Сөз азабы

8 Желтоқсан 2012, 06:40

  СӨЗ АЗАБЫ   Әдеби тіліміздің Л. Толстой шығармаларын игере бастауы аударма әдебиетіміз үшін ғана емес, жалпы қазақ әдебиеті үшін де елеулі кезең. Әдебиетшілер қауымы мен оқушылар жұртшылығының бұл аудармаға ерекше ықылас қоятыны да, аударушының өзгеден ерек сарапқа түсетіні де осыдан. Алып орыс тілінің ересен мол байлығын, бар күш-қуатын, сан қилы әсерлі бояуын еркін де шебер меңгерген жазушыны қазақ тілінде сөйлету аса қиын, құрметті іс. Осындай салмағы ауыр сенімді, абыройы мен азабы тең еңбекті мойнына алған Ғали Ормановтың батылдығына, осы сапардағы нарлығына сүйсінетінімізді ең алдымен айта кетеміз.   Әрине, Толстойдай алыпты жеткізе аудару қанша кәнігі әдебиетші, сұңғыла ақын болғанымен Ғалиға оңай емес. Бірақ осы тұста аударушының күшін іркіп аянып қалмағаны, көп ізденіп, көп ойланғаны айқын аңғарылады. Мұнысы жақсы ниет, шынайы пейілмен ғана емес, көп сәтте сүйіндірерлік еңбек жемісінен де көрінеді. Кейде жиі, кейде сирек кездесетін ірілі-ұсақты кемшіліктері болғанымен де тұтас алғанда аударма түп нұсқаға жете қаба және оның жалпы көркемдігін кең аңғартып, негізгі қасиеттерін едәуір жақсы жеткізеді. Аударушының қазақ тілінің сөз байлығын мол пайдаланғаны (рас, осы молдық кейде талғаусыздыққа да соқтырады, ол жайында сөз кейін), әдеби тіліміздің соңғы табыстарын игере білгені даусыз. Аударманың жақсы қасиетін, көркем үлгісін аңдататын мынадай бір мысал келтірелік:   «Ол кезде өзін бақытсызбын дегенмен бақыты алда болатын: кәзір болса, жақсы бақыт дегендер артта қалды деп сезінді ол. Анна да алғаш көргендегісінен мүлде өзге болып кеткен. Құлығы да, көркі де өзгеріп құлдилай түскен. Анна өзі далия жайылып, актриса жайын айтқан кезде, бет пішіні де әрін бұзып жіберген бір долы әлпет көрсетіп кетті. Вронский Аннаға қарағанда, жұлған гүлі солған соң көркіне бола жұлам деп қор еткен гүлінің сол шырайын әрең барып аңлаған адамша қарады» (404-бет).   Мінеки адам басындағы шытырман, қилы сезімді, өң құбылысының аса әсерлі, нәзік көрінісін аударушы түпнұсқаға жеткізе бергені даусыз. Тағы да бір-екі мысал келтірелік.   «Фру-Фру қай аяғын бұрын басарын білмей қалғандай, тізгінді тал мойнымен соза тартып, үстіндегі адамды жайлы арқасына жатық ырғай, серіппеше майысып тұра жөнелді» (21-бет).   «Вронский енді озуым керек-ау деп ойласымен-ақ, Фру-Фру да сол ойын біле қойып, ешбір дәметпей көтеріле сілтеген күйі, Махотинге нағыз қолайлы, көрме жақтан кеп жақындай бастады. Махотин керме жақты бермеді. Вронский сырт жағынан орала озайын дегенше, Фру-Фру да аяғын қалт өзгертіп, дәл сол жағынан кеп оза бастады. Фру-Фрудың қарауытып терлей бастаған иығы Гладиатордың саурына қатарласып та қалды. Екеуі біраз жерге қатарласа сілтеді. Екеуі бірақ, тосқауыл алдына таяған жерде, Вронский үлкен айналмаға жеткізбейін деп, тізгінге сүйеген күйі, Махотиннен дәл төбешікке жеткенде сып етіп өте шықты... Вронский Махотиннен озуын озғанмен, қалыспай келе жатқанын да қалт сезіп, Гладиатордың біркелкі дүрсілі мен танауынан үзіле-үзіле шыққан әлі тіпті тың тынысын дәл арт жағынан тынбай естіді де отырды» (224-бет).   Осы келтірілген үзінді өз қасиетіне өзі куә. Мұның қазақ әдебиет тілінің ең табыстарына жататыны, Толстойдың және сөз мағынасы ғана жетпей, оның аса көркем тілінің қазақ әдебиетіне өң беріп, қазақ оқушыларын сүйсіндіре келгені көрініп тұр. Толстой сөзінің ажарын бұзбай жеткізетін аударушы кемде-кем.   Аударушының ең негізгі мақсаты автордың ойын ғана емес, оның өзіндік стилін, суретшілік ерекшелігін, барлық бояуын, шығарманың рухы мен тынысын жеткізіп бере білу. Осы тұрғыда айрықша бір есте болатын нәрсе көркем шығарманың жалпы бейнесін ғана емес, оның өзіндік ажарын да аудырмай жеткізу. Толстой шығармасын әсіресе «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина», «Арылу» сияқты алып шығармаларын аударудың айрықша қиын екенін айтып жатудың қажеті жоқ. Толстойдың рухани дүниесін суреттеудегі әрі аса нәзік, әрі қуатты шеберлігі, жалғыз тәңірім деп шындыққа ғана табынған осы жазушының ақаусыз көркемдік шындығы аударуға келгенде кім-кімді болса да талай қиналдырады. Толстой адамның сырт бейнесін, құбылысын оның ішкі дүниесімен табиғи астастырады да, оны мейлінше дәл, ақаусыз шын қалпында суреттейді. Осыдан барып адамның сырт пішіні өң құбылысынан, ал бұл екеуі ішкі дүниесі құбылысынан ажырамай, бірін-бірі әсем толықтырып кейіпкердің нағыз толық бейнесін аңғартады. Осы көріністер қаншама әсем суреттелгенмен онда әдемілік үшін қолданылған, бірақ шындыққа ақау түсіретін бір «сұлу» сөз болмайды. Толстой шеберлігінің көп жақтарын толық болмағанмен аударушы біраз жерде-ақ сәтті игерген.   «Аннамен сол сөйлескен сайын-ақ, Аннаның көзінен қуаныш нұры жалт етіп, бақыт күлкісі қызғылт ернін қамтып қалып тұр... «Анау қайтты екен?» деп, Кити Вронскийге қарап жіберді де шошып кетті. Китидің Анна жүзінен көргендерінің барлығы сонда тұр екен. Қашан болсын сабырлы, орнықты көрінетін мінезі мен жүзіндегі алаңсыз салғырттық әлпеті қайда кетті десеңші өзінің? Жоқ, кәзір ол Аннаға тіл қатқан сайын, алдына жығыла кететін кісідей, басын сәл еңкейте түсіп отыр да көз қарасынан жеңілу мен жасқанудың ғана әлпеті көрініп тұр» (94-бет).   Бұл Анна мен Вронскийдің бір құбылысы болса, Анна сезімі арқылы берілетін, Каренин мінездемесін айқындай түсетін көрініс мынау: «...Анна ілгері қарай етпеттей отырып, ат қасына барып, соған міне жөнелген Вронскийге көз аудармай қараған кезде де, күйеуінің сол тынымсыз, жексұрын даусын естіді де отырды. Ол өзі Вронский үшін қорқам деп бір қиналса, күйеуінің сол, өзіне тынымсыз шыңылдап естілген, нәші қанық нәзік даусынан одан бетер қиналды» (234—235-беттер).   Бұл үзіндіде аударушы Толстой тіліндегі сурет пен әсерді дәл жеткізіп бере отырып және де осы жолда ізденіп, аударма арқылы қазақтың әдеби тіліне тың бояулар, әрі көркем әрі соны сөз орамдарын суреттеу машығын енгізген. Осы арада айта кететін нәрсе, Толстойды аудару үшін осы күнгі әдебиет тілімізде қалыптасқан суреттеу үлгілерін, тіпті оның ең озықтарының өзін пайдалану жеткіліксіз: ол үшін осы жолдағы ең соңғы қол жеткенімізді толық баурай отырып, талай-талай соны, тың бояуларды қажымай ізденіп батыл да, орынды да енгізе білу қажет. Бірақ, өкінішті нәрсе аударушы ылғи осылай етпеген. Көп жерде-ақ қазіргі бар әдеби суреттеулердің дайын үлгілерін ала салған. Сөйлемдердің жатық болуына әсіресе назар аударып, талай кезде-ақ Толстой бояуын солғындатып, сөйлемдердің қырын жонып «жалпақтау» етіп жіберілген. Рас, «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина» сияқты романдарды қазақ тілінде, әсіресе қазақ тіліне аударудың жоғарыда аталғандардан өзге тағы да бір ерекше қиындығы мұнда орыстың сол замандағы свет қауымы, сол қауымның өзінің неше түрлі сатылары суреттеледі. Олардың сан қилы қарым-қатынасы, өзіндік психологиясы осыған сай әдет, дағдысы, мінезі, сөзі бар. Осының бәрінің орыс оқушыларына көбірек кәнігі қалыбы да бар. Осы күнгі өшкен свет нәзіктіктерін қазақ оқушыларына жеткізіп беру аса қиын. Екіншіден, Толстой ғана суреттей білген адамның нәзік, терең психологиясын жеткізу де оңайға соқпайды. Бірақ осы жолда аударушының ізденуі де жеткіліксіз сияқты. Мынадай бір қарапайым мысал келтірелік.   — «Дарья Александровна приказали долоягать, что они уезжают».   — «Дарья Александровна біз кетеміз, соны айтып бар деді» (9-бет). Бұл Стиваға баяндап тұрған камердинердің сөзі. Малайлардың төрелерінің алдында кішілікпен сыпайы ғана сөйлейтіні осы арада аңғарылмай тұр. Сонымен бірге қожаның аузынан шыққан әр сөз малайға әмір екені де байқалмайды.   — Одни или с супругом? — спросил Матвей.   — Өзі ме екен, күйеуімен келе ме екен? — деді Матвей (9-бет). Осында күйеуі (муж) демей-ақ, жұбайымен десе орынды емес пе? Және де осы диалогтың сапталуы ақсүйек пен қызметшінің арасындағы сөзге емес, тең құрбы екі адамның шүйіркелескеніне ұқсайды.   Міне, осы сияқты шен-дәрежеге, тәрбиеге байланысты ізет-сыпайылықтар анайыланыңқырап кетіп отырды.   Тек қана адамдардың қарым-қатынастарын беруде ғана емес, автордың қилы-қилы суреттеулері мен мінездемелерін де аударушы көбіне-ақ қалтарысын елемей тіке тартып, едәуір жабайылатыңқырап алады.   «...Его пища это ложь. Он все знает, все видит; что же он чувствует, если может так спокойно говорить?»   ...Көрген көрері сол өтірік оның. Бәрін біліп те, көріп те отыр ол; осылай жай сөйлегенде, не сезбек екен десеңші өзі?» (235-бет).   Бұл Аннаның өз күйеуі Каренин туралы ойы. Ол әйелінің бар қылмысын біліп жүрген адам. Бірақ сонда да сабырлы қалпы бұзылмайды. Дәл осы сөздер Толстойдың Каренинді адам емес машина деген мінездемесін толыстыра түседі. Ал аудармада бұл жоқ. Біріншіден, сөйлем аяғындағы артық қосылған «десеңші өзі» деген екі орынсыз сөз Анна сөзінің ішкі күшті толқынын, ашу-ызасын бәсеңдетіп, жай күңкілге айналдырып тұрғанын айтпағанда, екіншіден, мағынасының өзі жетпей тұр. «Что же он чувствует, если может так спокойно говорить?» деген сөйлем «Егер осыншама сабырлы сөйлеуге шамасы жетсе, ішінде не пәле жатыр екен?» деген ұғымға жуық қой.   «Услыхав это, Анна быстро села и закрыла лицо веером. Алексей Александрович видел что плакала и не могла удержать не только слез, но и рыданий, которые поднимали ее грудь. Алексей Александрович загородил ее собою, давая ей время оправиться».   «Анна соны естіген соң-ақ лып отыра кетті де бетін желпуішпен қалқалай берді. Алексей Александрович Аннаның әрі жылап, әрі жасына ие болуы былай тұрсын, тіпті өксігенде көкірегі көтеріліп тұрғанын көрді. Алексей Александрович долығы басылсын деп алдын қалқалай да берді оның». (238-бет).   Әңгіме алдыңғы және соңғы сөйлемдердің аударылуы туралы. Осы арада Вронскийдің аттан құлағанын көріп Анна үлкен қасіретті толқу үстінде отыр. Ал енді сол халдегі Аннаның тез, оқыс отыруы мүмкін де бірақ «лыпылдап» тұруы мүмкін емес. Соңғы сөйлемде ауыр күйзелістен есін жисын не көңілін бассын деудің орнына Аннаның долығы басылсын деу түрпідей. Тамаша әйелдің аяулы бейнесіне, тіпті ұнамсыз құбылыс береді.   «...но она была сама не своя и как во сне шла подруку с мужем».   Мұнда да аударушының тұспалы дұрыс болғанмен, Толстой суреттеген психологиялық хал жетпей жатыр. («Анна бірақ» және «кете барды» деген сөздердің сапталуы келіспей тұрғаны өз алдында), «как только она начинала говорить про это, она, настоящая Анна, уходила куда-то в себя и выступала другая, странная, чужая ему женщина, которой он не любил и боялся и которая давала ему отпор».   «...Соны айта бастаса-ақ осы отырған нағыз Анна әлдеқайда жоқ боп кетіп, Воронскийге жат, өзге бір оғаш әйел шыға келгендей болатын да, Вронский де өзін сүймей (?) қорқа беретін, ол болса мұны бет бақтырмайтын» (213-бет).   Бұл үзіндінің орысшасында Вронский аты аталмайды, қазақшасында екі рет аталады. Солай-ақ болсын, бірақ аударма түп нұсқаның әдемілігін, әсер сонылығын бере алмайды: кедір-бұдыры мол, түсінігі көмескі «Вронский өзін сүймей қорқа беретін», Вронский кімді сүймеді? Өзін өзі сүймей ме, қалай? «Давала отпор» деген сөздерді «Бет бақтырмайтын» деп әсемдеу қанша қажет? «Бет бақтырмайтын» деген әрекет мінездемесі адуын, долы әйелдерге тән емес пе? Тағы да Аннаға жанымыз ашиды. Толстойдың әрбір сөз нәші, бояу реңдері тек қана өз орнында сәтін тауып тұрады. Ол әшекейлеуді де, түрін сәл де болса өзгертуді де көтермейді, әсіресе тізені көтермейді. Данышпан художниктің суреті басқа бір сырт бояу жұқса-ақ сәулеті бұзылады.   Ғали аудармасында көркемдік жағынан елеулі олқылықтар кездесіп отырады. Бұл әсіресе шығарманың көркемдік шоқтығы саналатын Левиннің Китиге деген өзіндік ерекше ыстық ынтығы, сан қилы нәзік сезімдері суреттелетін жерлерде, Анна мен Вронский арасындағы психологиялық нәзік шытырман қатынастар суреттелетін жерлерде анығырақ сезіледі. Сонымен бірге Ғали барлық жерде бірдей автордың тамырының алуан түрлі соғысын байқай бермеген. Әсіресе диалогтардың температурасы ыстық кезінде қанжылым тарта береді де интонация байлығы көп жерде ұмытылып қалады. Мұның бәрі түпнұсқада ашылған кейіпкерлердің психологиялық кезеңдерін, жан-күйін көмескілендіріп, яғни оның ашу-ызасын, өкініш-күйінішін, ішкі толқуларын солғындатып жіберді.   «Никогда. Предоставь мне... И предоставь мне, и слушайся меня. Никогда со мной не говори об этом».   «Әсте өз ырқыма бер. Өз ырқыма бер де айтқанымды жықпа. Ол жөнінде әсте сөйлеспе менімен» (215-бет).   Бұл Аннаның үлкен ой толқуы үстінде булыға айтатын сөзі. Мұның орысшасынан Аннаның іштей толқып тұрғанымен бірге әлдеқандай бір үрейі бары, болашағынан шошынатыны да айқын есіп тұр. Толстой мұны қысылғанда ауызға тез түсетін қарапайым, бірақ өткір, үзік-үзік келте сөздермен берген. «Никогда» деген қаһарлы сөзді де қайталай, булықтыра айтқызады. Ал аудармада мұны «тігісін жатқызып», жайбарақат сөздермен берген. «Никогда» деген екпінді сөздің орнына ол сөздің сұсын да, салмағын да жеткізе алмайтын «әсте», «слушайся меня» деген тіпті сыртқы оғаштығының өзімен де ішкі қызуы күшті, тегеурінді сөздің орнына жасық, жай сыпайы ғана «сөзімді жықпа» деген сөз алынған. Ақыр аяғында Аннаның осы сәттегі ішкі шиеленісі мен ширығуы босап, болбыр тартып кеткен.   Біздіңше, жоғарыда келтірілген осы мысал, Ғали аудармасындағы жеке ретте ғана кездесетін жай кемшілік емес. Бұл аударушының аудармаға көзқарасындағы жүйелі қате ұғымнан туған тәрізді. Бұл ұғымның бір-біріне жақын екі саласы, яғни бір түбірден тараған екі тармағы бар: бірі — қайткен күнде де қазақылап, қазақ тілінің қашанғы қалыптасқан интонациялық ырғағынан шықпау болса, екіншісі — түпнұсқада кездесетін айшықсыз, қарапайым, сырты жұпыны сөздерді «көркемдеуге», «әдебиеттендіруге» бой ұрушылық. Мұндай тенденция бір кезде көркем аударманы кәсіп еткен, бірақ көркемдікке ыңғайы жоқ «солақай» аударушыларға қарсы, түпнұсқаның әсем тілінің ажарын қашырып жүрекке де, құлаққа да түрпідей сірестіріп аударатындарға қарсы күресте туып еді. Бірақ кәзір аударма әдебиеті елеулі бір сатыға көтерілгенде, бұл тенденция өзінің қарама-қарсысына айналын отырғаны, әдебиетімізді аударма арқылы соны бояулармен, интонациялармен байытуға, тыңнан жаңа лебіз енгізіп, шырайын гүл-гүл жайнатып құлпырта түсуімізге кедергі келтіретіні анық. Ақыр аяғында, жасыратыны жоқ, біздің әдебиетімізден анағұрлым озық орыс әдебиетінің, әсіресе шоқтығы биік орыс классиктерінің алуан түрлі бояу нәзіктіктерін, ой қалтарыстарын оқушыға жеткізе беруге кесел болады.   «Да! Она не простит и не может простить. И всего ужаснее то, что виной всему я, — виной я, а не виноват. В этом-то вся драма, — думал он. — Ах, ах, ах!»   «Иә! Ол енді кешірмейді де, кешірер жайы да жоқ. Ең сұмдығы соның бәріне де айыбым жоқ болса да, мен айыпты боп отырмын — мен. Барлық драма сонда боп тұр, — деді ойланып. — Әй, әй, әй!» (6-бет).   