. Онымен бір дастарханда болсақ кәдімгідей сақтанып, қорқып отырасың, егер жазатайым ағаттық істеп алсақ тілімен шағып алғанда орныңнан тұра алмай қаласың. Әттең тек білімін толықтырып, мол қайраты мен тапқыр ақылын дұрыс бағытқа бағыштап жіберсе бар ғой — бір министрлігіңді дөңгелентіп-ақ отырар еді. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймас» деген қазақ мақалының жаны бар ғой деймін, ондай әйелдердің күйеуі момақан, можантомпайлау болады. Көп жыл басымда жүрген осы образды ыңғайы келе қап «Сәуле» пьесасына кіргіздім.

 

Бірақ кейде «айтпай келетін» шығарма, стол басында туатын образдар да болады екен. Енді несін жасырайын, осы «Сәуле» пьесасы солай болды. Жазамын деп столға отырғанда — басымда анық еш нәрсе жоқ сияқты еді. Ал, бастаған соң-ақ елпілдеп тарта бердім. Жартысын Арал теңізінің бір түкпіріндегі Құланды түбегінде жазып, қалғанын Алматыға кеп бітірдім. Тіпті арасында орын ауыстырғаныма қарамастан бас-аяғы бір ай шамасында жазып бітірдім. Ал, Құдайберген, Айша, Сапар, Гүлжан, Алдаберген сияқты образдар да стол басында ғана туды. Және бір қызығы — пьесаның бірінші жартысы мен екінші жартысы қатар жазылды. Бас жағын жазып отырғанда кейінгі жағындағы геройлардың қақтығысы, сөйлейтін сөздері ойыма орала береді де оны қойын дәптерге толтыра бердім. Сөйтіп екінші актыны орталаған кезде — қалған жағының негізгі, ең бір ұтырлы сөздері дайын тұрды...

 

Жазушының шабыты болады, шабыты келгенде төгіп тастайды деген қызыл сөздің сыры маған мәлім. Оған сенбеймін. Жазушылық ой мен сезімді қатар толғандыратын ауыр еңбек. Әр еңбек сияқты бұған да орысша айтқанда «рабочее настроение» — көңіл хошы, ықылас керек. Солай бола тұра осы шығарманың қалай тез жазылғанына қайран болдым. Бұл менің өз тәжірибемде аса сирек жағдай. Көбіне мен ұзақ толғанып, қиналып жазамын.

 

Кейін осының себебін ойлап қарасам — бұл шығарма «аяқ астынан» туа қалмапты. Бұрын тек «Сәуле» деген пьеса жазамын деп ойлағаным болмаса, мұндағы адамдар, жайттар ойыма талай оралған екен де кезінде ыңғайын тауып, кәдеге жарата қоймағандықтан көңілімнің бір түкпірінде сақталып жата берген екен. Қысқасы, шабытпен шақырып, аспаннан түскен еш нәрсе жоқ, запастан алып пайдаланыппын.

 

Лаборатория демекші, менің негізгі лабораториям басым мен көңілім — жүрегім. Сол екеуінде екшеліп, сонда сақталғандарды жазамын. Бір жаман жерім, жөндеп қойып дәптер тұтынбаймын. Ел аралағанда қалтама салып шыққан қойын дәптеріме өнімді жазу түсе қоймайды. Жұрттың көзінше бір нәрсені түртіп жатуға ұяламын. Расында керекті нәрсенің бәрі бірдей жадыңда сақтала бермейді; сондықтан түртіп алып жүрген керек-ақ.

 

Көп жазушылар күн құрғатпай жазып отырады. Бұлар төпеп жазатын, можантомпайлар емес, мықтылардың көбі солай істейтін көрінеді... Менікі олай емес. Шығарма піскен кезде бас алмай отырамын да (күніне сегізден oн екі сағатқа дейін), ал кейде жазбай бос жүремін. Бірден қатты істеген жұмыс тез шаршатады. Он шақты күннен кейін төрт-бес күн тынығып алмасаң болмайды. Осы үздік-создық істеуден құтылып, мықты бір арнаға түскім келіп-ақ жүр. Бірақ ол оңай емес екен. Бұған және бір қырсығын тигізетін — жалқаулық. Осыдан қоса арылуым керек. Абзалы, жазушы өзіне қатты режим жасап, мықты бір арнаға түсіп алмаса, еңбегі өнімді болмайтын тәрізді.

 

«Ойнасақ та біраз жерге шаптың қой» дегендей там тұмдап отырып «шек-қарнымды» біраз ақтарып алыппын Енді бір-екі сөзбен қысқа қайырайын.

 

Жазушы жолының бір саласы — оқу, үйрену ғой. Ол туралы айтсам ұзақ сөз болып кететін түрі бар. Ал төтесінен келгенде менің стилистік жағынан үйренетін адамым Алексей Толстой. Оны оқып қана қоймай, «Азапты caпаpда» трилогиясының екі кітабын аудардым. Оз ойымша осы жазушыны мықты стилист деп білемін.

 

Әрине, бір жазушыны оқып, содан ғана үйрену — ұзақ өріске шығармайды. Көп оқу, көп зерттеу керек. Бірақ өсу, жетілудің ең дұрыс жолы — көп жұмыс істеу. Өзге шебердің әсем өрнегіне қанша үңілгенмен, өз қолыңа аспап алмай тұрып өнерді меңгере алмайсың. Жұмыс үстінде жазушы шеберлігін ғана шыңдамайды, ойы толысып, өрісі ұлғайып, керек десеңіз өмір тәжірибесі де молығады кейде өз геройымен бірге жазушы да өседі деген рас cөз 

Бөлісу: