8 Желтоқсан 2012, 06:24
Жолдастар! Қазақстан жазушыларының IV съезі – бүкіл еліміздің социалистік экономикасы мен мәдениетінің бұрын-соңды болып көрмеген өрлеу үстінде, көп ұлтты совет халды даңқты коммунистік партиямыздың XXI съезінің шешімдерін жүзеге асыруға белсене кіріскен кезде ашылып отыр.
Біз жаңа жеті жылдықтың алып программасынан адамзат баласының жарқын болашағы – коммунизмнің нақты нышандарын көреміз. Үстіміздегі жетіжылдықта Советтік Қазақстан бақытқа бөленген туысқан республикалармен қанаттас өсіп-өрбіп, бұрынғыдан да көркейе түспек.
Бүгін, халқымыз сәулетті болашаққа батыл қадам басқан кезеңде совет әдебиеті майталмандарының жүлделі сапында келе жатқан талантты қазақ жазушыларының отряды жігерлі де жалынды шабытпен бұрынғыдан бетер құлшына еңбек етулері қажет. Сүйікті Ленин партиясының қамқорлығы арқасында күн санап алға өрлеп бара жатқан біздің социалистік қоғам ақын-жазушыларымыз үшін шабыттың қайнар бұлағы болып отыр.
Жаңа жетіжылдықта өндірісті, астықты, малды республикамыздың келешегі ұшан-теңіз.
Жылына миллиондаған пұт астық беріп отырған ұлан-байтақ тың даланың, құрыш құйып жатқан Қазақ Магниткасының Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинатының, атырабымызда қанат жая түскен есепсіз жада құрылыстардың адамдары, даңқы жер жарған шопандарымыз, бізден, жазушылардан – кесек те көркем, соны туындылар күтеді.
Біз, Қазақстан жазушылары, бірсыпыра табысқа жеткенмен, әлі де күнбе-күн талғамы өсіп отырған оқушы жұртшылығымызға рухани азықты өз дәрежесінде жеткілікті бере алмай келеміз.
Біз әлі де болса – өмірмен біте қайнасып, бүгінгі күннің тақырыбына шұғыл бет бұрыңқырай түсуіміз керек, сөйтіп, замандастарымызға оларды коммунистік рухта тәрбиелейтін шығармалар ұсынуға тиіспіз. Бұл үшін ешқандай сылтаусыз, тез арада бүгінгі күннің тақырыбына арналған көркем туындылар беруіміз қажет.
Қазақстан жазушыларының III, IV съездері аралығында біздің ақын-жазушыларымыздың қаламынан көркемдік шоқтығы биік сан алуан шығармалар туды. Бұл көркем туындылар – әдебиетіміздің үлкен өрлеу үстінде екендігінің, тамаша табыстарға қолы жетіп отырғандығының айқын айғағы. Алайда, қайсы бір шығармаларда назар аударарлық, ойландырарлық кемшіліктер де кездесіп қалып отыратынын жасыруға болмайды. Есеп беріліп отырған уақыттың ішінде әдебиетіміздің өсу жолы туралы жасаған шолу баяндамасында Ғ. Мүсірепов жолдас осы мәселеге көңіл бөлді. Дей тұрғанмен де баяндамашы жолдас поэзия жанры жайлы мардымды ештеңе айтқан жоқ, көп нәрсені бүгіп қалды, кейбір жазушыларға жалпылама тоқталып өтумен ғана тынды, тым болмаса басты-басты деген кейбір шығармаларға да толық талдау жасамады, бірнеше автордың аты-жөнін тізіп айтып өтті.
Ғ. Мүсірепов жолдас өзінің есепті баяндамасында поэзияға, әсіресе соңғы төрт жыл ішіндегі поэзияға мән беріңкіремей, селсоқ қарайтынын аңғартты. Баяндамашы осы уақыттың ішінде жарық көрген көптеген поэмалардың ішінен тек, Жұбан Молдағалиевтің «Жыр туралы жырын» ғана жол-жөнекей атап өтті де, басқаларын іске алғысыз ғып тастады. Баяндамашының поэзияға менсіңкіремей қарайтын жәйттеріне ренжиміз.
Мен, Мүсірепов жолдастың қайсы бір поэмалардың тілінің көркемдік дәрежесі төмен, кейбірі тым шұбалаң келеді деген және т.б. сондай пікірлерін қуаттаймын, Бірақ, баяндамашының ондаған поэманы тек кемшілік жағынан ғана қазбалай беруі, жаманын асырып, тәуір жағын көргісі келмей сөйлегені мені ұялтады да қынжылтады.
Құрметті Ғабит Махмұтұлы өзінің баяндамасының басында әдебиетіміз бен өнеріміздің Москвадағы онкүндігінде қазақ поэзиясын талқылауда сөйлеген Н. Тихоновтың: «Біздің қазақстандық қаламдас достарымыз қазіргі поэзиямыздың мықты бір отряды болып отыр. Олар өзінің кең байтақ өлкесінің ұлттық шеңберінде қалған ғана отряд емес, себебі әлемде боп жатқан сан алуан құбылыстар олардың назарынан тыс қалып көрген жоқ, олар халқымыздың сана-сезімінің өрісін кеңейтіп, негізгі мақсатқа тура бастап келеді», – деген сөзін мысалға келтірді.
Н. Тихоновтың қазақ поэзиясына берген бұл сықылды жоғары бағасын қызу қоштап қана өткені болмаса, өз тарапынан ештеңе қоспаған Мүсірепов жолдас тым болмаса жеке бір шығармаға тоқталып өтпегені былай тұрсын, қазақ поэзиясы жайлы бір ауыз жылы сөз де айтпады.
Мұны айтқанда мен біздің поэзиямыз төрт аяғынан тең басып тур деуден аулақпын. Кемшілік дейтіндерің, әрине, бар және ол кемшіліктер болғанда қандай! Біз шығармаларымыздың міндерін сынап келдік және сынай бермекпіз де, бірақ сол шығармаларымыздың ылғи көлеңке жағына үңіле беру болмас еді. Сонымен қатар шығарманың жақсы жадтарын да көре білуге тиіспіз ғой, бәрін бірдей жоққа шығарудан біз не ұтамыз?
Есеп беріліп отырған уақыттың ішінде қазақ ақындары көптеген шығармалар берді, әрине, бұл шығармалар мінсіз деуден аулақпыз. Тек, 1958 жылдың өзінде ғана, Москвада болып өткен онкүндіктің қарсаңында он шақты поэма жарық көрді. Бұл бір жыл үшін аз нәрсе емес. Түптеп келгенде шығармалардың бәрінің идеялық, көркемдік сапасы бірдей ме? Әлбетте, жоқ. Дегенмен, ешқандай творчестволық талдау жасамай тұрып, бұларды бәрін бір таразымен өлшеуге болмайды. Біз баяндамашының аузынан бұл поэмаларды жеке-жеке алып қорытқан әділ де тиянақты пікір есіте алмадық. Бұл – дұрыс емес!
Ол поэмалар: Ә. Тәжібаевтың «Портреті», Қ. Бекхожиннің «Ақан Ақтанов», Ғ. Қайырбековтің «Дала қоңырауы», Өмірбековтің «Батыр қалыңдығы», Әлімбаевтың «Құрбымның күнделігі», Т. Жароковтың «Құмдағы дауылы», Д. Әбілевтің «Махаббат пен достығы». Мүмкін, баяндамашы бұл поэмалардың бәрін бірдей оқып үлгірмеген де шағыр. Өйткені баяндамашы кейбір поэмалардың атын да дұрыс атамай кетті. Мысалы: X. Жұмалиевтің «Қырдағы күрес» поэмасын «Қанды асу» деп кетті.
Құрметті Ғабит Махмұтұлы өзінің сөзінде: «Бұл поэмалардың көпшілігі дерлік орысша аудармасында қазақшасынан әлдеқайда күшті шыққан» дейді. Осындай да шындық бола ма екен! Меніңше, бұл аты аталған шығармалардың авторларын ренжітетін сөздер сияқты. Қай халықта қандай аударма өзінің түп мақсатынан мықты болып шығып еді? Бұл логикаға сыймайтын нәрсе емес пе? Мәселен, менің «Құмдағы дауыл» атты поэмам түп нұсқада 1652 жол болса, орысшасында айырмасы 100-150 жол ғана болды. Мұның өзі де бір ұлт тілінен екінші бір ұлт тіліне аудару ерекшелігінен туған ғой деп ойлаймын. Жалпы алғанда, аудармада поэманың көркемдік стиль, мазмұн жағынан өзгерген жері жоқ. Керісінше, ақындық тіл көркемдігі, сөз образдылығы жағынан аударма түп нұсқадан төмен түсіп кеткен. Демек баяндамашының аударма жөніндегі жоғарғы топшылауы дұрыс емес дегім келеді.
Жоғарыдағы атаған поэмалардың бәрінде де, әрқайсысын жеке алғанда, әр поэманың өз алдына кемшіліктері бар. Бұл кемшіліктер сурет, образ (сөз образы) әлсіздіктермен қатар, басты қаһармандардың психологиялық характерін ашуда айдын көрінеді, әйтсе де, бұл поэмалардың әрқайсысының өз өрнегі, өз ерекшелігі бар. Сол секілді композициялық құрылымдары да бір-бірінен өзгеше, әр автордың өзіне тән творчестволық әдісін анық байқауға болады. Міне, сондықтан да бұл поэмалардың бәрін бір мөлшермен өлшеуге болмайды. Және оларды түгелімен жоққа шығару – тіпті дұрыс емес, оған мен қосылмаймын.
Жалпы, біздің қазақ поэзиясы шын мәніндегі творчестволық талдауды, әділ сынды қажет етеді. Бізге жолдастық, жанашырлық, авторға көмек беретін дені түзу сын керек.
Баяндамашы қазақ лирикасы жөнінде мардымды ештеңе айтқан жоқ. Анығында, бізде лирик ақындар аз емес қой. Ғали Ормановты, Әбу Сәрсенбаевты, Жұмағали Саинді, Сырбай Мәуленовті атамағанның өзінде, М. Әлімбаев, Ғ. Қайырбеков, Т. Молдағалиевтер жаман лириктер деп айта алмаған болар едік.
Лирика демекші, бізге нағыз азаматтың пафостағы саяси лириканы өркендете түсуіміз керек. Соңғы мезгілде ақындарымыз бүгінгі күннің тақырыбына, күнделік өмір лебіне, саясаттың тақырыпқа сирек барып жүр. Мен оны қолдаймын. Бізге саяси лирика өте қажет! Бізге көңіл күйінің лирикасы да керек, алайда, азаматтық пафоспен жазылған саяси лирика басымырақ болғаны жөн. Өмір көшінен қалыспай, елімізде болып жатқан ұлы өзгерістерді, бүгінгі күннің жетістіктерін зор шабытпен жырлау барлығымыздың басты міндетіміз.
Ең үлкен борыш – коммунистік құрылысты, жетіжылдықты шынайы ақындық сезіммен толғана, тебірене жырлауда тұр. Ол үшін барлығымыз болып ұлы іске белсене жұмылуға, халықты көркем әдебиет арқылы тәрбиелеуге тиістіміз.