Сырт қарағанда осы үзінді жатық, жақсы аударылған тәрізді. Бірақ түпнұсқада әйелінің алдында күнәлі Облонскийдің күйзелісті ойы ғана емес, осылай ойлағандағы оның қиянаты да айқын елестейтін сияқты. Оны автор Облонский диалогына айналдырып және сол диалогқа аса орынды шебер интонацияларды шым-шымдап енгізу арқылы жеткізіп отыр. Бірақ аударушы оны байқай қоймай, жатықтандырып тіке тартып кеткен де интонациялық бояуды жойып алған. «Что виной всего я, — виной я, а не виноват» дегенді аударушы «айыбым жоқ болса да мен айыпты боп отырмын» деп береді. Мағынасы осылай екені даусыз. Бірақ Толстой «я оказался виноватым, хотя и не виноват» деп немесе осы сияқты жайбарақат түрде бермей, әдейі көңіл толқынына бояу беріп отырған жоқ па? Содан кейін «Ах, ах, ах!» деген одағайды «әй, әй, әй!» деп аударудан қандай ұтымдылық бар?   Осы сияқты «тігісін жатқызу» тек диалогтарды ғана емес, автор суреттеулерін аударғанда да ұшырай береді. «...Вдоволь забрав воздуха в свой широкий грудной ящик» дегенді Ғали «...кебежедей кең кеудесіне ауаны толтыра тартып» деп аударады. Мұның да мағынасы дұрыс болғанымен, автордың мысқылы жетпей жатыр. Егер де «кебеже кеудесіне» немесе «кеуде кебежесіне» десе автордың әжуасы ғана емес, сонымен бірге тосын, жаңа түр еніп, сонылығымен оқушының назарын тартпас па еді.   Ғалиде Толстойдан да «көркем» етпек болып, орынсыз әшекейлеуге ұмтылу бар деген пікірді жоғарыда айтып өттік. Бұған жоғарыда біз келтірген Анна диалогының аудармасы дәлел. «Никогда» деген сөзді «әсте», «И предоставь мне, и слушайся меня» деген сөйлемді «Өз ырқыма бер де, айтқанымды жықпа» деп аудару, осы қарапайым сөзден қашып, «әдебиеттендіру» ниетінен туған әрекет екені анық. Сол сияқты «С хитрою улыбкой» дегенді «Мекер күлкісіне салып» (8-бет). «Впрочем, делай, как хочешь» дегенді «Әйтсе де өз ырқың білсін» (33-бет), «развод» дегенді көп жерде «бас ашу» деп аударуы да сырты жұпыны сөздерді қомсынып, Лев Толстойдың өзінен көркемдігімді «асырам» деген ағат батыл ойдан туған болса керек. Шынайы көркемдіктің сырты жылтыр бола қоймайтынын, ал Лев Толстойдың тек шындыққа ғана табынып, әсері ұшқары сөздерге жүгірмегендігін айтып жатудың қанша қажеті бар.   Біздің бұл пікірімізден сөз көркемдігіне, шеберлігіне талпынбау керек деген ұғым тумасқа керек. Біз тек әсіре қызылдан сақтандырамыз. Атақты сөз шеберлері әрбір сөзді екшеп талғампаздықпен аса орынды қолданатыны, сөздің үніне, эстетикалық жағына, көркіне айрықша көңіл бөлетіні даусыз. Олар асыл сөзді мол шабыт, ыстық сезіммен жайнатып, құлпыртып еркін төге де білген, сонымен бірге жеке сөздерді тірнектеп жинап, жалықпай сұрыптай да білген. Аударушыға да осы талап қойылатыны сөзсіз. Ғали көп ізденіп, талай жақсы, соны сөздер таба білген. Халық тілінің мол қазынасының арасында әдебиетшілер көзіне жиі түсе қоймай, қағаберіс қалған талай сөздерді тауып алып қана тынбай, олардың тозаңын сүртіп жаңа сипат, жаңа нұрмен қайта жарқыратқан сәттері бар екенін айтамыз. Аударушының тағы бір жақсы баламаларды ала бермей тыңнан сөз тауып, қазақ тілінің лексика (сөз құрамы) байлығын жақсы аңғартады. Біз мұны аударушыға керекті аса жақсы қасиеттердің бірі деп білер едік. Бірақ, осындай реттерде аударушының талғаусыздыққа ұрынатыны бар. Кейде тіпті лексика байлығын аударманың қилы-қилы міндеттерінен шалғай, оғаш дара мақсат етіп те қарайтын жағдайлары жоқ емес.   «Все смешалось в доме Облонских». «Облонский үйлерінің ырың-жырыңы шықты». (5-бет). Бұ да мағына жағынан дұрыс. Бірақ аса көркем шығарманың бетін ашқан жерден көрікті сөздер арасына «ырың-жырың» кіруі оқушыны тітіркентіп те тастамай ма.   «Я с удоволствием поем хорошо» — «Тамақты түшіркене жақсы ішкелі отырмын».   Осындағы «түшіркене» деген сөз түпнұсқаның мағынасын береді. Бірақ, сөздің үніне ерекше көңіл аудару керек екенін М. Горький талай ескерткен жоқ па еді. Бір сөздің үні басқа бір оғаш, ыңғайсыз сөзбен үндессе, сол жағымсыз сөзді еске түсіріп, оқушыға шіміркендіре әсер етуі әбден мүмкін нәрсе ғой. «Түшіркене» деген сөз «түшкіруді» еріксіз еске салады да асқа ықылас қойған мәдениетті адамдар туралы жағымсыз әсер туғызады. Аннаның аузындағы: «Сен ойлағандай оңай-оспақ нәрсе емес» деген сөз де орнын тауып тұрған жоқ, Болмаса «Атқа шапқан Вронский сиқына бар ойымен құлай қараған Анна...» Бұл арада аударушының «атқа шапқан сиқына» деуіне қарағанда Вронский аса ебедейсіз көрініс беріп бара жатқан сияқты. Ал, шынында керісінше Вронскийдің атқа шапқан көрінісі ерекше көз тартады. Мінеки, сөзді орнымен сұрыптан ала білмегендіктен тіпті мағына өзгеріп кетіп тұр. Сөзді әсем талғап, дәл сұрыптап алуда мұндай ағаттық жібермеу тек тәжірибелі әдебиетші ғана емес, әсіресе ақын адамға қолайсыз болса керек. Сөздің тек мағынасы ғана емес, сонымен бірге сыртқы түрі яғни үнділігі әсем сазы, тілге оралымды, құлаққа жағымдылығы художниктің қолындағы сан алуан бояудың келісті, жарастықты бір түрі емес пе.   Өте бір өкінішті нәрсе аударушы біздің осы күнгі аудармаларымызға тең бір қасіретті кемшіліктен құтылып кете алмаған. Ол түпнұсқаны шала түсіну, кейде тіпті жете түсіну. Ормановты орыс тілін білмейді деп айта қоюға болмайды, бірақ Толстой тілін жете түсіну де, оның алуан сырларын аңғарту да, астарларына ой жүгірту де, ерекше бір сәтте жаңа мағынамен айтылған сөздердің үнін естуге аударушы құлағы қақас тартып, қапы жіберіп алатын кезеңдерін қазбалап іздемесек те, құрғырлар көп жерде-ақ қарасын көрсете берді.   Мұндай түсінбестіктер әр дәрежеде, әр сипатта болғанмен оның қай-қайсысы да аудармаға біраз олқылық келтіріп тұр. Бұл кемшіліктерді де бір арылтып өтейік.   «Он повернул свое полное, выхоленное тело на пружинах дивана, как был желая опять заснуть надолго, с другой стороны крепко обнял подушку и прижался к ней щекой...»   «Әлі де болса ұйықтай түсейін дегендей, бордақы, толық денесін диван серіппесіне төңкерілте аунатып, екінші жағындағы жастықты қапсыра құшып, бетін көме жатты...» (5-бет).   Толстойды өзімсініп, кейбір еркіндік еткенін елемегенде, аударушы осы қарапайым сейлемнің екі жерінде түсінбестік аңғартады. Біріншіден, «полное, выхоленное тело» дегенді «бордақы, толық дене» деп аудару қате. «Выхоленное», «бордақы» емес, «мәпелі», «күтімді» деген ұғымда. Екіншіден, Облонский «екінші жағындағы жастықты қапсыра» құшпайды, басының астындағы жастықты астынан орай құшақтайды.   «Степан Аркадьевич получал и читал либеральную газету не крайнюю, но того направления, которого держалось большинство».   «Степан Аркадьевич либералшыл газетті, либералшыл болғанда, тым асып кететін емес, көпшілік қолдайтын бағыттағы газетті алып оқитын». (11-бет).   Мұнда автор «көпшілік қолдайтын» демейді, сол Облонский қауымындағылардың көбісі құптайтын бағыттағы деген ойын анық аңғартады. Ал «көпшілік» деген сөзі негізінде бұқара, халық деген ұғымға телінбей ме, ендеше мұндай сөзді қолдануда сақ болған терістік етпейді.   Бұлар аударушының автор ойының байыбына жетпей шала аңғартатын жақтары болса, кейде тіпті қарапайым нәрседен анық білместік жасағанын көріп қаламыз.   «...ирландская банкетка, состоящая... из вала утыканного хворостом...»   «...Шөп-шалам қосып тапталған ирланд үйіндісі...» (222-бет).   Мұнда «шөп-шалам қосып тапталған» емес, шыбық шаншылған атжал екені кімге болса да айқын емес пе?   «Я дурная женщина, я погибшая женщина, — думала она».   «Өз басым ақымақ-ақ, құрыған-ақ әйел шығармын, — деп ойлады Анна...»   Аударушының соншалық қарапайым түсінігіне таңырқамасқа шара жоқ. «Дурная» «ақымақ» емес, «бұзылған, азған» деген мағынада екені, осы арада Аннаның өз жағдайын ұят санап, «азған әйелмін» деп өзін-өзі сөгіп отырғаны айқын-ақ сияқты.   Осы сияқты орыс тілін кейде дүмбілез, кейде тіпті қате түсіну аударманың көп жерлерінде аса сирек кездессе қайсы бір жерінде тым жиілеп, бірін-бірі қозғатып та жібереді. Кітаптың (қазақ тіліндегісінің) 400-бетіне үңіліп көрелік. Мұнда әңгіме көбіне шетелден келген принц жайлы да және соның жағымсыз сипаты баса суреттеледі.   «Его суждения о русских женщинах, которых он желал изучать, не раз заставляли Вронского краснеть от негодования».   «Өзі зерттеп білсем деп жүрген орыс әйелдері жайындағы пікірі де Вронскийді құса қылып талай рет қызартты».   Орысшасында орыс әйелдерін принц зерттемек болса, қазақшасында оларды Вронский зерттеп жүрген болып шығады және де «негодование», «құса» емес, отты ыза, буырқанған ашу.   «Это был очень глупый и очень самоуверенный... человек...».   «Ол өзі өте ақымақ, өте қайсар... адам екен...»   Бұл арада «самоуверенный» деген сөз қалай тартқанда да «қайсарға» келмейді.   «Он был ровен неискателен с высшими, был свободен не мог отрицать этого».   «Өзінің джентльмендігі де рас екен, онысын Вронский де бекер дей алған жоқ».   Толстойдың осы сөзінің астарында кекесінді ащы мысқыл жатыр, ал оны тіпті сөйлем құрылысы да аңғартады, аударушы бұл сөйлемді де жымпита жонып, жалаң қабаттап жіберген.   «Он был ровен неискателен с высшими, был свободен прост в обращении с равными и был презрительно добродушен с низшими».   «Өзі жоғары адамдарға салмақпен қарап, ештеме іздей қоймайды екен де тең адамдарға астамсып, мейірбанси қарайды екен».   Осы бір сөйлемдегі үш сипаттау грамматикалық жағынан да онша қабыса қоймаған, аз мағына жағынан аударушы ортаңғы мінездемеде Толстой сипаттауына деңгейлесіп қалып, соңғысында жете қоймағанмен автор ойының ұштығын қарманып қалса, алдыңғы айтылған мінез сипатын тіпті қате түсінген. Мұндағы «неискателен» деген үлкендерден «ештеңе ізденбеушілік» емес, үлкендерге «жағымпазданбайтын» деген мағынада айтылып отыр. Осындай қателіктен барып Толстой берген мінездеме аудармада бұзылып кеткен.   Осы беттегі «Русское молодечество» дегенді «орыстың батырлық-ерлігі» деп беруі де тауып аударғандық емес.   «Вронский был в эту зиму произведен в полковники, вышел из полка, и жил один».   «Вронский осы қыста полковник дәрежесіне шығарылған соң, полктан сыртқары, жалғыз тұратын».   «Вронский полктан «сыртқары тұрмайды». Ол полктан шығып кеткен.   Мінеки, осынша жаңсақтық пен түсінбестік бір беттен кездескенде оқушының қарны ашып қалатыны сөзсіз.   Аударушының сөз мағынасын жете ұғынбай жорамалға, тұспалға салатынына тағы бір мысал келтіріп, сонымен бұл саланы тұйықтайық.   «Вронский, несмотря на свою легкомысленную с виду светскую жизнь, был человек ненавидевший беспорядок».   «Вронский көрер-көзге қауымның жеңіл-желпі тіршілікті місе тұтып жүргенмен салдыр-салақтықты жек көретін адам болатын». (141-бет)   Осы арада сөйлем мағынасы әбден өзгеріп, Вронский мінездемесі керісінше болып шыққан. Автор Вронский сырт көзге свет өмірінің жеңіл қызығына бой ұрған қамсыз адам сияқты десе, аударушы жоқ: «Вронский көрер көзге қауымдық жеңіл-желпі тіршілікті місе тұтып жүрген...» деп ерегісіп болмайды. Және де «қауым», «свет» мағынасын бере алмаса, «салдыр-салақтық» осы арадағы «беспорядок» мағынасын жеткізе қоймайды.   Одан әрі «...запутавшись, попросил взаймы денег...» дегенді, «...шатасып қалып, қарызға ақша сұрағанда...» деп жаңсақ аударған.   Осындай бұрмалауларды кітап шықпай тұрғанда оңай түзетуге болатын еді. Бұл бір көркем аударма үшін шешуші қиын проблема емес қой. Ал, бірақ кітап шығып кеткеннен кейін осы қателіктер кей жерде автор ойын бұрмалап, тамаша шығарманың ажарын бұзып, әсерін алалап, оқушылар үшін едәуір қиянат болып тұр.   Аударушының кейде сөйлемдерді меңгере алмай, оның құрамдарының жігін ашып алатыны, мағынаны дәл бере алмай дүмбілез етіп жіберетіні жоқ емес.   «Вронский Алексей Александрович үйінде өмірі болмағанмен, Аннаны үйден сырт жерде көріп, онысын күйеуі де біліп жүрді» (398-бет).   Осы сөйлемді қалай түсінуге болады? Аннаны көріп жүрген Вронский, ал онысын (көріп жүргенін) күйеуі де білді десе, Вронскийдің күйеуі болып шықпай ма? Түп нұсқадағы осы сөйлем аударушыға қатты қарсылық жасаған да аударушы оны ырқына көндіре алмаған. Иіп әкелуге қару жетпей, қайқы күйінде қалдырған.   «Жұрт біткен қамырықтарын жарқын-жарқын айтысып...» (237-бет). Мұның орысшасы: «Все громко выражали свое неодобрение...» «Қамырық» деген диалектіге жақын сөз біздің топшылауымызша «көңіл кірі» болу керек, оны «жарқын-жарқын» айтты деу қиыспай тұр. Осы сияқты сөзді орнымен қиыстыра білмей, талғаусыз тіркестіру, сөйлемдер тұтастығын бұзып, не сурет бояуын алалап жіберу Ғали аудармасында онша жиі болмаса да кездесіп қала береді. Аударушы «сылтың», «лып», «елп ете түсті» деген сөздерді өзге сөздермен тыңнан қиыстырып жаңа сипат бере пайдаланған. Бірақ мұнда да талғаусыздыққа ұшырап ерлі-зайыпты Облонскийлер арасында трагедия болып жатқанда қасіретті адамдардың күлкісін «елп еткізіп», жүзін «сылтыңдатып», жүріс-тұрыс қимылдарын «лыпылдатып» жібереді. Бұл аударушының өзі тыңнан ашқан сөзіне тым елігіп кетуінен. Ал, Ғали сияқты көне әдебиетші жылтырға қызықпай әр сөз өзінің қыбын тауып, табиғи орнына қаланғанда ғана сәтті екенін, жеке сөз қанша әсем болса да өз орнын таппаса ерсі әшекейге айналатынын, қысқасы, сөз жарастығын білсе керек еді.   «Вронскийді ойлағанда, өзін ол сүймейтін сықылды, өзін шырмау көріп жүрген тәрізді, оған өзін-өзі ұсына алмайтын секілді де көрініп кетті...» (325-бет).   Енді бір абзацтан ғана мысал келтірелік:   «...Қайталай да берді өзі... Өзі тәрбие алған дініне әсте шүбә келтірмесе де, өз жайында діннен жәрдем іздеу деген Алексей Александровичтің өзінен жәрдем іздеу сықылды... Біліп отыр өзі... Содан өзі қорқайын деді... білмей кетті өзі... білген жоқ» (326-бет).   Осы шағын абзацтың ішінде «өзі» деген сөз сегіз рет кездеседі. Әрине, мұндай қайталаулар аударушының кейде тілге салақ қарайтынын, сөзді ерінбей екшемейтінін аңғартады. Ғали жалпы «өзі» деген есімдікке орасан құштар. «Өзін» қоспаса сөзі татымайтын сияқты көрінеді де тұрады. Кейде сол «өзілер» баяндау ырғағын бұзып, автордың байыпты сарынын дедектетіп, сыртқы сабырын орынсыз құшырландыруға әкетеді, ал тіпті сөйлем мағынасына нұқсан келтіретін кездері де болады.   «Анна Каренина» аудармасының әр саладағы, әр жүйедегі кейбір кемшіліктері осындай. Бұл аударманы негізінен сүйсіне оқи отырып, кемшілік жағына әдейі мол және көп тоқтадық. Ірілі-ұсақты мұндай кемшіліктер әсіресе қынжылтады.   Аудармада азды-көпті кемшілік, әсіресе ұғынбастық кездессе, соны ғана мысалға іліктіріп, аударушы еңбегін жоққа саюшылық біздің сынымызда өріс алып келеді. Жоғарыдағы кемшіліктер тізімін ұлғайта түсіп Ғали аудармасына ондай қорытынды шығарудан біз аулақпыз. Толстой биіктігіне бір қарғығанда шығу, «бірінші сапарда» жету аса қиын, тіпті мүмкін де болмас. Бұл әлі талай қажымай ізденуді, талай қиындықты жеңуді керек етеді. Осы сапарда Ғали көп ізденген, сөз азабын да мол тартқан. Аударушының бұл тұстағы қажырлы, адал еңбегін елемеу әділет болмас еді.

 

СӨЗ АЗАБЫ

 

Әдеби тіліміздің Л. Толстой шығармаларын игере бастауы аударма әдебиетіміз үшін ғана емес, жалпы қазақ әдебиеті үшін де елеулі кезең. Әдебиетшілер қауымы мен оқушылар жұртшылығының бұл аудармаға ерекше ықылас қоятыны да, аударушының өзгеден ерек сарапқа түсетіні де осыдан. Алып орыс тілінің ересен мол байлығын, бар күш-қуатын, сан қилы әсерлі бояуын еркін де шебер меңгерген жазушыны қазақ тілінде сөйлету аса қиын, құрметті іс. Осындай салмағы ауыр сенімді, абыройы мен азабы тең еңбекті мойнына алған Ғали Ормановтың батылдығына, осы сапардағы нарлығына сүйсінетінімізді ең алдымен айта кетеміз.

 

Әрине, Толстойдай алыпты жеткізе аудару қанша кәнігі әдебиетші, сұңғыла ақын болғанымен Ғалиға оңай емес. Бірақ осы тұста аударушының күшін іркіп аянып қалмағаны, көп ізденіп, көп ойланғаны айқын аңғарылады. Мұнысы жақсы ниет, шынайы пейілмен ғана емес, көп сәтте сүйіндірерлік еңбек жемісінен де көрінеді. Кейде жиі, кейде сирек кездесетін ірілі-ұсақты кемшіліктері болғанымен де тұтас алғанда аударма түп нұсқаға жете қаба және оның жалпы көркемдігін кең аңғартып, негізгі қасиеттерін едәуір жақсы жеткізеді. Аударушының қазақ тілінің сөз байлығын мол пайдаланғаны (рас, осы молдық кейде талғаусыздыққа да соқтырады, ол жайында сөз кейін), әдеби тіліміздің соңғы табыстарын игере білгені даусыз. Аударманың жақсы қасиетін, көркем үлгісін аңдататын мынадай бір мысал келтірелік:

 

«Ол кезде өзін бақытсызбын дегенмен бақыты алда болатын: кәзір болса, жақсы бақыт дегендер артта қалды деп сезінді ол. Анна да алғаш көргендегісінен мүлде өзге болып кеткен. Құлығы да, көркі де өзгеріп құлдилай түскен. Анна өзі далия жайылып, актриса жайын айтқан кезде, бет пішіні де әрін бұзып жіберген бір долы әлпет көрсетіп кетті. Вронский Аннаға қарағанда, жұлған гүлі солған соң көркіне бола жұлам деп қор еткен гүлінің сол шырайын әрең барып аңлаған адамша қарады» (404-бет).

 

Мінеки адам басындағы шытырман, қилы сезімді, өң құбылысының аса әсерлі, нәзік көрінісін аударушы түпнұсқаға жеткізе бергені даусыз. Тағы да бір-екі мысал келтірелік.

 

«Фру-Фру қай аяғын бұрын басарын білмей қалғандай, тізгінді тал мойнымен соза тартып, үстіндегі адамды жайлы арқасына жатық ырғай, серіппеше майысып тұра жөнелді» (21-бет).

 

«Вронский енді озуым керек-ау деп ойласымен-ақ, Фру-Фру да сол ойын біле қойып, ешбір дәметпей көтеріле сілтеген күйі, Махотинге нағыз қолайлы, көрме жақтан кеп жақындай бастады. Махотин керме жақты бермеді. Вронский сырт жағынан орала озайын дегенше, Фру-Фру да аяғын қалт өзгертіп, дәл сол жағынан кеп оза бастады. Фру-Фрудың қарауытып терлей бастаған иығы Гладиатордың саурына қатарласып та қалды. Екеуі біраз жерге қатарласа сілтеді. Екеуі бірақ, тосқауыл алдына таяған жерде, Вронский үлкен айналмаға жеткізбейін деп, тізгінге сүйеген күйі, Махотиннен дәл төбешікке жеткенде сып етіп өте шықты... Вронский Махотиннен озуын озғанмен, қалыспай келе жатқанын да қалт сезіп, Гладиатордың біркелкі дүрсілі мен танауынан үзіле-үзіле шыққан әлі тіпті тың тынысын дәл арт жағынан тынбай естіді де отырды» (224-бет).

 

Осы келтірілген үзінді өз қасиетіне өзі куә. Мұның қазақ әдебиет тілінің ең табыстарына жататыны, Толстойдың және сөз мағынасы ғана жетпей, оның аса көркем тілінің қазақ әдебиетіне өң беріп, қазақ оқушыларын сүйсіндіре келгені көрініп тұр. Толстой сөзінің ажарын бұзбай жеткізетін аударушы кемде-кем.

 

Аударушының ең негізгі мақсаты автордың ойын ғана емес, оның өзіндік стилін, суретшілік ерекшелігін, барлық бояуын, шығарманың рухы мен тынысын жеткізіп бере білу. Осы тұрғыда айрықша бір есте болатын нәрсе көркем шығарманың жалпы бейнесін ғана емес, оның өзіндік ажарын да аудырмай жеткізу. Толстой шығармасын әсіресе «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина», «Арылу» сияқты алып шығармаларын аударудың айрықша қиын екенін айтып жатудың қажеті жоқ. Толстойдың рухани дүниесін суреттеудегі әрі аса нәзік, әрі қуатты шеберлігі, жалғыз тәңірім деп шындыққа ғана табынған осы жазушының ақаусыз көркемдік шындығы аударуға келгенде кім-кімді болса да талай қиналдырады. Толстой адамның сырт бейнесін, құбылысын оның ішкі дүниесімен табиғи астастырады да, оны мейлінше дәл, ақаусыз шын қалпында суреттейді. Осыдан барып адамның сырт пішіні өң құбылысынан, ал бұл екеуі ішкі дүниесі құбылысынан ажырамай, бірін-бірі әсем толықтырып кейіпкердің нағыз толық бейнесін аңғартады. Осы көріністер қаншама әсем суреттелгенмен онда әдемілік үшін қолданылған, бірақ шындыққа ақау түсіретін бір «сұлу» сөз болмайды. Толстой шеберлігінің көп жақтарын толық болмағанмен аударушы біраз жерде-ақ сәтті игерген.

 

«Аннамен сол сөйлескен сайын-ақ, Аннаның көзінен қуаныш нұры жалт етіп, бақыт күлкісі қызғылт ернін қамтып қалып тұр... «Анау қайтты екен?» деп, Кити Вронскийге қарап жіберді де шошып кетті. Китидің Анна жүзінен көргендерінің барлығы сонда тұр екен. Қашан болсын сабырлы, орнықты көрінетін мінезі мен жүзіндегі алаңсыз салғырттық әлпеті қайда кетті десеңші өзінің? Жоқ, кәзір ол Аннаға тіл қатқан сайын, алдына жығыла кететін кісідей, басын сәл еңкейте түсіп отыр да көз қарасынан жеңілу мен жасқанудың ғана әлпеті көрініп тұр» (94-бет).

 

Бұл Анна мен Вронскийдің бір құбылысы болса, Анна сезімі арқылы берілетін, Каренин мінездемесін айқындай түсетін көрініс мынау: «...Анна ілгері қарай етпеттей отырып, ат қасына барып, соған міне жөнелген Вронскийге көз аудармай қараған кезде де, күйеуінің сол тынымсыз, жексұрын даусын естіді де отырды. Ол өзі Вронский үшін қорқам деп бір қиналса, күйеуінің сол, өзіне тынымсыз шыңылдап естілген, нәші қанық нәзік даусынан одан бетер қиналды» (234—235-беттер).

 

Бұл үзіндіде аударушы Толстой тіліндегі сурет пен әсерді дәл жеткізіп бере отырып және де осы жолда ізденіп, аударма арқылы қазақтың әдеби тіліне тың бояулар, әрі көркем әрі соны сөз орамдарын суреттеу машығын енгізген. Осы арада айта кететін нәрсе, Толстойды аудару үшін осы күнгі әдебиет тілімізде қалыптасқан суреттеу үлгілерін, тіпті оның ең озықтарының өзін пайдалану жеткіліксіз: ол үшін осы жолдағы ең соңғы қол жеткенімізді толық баурай отырып, талай-талай соны, тың бояуларды қажымай ізденіп батыл да, орынды да енгізе білу қажет. Бірақ, өкінішті нәрсе аударушы ылғи осылай етпеген. Көп жерде-ақ қазіргі бар әдеби суреттеулердің дайын үлгілерін ала салған. Сөйлемдердің жатық болуына әсіресе назар аударып, талай кезде-ақ Толстой бояуын солғындатып, сөйлемдердің қырын жонып «жалпақтау» етіп жіберілген. Рас, «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина» сияқты романдарды қазақ тілінде, әсіресе қазақ тіліне аударудың жоғарыда аталғандардан өзге тағы да бір ерекше қиындығы мұнда орыстың сол замандағы свет қауымы, сол қауымның өзінің неше түрлі сатылары суреттеледі. Олардың сан қилы қарым-қатынасы, өзіндік психологиясы осыған сай әдет, дағдысы, мінезі, сөзі бар. Осының бәрінің орыс оқушыларына көбірек кәнігі қалыбы да бар. Осы күнгі өшкен свет нәзіктіктерін қазақ оқушыларына жеткізіп беру аса қиын. Екіншіден, Толстой ғана суреттей білген адамның нәзік, терең психологиясын жеткізу де оңайға соқпайды. Бірақ осы жолда аударушының ізденуі де жеткіліксіз сияқты. Мынадай бір қарапайым мысал келтірелік.

 

— «Дарья Александровна приказали долоягать, что они уезжают».

 

— «Дарья Александровна біз кетеміз, соны айтып бар деді» (9-бет). Бұл Стиваға баяндап тұрған камердинердің сөзі. Малайлардың төрелерінің алдында кішілікпен сыпайы ғана сөйлейтіні осы арада аңғарылмай тұр. Сонымен бірге қожаның аузынан шыққан әр сөз малайға әмір екені де байқалмайды.

