8 Желтоқсан 2012, 06:21
СОНЫ СОҚПАҚ
Социалистік реализм әдісі советтік дәуіріміздегі көркем творчествоның алуан түрлі стиль ерекшеліктерін, көркемдік мүмкіншіліктерін, талант байлығын мол қамтыды. Әрбір жазушыға өз талантының ерекшелік ыңғайына, өмір құбылыстарын өзінше қабылдауына, сөйтіп, әдебиет қорына тың, соны шығармалар қосуына кең өріс берді.
Социалистік реализм әдісіне сүйенген совет әдебиеті идеялық көркемдік жағынан XX ғасырдағы көркем ойдың алдында келе жатқандығы мәлім. Біз совет әдебиетінің қыруар байлығын мақтан ете аламыз. Қазір дүние жүзі халықтары сүйіп оқитын М. Горькийдің мәңгі өлмес асқақ поэзиясы, М. Шолоховтың азамат соғысы және совет тақырыбына жазған кең полотнолы эпопеялары, JI. Леоновтың ойлы, шүйгін тілді шығармалары, К. Фединнің нәзік сырлы ақылды кітаптары, А. Твардовскийдің халық бұлағынан қайнап шыққан жырлары, Тренев, Погодин, Афиногенов, Лавренев пьесалары және де басқа қыруар таланты бар ақын-жазушы, драматургтердің құнарлы, соны шығармалары осы социалистік реализм әдісімен жасалған. Орыстың советтік әдебиетінің кең жойқын өзеніне үлкен арна болып, мазмұны социалистік, түрі ұлттың советтік бір семьядағы халықтар әдебиеті келіп құяды. Социалистік ұлттар әдебиетінің өкілдері совет әдебиетіне жаңа тақырыптар, соны өмір көріністерін ғана әкеліп қойған жоқ, сонымен бірге әр түрлі жаңа стильдер, творчестволық даралықтар енгізді.
Социалистік реализм әдісінен нәрленген қазақ совет әдебиеті де зор табыстарға ие болып, өріc тапты. Революциядан бұрын әдебиетімізде болмаған тың жанрлар енгенін былай қойғанда, әр жанрдың өзінде әр түрлі творчестволық стильдегі алуан түрлі шеберлік иелері — өз дауыстарын ерекше танытқан жазушыларымыз бар. Олардың шығармалары әдебиет бақшасының көркін түрлендіріп, құлпыртып жібергені анық.
Алдымызда осы сияқты биік мұраларымыз болғандықтан да әдебиетіміздің кейбір кемшіліктері — кей шығармалардың жүдеулігі, елеусіз жұпынылығы, ой мен тіл кедейлігі анық байқалады, асылымыз болған соң жаманымыз баттиып көрінеді.
Маяковский бір өлеңінде «поэзия — белгісіз жолға сапар шегу» деп еді. Бұл жалғыз поэзияға емес бүкіл әдебиетке, қала берді искусствоға тікелей қатынасты сөз. Жазушы адам әр шығарма жазар алдында осы күнге дейін өзге жан бетін ашпаған өмір көріністеріне, адам дүниесіне, характерлерге, табиғат құбылысына сапар шегеді. Осы сапарында өз көзімен өзі ғана көрген тың құбылыстарды, соны сырларды ашады. Міне, сондықтан да әрбір жаңа кітапты қолына алғанда, оқушы жазушы дүрбісін, керек микроскобын көзіне тұтып, өзіне бейтаныс не таныс болса да аңдамаған жаңа дүниеге ойлы жүзбен қарап толғанады. Жақсы көркем шығармалар арқылы оқушының рухани өсетіні де осыдан.
Бірақ әдебиетімізде өзін азапқа салмай, ізденіп әуре болмай, жеңіл жортып, ескі сүрлеуге түсін тарта беретін жазушылар аз емес. Схемаға құрылған, өзіндік ерекшелігі жоқ, оқушыларды толғантпайтын кітаптардың жиі шығуы да осыдан.
Жазушы еңбегі — ең ауыр еңбек. Жазушы адамның қашан да құлағы сақ, көзі жіті болуға тиіс. Өйткені ол өмір құбылыстарын қапысыз аңдиды. Әрбір жаңалыққа әккі тұрады. Ұлы жазушы А. П. Чехов өзінің творчество жолында басынан кешкендерін, жазушы еңбегі туралы кең ойлап қорытқандарын «Шағала» пьесасында Тригориннің сөзімен былай береді: «Адамның жанын қинап, маза бермейтін көріністер болады, мысалы, кейбіреу күндіз-түні ай туралы ғана ойлайды: менің де сондай өз ойым бар. Менің жазуым керек, жазуым керек, керек... деген ой күндіз-түні қыр соңымнан қалмайды. Зорыққан аттай тынымсыз жаза берем, одан басқа амалым жоқ... Мінекей сізбен бірге көңілім толқып отыр, ал бірақ бітпей жатқан повесім бар екені есімнен екі елі шығар емес. Әнеки рояль сияқты бұлтты көрдім. Әңгіменің бір жерінде рояль сияқты бұлт көшіп барады деп айта кету керек деген ой келді. Гелиотроптың иісі шығады. Ал мен болсам жазғы кешті суреттегенде тәтті иіс, бояуы оңған түсті қыстыра кету керек деп түйіп отырмын. Сіз бен өзімнің әр сөзімді аңдып, осы сөздер мен ұғымдардың бәрін, бір кәдеге жарар деп, өзімнің әдебиет сандығыма салып қоюға асығам. Жұмысымды аяқтағанда театрға не балық аулауға жүгірем, бәрін ұмытып, ойдан сергіп нағыз дем алатын кезім осы-ақ сияқты, — жоқ олай шықпайды, қайтадан басыма қорғасындай ауыр жылжып жаңа сюжет келе бастайды да столға қарай жетелейді, өзіме өзім маза көрсетпеймін, өз өмірімді кеміріп жеп, танымайтын біреулерге беретін балым үшін ең асыл гүлімнің сөлін сығып, гүлдің өзін жұлып, тамырын таптайтынымды сеземін».
Осы сияқты жан қинаудан тартынбай, барын аямай жақсы шығарма берген жазушылар қазақ әдебиетінде аз емес. Мұхтар Әуезов ұзақ жылдар толғанып, өмірден көп көргендерінің ең асылын жиып, атақты, «Абай», «Абай жолы» романдарын жазды. Жазушы қоғамдық-әлеуметтік өмірді кең қамтып, тарихи шындықты көркем шындыққа айналдырып дәл берумен бірге сол заманның өзіне тән өмір көріністерін, салттық сипаттарын, мінездерін шебер суреттеп, ғасырлар бойы қалыптасқан халықтың тіл байлығының асылын екшеп берді. Ғабит Мүсрепов шығармаларында, әсіресе пьесаларында өзгенің аузына түспеген ұғымдар мен ойларды маржан сөздермен ұмытылмастай етіп жеткізді. Сәбит Мұқанов өлеңдерінен, Ғабиден Мұстафин романдарынан жазушы жіті бақылаған, сырын жаңаша ашқан қайталанбас өмір көріністерін, мерген сөздерді жиі кездестіреміз. Қасым Аманжолов ақындық алғырлықтың, суреткерліктің, сөз өнерінің тамаша үлгілерін тастап кетті. Ақын Ғали Орманов аз айтса да ұтымды, ойлы айтады. Ерғалиевтің да іздену жолында поэзияға қоқан өзіне тән сөз образдары, бояулары бар. Осылар сияқты, әдебиет шаңының астында қалмай, өз шабыстарын танытқан жазушылар аз емес. Әрине, осы аталғандардың болсын, өзгелердің болсын шығармаларында азды-көпті кемшіліктер де бар, ол кемшіліктер өз уақытында күнге күйген қауыздай қурап түседі де ішіндегі дәні қалады. Өйткені, ол шығармалардың іші қуыс емес.
Әдебиеттің жақсы шығармалары халық өмірінде үлкен із қалдырады; көпшіліктің рухани қаруына айналып, күрес кәдесіне жарайды. Яғни өмірдегі жақсылық пен жамандықтың, игілік пен зұлымдықтың сырын ашып, асылын мәпелеп, азғынын әшкерелеуге әдебиеттің тигізетін пайдасы зор. Әрине, ондай кәдеге идеясы мен көркемдігі күшті естен кетпес тың шығармалар ғана жарайды.
Әдебиет шығармаларының бәрінің бағасы бірдей болмайды, оның асылы, жақсысы, тәуірі, орташасы, шамалысы, тіпті нашары да болады деп бізге дау айтылуы мүмкін. Рас, барлық шығарманың құны бірдей бола бермейді. М. Шолоховтың «Тынық Донының» қатарына Э. Казакевичтің «Жұлдызын» апарып қоя алмайсың. Екеуін бір таразының екі басына сала алмайсың. Бұл екі кітаптың халық өміріне салар ізі, өмір жасы жағынан едәуір алшақтығы болары анық сияқты. Бірақ одан Казакевичтің повесі құнсыз, «Тынық Дон» тұрғанда «Жұлдыздың» қажеті жоқ деген ұғым тумайды. «Жұлдыз» көлемі де, масштабы да шағын болғанымен оқушыға тың сыр ашқан, соғыста көп кездесетін оқиғаны жаңаша ұқтырған, ерекше кітап.