 

— Одни или с супругом? — спросил Матвей.

 

— Өзі ме екен, күйеуімен келе ме екен? — деді Матвей (9-бет). Осында күйеуі (муж) демей-ақ, жұбайымен десе орынды емес пе? Және де осы диалогтың сапталуы ақсүйек пен қызметшінің арасындағы сөзге емес, тең құрбы екі адамның шүйіркелескеніне ұқсайды.

 

Міне, осы сияқты шен-дәрежеге, тәрбиеге байланысты ізет-сыпайылықтар анайыланыңқырап кетіп отырды.

 

Тек қана адамдардың қарым-қатынастарын беруде ғана емес, автордың қилы-қилы суреттеулері мен мінездемелерін де аударушы көбіне-ақ қалтарысын елемей тіке тартып, едәуір жабайылатыңқырап алады.

 

«...Его пища это ложь. Он все знает, все видит; что же он чувствует, если может так спокойно говорить?»

 

...Көрген көрері сол өтірік оның. Бәрін біліп те, көріп те отыр ол; осылай жай сөйлегенде, не сезбек екен десеңші өзі?» (235-бет).

 

Бұл Аннаның өз күйеуі Каренин туралы ойы. Ол әйелінің бар қылмысын біліп жүрген адам. Бірақ сонда да сабырлы қалпы бұзылмайды. Дәл осы сөздер Толстойдың Каренинді адам емес машина деген мінездемесін толыстыра түседі. Ал аудармада бұл жоқ. Біріншіден, сөйлем аяғындағы артық қосылған «десеңші өзі» деген екі орынсыз сөз Анна сөзінің ішкі күшті толқынын, ашу-ызасын бәсеңдетіп, жай күңкілге айналдырып тұрғанын айтпағанда, екіншіден, мағынасының өзі жетпей тұр. «Что же он чувствует, если может так спокойно говорить?» деген сөйлем «Егер осыншама сабырлы сөйлеуге шамасы жетсе, ішінде не пәле жатыр екен?» деген ұғымға жуық қой.

 

«Услыхав это, Анна быстро села и закрыла лицо веером. Алексей Александрович видел что плакала и не могла удержать не только слез, но и рыданий, которые поднимали ее грудь. Алексей Александрович загородил ее собою, давая ей время оправиться».

 

«Анна соны естіген соң-ақ лып отыра кетті де бетін желпуішпен қалқалай берді. Алексей Александрович Аннаның әрі жылап, әрі жасына ие болуы былай тұрсын, тіпті өксігенде көкірегі көтеріліп тұрғанын көрді. Алексей Александрович долығы басылсын деп алдын қалқалай да берді оның». (238-бет).

 

Әңгіме алдыңғы және соңғы сөйлемдердің аударылуы туралы. Осы арада Вронскийдің аттан құлағанын көріп Анна үлкен қасіретті толқу үстінде отыр. Ал енді сол халдегі Аннаның тез, оқыс отыруы мүмкін де бірақ «лыпылдап» тұруы мүмкін емес. Соңғы сөйлемде ауыр күйзелістен есін жисын не көңілін бассын деудің орнына Аннаның долығы басылсын деу түрпідей. Тамаша әйелдің аяулы бейнесіне, тіпті ұнамсыз құбылыс береді.

 

«...но она была сама не своя и как во сне шла подруку с мужем».

 

Мұнда да аударушының тұспалы дұрыс болғанмен, Толстой суреттеген психологиялық хал жетпей жатыр. («Анна бірақ» және «кете барды» деген сөздердің сапталуы келіспей тұрғаны өз алдында), «как только она начинала говорить про это, она, настоящая Анна, уходила куда-то в себя и выступала другая, странная, чужая ему женщина, которой он не любил и боялся и которая давала ему отпор».

 

«...Соны айта бастаса-ақ осы отырған нағыз Анна әлдеқайда жоқ боп кетіп, Воронскийге жат, өзге бір оғаш әйел шыға келгендей болатын да, Вронский де өзін сүймей (?) қорқа беретін, ол болса мұны бет бақтырмайтын» (213-бет).

 

Бұл үзіндінің орысшасында Вронский аты аталмайды, қазақшасында екі рет аталады. Солай-ақ болсын, бірақ аударма түп нұсқаның әдемілігін, әсер сонылығын бере алмайды: кедір-бұдыры мол, түсінігі көмескі «Вронский өзін сүймей қорқа беретін», Вронский кімді сүймеді? Өзін өзі сүймей ме, қалай? «Давала отпор» деген сөздерді «Бет бақтырмайтын» деп әсемдеу қанша қажет? «Бет бақтырмайтын» деген әрекет мінездемесі адуын, долы әйелдерге тән емес пе? Тағы да Аннаға жанымыз ашиды. Толстойдың әрбір сөз нәші, бояу реңдері тек қана өз орнында сәтін тауып тұрады. Ол әшекейлеуді де, түрін сәл де болса өзгертуді де көтермейді, әсіресе тізені көтермейді. Данышпан художниктің суреті басқа бір сырт бояу жұқса-ақ сәулеті бұзылады.

 

Ғали аудармасында көркемдік жағынан елеулі олқылықтар кездесіп отырады. Бұл әсіресе шығарманың көркемдік шоқтығы саналатын Левиннің Китиге деген өзіндік ерекше ыстық ынтығы, сан қилы нәзік сезімдері суреттелетін жерлерде, Анна мен Вронский арасындағы психологиялық нәзік шытырман қатынастар суреттелетін жерлерде анығырақ сезіледі. Сонымен бірге Ғали барлық жерде бірдей автордың тамырының алуан түрлі соғысын байқай бермеген. Әсіресе диалогтардың температурасы ыстық кезінде қанжылым тарта береді де интонация байлығы көп жерде ұмытылып қалады. Мұның бәрі түпнұсқада ашылған кейіпкерлердің психологиялық кезеңдерін, жан-күйін көмескілендіріп, яғни оның ашу-ызасын, өкініш-күйінішін, ішкі толқуларын солғындатып жіберді.

 

«Никогда. Предоставь мне... И предоставь мне, и слушайся меня. Никогда со мной не говори об этом».

 

«Әсте өз ырқыма бер. Өз ырқыма бер де айтқанымды жықпа. Ол жөнінде әсте сөйлеспе менімен» (215-бет).

 

Бұл Аннаның үлкен ой толқуы үстінде булыға айтатын сөзі. Мұның орысшасынан Аннаның іштей толқып тұрғанымен бірге әлдеқандай бір үрейі бары, болашағынан шошынатыны да айқын есіп тұр. Толстой мұны қысылғанда ауызға тез түсетін қарапайым, бірақ өткір, үзік-үзік келте сөздермен берген. «Никогда» деген қаһарлы сөзді де қайталай, булықтыра айтқызады. Ал аудармада мұны «тігісін жатқызып», жайбарақат сөздермен берген. «Никогда» деген екпінді сөздің орнына ол сөздің сұсын да, салмағын да жеткізе алмайтын «әсте», «слушайся меня» деген тіпті сыртқы оғаштығының өзімен де ішкі қызуы күшті, тегеурінді сөздің орнына жасық, жай сыпайы ғана «сөзімді жықпа» деген сөз алынған. Ақыр аяғында Аннаның осы сәттегі ішкі шиеленісі мен ширығуы босап, болбыр тартып кеткен.

 

Біздіңше, жоғарыда келтірілген осы мысал, Ғали аудармасындағы жеке ретте ғана кездесетін жай кемшілік емес. Бұл аударушының аудармаға көзқарасындағы жүйелі қате ұғымнан туған тәрізді. Бұл ұғымның бір-біріне жақын екі саласы, яғни бір түбірден тараған екі тармағы бар: бірі — қайткен күнде де қазақылап, қазақ тілінің қашанғы қалыптасқан интонациялық ырғағынан шықпау болса, екіншісі — түпнұсқада кездесетін айшықсыз, қарапайым, сырты жұпыны сөздерді «көркемдеуге», «әдебиеттендіруге» бой ұрушылық. Мұндай тенденция бір кезде көркем аударманы кәсіп еткен, бірақ көркемдікке ыңғайы жоқ «солақай» аударушыларға қарсы, түпнұсқаның әсем тілінің ажарын қашырып жүрекке де, құлаққа да түрпідей сірестіріп аударатындарға қарсы күресте туып еді. Бірақ кәзір аударма әдебиеті елеулі бір сатыға көтерілгенде, бұл тенденция өзінің қарама-қарсысына айналын отырғаны, әдебиетімізді аударма арқылы соны бояулармен, интонациялармен байытуға, тыңнан жаңа лебіз енгізіп, шырайын гүл-гүл жайнатып құлпырта түсуімізге кедергі келтіретіні анық. Ақыр аяғында, жасыратыны жоқ, біздің әдебиетімізден анағұрлым озық орыс әдебиетінің, әсіресе шоқтығы биік орыс классиктерінің алуан түрлі бояу нәзіктіктерін, ой қалтарыстарын оқушыға жеткізе беруге кесел болады.

 

«Да! Она не простит и не может простить. И всего ужаснее то, что виной всему я, — виной я, а не виноват. В этом-то вся драма, — думал он. — Ах, ах, ах!»

 

«Иә! Ол енді кешірмейді де, кешірер жайы да жоқ. Ең сұмдығы соның бәріне де айыбым жоқ болса да, мен айыпты боп отырмын — мен. Барлық драма сонда боп тұр, — деді ойланып. — Әй, әй, әй!» (6-бет).

 

Сырт қарағанда осы үзінді жатық, жақсы аударылған тәрізді. Бірақ түпнұсқада әйелінің алдында күнәлі Облонскийдің күйзелісті ойы ғана емес, осылай ойлағандағы оның қиянаты да айқын елестейтін сияқты. Оны автор Облонский диалогына айналдырып және сол диалогқа аса орынды шебер интонацияларды шым-шымдап енгізу арқылы жеткізіп отыр. Бірақ аударушы оны байқай қоймай, жатықтандырып тіке тартып кеткен де интонациялық бояуды жойып алған. «Что виной всего я, — виной я, а не виноват» дегенді аударушы «айыбым жоқ болса да мен айыпты боп отырмын» деп береді. Мағынасы осылай екені даусыз. Бірақ Толстой «я оказался виноватым, хотя и не виноват» деп немесе осы сияқты жайбарақат түрде бермей, әдейі көңіл толқынына бояу беріп отырған жоқ па? Содан кейін «Ах, ах, ах!» деген одағайды «әй, әй, әй!» деп аударудан қандай ұтымдылық бар?

 

Осы сияқты «тігісін жатқызу» тек диалогтарды ғана емес, автор суреттеулерін аударғанда да ұшырай береді. «...Вдоволь забрав воздуха в свой широкий грудной ящик» дегенді Ғали «...кебежедей кең кеудесіне ауаны толтыра тартып» деп аударады. Мұның да мағынасы дұрыс болғанымен, автордың мысқылы жетпей жатыр. Егер де «кебеже кеудесіне» немесе «кеуде кебежесіне» десе автордың әжуасы ғана емес, сонымен бірге тосын, жаңа түр еніп, сонылығымен оқушының назарын тартпас па еді.

 

Ғалиде Толстойдан да «көркем» етпек болып, орынсыз әшекейлеуге ұмтылу бар деген пікірді жоғарыда айтып өттік. Бұған жоғарыда біз келтірген Анна диалогының аудармасы дәлел. «Никогда» деген сөзді «әсте», «И предоставь мне, и слушайся меня» деген сөйлемді «Өз ырқыма бер де, айтқанымды жықпа» деп аудару, осы қарапайым сөзден қашып, «әдебиеттендіру» ниетінен туған әрекет екені анық. Сол сияқты «С хитрою улыбкой» дегенді «Мекер күлкісіне салып» (8-бет). «Впрочем, делай, как хочешь» дегенді «Әйтсе де өз ырқың білсін» (33-бет), «развод» дегенді көп жерде «бас ашу» деп аударуы да сырты жұпыны сөздерді қомсынып, Лев Толстойдың өзінен көркемдігімді «асырам» деген ағат батыл ойдан туған болса керек. Шынайы көркемдіктің сырты жылтыр бола қоймайтынын, ал Лев Толстойдың тек шындыққа ғана табынып, әсері ұшқары сөздерге жүгірмегендігін айтып жатудың қанша қажеті бар.

 

Біздің бұл пікірімізден сөз көркемдігіне, шеберлігіне талпынбау керек деген ұғым тумасқа керек. Біз тек әсіре қызылдан сақтандырамыз. Атақты сөз шеберлері әрбір сөзді екшеп талғампаздықпен аса орынды қолданатыны, сөздің үніне, эстетикалық жағына, көркіне айрықша көңіл бөлетіні даусыз. Олар асыл сөзді мол шабыт, ыстық сезіммен жайнатып, құлпыртып еркін төге де білген, сонымен бірге жеке сөздерді тірнектеп жинап, жалықпай сұрыптай да білген. Аударушыға да осы талап қойылатыны сөзсіз. Ғали көп ізденіп, талай жақсы, соны сөздер таба білген. Халық тілінің мол қазынасының арасында әдебиетшілер көзіне жиі түсе қоймай, қағаберіс қалған талай сөздерді тауып алып қана тынбай, олардың тозаңын сүртіп жаңа сипат, жаңа нұрмен қайта жарқыратқан сәттері бар екенін айтамыз. Аударушының тағы бір жақсы баламаларды ала бермей тыңнан сөз тауып, қазақ тілінің лексика (сөз құрамы) байлығын жақсы аңғартады. Біз мұны аударушыға керекті аса жақсы қасиеттердің бірі деп білер едік. Бірақ, осындай реттерде аударушының талғаусыздыққа ұрынатыны бар. Кейде тіпті лексика байлығын аударманың қилы-қилы міндеттерінен шалғай, оғаш дара мақсат етіп те қарайтын жағдайлары жоқ емес.

 

«Все смешалось в доме Облонских». «Облонский үйлерінің ырың-жырыңы шықты». (5-бет). Бұ да мағына жағынан дұрыс. Бірақ аса көркем шығарманың бетін ашқан жерден көрікті сөздер арасына «ырың-жырың» кіруі оқушыны тітіркентіп те тастамай ма.

 

«Я с удоволствием поем хорошо» — «Тамақты түшіркене жақсы ішкелі отырмын».

 

Осындағы «түшіркене» деген сөз түпнұсқаның мағынасын береді. Бірақ, сөздің үніне ерекше көңіл аудару керек екенін М. Горький талай ескерткен жоқ па еді. Бір сөздің үні басқа бір оғаш, ыңғайсыз сөзбен үндессе, сол жағымсыз сөзді еске түсіріп, оқушыға шіміркендіре әсер етуі әбден мүмкін нәрсе ғой. «Түшіркене» деген сөз «түшкіруді» еріксіз еске салады да асқа ықылас қойған мәдениетті адамдар туралы жағымсыз әсер туғызады. Аннаның аузындағы: «Сен ойлағандай оңай-оспақ нәрсе емес» деген сөз де орнын тауып тұрған жоқ, Болмаса «Атқа шапқан Вронский сиқына бар ойымен құлай қараған Анна...» Бұл арада аударушының «атқа шапқан сиқына» деуіне қарағанда Вронский аса ебедейсіз көрініс беріп бара жатқан сияқты. Ал, шынында керісінше Вронскийдің атқа шапқан көрінісі ерекше көз тартады. Мінеки, сөзді орнымен сұрыптан ала білмегендіктен тіпті мағына өзгеріп кетіп тұр. Сөзді әсем талғап, дәл сұрыптап алуда мұндай ағаттық жібермеу тек тәжірибелі әдебиетші ғана емес, әсіресе ақын адамға қолайсыз болса керек. Сөздің тек мағынасы ғана емес, сонымен бірге сыртқы түрі яғни үнділігі әсем сазы, тілге оралымды, құлаққа жағымдылығы художниктің қолындағы сан алуан бояудың келісті, жарастықты бір түрі емес пе.

 

Өте бір өкінішті нәрсе аударушы біздің осы күнгі аудармаларымызға тең бір қасіретті кемшіліктен құтылып кете алмаған. Ол түпнұсқаны шала түсіну, кейде тіпті жете түсіну. Ормановты орыс тілін білмейді деп айта қоюға болмайды, бірақ Толстой тілін жете түсіну де, оның алуан сырларын аңғарту да, астарларына ой жүгірту де, ерекше бір сәтте жаңа мағынамен айтылған сөздердің үнін естуге аударушы құлағы қақас тартып, қапы жіберіп алатын кезеңдерін қазбалап іздемесек те, құрғырлар көп жерде-ақ қарасын көрсете берді.

 

Мұндай түсінбестіктер әр дәрежеде, әр сипатта болғанмен оның қай-қайсысы да аудармаға біраз олқылық келтіріп тұр. Бұл кемшіліктерді де бір арылтып өтейік.

 

«Он повернул свое полное, выхоленное тело на пружинах дивана, как был желая опять заснуть надолго, с другой стороны крепко обнял подушку и прижался к ней щекой...»

 

«Әлі де болса ұйықтай түсейін дегендей, бордақы, толық денесін диван серіппесіне төңкерілте аунатып, екінші жағындағы жастықты қапсыра құшып, бетін көме жатты...» (5-бет).

 

Толстойды өзімсініп, кейбір еркіндік еткенін елемегенде, аударушы осы қарапайым сейлемнің екі жерінде түсінбестік аңғартады. Біріншіден, «полное, выхоленное тело» дегенді «бордақы, толық дене» деп аудару қате. «Выхоленное», «бордақы» емес, «мәпелі», «күтімді» деген ұғымда. Екіншіден, Облонский «екінші жағындағы жастықты қапсыра» құшпайды, басының астындағы жастықты астынан орай құшақтайды.

 

«Степан Аркадьевич получал и читал либеральную газету не крайнюю, но того направления, которого держалось большинство».

 

«Степан Аркадьевич либералшыл газетті, либералшыл болғанда, тым асып кететін емес, көпшілік қолдайтын бағыттағы газетті алып оқитын». (11-бет).

 

Мұнда автор «көпшілік қолдайтын» демейді, сол Облонский қауымындағылардың көбісі құптайтын бағыттағы деген ойын анық аңғартады. Ал «көпшілік» деген сөзі негізінде бұқара, халық деген ұғымға телінбей ме, ендеше мұндай сөзді қолдануда сақ болған терістік етпейді.

 

Бұлар аударушының автор ойының байыбына жетпей шала аңғартатын жақтары болса, кейде тіпті қарапайым нәрседен анық білместік жасағанын көріп қаламыз.

 

«...ирландская банкетка, состоящая... из вала утыканного хворостом...»

 

«...Шөп-шалам қосып тапталған ирланд үйіндісі...» (222-бет).

 

Мұнда «шөп-шалам қосып тапталған» емес, шыбық шаншылған атжал екені кімге болса да айқын емес пе?

 

«Я дурная женщина, я погибшая женщина, — думала она».

 

«Өз басым ақымақ-ақ, құрыған-ақ әйел шығармын, — деп ойлады Анна...»