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай жүгірер». Әр жазушының таланты, мүмкіншілігі әр түрлі. Бірақ қандай Жазушы болмасын әдебиетке өз қатарынша (үлкен болар, кіші болар) үлес қосуға тиіс деген шарт қойылса керек. Аз-кем болсын өз барымен, өзіне тән дүниемен келуге тиіс. Ал егер өзіндегі болмаса — сыпайы сөз құрастырып, әжептәуір оқиға тізе білгенмен, жазушы болу шарт бола қоймас.
Біздің әдебиетімізде оқушылардың құлағын елең еткізбей-ақ хабар-ошарсыз жоғалып кететін шығармалар аз ба? Кейбір шығармалардың аттары баяндамалардағы, мақалалардағы тізімдер арқылы ғана оқушылардың есіне салынбай ма? Осы кітаптардың авторларының бәрі бірдей талантсыз емес-ті. Кітаптың тез өлуіне, ізсіз кетуіне басты себеп — ол шығармалардың творчестволық даралығы, әдебиетке қосар жаңалығы жоқтығы; авторларының ескі сүрлеуге түсіп, оңай олжа қуғандығы. Ол кітаптар енжар көңіл, шабан қиялдың шала-жансар перзенттері.
Шығарма жазуды өмірлік мақсат, азаматтың борыш санамай, «мен де бір нәрсе жазып тастайынның» аяғы жазушыны өте ыңғайсыз жағдайға әкеліп соқтырады. Ізденбеген жазушы дайын үлгілерді, бұрын табылған образдарды, суреттерді өз шығармасына икемдей салады. Ал шаблонға, стандартқа еті үйрене келе кейбіреулер өзгенің шығармасынан көшіріп алуға да барады. Әдебиетте ол плагиат (ұрлық) деп аталады. Мұндай іс әдебиетімізде өpic алған нәрсе емес, бірақ осы жалғыз-жарым фактының өзі жазушылар атына, әдебиетшілер қауымына үлкен ұят келтіреді, қиналтып қынжылтады. Бір жағы қылмысыңа барып ұштасатын мұндай нашар әдетпен жазушылар қауымы аяусыз күреспек.
Тура плагиат аса сирек болғанмен, біздің әдебиетімізде жазушылардың бірін-бірі қайталауы, әрі-беріден соң өзін-өзі қайталауы кездеседі. Өлең кітаптарын ашып қарағанда, көп өлеңдер бір-біріне ұқсай береді. Сәтімен табылған образды, ажарлы сөзді, бейнелі ойды әр саққа құбылтып, әр ақын алып-қашып пайдаланады. Мысалы, бұдан бір-екі жыл бұрын совет адамдарының еңбек қарқынын суреттеу үшін ақындардың бірі «уақытты қуып оздық, жылдар артымызда қалды» деген ой айтты. Ал осылай «уақыттан озу» талай ақындардың өлеңдерінен кездеседі.
Соңғы жылдары қазақ драматургиясы артта қалды деген сөз көп айтылып келеді. Оған ең басты себеп тек жазылған пьесалардың аздығына ғана емес, олардың бір-біріне ұқсастығында да. Егіздің сыңарындай ұқсас ақылды парторгтер, жағымсыз колхоз бастықтары ауыл өмірінен жазылған талай пьесаларда жүр. А. Корнейчуктың Аға Шукасынан тараған ақылсыз, тайыз мещанка әйелдер бірсыпыра қазақ драматургтерінің пьесаларын жайлап алды. Олардың мінез-құлықтары, сөз саптастары, ең аяғы киім киістері де бір-біріне аумай ұқсайды. Бұл кінәларды проза жанрына да толық айтуға болады.
Бұл жағдай әдебиетіміздің тақырыбын тарылтып, стилін жүдетіп, бояуын сұйылтатыны сөзсіз. Сондықтан да өмірді зерттеу, оны әр түрлі тұрғыдан өз көзімен көре білу жазушылардың алдында басты міндет болуға тиіс. Әр шығарма қалыңдығы не жұқалығы, болмаса, тек тақырыбы жағынан ғана бағаланбай, идеяны образ арқылы бере білуімен, көркемдік қуатымен, жаңалық ерекшелігімен бағалануға тиіс.
Жазушыларға көмек ретінде әдебиет сыны көркемдік шеберлік мәселесін, творчестволық даралық мәселесін, еліктеу, үйрену мәселелерін нақтылы шығармалар арқылы кеңінен қойып, байыпты, терең талқылануға тиіс.
Қазақ совет әдебиетінің халық кәдесіне жараған жақсы үлгілері аз емес. Мақсат сол үлгілерді қайталамай, кеңейтіп, ұлғайтып, дамыта түсу.
1955