 

Аударушының соншалық қарапайым түсінігіне таңырқамасқа шара жоқ. «Дурная» «ақымақ» емес, «бұзылған, азған» деген мағынада екені, осы арада Аннаның өз жағдайын ұят санап, «азған әйелмін» деп өзін-өзі сөгіп отырғаны айқын-ақ сияқты.

 

Осы сияқты орыс тілін кейде дүмбілез, кейде тіпті қате түсіну аударманың көп жерлерінде аса сирек кездессе қайсы бір жерінде тым жиілеп, бірін-бірі қозғатып та жібереді. Кітаптың (қазақ тіліндегісінің) 400-бетіне үңіліп көрелік. Мұнда әңгіме көбіне шетелден келген принц жайлы да және соның жағымсыз сипаты баса суреттеледі.

 

«Его суждения о русских женщинах, которых он желал изучать, не раз заставляли Вронского краснеть от негодования».

 

«Өзі зерттеп білсем деп жүрген орыс әйелдері жайындағы пікірі де Вронскийді құса қылып талай рет қызартты».

 

Орысшасында орыс әйелдерін принц зерттемек болса, қазақшасында оларды Вронский зерттеп жүрген болып шығады және де «негодование», «құса» емес, отты ыза, буырқанған ашу.

 

«Это был очень глупый и очень самоуверенный... человек...».

 

«Ол өзі өте ақымақ, өте қайсар... адам екен...»

 

Бұл арада «самоуверенный» деген сөз қалай тартқанда да «қайсарға» келмейді.

 

«Он был ровен неискателен с высшими, был свободен не мог отрицать этого».

 

«Өзінің джентльмендігі де рас екен, онысын Вронский де бекер дей алған жоқ».

 

Толстойдың осы сөзінің астарында кекесінді ащы мысқыл жатыр, ал оны тіпті сөйлем құрылысы да аңғартады, аударушы бұл сөйлемді де жымпита жонып, жалаң қабаттап жіберген.

 

«Он был ровен неискателен с высшими, был свободен прост в обращении с равными и был презрительно добродушен с низшими».

 

«Өзі жоғары адамдарға салмақпен қарап, ештеме іздей қоймайды екен де тең адамдарға астамсып, мейірбанси қарайды екен».

 

Осы бір сөйлемдегі үш сипаттау грамматикалық жағынан да онша қабыса қоймаған, аз мағына жағынан аударушы ортаңғы мінездемеде Толстой сипаттауына деңгейлесіп қалып, соңғысында жете қоймағанмен автор ойының ұштығын қарманып қалса, алдыңғы айтылған мінез сипатын тіпті қате түсінген. Мұндағы «неискателен» деген үлкендерден «ештеңе ізденбеушілік» емес, үлкендерге «жағымпазданбайтын» деген мағынада айтылып отыр. Осындай қателіктен барып Толстой берген мінездеме аудармада бұзылып кеткен.

 

Осы беттегі «Русское молодечество» дегенді «орыстың батырлық-ерлігі» деп беруі де тауып аударғандық емес.

 

«Вронский был в эту зиму произведен в полковники, вышел из полка, и жил один».

 

«Вронский осы қыста полковник дәрежесіне шығарылған соң, полктан сыртқары, жалғыз тұратын».

 

«Вронский полктан «сыртқары тұрмайды». Ол полктан шығып кеткен.

 

Мінеки, осынша жаңсақтық пен түсінбестік бір беттен кездескенде оқушының қарны ашып қалатыны сөзсіз.

 

Аударушының сөз мағынасын жете ұғынбай жорамалға, тұспалға салатынына тағы бір мысал келтіріп, сонымен бұл саланы тұйықтайық.

 

«Вронский, несмотря на свою легкомысленную с виду светскую жизнь, был человек ненавидевший беспорядок».

 

«Вронский көрер-көзге қауымның жеңіл-желпі тіршілікті місе тұтып жүргенмен салдыр-салақтықты жек көретін адам болатын». (141-бет)

 

Осы арада сөйлем мағынасы әбден өзгеріп, Вронский мінездемесі керісінше болып шыққан. Автор Вронский сырт көзге свет өмірінің жеңіл қызығына бой ұрған қамсыз адам сияқты десе, аударушы жоқ: «Вронский көрер көзге қауымдық жеңіл-желпі тіршілікті місе тұтып жүрген...» деп ерегісіп болмайды. Және де «қауым», «свет» мағынасын бере алмаса, «салдыр-салақтық» осы арадағы «беспорядок» мағынасын жеткізе қоймайды.

 

Одан әрі «...запутавшись, попросил взаймы денег...» дегенді, «...шатасып қалып, қарызға ақша сұрағанда...» деп жаңсақ аударған.

 

Осындай бұрмалауларды кітап шықпай тұрғанда оңай түзетуге болатын еді. Бұл бір көркем аударма үшін шешуші қиын проблема емес қой. Ал, бірақ кітап шығып кеткеннен кейін осы қателіктер кей жерде автор ойын бұрмалап, тамаша шығарманың ажарын бұзып, әсерін алалап, оқушылар үшін едәуір қиянат болып тұр.

 

Аударушының кейде сөйлемдерді меңгере алмай, оның құрамдарының жігін ашып алатыны, мағынаны дәл бере алмай дүмбілез етіп жіберетіні жоқ емес.

 

«Вронский Алексей Александрович үйінде өмірі болмағанмен, Аннаны үйден сырт жерде көріп, онысын күйеуі де біліп жүрді» (398-бет).

 

Осы сөйлемді қалай түсінуге болады? Аннаны көріп жүрген Вронский, ал онысын (көріп жүргенін) күйеуі де білді десе, Вронскийдің күйеуі болып шықпай ма? Түп нұсқадағы осы сөйлем аударушыға қатты қарсылық жасаған да аударушы оны ырқына көндіре алмаған. Иіп әкелуге қару жетпей, қайқы күйінде қалдырған.

 

«Жұрт біткен қамырықтарын жарқын-жарқын айтысып...» (237-бет). Мұның орысшасы: «Все громко выражали свое неодобрение...» «Қамырық» деген диалектіге жақын сөз біздің топшылауымызша «көңіл кірі» болу керек, оны «жарқын-жарқын» айтты деу қиыспай тұр. Осы сияқты сөзді орнымен қиыстыра білмей, талғаусыз тіркестіру, сөйлемдер тұтастығын бұзып, не сурет бояуын алалап жіберу Ғали аудармасында онша жиі болмаса да кездесіп қала береді. Аударушы «сылтың», «лып», «елп ете түсті» деген сөздерді өзге сөздермен тыңнан қиыстырып жаңа сипат бере пайдаланған. Бірақ мұнда да талғаусыздыққа ұшырап ерлі-зайыпты Облонскийлер арасында трагедия болып жатқанда қасіретті адамдардың күлкісін «елп еткізіп», жүзін «сылтыңдатып», жүріс-тұрыс қимылдарын «лыпылдатып» жібереді. Бұл аударушының өзі тыңнан ашқан сөзіне тым елігіп кетуінен. Ал, Ғали сияқты көне әдебиетші жылтырға қызықпай әр сөз өзінің қыбын тауып, табиғи орнына қаланғанда ғана сәтті екенін, жеке сөз қанша әсем болса да өз орнын таппаса ерсі әшекейге айналатынын, қысқасы, сөз жарастығын білсе керек еді.

 

«Вронскийді ойлағанда, өзін ол сүймейтін сықылды, өзін шырмау көріп жүрген тәрізді, оған өзін-өзі ұсына алмайтын секілді де көрініп кетті...» (325-бет).

 

Енді бір абзацтан ғана мысал келтірелік:

 

«...Қайталай да берді өзі... Өзі тәрбие алған дініне әсте шүбә келтірмесе де, өз жайында діннен жәрдем іздеу деген Алексей Александровичтің өзінен жәрдем іздеу сықылды... Біліп отыр өзі... Содан өзі қорқайын деді... білмей кетті өзі... білген жоқ» (326-бет).

 

Осы шағын абзацтың ішінде «өзі» деген сөз сегіз рет кездеседі. Әрине, мұндай қайталаулар аударушының кейде тілге салақ қарайтынын, сөзді ерінбей екшемейтінін аңғартады. Ғали жалпы «өзі» деген есімдікке орасан құштар. «Өзін» қоспаса сөзі татымайтын сияқты көрінеді де тұрады. Кейде сол «өзілер» баяндау ырғағын бұзып, автордың байыпты сарынын дедектетіп, сыртқы сабырын орынсыз құшырландыруға әкетеді, ал тіпті сөйлем мағынасына нұқсан келтіретін кездері де болады.

 

«Анна Каренина» аудармасының әр саладағы, әр жүйедегі кейбір кемшіліктері осындай. Бұл аударманы негізінен сүйсіне оқи отырып, кемшілік жағына әдейі мол және көп тоқтадық. Ірілі-ұсақты мұндай кемшіліктер әсіресе қынжылтады.

 

Аудармада азды-көпті кемшілік, әсіресе ұғынбастық кездессе, соны ғана мысалға іліктіріп, аударушы еңбегін жоққа саюшылық біздің сынымызда өріс алып келеді. Жоғарыдағы кемшіліктер тізімін ұлғайта түсіп Ғали аудармасына ондай қорытынды шығарудан біз аулақпыз. Толстой биіктігіне бір қарғығанда шығу, «бірінші сапарда» жету аса қиын, тіпті мүмкін де болмас. Бұл әлі талай қажымай ізденуді, талай қиындықты жеңуді керек етеді. Осы сапарда Ғали көп ізденген, сөз азабын да мол тартқан. Аударушының бұл тұстағы қажырлы, адал еңбегін елемеу әділет болмас еді.

Бөлісу: